Экономические науки/7.Учет и аудит.

Баймаханова Ақмарал Әбіласанқызы

Қорқыта Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Есеп және аудит» кафедрасының оқытушысы, статистика магистры

 

КОМПАНИЯ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ БАС БУХГАЛТЕРДІҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЖӘНЕ ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІН ЕНГІЗУДЕГІ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР

 

Резюме

В данной статье рассматривался  новый закон об ответственности юридических лиц. Если в деятельности компании выявляются противозаконные деяния, то ответственность за эти правонарушения несут руководитель и главный бухгалтер. При нарушении правил и принципов регламентирующих всю финансово-хозяйственную деятельность компании, главный бухгалтер несет такую же ответственность, как и руководитель компании. При расследовании экономических правонарушении, обычно, в качестве  подозреваемых в первую очередь проверяют руководителя и главного бухгалтера компании. В данное время идет обсуждение о принятии нового закона об ответственности юридических лиц. Согласно этому закону ответственность будет возлагаться не на руководителя и главного бухгалтера, а на компанию. 

 

    Компания қызметінде қылмыстық әрекеттер анықталса, негізгі жауаптылар  компания басшысы мен бас бухгалтер болып табылады. Сондықтан компанияның негізгі лауазымды тұлғасы ретінде бас бухгалтердің жауапкершілігіне тоқталып кетейік.

    Кез-келген лауазымды тұлғаның құқықтық статусы деп басқарудың иерархиялық сатысындағы орны және оның құқықтары мен міндеттері жиынтығының нормалармен бекітілген құқықтары түсініледі [1]. Қазіргі таңда, өкінішке орай Қазақстанда бас бухгалтердің немесе тұтастай бухгалтерлік қызмет статусын жіті регламенттейтін қандай да бір нормативтік акт жоқ.

    ҚР Қаржы министрінің 22.06.2007 жылғы № 271 бұйрығымен бекітілген «Бухгалтерлік есепті жүргізу Ережесі» 2 тармақ 8 тармақшасына сәйкес бухгалтерлік есепті жүргізу кезінде бас бухгалтер есепті кезеңде  операциялар мен оқиғаларды және активтер мен міндеттемелерді  бағалауды көрсетуде қабылданған есеп саясатының өзгеріссіз қалуын, есепті кезең үшін барлық жасалған операциялар мен оқиғалардың толық көрсетілуін, есепті кезеңдерге кірістер мен шығыстардың дұрыс жатқызылу  шынайылығы мен  дұрыстығын қамтамасыз етуі керек [2].

    Осыған байланысты, бас бухгалтерге ҚР бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңының, бухгалтерлік есеп стандарттарын, қаржылық есептіліктің Ұлттық және халықаралық стандарттарын, сондай-ақ бухгалтерлік есептің Типтік шоттар жоспарын сақтау міндеті жүктеледі.

    Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңда қаржылық есептілікке компания басшысы мен бас бухгалтер қол қоюы тиіс деп көрсетілген [4]. Ал «Бухгалтерлік есепті жүргізу Ережесінің» 2 пункт 11 подпунктінде ақшалық және есеп айырысу құжаттары, қаржылық және несиелік міндеттемелер бас бухгалтердің қолынсыз жарамсыз деп танылады және ҚР заңнамаларында бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік сұрақтары бойынша басқалай қарастырылмаса, орындауға қабылданбайды деп қатаң қарастырылған [2].

