АҒАШТЫҢ ӨСУІ МЕН АДАМДАРДЫҢ ТҰРМЫСТЫҚ ЖАҒДАЙЛАРЫНДА ҚОЛДАНУ

 

                              Утешова Назира Алимжановна – С.Ысқақов атындағы негізгі орта

                              мектептің биология мұғалімі,Бөген ауданы, Темірлан селосы,

                        Қазахстан

 

Ағаш - адамның күнкөріс қарекеті мен рухани өмірде ерекше орын алатын табиғат нысаны. Ағаштарда жаны бар «тіршілік иесі». Әлемнің көптеген халықтары ағашты қастерлеп, табынған.

Саян-Алтайдағы түрік халықтары ағашқа құрбандық шалып, сан түрлі жора-жосындар аткарады. Олардың ағашты ерекше қастерлеуі орманды өлкенің тұрғындары болғандығымен байланысты. Мысалы, иркит руы өздерінің «әкесі ырғай, анасы қайық» деп санайды. Қазақта қыпшақ руының арғы тегі ағашпен байланысты айтылатыны белгілі.

Иенде өскен жалғыз ағашты қасиетті ағаш, шығыс қазақтары сетер ағаш немесе көбіне тал кездесетіндіктен сетер тал деп атайды.

Қазақ дәстүрінде жаңа шыққан көкті жұлмайды, ағаш бүрлерін үзбейді. Көк шыбықты, көк өркенді сындырмайды. Өйткені жас өркеннің бәрі бақыттың бастамасы, барлық тірліктің қайнар көзі деп біледі. Көк жұлсақ көктей соласың деп ырымдалады. Сондай-ақ қазақ дәстүрінде қосарланып өскен, қатар біткен ағашты кеспейді. Себебі қосағыңнан айырыласың, қанатыңнан қырқыласың деп тыйым еткен. Яғни, дүние түгел егізден жаралған, ал егіздің сыңарын құлатқан оңбайды, көңілі қапаланып, зарығып өтеді,- деп айтады.

Бәйтеректің шағын модель-үлгілері бақан,  адалбақан,  таяқ,  асатаяқ

ғұрыптық  жосындарды атқаратын киелі құрал қызметін атқарады. Бәйтерек - үш әлемді байланыстырушы дәнекер ретінде әспеттелінеді. Қазақ арасында кең тараған адамның жаны киелі теректе сақталады деген ұғым бәлкім осы жайтқа байланысты қалыптасқан. Ол туралы мынадай миф бар: «Рух адамның тәнін өлерден қырық күн бұрын тастайды. Сөйтіп, құсқа (көгершінге) айналып, ұшып барып бәйтеректің жапырағында өз адамының есімі жазылған бұтаға қонады. Мұнда адамның аты жазылған қисапсыз жапырақтар көктеп-солып, алма-кезек ауысып тұрады. Жан адам өлгенде шыбын бейнесінде денеден шығып, үй ішінде ұшып жүреді. Тек қырық күннен кейін барып, үйді біржолата тастайды. Бәйтеректің діңгегі арқылы әлгі жан жерге түсіп, не жерге шығып жүреді де, мезгілі болғанда әйелдің құрсағына қонады, сөйтіп, жаңа өмір пайда болады. Жануарлар да, өсімдіктер де дәл осылай өмірге қайта келеді.

Жапырағына жан орналасқан осынау киелі терек туралы миф түркі халықтарына кең таралған. Қазақта басқаша бір нүсқасы тағы бар. Онда «Жер мен көктің кіндігінде жападан жалғыз өскен киелі бәйтерек бар. Бұл теректің басы аспанмен, түп тамыры жер астымен жалғасқан. Ол көзге көрінбейтін киелі ағаш. Бұл бәйтеректе жайқалып өскен әрбір жапырак жер жүзінде жасаған әрбір адамның өмір тіршілігінің ныхтпаны, жер жүзінде тіршілік етіп отырған әрбір адам киелі теректің жапырағы жарылғанда өмірге келеді, жапырағы жайқалып өскенде өсіп, үлкейіп, кемеліне келеді, жапырағы мезгілсіз сарғайса, қайғы-қасіретке тап болады, жапырағы солса, қартаяды, жапырағы үзіліп, жерге түссе, қазаға ұшырайды» дейді.

Қазақ халқы өзінің өмір-салтын, тұрмыс-тіршілігін, кейбір әрекетін ағашка теліп, ағаштарды адам бейнесіне енгізіп, сан түрлі аңыз-әңгіме шығарған.

Ертеде дәстүрлі ортада ағаштың тұрмыс пен шаруашылыққа жарамдылығына карай отынды ағаш және кәделік ағаш деп екі топқа бөлген. Ал, ағаштардың өсу, даму сатысына байланысты да екі түрге бөледі: жас ағаш және тіршілік циклы аяқталуы жақын кәрі ағаш. Балғын жас ағашты кесуге қазақтар «көктей соласың» деп тыйым салады. Сондықтан жас, толық өсіп жетілмеген ағашты қажетіне қарай ғана кеседі. Өсіп жетілген ағашты шірімей, кұрт жемей тұрып қажетке жаратады. Кәрі қуарған ағашты жығып, шауып отынға пайдаланған.

Ағаштан бұйым жасағанда қазақ шеберлері әр ағашқа тән ерекшеліктері, атап айтсақ ағаштың қаттылығы, салмағы, тығыздығы, иілгіштігі, серпімділігі, түсі, тұтқырлығы, жарылғыштығы, шайырлығы, дыбыс өткізгіштігі т.б. қасиеттерін басты назарда ұстайды.

Домбыраны үйеңкіден тұтас шауып немесе құрап әзірлеу өте қолайлы. Алма, алмұрт, алхоры, жиде, шие, долана, өрік т.б. жеміс ағаштары қатты, тығыз, жылтыр болып келетіндіктен, кәделік ағашқа саналып бұйым жасауға жарамды деп саналады. Ағаштың жапырақтары мен қабығы, шайыры жүн, тері бояуға, тері илеуге, қабықтыруға пайдаланылған. Қайыңның жапырағы, емен мен анар ағашының қабығы, таулы өңірден талдың қабығынан алынған бояулар ертеде кең пайдаланылған. Дәстүрлі қазақы ортада аймақтың экологиялық жағдайына байланысты күнделікті тіршілік ретінде карекетіне ағаш отын пайдаланылған. Ағаштан отын дайындаудың салынды жинау, бұтақ теру, ағаш шабу, құлату тәрізді жолдары бар.

Резюме

         В статье говорится о росте и развитии дерево, а также об особенности применение в быту.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

1.     Ботаника. - Алматы, 1998ж.                                                                                      2.  Сыбанбеков Қ. Жасыл әлем сырлары. - Алматы, 1990ж.

3.          Сағындықов Ж. Өсімдіктер географиясы- Алматы,1997ж.