Жомартова
Г.Ж., Тулешова К.А.
Е.
А. Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті,
Қарағанды, Қазақстан
Тур гид
қызметінің артықшылықтары (Ұлытау
өңірі мысалында)
Ұлытау – Қазақстан
Республикасының тарихи және географиялық орталығы,
қазақ халқының алтын бесігі. Көшпелі
мәдениет пен далалық өркениеттің эпицентрі, түрік
халықтарының Меккесі, Ұлы Евразия даласының орталығы
[1]. Халқымыздың тарихи
астанасы саналатын Ұлытау жерінің қадыр-қасиетін,
ұлт үшін мән-маңызын айтып жеткізу тіптен де
мүмкін емес сияқты. Ұлытау десек, ұлтымыздың
өткенін, тарихын көз алдымызға келтіреміз. Қазақ
деген халықтың қашан да, қай уақытта болса да бас
қосып, бірлік пен бәтуаға келіп, кеңесіп келелі
мәселелер шешетін тұғырлы да, тұрақты орны осы –
Ұлытау [2]. Сол талай тарихты басынан кешкен еліміздегі тарихи
архитектуралық және археологиялық ескерткіштерге бай, аспан
астындағы дала мұражайы саналатын туризмді дамытуға
үйлесімін тапқан өңір де осы – Ұлытау.
Қазіргі таңда
Жезқазған аймағының туристік орталығы ретінде
Ұлытау өңірінің туристік тұрғыдан дамуына,
айрықша мән беріліп, қызығушылық өсіп келе
жатқаны белгілі, яғни, бұл өңір үшін
туристік индустрияның маңызы зор.
Туристiк индустрия - туристердi
орналастыру құралдарының, көлiктiң,
қоғамдық тамақтандыру нысандарының,
ойын-сауық нысандары мен құралдарының, танымдық,
сауықтыру, iскерлiк, спорттық және өзге де
мақсаттағы нысандардың, туристiк қызметтi жүзеге
асыратын ұйымдардың, сонымен қатар экскурсиялық
қызмет және гидтер (гид - аудармашылар) қызметiн
көрсететiн ұйымдардың жиынтығы [3].
Соның ішінде
өңірдің мәдени құндылықтарын
әлемге әйгілеп, шет елдік туристерді бірегей болмысымен
қызықтыра алатын туризм тұрғысынан тартымды имидж
қалыптастыру осы гид қызметтерінің үлесінде.
Гид – уақытша болатын елдегі
(жердегі) туристік ресурстармен таныстыру жөнінде туристерге
экскурсиялық – ақпараттық ұйымдастырушылық
қызмет көрсететін тиісті біліктілігі және туристік
маршруттармен жүріп өту тәжірибесі бар, кәсіби
даярлықтан өткен жеке тұлға [3].
Әр мамандық өз
алдында маман иесінен ауқымды білім мен еңбек тәжірибесін
талап етеді. Бұл білім мен еңбек тәжірибесі жалпы және
арнайы біліммен қатар күнделікті практикалық жұмыс
кезінде қалыптасады.
XX ғасырдың 60 – шы
жылдарының аяғына дейін гид қызметтері тек адамдардың
қызығушылығынан туындаған болса, қазіргі кезде
Қазақстанның туризм индустриясында бірден бір салыстырмалы
жас және сұранысқа ие мамандықтардың бірегейі.
Туристiк қызмет көрсету -
туристiң саяхаты кезеңiнде және осы саяхатқа байланысты
оның қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн
ұсынылатын қажеттi қызмет көрсетулер (орналастыру,
тасымалдау, тамақтандыру, экскурсиялар, туризм
нұсқаушыларының, гидтердiң (гид-аудармашылардың)
қызмет көрсетулерi және сапар мақсатына байланысты
көрсетiлетiн басқа да қызметтер) [3].
Гид қызметінің негізгі
функциясы – әр түрлі саяхат жағдайында демалушы туристерге
жол нұсқау, автобус турлары, және де басқа да
түрлі тур кезінде қызмет көрсету болып табылады.