    Нормативтік-құқықтық актілерде бухгалтерлік қызметтің негізгі міндеттері деп төмендегілер көрсетілген: қаржылық жағдай, сондай-ақ кәсіпкерлер мен компанияның қаржылық жағдайындағы өзгерістер мен қызмет нәтижелері туралы толық және шынайы ақпараттың қалыптасуын қамтамасыз ету [1]. Қазіргі таңда компанияның қаржылық жағдайына  өзінің маңыздылығына байланысты бас бухгалтердің рөлі көпфункциялы болуы керек және өзіне мыналарды қамтуы тиіс:

1.                     басқарушылық, бухгалтерлік және салықтық есепті ұйымдастыру және жүргізу, статистикалық, қаржылық және салықтық есеп берулерді уақытылы және сапалы құрастыру және құзырлы ұйымдарға ұсыну;

2.                     компанияның шаруашылық қызметі жағдайына басқарушылық (қаржылық және өндірістік) талдау жасау;

3.                     өндіріс және айналыс шығындарының, шығын және  өнімді өткізу сметаларының орындалуының шынайы есебі, өнімнің, қызметтің, жұмыстың өзіндік құны калькуляциясының экономикалық негізделген есептерін құрастыру.

    Мұндай көпфункциялы қызметті орындау және жоғарыда аталған  барлық қызметті тиімді  жүзеге асыруға тек қана жоғары білікті қаржылық жоспаршы және стратег қызметін орындай алатын бас бухгалтер лайықты.

    Алғашқы құжаттағы, ал одан кейін бухгалтерлік жазбалар мен шаруашылық операцияларының қаржылық есептілігіндегі мәліметтер қылмыстық және азаматтық істерді қарауда заттай дәлел бола алады. Бухгалтерлік есеп қызметі шиеленіскен немесе мүлдем жүргізілмейтін жерде ең ауыр экономикалық қылмыстардың жасалуы тегін емес.

    Сонымен, бас бухгалтер бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізбегенде;  бухгалтерлік, қаржылық және статистикалық есеп беру мәліметтерін бұрмалағанда; қолма-қол ақша қаражаттарының, бағалы қағаздар мен ақшалық құжаттардың және т.б. сақталуын қамтамасыз етпегенде; баланстан дебиторлық және кредиторлық қарыздарды есептен шығару кезінде белгіленген тәртіпті бұзғанда; мүлік жетіспеушілігі анықталғанда  тәртіптік, әкімшілік, материалдық және тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

    Компанияның барлық қаржы-шаруашылық қызметін регламенттейтін тәртіп пен ережелерді бұзғанда бас бухгалтер компания басшысымен бірдей жауапкершілікте болады. Экономикалық қызмет саласындағы заң бұзушылықтарды  тергегенде, әдетте, күдіктілер ретінде бірінші компания басшысы мен бас бухгалтер тергеледі.  Сонымен қатар, қылмыстық жауапкершілікке қылмысты ұйымдастырған немесе соған компания басшысы мен бас бухгалтерді  үгіттеген тұлғада тартылуы мүмкін [3]. Бас бухгалтерлердің тәртіптік, материалдық және қылмыстық жауапкершіліктері ҚР-ғы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес анықталады.

    Кез-келген кәсіпорынның бас бухгалтері- бұл кәсіпорынның барлық қаржылық және шаруашылық операцияларының есебін ұйымдастыру және жүргізу бойынша жауапты басқарушылық қызметті жүзеге асыратын лауазымды тұлға. Нарықтық экономиканың қиын жағдайларында ол тек қана бухгалтерлік емес, сонымен қатар басқарушылық және салықтық есептерді жүргізеді. Бас бухгалтер тек қана жеке өзінің қаржылық шешімдерін қабылдап жүзеге асырмайды, сонымен бірге әртүрлі нормативтік-құқықтық актілер талаптарын және кәсіпорынның басқару ұйымының шешімдерін орындауға міндетті. Бас бухгалтердің заңдық жауапкершілігі туралы тек осы  ерекшеліктерді есепке ала отырып қана айтуға болады.

    Заңдық жауапкершілік қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық, тәртіптік және материалдық болуы мүмкін. Аталған заңдық жауапкершіліктердің кез-келгені қылмысты жасаған адамның іс-әрекетінде нақты заң бұзушылық құрамы анықталса ғана орын алады.

    Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясаты Тұжырымдамасында қылмыстық құқықты Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісім-шартқа сәйкестендіру құқықтық саясаттың маңызды бағыты болып табылады делінген. Осыған байланысты ҚР экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес Агенттігі «Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындады. Ағымдағы жылдың наурыз айында ол ҚР Президенті жанындағы құқықтық саясат бойынша Кеңесте қаралып, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі бойынша ұсынылған модель негізделген деп танылды [1].

    Заң жобасын қабылдаған күннен бастап Мәжілісте жұмыс топтарының 20-дан астам отырыстары болып, жаңа заң жобасы әрбір қазақстандыққа қатысты болғандықтан оны Қоғамдық палата мүшелерінің талқылауына шығару керек деген шешім қабылданды.

    Заң жобасын дайындағандардың түсіндіруі бойынша жаңа заң жобасы негізінде Азаматтық, Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және басқа да ҚР заң актілеріне түзетулер енгізу қажет:

1.                     бірқатар экономикалық, экологиялық және жемқорлық қылмыстар үшін заңды тұлғаның қылмыстық жауапкершілігін енгізу;

2.                     заңды тұлғалардың қылмыстық  істері  бойынша тәртіпті реттеу.

    Заң жобасын дайындаушылардың айтуы бойынша ірі шет елдік компаниялар өз елдерінде Қазақстандағыдай заң бұзушылықтарға бармайды, себебі, ол елдерде заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі бар. Әрине, біздің ел үшін заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі жаңа институт болып табылады, сондықтан бұл мәселенің жақтаушылары мен қатар қарсыластары пайда болды. Сондықтан бұл сұрақты елдегі ішкі әлеуметтік-экономикалық жағдайды есепке ала отырып  қарастырған жөн.

    Ең алғаш рет заңды тұлғаларды жауапкершілікке тарту  бойынша іс-шаралар  2001 жылы әкімшілік жауапкершілікті енгізу арқылы реттелді [1]. Бірақ тәжірибеде  заңды тұлғаларға әкімшілік шараларды қолдану, жасалған іс-әрекеттердің  оларға қатысты қолданылып отырған шаралардан әлдеқайда ауыр екендігін көрсетіп отыр. Демек, корпорация қызметкерлерінің жеке жауапкершілігі келтірілген зиянның  ең аз бөлігін де қамтамасыз етпейді және болашақта осыған ұқсас қылмыстардың алдын-алуға мүмкіндік бермейді. Заң жобасы экономикалық, экологиялық және басқа да заң бұзушылықтар жасаған заңды тұлғаларға қатысты айыппұл, қандайда бір қызмет түрімен айналысу құқығынан айыру және заңды тұлғаны жою сияқты шараларды қолдануды көздейді.

    ҚР Парламенті Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палата отырысында  заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізуде екі қарама-қарсы жақтың қалыптасқаны айтылды. Мысалы, заңды тұлғалар үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізуге қарсы жақ заңсыз әрекеттер үшін материалдық жауапкершілікті азаматтық және әкімшілік құқық аясында күшейтуге болады дейді. Олар заңды тұлғада табиғи адамдық болмыстың жоқ екендігін айтып, сондықтан оны бостандығынан айыруға немесе тұтқынға алуға болмайтындығын алға тартады. Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі заңсыз әрекет нәтижесінде жеке жауапкершілік қағидаларына қарама-қайшы келеді.

    Заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі тұжырымдамасын жақтаушылар өз позицияларын төмендегідей түсіндіреді: қылмыстық заңмен қорғалатын қоғамдық қатынастар бұзылғанда, азаматтық-құқықытық және әкімшілік шаралар тиімсіз, себебі, өзге құқықтық салалық шаралар жасалған заң бұзушылықтардың нақты қоғамдық қауіп-қатер дәрежесін көрсетпейді. Сонымен қатар, заң бойынша заңды тұлға жеке тұлғадан тәуелсіз жеке құқықтық субъект деп танылған. Сондықтан, ол жекелеген қылмыс түрлерін жасады деп танылып, қылмыстық жауапкерішілікке тартылуы мүмкін.

