Қабул О.Қ.

аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті

Қазақстан, Қостанай қ.

 

ХХ-ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫНДАҒЫ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ САЯСИ ДАҒДАРЫСЫ

 

1980 жылдарының орта кезіне қарай Кеңес Одағының экономикалық, әлеуметтік және саяси дағдарысы анық байқалды. Өйткені бұрыннан қалыптасқан жүйе заманның талабына сәйкес келмеді. Осыған байланысты қоғамның барлық жағын экономикалық негізін, әлеуметтік жағдайын, саяси құрылымын және рухани өмірін өзгерту қажеттілігі пайда болды. Бұны жастары келіп қалған партияның кейбір Саяси Бюро мүшелері де байқаған болу керек. Өйткені 1985 жылдың 10 наурызында олар партияның Орталық Комитетінің Бас хатшысы қызметіне 53 жастағы М.Горбачевты сайлады [1].

Билікке келген М.Горбачев бұрынғы дәстүрлі саясатты жалғастырамын десе де бір айдан кейін 1985 жылғы сәуірдегі Орталық Комитеттің Пленумінде жаңа саяси бағытқа көшу туралы жариялады. Ол бойынша қоғамда сапалық жағынан терең өзгерістер жүргізу керек болды. Сонымен қатар экономика мен әлеуметтік саланы өркендету туралы шаралар белгіленді.Қоғамды жаңартудағы басты мәселе ретінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық өркендеуін жеделдету деп көрсетілді. Жеделдетудің басты мақсаттарын шешу үшін ғылыми-техникалық жаңалықтарды пайдалану, экономиканы басқаруды өзгерту, кәсіпорындардың құқын кеңейту, шаруашылық есепке көшу, еңбек тәртібін күшейту, жаңа кәсіпорындар салу және ескілерінде модернизация жүргізу керек деп көрсетілді.

Әлеуметтік-экономикалық жеделдету мен қатар қоғамдық-саяси өмірді жаңартуда ерекше рөл атқарған. Осы кезде жүргізіле бастаған «жариялылық» саясаты еді. Ол бойынша цензура жойылып, барлық аймақтарда әртүрлі бағыттағы газет пен журналдар және кітаптар шығаруға рұқсат берілді. Осының барлығы халықтың арасында әлеуметтік белсенділік туғызды. Қысқа мерзімде көптеген қоғамдық ұйымдар құрылып, олар М.Горбачев реформасының «жеделдету», «жариялылық» және «қайта құру» деген үш ұранын қолдап шықты. Сонымен қатар үкіметтің жаңа бағыты көптеген кездесулер мен митингтерде талқыланып, қолдау тапты. Ал бұқаралық ақпарат құралдары КСРО-ң даму стратегиясы бойынша көптеген пікір,сайыстар өткізді. Оларда әртүрлі көзқарастар байқалып жатты.

Қоғамды жаңарту саясатын жүргізе бастағанда М.Горбачев үш бағыттағы күштермен есептесуге тура келді. Олар бұрынғы Брежневтің адамдары, жаңа бағытты қолдаған партократтар және көзқарастары Еуропа социал-демократтарына жақын реформаторлар болды. Осындай жағдайға байланысты бұрыннан келе жатқан бірқатар белгілі саяси қайраткерлер әртүрлі сылтаумен қызметтен босатылды. Олардың ішінде Г.Романов, В.Гришин, В.Щербицкий, Д.Қонаев, Г.Алиев т.б. болды. Қызметінен босатылған В.Гришиннің орнына Мәскеу қалалық партия комитетінің басшысы болып Б.Ельцин сайланды.

1986 жылдың ақпан айында КОКП-ң ХХҮІІ съезі өтті. Ол партияның бағдарламасына өзгерістер еңгізді. Олар бойынша халықтың алдында коммунизм орнату емес қайта социализмнің дамуын жетілдіру мақсаты қойылды. Съезд экономикадағы және қоғамдық-саяси өмірдегі болып жатқан реформаларды толық қолдады. Сонымен қатар мұнда социалистік қоғамның сақталатындығы және осы қоғамда Коммунистік партияның басқарушы рөлі бұрынғыша қала беретіндігі туралы нақты көрсетілді.

Билікке М.Горбачев келісімен өндірістегі тәртіп бұзушыларға, жемқорлық пен сыбайластыққа қарсы күрес басталды. Бұл шын мәнінде Ю.Андропов бастаған шаралардың жалғасы болды. Осыған байланысты пара алып, жемқорлыққа берілген жүздеген жоғарғы және орта эшелондағы партия және мемлекет аппаратының қызметкерлері жауапқа тартылды.

