Экономические науки

Сейтжагипарова Ш.Ж.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистранты

Қазақстан Республикасы,  Қызылорда қаласы

 

Қазақстанда ұлттық инновациялық инфрақұрылымның  дамуы

 

Дүние жүзінде жаһандану үрдісінің күрделенуіне байланысты бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруда әрбір мемлекет өзінің ұлттық инновациялық жүйесі мен инновациялық инфрақұрылымынын дамытуға басымдық беріп отыр. Өйткені ұлттық экономикасы қалыптасқан және дамыған елдердің тәжірибелеріне сүйенсек, олардың жеткен жоғары жетістіктеріне   инновациялық инфрақұрылымның оңды әсер еткенін байқаймыз. Олардың әлемдік нарықтағы үлесі де қомақты. Сондықтан да, дамыған елдердің қатарына кіруге талпыныс білдіріп отырған Қазақстанның өзінің мүмкіндіктері мен стратегиялық мақсаттарына сай ұлттық инновациялық жүйесі мен инфрақұрылымын дамыту өзекті мәселе болып отыр.

Әлемдік экономиканың қарқындап дамуы - адами және интеллектуалдық ресурстардың нәтижелі еңбегінің жемісі екені белгілі. Қазіргі заман талабына сай дамыған елдерде тиімді әзірлемелер жүйесі және түрлі қызмет сфераларына жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге негізделген инновациялық экономикаға өту үрдісі байқалады. Сонымен бірге, табиғи ресурстардың молдығын пайдалану маңызды болған дәуір өтіп барады, оның орнына экономиканың технологиялық тұрғыдан дамуын тездету, үдету мақсатында тиімді тетіктерді қолдану мүмкіншілігі үлкен мәнге ие болып отыр. Арзан, сапасы төмен еңбекке негізделген өндіріс кезеңі аяқталуда. Дәл қазіргі қоғам – адамның интеллектуалдық ресурстарына, оның инновацияларды қабылдауы мен жүзеге асыру қабілетіне негізделген қоғам болып қалыптасуда.

Қазіргі таңда әлемдік экономиканың көшбасшыларына айналып, жоғары технологиялар саласы мен инновациялық  жүйені дамытудың озық үлгісін көрсете білген бірқатар елдер бар. Бұл елдер шикізатты алу мен оны алғашқы өңдеу үрдісін қамититын индустриалдануға дейінгі, сондай-ақ шикізатты толық өңдей отырып, одан дайын өнім жасауға дейінгі үрдістерді қамтитын индустриалды кезеңдердің барлығынан өтіп, енді жоғары технологиялар мен инновацияларға негізделген постиндустриалды экономиканы жасақтаумен, оның басым бағыттарын жетілдірумен айналысуда. Басқаша айтқанда, олар қосылған құн тізбегін толық қалыптастырып, ғылыми сыйымды, әрі инновациялық сипаты бар өнімдер мен қызметтерді нарыққа ұсынып келеді.

Әлемдік экономиканың алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерін игеруге және оны ұтымды пайдалана білуге талпынған мемлекеттер үшін бүгінгі уақыттағы басты мәселе индустриалды-инновациялық экономиканы қалыптастыру болып отыр. Индустриалды-инновациялық экономиканың басты ерекшелігі – ғылыми сыйымды, технологиялық өңделу деңгейі жоғары өнімдерді шығаруға икемді өндірістік және инновациялық инфрақұрылымның болуы.

Экономиканың тұрақты дамуы үшін көптеген шаралар жасалуда, атап айтқанда елдің инновациялық-индустриялық дамуын қалыптастыру және экономиканың нақты, түпкі өнім өндіру секторын өркендету әрі әртараптандыру мақсатында «Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы», 2005 жылы «Қазақстан Республикасының Ұлттық инновациялық жүйесінің қалыптасуы мен дамуының 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламасы», ел экономикасының инновациялық белсенділігін көтеру мақсатында 2006 жылы ҚР «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заңы қабылданды. Осылардың негізінде 2003 жылдан бастап отандық инновациялық әзірлемелерді қолдау мен оны өндіріске ендіруге, сонымен бірге Қазақстан Республикасын болашағы зор шетелдік технологияларды трансферттеу алаңы ретінде дамытуға бағытталған инфрақұрылым жүйесін құру үрдісі басталып кетті.

Индустриялық-инновациялық дамуды қалыптастыру аясында мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан саясаттың алғашқы нәтижелері де көрініс бере бастады. Мәселен, еліміздің индустриялық-инновациялық стратегиясының алғашқы кезеңі аяқталып (2003-2007 ж.ж.), нәтижесінде даму институттары және инновациялық инфрақұрылым элементтері, яғни, инновациялық қызметті жүзеге асыруға қажетті алғышарттар қалыптасты.