    Қазіргі таңда заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкешілігі заң негізінде Франция, Германия, Бельгия, Дания, Жапония, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея, Голландия, Норвегия, Австрия, Иордания, Ливан, Сирия, Қытай, Румыния, Молдовия және Литвада бекітілген. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қылмыстық жауапкершілікті енгізу қылмыстық әрекеттер негізінде болған зиянның орнын толтыру деңгейін жоғарылатады, себебі, заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі болған кезде мүліктік санкцияларды тікелей оларға қатысты қолдану мүмкіндігін береді.

    Осы мәселе бойынша Литваның тәжірибесі қызықты деп санаймын. Бүгінгі таңда бұл мемлекеттің қылмыстың заңнамасында заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігі туралы айтылмайды, тек қана заңды тұлғаларға қолданылатын қылмыстық күштеу шаралары қарастырылған. Қазақстан өзгерістер енгізе отырып, осындай тәжірибелерді алуына болатын шығар.

    Көршілес Ресейде де заңды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу ұсынылды. Компанияға қолданылатын шаралар әртүрлі: үлкен көлемдегі айыппұлдан бастап, компанияны жою және қандайда бір ірі келісімдерді жасауға тыйым салу. 

    Дегенмен, қылмыстық жауапкершілік заңды жауапкершіліктің ең қатаң түрі  және тұлғаны қылмыскер деп танумен байланысты болғандықтан, қылмыстық жазаны тек ерекше жағдайларда ғана пайдаланған жөн.

    Мысалы, бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді  төлемеу мемлекетке зиян келтіруі мүмкін.  Бірақ салық ұйымдарында оларды өндіру бойынша заңды тетіктері жеткілікті. Санитарлық-эпидемиологиялық және гигиеналық нормаларды сақтамаған жағдайда, заңды тұлғаға қоршаған ортаға келтірілген зиян мөлшерінде  айыппұл салынады.  Демек, жекелеген жағдайларда отандық заңнама шексіз әкімшілік айыппұлдарды қарастырған.

    Жаңа қылмыстық жауапкершілік объектісін енгізу, заңды тұлғаға қарастырылған қызмет түрімен айналысу мүмкіндігінен айыруды білдіреді. Бірақ, заңды тұлға азаматтық құқықтық институт болып табылады. Ал ҚР Азаматтық Кодексінде, мемлекет, кәсіпкерлік қызмет бостандығына кепіл береді және оған қолдау көрсетіп, қорғайды делінген.

    Заңды тұлғаларды жаңа заң жобасы бойынша жою мемлекетке тиімсіз, себебі, салық салынатын база азайып, жұмыс орындары қысқарады және т.б.

    Немесе мынадай жағдайды қарастырайық, үш мемлекеттің Кеден одағына Қазақстанның қатысуы. Бірақ, Ресей немесе Белоруссияның қылмыстық кодекстерінде заңды тұлғаның қылмыстық жауапкершілігі қарастырылмаған. Сондықтан осындай жауапкершілікті енгізген жағдайда, біздің жеке кәсіпкерлік құрылымдарымыз ең тиімсіз жағдайда қалады, контрагенттер арасындағы қандай да бір экономикалық дау кезінде өз серіктестіріне қарағанда ең әлсіз болып қалуы мүмкін.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.       «Бухгалтер и право» журналы, № 9 (63), қыркүйек, 2011 жыл

2.       «Бухгалтерлік есепті жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының  Қаржы министрінің  2007 ж. 22 маусымдағы № 221 бұйрығы

3.       «Бухгалтер бюллетені» журналы, № 38, қыркүйек, 2011 жыл

4.       «Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы N 234 Заңы 10.12.2008 ж. (өзгерістер және толықтырулармен бірге).