Көркем шығармалардағы   метонимиялардың қолданысы

                                                       Утебаева А.К.

 А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, практикалық лингвистика кафедрасының оқытушысы

      Көріктеу құралдарының тіліміздегі өнімді қолданатын бір түрі – метонимия (алмастыру).

     «Метонимия» гректің сөзі ( «metonymia»), атын өзгертіп, алмастырып атау деген мағынаны білдіреді.

     Метонимия дегеніміз – бір жақ аттары алынып, өз мағынасында емес, екінші мағына аралығында жақындығымен бірінің орнына екіншісі алмастырылып қолданылатын және сол құбылысты түгел көрсете алатын көркемдік тәсіл. Фразеологизмдердің жаны сөйлеу стилінде басым болғандықтан, көркемдік тәсілдердің бұл үлгілері фразеологиялық тіркестерде молынан кездеседі.[1,72б.].

     Тіл білімінің зерттеуші ғалымдары метонимияға әр түрлі анықтама берген.

І.Кеңесбаев пен Ғ. Мұсабаевтың анықтауынша, «Бір сөздің орнына екінші бір сөздің ауыс қолданылуынан шығатын іргелес ұғым метонимия деп аталады». Ал, Ә. Хасенов былай деп анықтама береді: « Метонимия дегеніміз – белгілі бір заттар мен құбылыстардың сыртқы және ішкі мән-мағынасының реалды байланыстылығына қарай алмастыру амалы» [2,58 б.].

     Қазақ халқының ірі ғалым лингвисі, аудармашы, түрколог,А. Байтұрсынов метонимияға өз пікірін былай жеткізеді: «Арасында жақындығы бар екі нәрсенің атын ауыстырып, бірінің орнына бірін айту түрі болса, ондай ауысу, алмастыру (яғни метонимия) деп аталады» [3,159-160 б.].

     Метонимияның метафорадан айырмашылығы – метафора негізінен ұқсас екі затты немесе құбылысты бір атаумен ( сөзбен) атаса, метонимия ойда сақталынып тұтас бір сөзді айтпай-ақ, сол сөздің екінші бір сөз мағынасына сыйыстырып жібереді, оның себебі – метонимия қазақ тілінде ертеден қалыптасқан ұғымдарға сәйкес жасалынады.

     Метафораға қарағанда метонимияның қолдану аясы тар болады. Метафора стиль түрлерінің кез-келгенінде қолданылады, ал, метонимия көркем шығармалар стилінде көбірек қолданыс табады. Сөздердің метонимиялық мағынасы жазба әдебиеттен гөрі сөйлеу тілінде жиірек қолданылады.[4,60 б.].

     Қазақ тіл білімінде метонимияға арналған толық зерттеулер өте аз.

    Метонимияны тілдік құбылыс ретінде қазақ тілінде тұңғыш зерттеген Л.Нұржекеева ғылымда метонимияны синекдохадан бөліп, екеуін троптың екі басқа түрі деп қарайтындар да бар екенін айта келіп, өзінің соңғы пікірге қосылатынын айтып, бұл  ойын жан-жақты дәлелдей отырып, жаңа ғылыми ереже ұсынады. Ол ереже метонимия мен синекдоханың негізгі табиғаты мен ерекшеліктерін түгел қамтиды. Сондықтан синекдоханы метонимияның бір түрі деп қарастырады[4,27 б.].

     Жұрт жазда жиын той болмаса, алыстан бір аса қадірлі қонақ келмесе, бостан-босқа қан шығармайды[5, 223 б.].

Берілген мысалдағы мал соймау тіркесінің тұлғалық құрылымын өзгертіп, болымсыз мағынадағы «қан шығармау» фразеологиялық тіркесінің «қан» компоненті арқылы «қызыл көрмеу» яғни, «ет көрмеу», «қан шығармау» метонимиясы арқылы «мал сойылмау» мағынасын түсінеміз.

