Абубакирова Г.Н.

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

Ж.АЙМАУЫТОВ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫРЫ

        

Көркем әдебиеттегі психологизм табиғаты – бүгінгі таңдағы әдебиеттану мен сында өте жиі сөз бола бастаған күрделі теориялық тәжірбиелік мәні мол мәселе. Әдебиеттің негізгі предметі адам болғандықтан, оның рухани әлемін, ой-сезімін, түсінік-түйсігін, дүниетанымын, ішкі қайшылықтарын ашып көрсету – суреткердің негізгі міндеттерінің бірі.

Психологизм әр түрлі шамада эпос, драма, лирикаға бірдей тән. Ол әдеби материалдың мазмұнын құрай отырып, мазмұнды ашатын формалық шешімдерді де тауып береді. Психологизмнің негізгі қызметі - өмірлік шындық пен көркем шындықтың жанды тамырластығын сақтау. Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары есебінде даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдап қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті түрлі мәселелердің өзара ықпал, әсері мен табиғи синтезін атау керек. Осы тұста әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Сейфуллин, М.Дулатов сынды қаламгерлердің адам жанының психологиялық қатпарларын шынайы ашып бергендігін ерекше атауға міндеттіміз.

Қазақ прозасына аса мол үлес қосқан, оның үлкен жанрларын дамытып, шеберлікке жетілуіне көп күш жұмсаған жазушы Жүсіпбек Аймауытов еді. Жүсіпбек – алғашқы қазақ романының авторы. «Қартқожа» (1926), «Ақбілек» (1928) романдары арқылы ол қазақтың ұлттық әдебиетін тұңғыш рет еуропалық романдар үлгісімен жалғастырды. Және бұл романдармен дәуірдің көкейкесті мәселелеріне үн қосып, жаңа заманның кесек ұнамды бейнелерін жасады.

Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы қазақ қызының тағдырына құрылған шығарма. «Ақбілекте» қазақ аулының Ресей жеріндегі төңкерістер кезіндегі, ақ пен қызылдың лаңы тұсындағы әлеуметтік-саяси жағдайына баса көңіл бөлінген. Өйткені романның фабуласы қоғамдағы құбылыстарға тікелей байланысты дамиды.  Бүкіл сюжет елдегі азамат соғысы тұсында ғана өтуге тиіс оқиғаға негізделген. Қазақ халқының орыс тепкісінің астында көрген зорлық-зомбылықтарын Ж.Аймауытов Ақбілек трагедиясы арқылы шынайы суреттеген. Ресей империясының екі ғасырдай боданы болған қазақ халқының азып-тозған мүшкіл халін айқын көрсету үшін жазушы Ақбілек басындағы трагедиясын шегіне жеткізіп көрсете білген. Ішкі Ресейдегі қызыл орыстардың тегеурінді екпініне шыдай алмай оңтүстікке қарай жөңкілген ақ орыстар жүрген жерін жалмап, бейбіт халықты тонап, қырып-жойып бара жатты. Кейбір кеудемсоқ офицерлер тіпті шектен шығып қазақтың қыз-келіншектерін зорлап, қорлап кетіп отырды. Ақбілек те осындай бір ақ офицерінің күшпен зорлап қосылған уақытша әйеліне айналып еді. Осы оқиғаларды баяндай отырып, жазушы ұлттық психологияны нанымды суреттейді. Орыстардың қазақтарды менсінбеуі, адам санатына қоспауы, қазаққа деген зорлық зомбылығын шімірікпестен істей салуы – бір жағынан орыстардың басқыншылық мінез-құлқын, езуші халық ретінде дандайсыған көңіл-күйін көрсетсе, екінші жағынан қазақтардың орысқа дегенде дәрменсіздігін, ынжықтығын, бейшаралығын байқатады. Бірімен-бірі айтысып-қырқысқанда батыл қимылдайтын қазақтар орыстан өктемдік көрсе, ұнжырғасы түсіп, бүгежектеп қалады. Осыны жақсы білетін озбырлар онан сайын құтырына түседі. Ж.Аймауытов өз романында мәселенің осы жағына баса назар аударған. Автор езуші ұлт пен езілуші ұлттың психологиясын дәл берген.

Ақбілек – сол кездегі қазақ қыз-келіншектерінің ғана емес, ғасырлар бойы отарлық тепкіден көз ашпаған қазақ халқының жиынтық бейнесіне айналған. Сондықтан да «Ақбілек» қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орын алатын шығарма.