Саяси Бюроның ұсынысымен репрессия бойынша көптеген құжаттарды қосымша тексеретін А.Яковлев басқарған арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссияның шешімімен 30-50 жылдары репрессияға ұшыраған партия және мемлекет қайраткерлері Н.Бухарин, А.Рыков, «троцкистер ісі» бойынша сотталғандар, «Мәскеу процесстері» бойынша жазаланған Г.Зиновьев, Л.Каменев және т.б. ақталды. Бірақ бұл ақтауға көбінесе 30-40 жылдары жоғарғы қызметтерде болған қайраткерлер ілікті. Осы кездегі қоғамда КСРО-ң өткен тарихына деген қызығушылық ерекше байқалды. Соған байланысты репрессиялар немесе өткен тарихи оқиғаларға байланысты көптеген материалдар жаңадан шыға бастаған «КОКП Орталық Комитетінің хабаршысы» деген журналда басылып шықты [2].

1980 жылдардың аяғында КСРО мемлекет басқару жүйелерінде әртүрлі реформалар басталды. 1988 жылғы маусым айында Бүкілодақтық ХІХ партия конференциясы болып өтті. Онда «қайта құру» мәселелері бойынша қоғамның даму бағыттары туралы бұрын болмаған пікір талас орын алды. М.Горбачев өзінің баяндамасында «гуманистік, демократиялық социализм» моделін ұсынды. Шын мәнінде бұл ұсыныстар 1968 жылғы «Прага көктемі» кезінде Чехословакия басшыларының реформистік идеяларын қайталау еді. Делегаттардың көпшілігі М.Горбачевтің экономикада және саяси өмірде реформа жүргізу керек деген позициясын қолдап шықты. Конференцияда КСРО-ны құқықты мемлекетке айналдыру бағытын бекітіп, оны іске асыруда саяси реформаның рөлі ерекше көрсетілді. Саяси реформаның негізінде партия органдары мен Кеңестердің міндеттерін нақты бөлісіп, билікті КОКП-ң қолынан толық Кеңестерге беру белгіленді. Осы шешімдерді орындау үшін қоғамда жаңа саяси құрылымдар ұйымдастыру керек болды.

1988 жылдың желтоқсан айында КСРО Жоғарғы Кеңесі өзінің 12-ші сессиясында Кеңестерге сайлау системасына өзгертулер еңгізіп, олар бойынша халық депутаттарын сайлау альтернативтік негізде өткізілетін болды. Жаңа сайлау негізі бойынша 1989 жылдың наурызында халық депутаттарының сайлауы өткізілді. Жаңа мемлекеттік органның құрамына радикалдық реформаларды ең басынан қолдаған Б.Ельцин, Г.Попов, А.Яковлев, А.Сахаров, А.Собчак, Ю.Афанасьев т.б. одақтас республикалардың көрнекті қоғам қайраткерлері сайланды. Халық депутаттарының бірінші съезі 1989 жылы 25 мамырда КСРО Жоғарғы Кеңесін құрып, оның төрағасы қызметіне М.Горбачев сайланды [3].

Демократиялық мемлекет құрудағы саяси реформаның белгілі нәтижесі ретінде президент қызметін еңгізу болды. Осыған байланысты 1990 жылдың наурыз айында халық депутаттарының ІІІ съезінде М.Горбачев КСРО-ң бірінші президенті болып сайланды. Дәл осы кезеңде Кеңес Одағының Конституциясына өзгерістер еңгізіліп, одан Коммунистік партияның басқарушы рөлін бекіткен 6-шы бап алынып тасталды. Бұл демократиялық күштердің айтулы жеңісі еді.

Осы және басқа да жағдайларға байланысты 70 жылдан астам Кеңес мемлекетіндегі саяси, экономикалық және мәдени өмірді басқарған Коммунистік партияның қатарында ыдырау үрдісі анық байқала бастады. Коммунистердің бірқатары саяси реформаларды іске асырғысы келсе, бір бөлігі догматикалық позицияны қолдаумен болды. Ал басқа бір тобы қалыптаса бастаған нарықтық экономикаға бет бұрды. Сонымен қатар көптеген партия мүшелері республикадағы ұлттық қозғалыстарға қосылды. Ал мыңдаған коммунистер партия қатарынан өз еркімен шыға бастады. Бұл кезеңде КОКП-ң қолдаунынан айырылған комсомол және пионер ұйымдары да өз жұмыстарын біртіндеп тоқтатты.

Әдебиеттер тізімі

1. Барсенков А. С., Вдовин А. И. История России. 1938-2002: Учебниеие пособие / А. С. Барсенков, А. И. Вдовин. – М.: Аспект Пресс, 2003.- 327 c.       

2. История России с древнейших времен до конца ХХ века: Учебное пособие для студентов вузов.- 5-е изд., стереотип.- М.: Дрофа, 2004.- 608 с.

3. Горбачев М.С. қайта құру мен жаңаша ойлау біздің ел үшін және бүкіл дүние жүзі үшін.- Алматы: Қазақстан, 1988.- 152 б.