     Бір-бірінің қарасын сонадайдан ғана көріп отырған екі суыт жүргінші түс қыңа тау қойнауына қия жақпарланбай жайпауыт қолаттанып шығатын жайдақ сайдың жайылма табанында отырған құрым үзік қоңыр үйдің үстінен шықты[5,259 б.].

     Арамдап жүрер көлденең сұғанақ тұмсық жоқ па екен деп, төңірекке қарап еді, табалдырықтың сыртынан абажадай екі бірдеңе қарауытты[5,260 б].

Берілген сөйлемдердегі «екі суыт жүргінші» адам мағынасында, «сұғанақ тұмсық» ит мағынасында жұмсалған  метонимия тіл сырын түсіне білген  қас шебердің ғана қолынан келер іс.

 

     Бұл салған ойран-бүліктердің тұсында тек басын баққандар ғана қол аяғы сау қалады[5, 8 б.].

Бұл сөйлемдегі «басын баққандар» халықтық қолданыстағы «басын бақты» - өзін-өзі қорғады мағынасында берілген[6,102б.].

    Жазушы Ә.Кекілбаев етістік тұлғалы тұрақты тіркеске есімшенің «-қан» жұрнағын жалғау арқылы заттандырып, сол арқылы күрделі метонимия жасаған. Бұндағы «басын баққандар» тұрақты тіркесі «өзін ғана қорғаушылар» деген мағынаны алмастыру арқылы берілген. Адамның бір мүшесі «бас» арқылы жалпы адамдар деп түсінеміз.

    Ол жолы Әбілқайырдың қасындағы қол бұдан әлдеқайда көп-ті[5,232 б.].

Бұл сөйлемдегі  «қол» сөзі адамның денесінің бір бөлігін білдіріп тұрған жоқ және жекеше түрде тұрғанмен, көптік мағынада қолданылып, «әскер» деген  мағынаны білдіріп тұр. Қазіргі қазақ әдеби тілде  «қол» сөзінің бұл метонимиялық мағынасы тұрақты. Мұнда «қол» сөздері метонимиялық мағынада қолданылған.

    Бірақ қайта-қайта қостарына соғып, қайта-қайта табақтас бола бермес, қаусылдасқан қалың қолды бойыма үйретіп алам ба деп қорқады[5, 12 б.].

     Дәстүрлі қолданыстағы «табақтас болды» деген тұрақты тіркес екі түрлі мағына береді: 1. дастарқандас болды, табақтас болды. 2. жемтіктес болды [6,484 б.].

     Бұл сөйлемде берілген «табақтас» сөзі дастарқандас сөзін алмастырып, жалпының жалқысы ретінде ашық метонимия болып тұр. Өйткені жалпы атау «дастарқан» болса, онда көптеген тамақтың түрі көп табақта орналасады, ал табақ оның бір бөлшегі болып табылады.

     Сонымен қатар, «қалың қол» тіркесі де метонимиялық тұрақты тіркес қатарына жатады. «Қол » деген сөз адамның дене мүшесінің бірі, ал, бұл жерде қолданылған «қол» сөзі «көп әскер» деген мағынада қолданылған. Бұл ашық метонимияға жатады. «Қалың қол» тұрақты тіркес халықтық қолданыста кездеседі «мол сарбаз, көп әскер» мағынасында жұмсалады.

Ал, «бойы үйренді» тұрақты тіркес халықтық қолданыста екі түрлі мағынада қолданысқа түседі:

1.     қорқынышы басылды

2.     жатырқамады мағынасын береді. [6,122 б.]

  «Таңның атуы, күннің батуы аузым жабылмады»[5, 239 б.].

     Халықтық қолданыстағы «аузын ашпады» - бір ауыз бірдеңе деп қарсы сөз айта алмады, сөйлемеді, тіл қатпады мағынасын береді [6,67 б.].Осы тұрақты тіркеске қарама-қарсы мағынасында жұмсалатын «аузым жабылмады» тұрақты тіркесі «көп сөйлемеді» деген мағынаны алмастырып метонимия түрінде қолданылған.

