А.Б.Құрманқұлов - Абай ат. Қаз ҰПУ доктаранты

Қазақстан Республикасы,  Алматы қаласы

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ ТҮРКІМЕНСТАНЫҢ САЯСИ ДАМУ ҮРДІСІ ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕМЛЕКЕТТЕРІМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

 

Бүгінгі мемлекетаралық қарым- қатынастар  өңірлік ықпалдастыққа негізделіп отыр. Аймақтағы елдердің саяси-әкономикалық оқшаулануы оларды әлемдік шаруашылықтың шикізат базасына айналуына апарып соғтыруда. Бұл жағдайда  Орталық Азия елдері үшін әлемдік экономикалық саясатта өз орнын табу қажеттілігі туындайтыны белгілі. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін оның құрамында болған республикалар геосаяси трансформацияға ұшырап, экономикалық қатынастары тығырыққа тірелді, саяси жағдайдың шиеленісуі күшейді.Солардың бірі  Түрiкменстан мемлекеттi тәуелсiздiгiн 1991 жылдың 28 қазанында бүкiлхалықтық референдум  арқылы жариялады. Елдiң Конституциясы 1992 жылдың 18 мамырында қабылданып жаңа Ата заңға сәйкес демократиялық құндылықтарға сүйенген зайырлы мемлекет, iшкi және сыртқы саясатын өз алдына жүргiзедi, мемлекеттi басқару формасы президенттiк билiктiң құзырында болатындығы жазылған.Ата заңға сәйкес Түрiкменстан президенті мемлекеттің басшысы және атқарушы өкiметтiң жоғарғы лауазымды тұлғасы болып табылады. 1990 жылдың 21 қазанында өткен сайлауда елдің бiрiншi президенті болып С.Ниязов сайланады. Ол басқа көрші елдер басшылармен салыстырғанда саяси билікте тәжiрибесi  молырақ болғандығын атап өте кету керек.  С.Ниязов  өзінің саяси қызметін Ашхабад горкомының бiрiншi хатшылығынан бастаған болатын. 1990 жылдың қаңтарында Түрiкмен жоғарғы кеңесiнiң төрағасы, кейіннен ел Президенттігіне сайланады.

Түрiкменстан Конституциясына  сәйкес елде бiрнеше заң шығарушы органдар бар. Бiрiншiсі Мәжiлiс - құрамында 50 депутаты бар,олар құпия дауыс беру арқылы 5 жылға сайланады.

Түрiкменстан өкiметiнiң екінші жоғарғы өкiлеттi органы-Халка Маслахаты құрамында 60 халық өкiлi қалған мүшелері  ресми лауазымды тұлғалардан құралған. Бұл ұйымның басты ерекшелігі оның құрамында Президент,депутаттар,үкмет мүшелері,құқық қорғау органдарының қызметкерлері кіреді,және бұл органның шешімімен Конституцияға өзгерістер енгізуге құқылы.

Сайып келгенде Халка мәжілісі туралы профессор В.Е.Чиркинның сөзімен айтар болсақ:бұл орган елде заң шығару қызметiнiң непарламенттiк формасының қалыптастырып отыр.(1)

Үшiншi орган - ақсақалдар алқасы принціпіне негізделген құрылым , құрамында түрiкмен рулары ақсақалдары және облыстық әкiмшiлiктердiң жетекшiлерi бар.

Аталған жоғарғы өкiлеттi органдардың барлығының тең төрағасы Түркіменбасы.

1999 жылдың 27-29 желтоқсаны аралығында Халка Мәжiлiстiң шешiмімен Түрiкменстан Конституциясына маңызды өзгерiстер енгiзiлді.Ттүркiменбасы Сапармұрат Ниязовты 1999 жылдың 28 желтоқсанындағы Түрiкменстан Конституциялық заңына сәйкес  Түркіменстанның мәңгi президенті етіп сайлайды. Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдары С.Ниязов өз ортасына жалтақтап сенімсіздікпен қарады, отставкаға шыққан бұрынғы номенклатура қызметкерлерiнің көңiл-күйіне, түрiкмен ғалымдары мен интеллигенцияның райын есепке алды.Уақыт өте келе мемлекет басқарудағы С.Ниязовтың стилі  өзгереді  министрлiктер, мекемелер және аимақ жетекшiлерiн жиі ауыстыра бастады,сонымен қатар министрлерді де уақытша тағайындап отырды. Мұндай тез кадр алмасудың себебi С.Ниязов өз ортасында қарсыластар пайда болады деген қауіптен туындады.

