Сақабай
Т.Қ. тарих магистрі
Қазақстан
Республикасы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды
мемлекеттік университеті
Әлихан Бөкейхановтың қазақ даласындағы мал шаруашылығын зерттеуге қосқан үлесі
Әлихан Нұмұхамедұлы Бөкейхановты мемлекеттік
қайраткер және ғалым ретінде Сібір мен Дала
(қазақ) облыстарындағы ауылшаруашылығының даму
мәселесі қызықтырды. Ол Омбы қаласында тұрған кезде Мәскеу
ауылшаруашылығы қоғамының Омбы бөлімінің
ашылып, оның дамуына белсене
араласты. Бұл бөлімнің мақсаты Сібір және
Қазақстан аудандарында ауылшаруашылығының дамуына
жәрдемдесу болып табылды.
Мәскеу
ауылшаруашылық қоғамының Омбы бөлімінің
құрылтай жиналысы 1899 ж. 26 қарашасында өтті.
Бөлім өз жұмысын бір жылдан кейін яғни 1900 жылы
бастады. Омбы бөлімі мүшелерінің жасаған алғашқы
қадамы мәжіліс шақырып, жергілікті
ауылшаруашылығының дамуына жәрдемдесетін шаралар
қабылдау туралы үкімет алдында өтініш жасау болды. Алайда,
олар тек қана Жер департаменті мен қоныстандыру басқарамасынан
аздаған субсидияға қол жеткізді. Бұл субсидияға
шөп тұқымдарын, бақша тұқымдарын сатып
алып, халыққа таратып берді. Бұл шаралардан басқа
Мәскеу ауылшарушылық қоғамының Омбы бөлімі
жергілікті жердің топырағын зерттеу бойынша ғылыми
жұмыспен айналысты. Бұл зерттеулердің нәтижелері
Императорлық Мәскеу ауылшаруашылық
қоғамының Омбы бөлімі еңбектерінде басылып
шықты. 1905-1907 жж. Ресейдегі революциялық
оқиғаларға дейін бұл бөлімнің қызметі
осындай болды. 1905-1906 жж. бөлімнің жұмысы туралы
материалдар сақталмаған. Олар революция жылдары жойылған
болуы мүмкін.
Омбы облысы
Мемлекеттік мұрағатында «Труды
съезда деятелей по молочному хозяйству» деп аталатын бір басылым сақталып қалған. Онда Омбы
қаласында 1904 жылы 3 қарашасынан 10 қарашасына дейінгі аралықта съезд жұмысында
Ә. Бөкейханов Мәскеу ауылшаруашылық қоғамы
Омбы бөлімінің өкілі ретінде қатысқан. Бұл
басылымда сонымен қатар Ә. Бөкейханов
қоғамдық жиналыстар хатшысы болып сайлануы туралы
мәлімет кездеседі [1].
Ә.
Бөкейхановтың маңызды ғылыми еңбектерінің
бірі Дала өлкесіндегі қой шаруашылығына арналған. Бұл еңбекте қой шаруашылығы
мамандары үшін қызығушылық тудыратын мәліметтер
берілген, сонымен бірге мәселеге жан-жақты сипаттама беріп, талдау
жасаған. Сонымен қатар түрлі статистикалық
мәліметтер келтіріліп, қазақ қойы мен қой шаруашылығына жан-жақты
сипаттама береді және бұл шаруашылықтың
түрінің жергілікті халықтың экономикалық
өміріндегі оның маңызын көрсетеді. Мал
шаруашылығының бұл түріне мән бере отырып,
Ә.Бөкейханов былай деп көрсетеді: «С овцеводством связаны
насущные интересы всего кочевого населения. Овцеводство более, нежели
коневодство и скотоводство может считаться главной отраслью народного хозяйства
киргиз. Киргизская овца, крайне не прихотливая, нетребующая почти никакого на
юге ухода, приносящая разнообразные необходимые в кочевом быту продукты,
является полезнейшим животным киргизском хозяйстве. Высокие достоинства
киргизской овцы достигнуты благодаря, как мы видели раньше, случайному подбору,
т.е. путем истребления больных, порочных и т.д. особей. Это обстоятельство указывает на то, что при сознательном
подборе из киргизской овцы можно выработать новый ее тип, еще более
продуктивный» [2].