Өз бетiнше туристiк қызмет
көрсететiн гидтер (гид - аудармашылар), экскурсоводтар жас мамандық
болғанымен, бүгінгі күнде бұл қызмет
иелерінің саны көбеюде.
Мысалы, турист
өзге қала, аудан, тіпті өзге мемлекетке келді дейік.
Туристі сол аймақтың:
мәдениеті, архитектурасы, ұлттық асханасы, тарихы мен сол
аймақта мекен ететін халықтың түрлі салт –
дәстүрлері қызықтырары анық. Әрине,
саяхатшыға сол уақытта гид қызметі көмектеседі. Осы
сәтте гид қызметін пайдаланудың маңызы зор. Егер де,
турист гид қызметін
пайдаланғысы келсе, алдын – ала ғаламтор парақтарынан саяхат
жасайтын орынды анықтап, содан кейін сол аймақтағы гид
мамандардың көрсетілетін қызмет түрлерімен танысып,
өзінің көңілінен
шыққан гид маманын таңдайды және саяхатқа
аттанар күнді белгілеп, тапсырыс бере алады.
Гид маманы қызметінің
туристер үшін тиімділігі, турист:
· Уақыт үнемдей алады. Гид оны сапаржайдан күтіп алып,
арнайы тапсырыс берілген қонақ үйге орналасуға
көмектеседі;
· Маршрут кестесімен алдын - ала таныса алады. Егер турист жеке саяхат
жасаса, маршрут кестесін өзіне лайықты етіп өзгерте алады;
· Гид қауіпсіздікті барлық тур бойы қамтамасыз етеді,
мысалы тауға шығу, жаяу, су, шаңғы, велосипед, мотоцикл
турларында және де балық аулау, кемпинг, рейфтинг және
дайвинг кезінде болған төтенше жағдай кезінде
алғашқы көмек көрсете алады;
· Гид көлік қызметтерімен қамтамасыз ете алады. Турист
үшін бір жерден екінші жерге сапар шегуі үшін көліктің
қауіпсіздігі, жылдамдығы, жайлылығы ескеріледі;
· Гид қалауына қарай тамақтану орындарына апарады;
· Алдына ала кететін қаражат туралы ақпаратқа біле біледі
[4].
Гид туристік бизнестің
өсіп, жандануымен қатар
енді ғана дамып келе жатқан мамандық. Туристік бизнес
жыл сайын жас мамандандырылған кадрлар сұранысын арттыруда.
Сондықтан да гид қызметтері үлкен жауапкершілікті талап
етеді.
Гид қызметінің жеке
маңызға ие қасиеттері ретінде жұмысқа
қабілеттілік, аналитикалық қабілет, өз – өзіне
сенімділік, көркем дикция, жағымды дауыс, аудиториямен жұмыс
жасай білу, сауаттылық, әртістік шеберлік қасиеттері
жоғары бағаланады. Гид қызметінде маңыздысы тарих,
әдебиет, география, музыка, эстетика, психология сияқты
ғылымдардан хабардар болу, шет тілдерін білу, жан-жақтылық.
Әр мамандықтың өз кезенінде қызықтарымен
қатар қиындықтары да кездеседі. Сондықтан да гид
қызметі сынды жұмыс уақытының көп бөлігін
ашық аспан астында, табиғаттың әр түрлі
жағдайында өткізетіндіктен шыдамдылық қасиеті талап
етіледі.
Гид қызметінің негізгі
қызметтері мен артықшылықтары.
· Туристік маршруттарды құрастыру.
Туристiк маршрут – туристiң
(саяхат кезiнде) танымдық, спорттық, эстетикалық не
өзге де мақсаттармен өту, қарау үшiн белгiленген
барлық географиялық мекендердiң, саяхат жүргізілетін
нысандарды таңдап, тiзбегiн көрсететiн жүру жолы [3].