Ұлттық инновациялық жүйені дамыту шеңберінде, ұлттық инновациялық жүйенің негізгі элементтерін қалыптастырудың 1-ші кезеңінде (2005-2007ж.ж.) өзіне Ұлттық инновациялық қорды, Ғылыми қорды, технологиялар инжинирингі және трансфертті орталықты, 8 аймақтық технопарктерді, 11 отандық және шетелдік венчурлық қорларды қамтитын қаржылық және инновациялық инфрақұрылым құрылған.

Жоспарланатын кезеңде Солтүстік-Қазақстан, Оңтүстік-Қазақстан, Шығыс-Қазақстан облыстарында және Астана қаласында 4 аймақтық технопарк, Технологияларды коммерцияландыру орталығы құрылатын болады, оның негізгі міндеті отандық инновациялық әзірлемелерді ендіру және нарықтарға алға жылжыту, сондай-ақ нақты техникалық және технологиялық тапсырмаларды шешуге өнеркәсіптік кәсіпорындардың қажеттіліктерінің деректер базасын және отандық зерттеушілер ендіру үшін ұсынылатын ғылыми-техникалық жұмыстарды құру және қолдау болмақ.

Дегенмен, елімізде қазіргі қалыптасқан инновациялық инфрақұрылым оның субъектілерінің өзара байланысқан түрде үйлесімді жұмыс жасауына және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізушілерге кешенді қызмет көрсететін ұйым ретінде қалыптасуына жеткілікті деңгейде ықпал ете алмай отыр. Оның негізгі себептері ретінде мыналарды көрсетуге болады: инновациялық инфрақұрылым элементтерінің жұмысындағы тәжірибенің аздығы;  инновациялық әлеуеті бар аймақтардың географиялық алшақтығы мен еліміздегі өңірлер мен өнеркәсіп салаларының біркелкі дамымауы; жеке сипаттағы инновациялық белсенділіктің тым төмендігі және өнім өндіру салаларына қарағанда қызмет көрсету салаларында табыстылықтың жоғары болуы; жеке кәсіпкерлердің ғылыми-техникалық зерттеулермен байланысты жұмыстарды жүргізуден қашқақтауы; инновацияға бейімді салалар туралы ақпараттың аздығы; отандық инновациялық нарықтың қалыптаспауы және де ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін қаражаттың мардымсыздығы.

Міне мұның барлығы да отандық инновациялық инфрақұрылымды дамытудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды қажет етеді. Өйткені, тек дамыған инновациялық инфрақұрылымы қалыптасқан ел ғана инновациялық ортаның толыққанды қатысушысы бола алады. Бұған қоса, инновациялық әлеуеті дамыған елдер болашақтың бағдарын елдегі табиғи ресурстарға қарап емес, адам капиталының, оның интеллектуалдық қуатының шамасына, инновациялық өнім, қызмет, сапалы жұмыс жасай алатын өнеркәсіптік, өндірістік инфрақұрылымның мүмкіндіктеріне, ғылыми-зерттеу, ғылыми-ізденушілік орталықтарының шамасына қарап айқындайды.

Бәсекелік ортада ұлттық экономиканың қуатты болуын қамтамасыз ету еліміздің негізгі ұстанымдарының біріне жатады. Ашық нарықтың басты талабының бірі әрбір тұтынушының нақты қажеттілігін қанағаттандыру деп білсек, онда осы талапқа сай экономика құрылымын жасақтау басты міндет болып қала бермек. Нарықтың үдемелі және өзгермелі сұранысын тез қанағаттандыру инновациялық әдістерді пайдаланумен ғана жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан да, ұлттық экономиканың жедел және тұрақты дамуы еліміздегі инновациялық орта мен инновациялық инфрақұрылымның нәтижелі жұмыс істеуіне тікелей тәуелді деуге толық негіз бар. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2010 жылдың 29 қаңтарында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Біз экономиканың тұрақты өсіміне жедел индустриаландыру және инфрақұрылымды жетілдіру арқылы қол жеткізуіміз қажет. Сондай-ақ, «болашақтың экономикасы» нәтижелі де тиімді қызмет ететін ұлттық инновациялық жүйеге негізделуі тиіс [2].

Инновациялық инфрақұрылымның экономикалық маңызы елдің экономикалық даму стратегиясын айқындаумен, қосылған құны жоғары өнімдер өндірумен, шағын инновациялық кәсіпкерлікті жандандырумен және басқалармен анықталады (1-сурет) [3].