Сондай-ақ Ж.Аймауытовтың «Қартқожасы» – қазақ жасының өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі күрделі тағдырын кең көлемде алып суреттейтін шығарма. Бұнда да қазақ ауылының төңкеріс алдындағы және әлеуметтік шиеленістер тұсындағы тіршілігі, одан кейінгі ұмтылысы қиыншылықтарымен көрсетіледі. Әсіресе, жазушы оң-солын айырмаған ауыл жасының тартыстар талқысында әлеуметтік жіктер мен тайталасты түсініп, қоғамдық әділетсіздіктің себеп-салдарына ой жіберуін нанымды ашады. Роман тарихтың осындай бір кезеңі, шытырман оқиғаларға толы тұсындағы қазақ ауылы өмірінің жалпы шындығын жұмсартпай кең тұрғыда суреттей алуымен бағалы. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы, оның 1917 жылғы ақпан төңкерісіне ұласуы, қазақтардың әлеуметтік күреске араласуы, Алашорданың құрылуы мен ақ әскерлерінің большевиктерге қарсы күресі, қазан төңкерісі мен азамат соғысының оқиғалары роман сюжетіне негізгі желі боп кіреді. Шығарма кейіпкері Қартқожа да, оның елі, жұрты да осы оқиғалар легінде есейіп, есін жинап ілгері басады, болашаққа қарайды.

Жазушы Қартқожаның өсу жолын нанымды суреттейді. Оның қаладан келген жастарды көруі, солардай боп орысша оқуға құмарлығы, ішкі толғанысы ғасыр басындағы әлеуметтік өзгерістердің әсерімен туады. Әділетсіздікті тануына 1916 жылдың оқиғалары көмектеседі. Әуелде күрестен тыс тұрған жасты майданның қара жұмысына алуға шақыру, одан бас сауғалау әлеуметтік күрестің ортасына тартады. Көтерілісшілермен бірге болу ол үшін мектеп болғаны даусыз. Солдат өмірі де Қартқожа үшін зор мектеп болады. Ол көрмеген ортада жаңа заман құқын қабылдағанының белгісі. Жүсіпбек кейіпкерлердің ішкі дүниесін, күйініш-сүйініш сезімдерін суреттеуге көбірек жүгінеді.

Романның соңғы бөлімінде төңкерістен кейінгі қазақ жеріндегі өзгерістер суреттеліп, автор кейіпкерін аласапыран оқиғалар легінде ұстайды. Өмір тартысы тудырған сұрақтарға жауап іздейді. Мысалы, «Разверстка» кезінде мал жинау науқанына байланысты жүзеге асқан зорлықты, асыра сілтеуді қоспасыз әңгімелей отырып, байлардың малын алудың бүкіл халықты тонауға айналғанын жазады. Белсенділердің қолымен жоспарсыз, ретсіз жүргізілген бұл науқанның 1920-1921 жылдары елді аштыққа жеткізгені жайлы ойлауға меңзейді. Жүдеу тартып, малы азайып, күн көрісі әлсіреп қалған ел суретін береді. Осының бәрі роман кейіпкерінің сезінуі арқылы өтеді. Жүсіпбектің реалистік өнері романдағы халық тұрмысының кең жасалған суреттерінен танылды. Әр құбылыстың ар жағында жазушының өмір сыры жайлы толғанысы сезілді. Тіршіліктің қиындығын ол қазақтардың әрекетсіз, бос белбеу өмірімен байланыстыра қарайды.

Бұл романдардан кейін Ж.Аймауытов «Күнекейдің жазығы» (1929) атты повесть жазды. Бұл шығарманың тақырыбы да әйел тағдыры. Көшпелі қазақ ауылындағы қатардағы шаруа адамының тіршілігін сол ортадан шыққан әйел тағдыры арқылы бейнелейді. Ауылдағы әлділер мен әлсіздердің ара қатынасы, қоғамдық әділетсіздіктің мүсәпір адамдарды езіп, рухани тоздырып бара жатқаны үлкен суреткерлікпен ашылады. Осындай ортадан шыққан Күнекейдің әділетсіздікке қарсы бас көтеріп, өзінің адамдық, азаматтық құқын қорғауға ұмтылуы, атастырған күйеуін менсінбей, сүйген жігітімен қашып кетуі – ескі салтқа берілген соққы сияқты елестейді. Шығармада бүгін ұмытыла бастаған қазақтың әдет-ғұрпының көп суреттері бар. Ол кейінгі ұрпаққа тарихи-этнографиялық мәліметтер бере алады. Көлемі шағын болғанымен, ондағы өмір суреттерінің байлығымен, характерлердің алуан түрлілігімен, шындықты шынайы бейнелеу шеберлігімен, жазушы позициясының анықтығымен «Күнекейдің жазығы» Жүсіпбек шығармашылығынан елеулі орын алады.

Жүсіпбек Аймауытов өзіндік бағып алып, түрлі бейнелеу тәсілдерімен байи түскен қазақ әдебиетінің әдеби процесінде өзіндік орын алатын қаламгер екені анық.

Әдебиеттер тізімі

1. Иезуитов А. Проблема психологизма в эстетике и литературе. Л., 1970.

2. Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. Алматы, 1996.

3. Аймауытов Ж. Шығармалары. Алматы, 1989.