Тақырыпқа сәйкес, саяхат мақсатына, қиындығына байланысты жоспар
құрылады. Аудитория көлемі мен типі бойынша саяхат
яғни, әрбір нысанды көрсеткен кезде жұмсалатын
уақыты, экскурсиялық автобустың тоқтайтын аялдамалар
ұзақтығы және нысандар саны анықталады. Нысан болып бір оқиғамен байланысты
ғимараттар, түрлі құрылыстар, археологиялық
ескерткіштер, өнер туындылары саналады. Экскурсия кезінде нысанды
көрсету басты орын алады. Дұрыс таңдалған нысандар
олардың саны, көрсетудің кезектілігі экскурсия сапасына
әсер етеді [5]. Маршруттағы
қауіпті жерлерді анықтап, туристердің қауіпсіздігіне
шара қолдану ең маңызды орынға ие. Артықшылығы
- гид маршрутты құрастыру барысында өзіне де қажетті
ақпараттар жинай алады. Заманауи технология негізінде түрлі
компьютерлік бағдарламалары үйреніп, алуан текті деректер мен
ақпаратты біріктіру арқылы, яғни,
1) негіз дайындау;
2) бастапқы картографиялық материалдардан бейнені негізге
көшіру;
бейнені генерализациялау;
3)генерализацияланған бейнені бекіту сияқты жұмыстар
түрлерін қамти отырып карта жасауды меңгере алады [6].
· Экскурсия мәтіндерін дайындау.
Тандалған нысандар жөнінде
түрлі кітап, мақалалар, мұрағат
құжаттарымен танысып, қызықты ақпараттар мен
тарихи мәліметтерді жинақтайды.
Артықшылығы - экскурсия мәтіндерін дайындау барысында жаңа түрлі
мәліметтермен таныса алады. Туристтерді жалықтырмайтын
қызықты ақпарат іздеуге және әр туристке осы
аймақ жайлы тамаша әсер қалыптастыратындай күй
қалыптастыруға талпынады. Әр салаға қатысты
жаңа ақпарттар негізінде үнемі білімін толықтырып
отырады.
· Туристермен қарым-қатынас жасай білу.
Әр түрлі туристермен
қарым - қатынас жасауға дайын болу. Сол себепті туристерді
таныстыратын аймақ туралы көп ақпарат білу, туристермен бір
тілде қарым - қатынас жасай білу, әр шет елден жиналған
туристермен қарым - қатынас жасау барысында кем дегенде
ағылшын тілін білу. Өзіне жарасымды сөйлеу мәнерін
қалыптастыру. Артықшылығы - қарым-қатынас
барысында адамдардың танымдық хабарлармен, ақпаратпен,
тәжірибемен, біліммен, дағдылармен алмасуы және өзара
түсінісуі, бірін-бірі қабылдауы жүзеге асады. Әрбір
елдің күші, байлық-бақыты экономикалық даму
денгейімен ғана емес, сонымен бірге мәдени, рухани өрісімен
айқындалады. Ал мәдени өріс, рухани талғам деген
халықтың ақыл-ойының көрінісі тілге тікелей
тәуелді екені белгілі [7].
Нарықтың тоқтаусыз
дамуы, туризм индустриясында орыс және қазақ тілді гид
мамандарына қарағанда, ағылшын тілді білікті гид мамандарына
мұқтаждық тудыруда. Яғни, көп тілді білікті гид
кадрларын даярлау проблемалары да бар.
Еліміздін туризм үшін
қажетті табиғат ресурстары жетерлік, әлемдік туризм
нарығында өзінің орына ие болуына ерекше мүмкіндігі
бар. Ал әлемдік туризм нарығында орынға ие болу үшін
ішкі аймақтық туризмге көңіл болу керек.
Ұлытау өңірінің
табиғи туристік-рекреациялық және тарихи туристік ресурстары
туризмнің аймақтық ұйымдастырылуына, туристік
орталықтар мен аудандардың қалыптасуына және де олардың
экономикалық тиімділігіне қол жеткізуге қомақты
ықпалын тигізеді. Себебі өңірдің туристік ресурстарының бай
әлеуеті мен бірегей шоғыры осы аймақта туризмді
дамытудың маңызды алғышарттарын қалыптастырады.