Ә. Бөкейхановтың
маңыздығы кем емес тағы бір еңбегі «Скотоводство» деп
аталады. Бұл еңбекте дала өлкесі мен Батыс Сібірдің
бірқатар аудандарындағы ірі қара мал шаруашылығы
жағдайына талдау жасалады. Одан әрі автор жоғарыда
көрсетілген аудандардағы қазақ және крестьян
шауашылықтарының ірі қара малмен қамтамасыз етілуіне
талдау жасап, ірі қара мал түрлерін жан-жақты сипаттап,
оларды табиғи-климатқа байланысты күтілуі жөнінде жазып
кетеді. «Жергілікті мал шаруашылығының жалпы сипаттамасы» деп
аталатын бөлімінде қорытынды жасап, ірі қара малдың
қой шаруашылығы сияқты осы кезеңдегі жергілікті
халықтың шаруашылық өмірінде басым роль
атқаратындығын атап көрсетеді. Қазақтардың
шаруашылық өмірінде бұл саланың үлкен
маңызын көрсете отырып, ғалым былай деп: «Киргизское
скотоводство, кажущееся на первый взгляд шаблонным и трактуемое с этой точки зрения
некоторыми авторами при изучении его, оказывается разнообразным по преобладанию
в стаде той или другой породы скота и приспособленным к условиям места. Состав
киргизского стада оказывается вполне опреденным для данного места, условия
котрого являются определяющим моментом характера киргизского хозяйства, в
котором преобладает коневодство и скотоводство на равнинах с густой
растительностью.... или овцеводство в горах с мелкою растительностью» [3].
Ә.Н.
Бөкейханов Щербина экспедициясының зерттеу жұмыстарына
қатыса отырып, бір уақытта Қазақстанда жүргізіліп
жатқан қоныстандыру
және отаршылдық саясат мәселесін жан-жақты зерттеп, осы
мәселе бойынша «Сибирские вопросы» журналына бірінеше ірі мақаласын
басып шығарады. Бұл журнал 1906 жылдан бастап Санкт-Петебург
қаласында шыға бастаған. Осы және басқа да
мақалалары мен монографияларында ғалым, қоныстандыру
саясатына сыни баға береді. Бұл саясаттың
қазақтардың мүддесіне сай келмейтіндігін,
қазақтар ғасырлар бойы мекендеп келген жерлерін Ресейден
келген келімсектерге беруге келісім бермегендігін атап өтеді. Ә.Н.
Бөкейханов ғылыми тұрғыда қазақ жерлерінің
қоныстанушылардың жүргізіп отырған шаруашылық
түріне жарамайтындығын негіздеп, оның экономикалық
тиімсіз екендігін көрсетіп берді. Қазақ жерлері
көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы мал
шаруашылығына лайықты деп көрсетті. Бірақ, отаршылдар
жерді өңдеуді жалғастыра түсті. Бұның
салдары ауылшаруашылық өнімдерінің азаюына
қоныстанушылардың табыс көздерінің күрт
төмендеуіне әкеліп
соқты. Қоныстанушылардың көпшілігі осы жерлерге тән мал шаруашылығымен
айналысуға мәжбүр болды. Ә.Н. Бөкейханов
отырықшылық пен мал шаруашылығын үйлестіру бойынша Қазақстанның
оңтүстік аудандарын, сонымен бірге Австрия, Швейцария және
басқа елдерді мысалға келтіреді. Ә.Н. Бөкейханов
отырықшы мал шаруашылығына біртіндеп көшуді ұсынады. Ол
қазақтар мал шаруашылығын жақсы білетіндіктен
және олардан жақсы өнім алатындықтан осы кәсіппен
айналысулары керек деп есептеген. Бұл жөнінде былай деп жазады:
«Әр нәрсені амалын біліп, өз орнына жұмсаса, іс
көркейеді. Мал бағуға жұрт шебер болған соң
осы малды қазақ айналдырғаны жөн» [4]. Бұдан басқа оның пікірінше
мал шаруашылығын дамыту экономикалық жағынан тиімді. Себебі,
ХХғ. басында халық саны мен жыртылған жерлердің
көлемінің ұлғаюына байланысты етке сұраныс
өсіп, тиісінше оның бағасы да көтерілді.
«Қазақтың қойының етіндей, профессор Кулешов
жазғанына қарасақ, жер үстінде ет жоқ. Жер
үстіндегі адам баласы өсіп, бар жарамды жер егін болып жыртылып, 20
ғасырда ет жылдан жылға қымбаттайды» - деп жазады [5]. Ә.Н.