90-шы жылдардың басы және ортасына деиінгі ел дамуының алғашқы жылдары ресми идеология авторлары және оны орындаушылар Туркменбаши идеологиясын белсендi насихаттады. Елдегі бар бұқаралық ақпарат құралдарының  көмегiмен үлкен форматтағы идеалогиялық жұмыстар жүргізілді.1991 жылдың желтоқсанында Бұрынғы Түркімен Компартиясы Түрiкменстан Демократиялық партиясы болып атын өзгертті.

Артынша1992 жылдың басында Түрiкменстан Аграрлық партиясы құрылды. Оның мақсаты шаруалар, фермерлердiң мүдделерiн қорғау, ауылшаруашылығына  еркiн экономикалық жағдайды тудыру болып табылды.  Сонымен қатар елдегi оппозициялық партиялардың жұмысына тиым салынады.

Сайып келгенде, елдегi саяси өмiр тек қана жалғыз партия- Түрiкменстан Демократиялық партиясы қызметi төңірегінде шоғырланды. Түркіменбасы Ниязовтың сөзімен аитар болсақ бүгiнгi Түркіменстан өкiметтi де, қоғамы да көп партиялылық жүйені енгiзуге дайын емес . С.Ниязов негiзiнен көп партиялық жүйенiң болашақта қалыптасатындығын терiске шығармайды ол туралы Ашхабад студенттерiнiң алдында оқыған дәрiсiнде мәлімдеген болатын.(2)

Amnesty International қызметінің баяндамасына сәйкес, Түрiкменстандағы 1992 жылы- 110 адам; 1993 жылы - 114; 1994 жылы – 126адамды өлім жазасына кесу үкімі шықты. Бұл үкiмдердiң  ешқайсына президент тарапынан  амнистия жарияланбады.

Екінші жағынан, Түрiкменстан қоғамды дамытуда салт-дәстүрге  арқа сүиенетін мемлекет. Мұндай қарама-қайшылық кейбір  сараптамашылардың   пікірінше елдегі саяси процесстердің бiрмәндi болуына мүмкiндiк бермей отыр.(3) Жалпы бүгінгі Түркменстан саясатының басты жетістіктерін атап айтар болсақ: ішкі саясатта елдің тұрақтылығы; сыртқы саясатта 1995жылы 12 желтоқсанда БҰҰ шешімімен әләмдік саясатта алғаш рет Түркіменстан бейтарап саясатты ұстанатын мемлекет статусын алды. Орталық Азия елдері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ мәңгілік достық қарым-қатынас туралы келісім-шарттар жасасқан болатын. Ал бүгін бұл аймақ географиялык және демографиялық ресурстарға бай геосаяси басымдылықтарды иеленіп отыр. Сонымен қатар Еуразияның ең басты геосаяси орталықтарымен шекаралас болуы өңірдегі елдердің геосаяси маңыздылығын арттырып отыр.Бұл тұрғыда Түркіменстанмен көршілерінің қарым-қатынастары ертеден қалыптасқандығын ескере отырып ,бірлесе етене қимыл жасап, трансазиялық темір жол құрылысы жобасын, автокөлік жолдарын және авиамагистральдерді іске қосуды жүзеге асыру арқылы Батыс пен Шығысты жалғастырып, экономикасы мен саяси жағдайын тұрақтандыруы қажет.

Көрші елдермен бір кеңістікте орналасқандықтан   ортақ мәселелерді шешу мақсатында тығыз байланыс құрып,  аймақтағы республикалармен өзара серіктестік пен ықпалдастықты дамытудың  маңызы зор.Мысалы өзара тиімді ынтымақтастық басымдықтарын дамытудың қатарына кедендік одақ, біраңғай көлік, энергетикалық және ақпараттық жүйелерді қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, су ресурстарын пайдалану тағы басқа да мәселелер жатқызуға болады. Сонымен қатар мемлекеттер арасында туындайтын проблемаларды олардың стратегиялық мүдделеріне нұқсан келтірмей, келіссөздер арқылы ымыралық аясында шешу қажет.

Қазіргі кезеңде Орталық Азия елдерінің Түркіменстанмен саяси-экономикалық тұрғыда ықпалдасып дамуы, мәдени-тарихи қүндылықтарын ортақ игілікке айналдыру үрдісі барлық аимақ елдері үшін маңызы зор. Себебі тілі мен ділі ғана емес, аймақ кеңістігінде ортақ, қарым-қатынастары ертеден үзілмей келе жатқан тәуелсіз мемлекеттердің бірлесіп отырып шешетін мәселелері ауқымды.

 

 

                         Пайдаланылған әдебиеттер

 

1.                  Чиркин В.Е. Конституционное право зарубежных стран. – М.,1997.-с.264

2.                  Искандаров А. Интеграция в централной азий: политические аспекты. - Душанбе .,   2007.- с.81

3.                  Парамонов В. Формирование геополитической ситуации в Центральной Азии - внешние факторы. Центральная Азия и Кавказ. № 1 (17). 57 с.