Сондықтан да ұлан-ғайыр ұлылықтың
ұйтқысына айналған ұлы даланның
ұлылығын ұғынып, барымызды базарлап, байлығымызды
бағалап өзімізде барды өзгеден іздемей аймақтық туризмді айрықша назарға
алған абзал. Еліміздің өзге аймақтарын
қоспағандағы бір Ұлытаудың өзі -
бағалай білсек, қыруар табыс көзі [8].
Келешекте Ұлытау ауданының
үлкен белестерге көтерілуіне мүмкіндіктер зор. Бұл
орайда, Елбасы тікелей бақылауына алып отырған Ұлытау –
Жезқазған аймағының 2012-2017 жылдарға
жоспарланған даму бағдарламасының зор ықпал ететіні анық. Осы жоспарда Ұлытау ауданы
аумағынан жүретін бірнеше теміржолдар белгіленген. Бұл
Жезқазған-Қызылорда,
Жезқазған-Арқалық тас жолдары мен
Жезқазған-Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл темір
жолдары аудан үшін маңызы зор. Жезқазған
аймағының туристік орталығы ретінде Ұлытау
аймағының ертеңіне сенім нығая түсті.
Осыған орай алдағы уақытта жол бойында
инфрақұрылымдар қалыптасып, шағын және орта
кәсіпкерліктер дамиды.
Туризмнің дамуы туристік инфрақұрылымның,
оның ішінде қонақ үйлердің, көліктің,
ойын сауық орталығының, мейрамхана, кафе сынды орындардың қызмет көрсетуі сапасы
жоғарлауына әкеледі. Сапалы қызмет туристердің
көбеюіне ықпал жасайды. Әлеуметтік тұрғыдан да,
туризм аймақта айтарлықтай әсерін тигізеді. Туризм дамуы
арқасында көптеген жұмыс орындары пайда болады. Елдің
туризм тұрғысынан тартымды имидж қалыптастырушы гид сынды
маман қызметін пайдаланушылар саны өседі.
Қорыта айтқанда, гид
мамандарын заманның талабына сай жетілдіріп, дамыту ісіне айрықша
көңіл бөлу керек. Себебі, туризмді дамытудың бірден –
бір жолы - әмбебап, жан-жақты,
білікті, тарихымызды мақтан етіп, оны шетелдіктерге аса
қызықты жағынан көрсете білетін, ұлт, қала,
аймақ жайлы ерекше түсінік қалыптастыруға
қабілетті гид мамандарын даярлау.
Яғни, тарихтың өзі –
туризмнің күшті қаруы. Тарихты жаңғырту
арқылы туризмді оңтайлы дамыта аламыз. Ал, туризмнің дамуы
жаңа орындарын ашып, халықты жұмыспен қамытамасыз
етуге, шағын және орта бизнесті дамытуға, бюджеттің
кіріс бөлігін ұлғайтуға және туристік
инфрақұрылымды ұйымдастыруға игі ықпалын
тигізеді.
Сан ғасырлар бойы жинақталған
тарихи-мәдени мұраның бай қоры туризмді дамытуға
үйлесімін тапқан Ұлытау аймағын елдің туризм
тұрғысынан тартымды имидж қалыптастырушы гид мамандардың
арқасында күллі әлемге паш ететін кез жетті.
1. Бақтияр Қожахметов
«Киелі мекен – Ұлытау». «Орталық Қазақстан», 6-шілде
(№100), 2009 ж.
2. Батырбек Мырзабеков «Ұлытау —
ұлттың ұясы». «Қазақ газеттері», 11-тамыз, 2011
ж.
3. Қазақстан Республикасы
Парламентiнiң Жаршысы, № 13-14, 175-құжат, 2001 ж.
Қазақстан Республикасындағы туристiк қызмет туралы
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13
маусымдағы № 211 Заңы.
4.
http://www.independenttraveler.com «When Do You Need a Tour Guide?».
5.
http://kk.wikipedia.org
«Экскурсияны даярлау методикасы».
6.
Қазақ тілі термиңдерінің салалық
ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. —
Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. - 264 бет.
7.
http://www.altynsarin.ru «Тіл -
халықтың алтын діңгегі».
8. Айнұр Кенебаева. «Бір
Ұлытаудың өзі – қыруар табыс көзі», ҚазАқпарат, Астана, 11.02.2011.