Зерттеу барысында біз елдегі инновациялық инфрақұрылым оның субъектілерінің өзара байланысқан түрде тиімді жұмыс жасауына және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізушілерге кешенді қызмет көрсететін ұйым ретінде қалыптасуына жеткілікті деңгейде ықпал ете алмай отырғандығын анықтадық. Атап айтқанда:

- инновациялық инфрақұрылым элементтерінің жұмысындағы тәжірибенің аздығы. Бәрімізге белгілі - тәжірибе тек іс барысында шыңдалады, ал инновациялық орта мен инновациялық нарықтың қалыптаспауы инфрақұрылым элементтерінің жетілуіне қол байлау болып отыр;

- инновациялық әлеуеті бар аймақтардың географиялық алшақтығы, осыған сәйкес оларды түгел қамту мүмкіндігінің болмауы. Қазақстан Республикасы территориясында орналасқан елді-мекендердің бір-бірінен қашық орналасуы олардың арасындағы экономикалық, шаруашылық, ғылыми, өндірістік байланыстарды қарқынды түрде жүруіне қолайлы жағдай туғыза бермейді. Сондай-ақ, еліміздегі өңірлер мен өнеркәсіп салаларының біркелкі дамымауы да инновациялық инфрақұрылым элементтерін кешенді дамытуға мүмкіндік бермеуде;

- жеке сипаттағы инновациялық белсенділіктің тым төмендігі және өндірістік сипаты жоқ салалардағы (сауда-саттық, қызмет көрсету, қаржылық сектор, т.б.) табыстылықтың жоғары болуы. Бұл құбылысты экономистер «экономиканың біржақты дамуы» деп атап жүр. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, көптеген инновациялардың пайда болуы мемлекеттік емес ұйымдар мен орталықтардың, өндірістердің ықпалынан және белсенділігінен туындайды. Яғни, инновацияның пайда болуына мүдделі топтар белсенділік танытуы тиіс. Ал ұлттық экономикада мұнай-газ, металлургия, отын-энергетика, құрылыс сынды салалардың шектен тыс жоғары табыстылықты қамтамасыз етуі басқа салалардың дамуына үлкен тосқауыл болып отырғаны жасырын емес;

- инновацияға бейімді салалар туралы ақпараттың аздығы. Әдетте, көптеген дамыған елдерде инновацияға қызығушылығы бар тұлғалар үшін


 



мемлекет инновациялық сипаттағы ақпараттарды таратып, олар үшін жасалған қолайлы жағдайларды туралы кеңестер беру орталықтарын құрады. Айта кету керек, Қазақстан Республикасында да елдің инновациялық белсенділігін арттыруға, инновациялық қызметтер көрсетуге жауапты ұйым бар – ол ҚР Ұлттық инновациялық қоры. Әйтсе де, бұл қордың қазіргі кезде инновация саласының шын жанашыры болып отырғаны шамалы. Көбіне инновациялық жобаларды қаржыландырумен айналысып отырған бұл қор инновацияларға қатысты басқа да ақпараттарды таратуға, олар туралы кеңестер беруге, ғалымдардың қызығушылығын оятуға деген талпыныстары әлі күнге байқалмайды;

- елімізде инновациялық нарықтың қалыптаспауы. Басқаша айтқанда, ішкі нарықта инновацияларды дайындайтын және оларды тұтынатын мүдделі топтардың және осы бағытта қызмет көрсететін ұйымдар мен орталықтар жүйесінің дамымауы. Қазіргі кезде еліміздегі инновациялық инфрақұрылым  элементтері нақты өндіріспен байланыс жасамай-ақ өздерінің қызметтерін жетілдіргісі келеді. Ал өндіріске икемі жоқ инновациялардың сұранысқа ие болуы да екіталай.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «индустриялық-инновациялық даму шеңберіндегі жобалардың әлеуметтік маңызы шексіз.
Бұл бағдарлама экономиканы жаңғыртудың басты бағдары болып қала береді.
Барлық мемлекеттік органдар бұл жұмысты өздерінің негізгі қызметі деп есептеуі тиіс.

2011 жылы ғана сомасы 970 миллиард теңгеден асатын 288 жоба пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 30 мыңнан астам тұрақты сапалы жұмыс орындары ашылды. Біз экономикамыздың озық кластерлерін құруды және дамытуды одан әрі жалғастырудамыз. Бұл жұмыстың қарқыны төмендемеуге тиіс.

Үкіметке инновациялық кластерлердің инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті қаржы қарастыруды тапсырамын» деп атап өтті [4].

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Әмірбекұлы Е. Инновациялық инфрақұрылымды дамытудың экономикалық механизмі. Монография. Алматы, Эверо, 2010.

2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу- Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері » атты Жолдауы. 2010 жылғы 29 қаңтар.

3. Әмірбекұлы Е. Инновациялық инфрақұрылым элементтерінің қызмет етуінің экономикалық маңызы // ҚазЭУ хабаршысы, 2007, №6, Б.93-97.

4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, Астана қ., 2012 жыл 27 қаңтар