     «Енді сары шатыр маңына көзін сатушылардың көп болатынын біліп, әдейі жұрт көзінен жасырынып, соңында кетті» [5,40б.].

     Етістік мағынасындағы «көзін сатты» тұрақты тіркесі халықтың қолданыстағы «телмірді, тіленді, аңдыды» мағынасында беріледі [6,263 б.].

-Айта қоярлық хабар шамалы, - деді қапсағай қара, көптен ұстара тимей тікірейіп тұрған қылтанақ шашының арасынан жылт-жылт домалап жатқан бүрге тамшыларды жеңімен жасқап.

    - Башқұрттар не дейді?

    - Недеуші еді, үндемейді.

Хан иығын тіктеп отырды.

    -Жол-жөнекей соққан елдерің не дейді?

    -Башқұрттар өздігінен қодыраңдап жүрген жоқ, бір шапқанда бес шапқанына қарағанда қолтықтарынан дым бүркушілер бар деседі[5, 211 б.]

Бір – екі атты шауып келді[5, 49б.].

     Ал, анау қамшылары бұлғақтап жалба тымақтардан сұрасаң, көзіңді ашып-жұмғанша жаныңды жанаттан бір-ақ шығарады[5,6 б.]

- Аман болса, енді бір аптада ел қарасына ілінбес пе екенбіз[5, 7б.].

Берілген тіркестер арқылы («қапсағай қара», «башқұрттар не дейді?», «елдерің не дейді?», «қолтықтарынан дым бүркушілер», «жалба тымақтардан», «ел қарасына» ) түр-тұрпат, ақыл-мінез, іс-әрекет, ұлт ерекшеліктері арқылы адамды бейнелейтін метонимиялар жасаған.

     Жазушы Ә.Кекілбаев тұрақты тіркесті заттандырып, «телмірушілер, аңдушылар» мағынасын алмастырып тұрған күрделі метонимия түрінде қолданған.

                            Не керек қараң қалған қараша ауыл

                            Боз дөнде баяғыша мүлгіп тұрды.

                            Қайран ел қанды қолдан жайрап қалды

                            Қыр кектің бір үйірін айдап қалды.

                            Қыр желі құтырынды, ысқырынды,

                            Ақ боран азу тісін қайрап қалды.

                            Қайғыдан қар жамылып қасқа дала

Жоғарыда берілген өлең жолындағы «қанды қол» фразеологиялық тіркесі жаудан, дұшпаннан зардап шеккен ел деген мағынада жазушы қолданған метонимия түріндегі тіркес қазақ тілінің фразеологиялық қазынасын толықтырып байытты деуге болады.

    Сонымен, Л.Нұржекееваның ізімен метонимия мен синекдоханы бір категория деп қарай отырып, оларға мағыналық жағынан ашық метонимия ( синекдоха) және көмескі метонимия ретінде мысалдар келтірдік. Жазушы бірде тұрақты тіркес компоненттерінің бірі болдырып жай метонимияларды қолданса, тағы бірде күрделі метонимия болатын тұрақты тіркестерді өз мақсаттарына сай шеберлікпен қолданған.

                              Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: «Санат», 2002. – 360 бет.

2. Хасенов Ә. Тіл білімі. Алматы, 1996, 116 б.

3.Қоңыров Т.Тұрақты теңеулер сөздігі.Алматы: «Арыс баспасы»,2007,480 б.

4.Нұржекеева Л.Метонимияның лингвистикалық табиғаты.Алматы, 1992,80б.

5. Кекілбайұлы Ә. Он екі томдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Өлке» баспасы. – Т. 4. – 1999,464 бет.

6. Кеңесбаев.І.  Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. 1977 ж. 712 б.