Бөкейханов АҚШ-тың Колорадо штатындағы егінге
арналған жерлерде қой етіне сұраныстың өсуіне
байланысты қой өсіре бастағандарын мысал ретінде келтіреді.
Бұдан басқа қазақтардың қой
тұқымы еуропалық нарықта кеңінен таралған
австралиялық қой тұқымынан анағұрлым
бәсекеге қабілетті болар еді. «Енді заман өзгерді. Базарда
бағлан ғана пұл болды. Қазына басы көпке байлаулы
емес базарда ақша болатынға байлаулы. Енді жарыстан қалмайын
десең мал сүйегін асылда» Жергілікті мал шаруашылығы мен
қоныстанушылар шаруашылығы (егін шаруашылығы)
арақатынасы мәселесіне тоқтала отырып, Ә.
Бөкейханов олардың өзара байланыста болып, саналы түрде
оларды үйлестіре білудің қажеттілігін атап өтті [6].
Щербина
экспедициясынан кейін Ә.Н. Бөкейханов Челябинскіден Томскіге
дейінгі Сібір темір жолы
ауданындағы шаруашылықты статистикалық-экономикалық
зерттеу жұмыстарына қатысты»-деп жазады С.П. Швецов. Бұл
зерттеу жұмыстары С.П. Швецовтың жетекшілігімен жүргізілген
болатын. Экспедиция және оған Ә.Н. Бөкейхановтың
қатысуы туралы деректер аз кездеседі. Экспедицияны Сібір темір жол
басқармасы ұйымдастырып, қаржыландырды. Зерттеу
жұмыстары сол кездері Қазақ өлкесіне жататын Челябинск
және Томск қалалары арасында жүргізілді. Экспедиция жетекшісі
С.П. Швецовтың пікірінше жергілікті қой шаруашылығын зерттеу
1904 жылдың бірінші жартысының аяғынан кешіктірмей аяқталу
керек еді. Зерттеу жұмыстарына наурыз айынан бұрын кірісуі керек
еді. Осының арқасында жергілікті қой шаруашылығы
жағдайын зерттеу қой
шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша жұмыстардың
барлығы аяқталған кезеңге тура келді ал, бұл
жинақталған материалдардың толықтығына өз
әсерін тигізбей қоймады. Бұл экспедицияның негізгі
мақсаты жергілікті мал шауашылығының көрнекті
саласының бірі қой шаруашылығының жағдайын зерттеу,
сонымен қатар халық шаруашылығының осы саласы мен Сібір
темір жолы арасындағы ара қатынасты айқындайтын
мәліметтерді жинақтау болып табылады. Бұл жұмыстарда
Ә.Н. Бөкейханов басты роль атқарды. Мысалы, бұл
жұмыстардың нәтижесінде ол қазақ қойы мен
қазақ қой шаруашылығы туралы іргелі монографиясын
жазды. Бұл зерттеу
тұңғыш 1904 жылы Томск
қаласында «Материалы по экономическому обследованию районов
Сибирской железной дороги» деген атпен экспедиция материалдарының бірінші
томының бірінші шығарылымында басылып шықты.
Қорыта айтатын
болсақ, Ә. Бөкейханов ХХ ғасырдың басындағы
қазақ жеріндегі кез-келген мәселені ерекше қоя білген. Ғалымның
еңбектерінің мақсаты – патшалық Ресей
үкіметінің отарлық саясатына ғылыми тұрғыда
негізделген дәлелдер келтіре отырып, оған қарсы тұру
болды. Қазақ даласындағы көшпелі мал шаруашылығының
заңдылықтарын ескерусіз жүргізілген аграрлық саясатының
шаруашылыққа зиян әкелетіндігіне патша үкіметіне
көрсетіп беру болатын.
Ғалымның қазақ
даласындағы мал шаруашылығы туралы жазылған
еңбектеріндегі ғылыми тұжырымдары қазіргі
кезеңдегі Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытуда
тәжірибелік маңызға ие болып табылады.
Әдебиеттер:
1.
Труды съезда
деятельности по молочному хозяйству и скотоводству Омск 1904, 24-25б.
2.
Букейханов А. Овцеводство в Степном крае //
Бөкейхан Ә. Таңдамалы. – Алматы, 1995. – Б. 162.
3.
Бұл да сонда, 190-б.
4.
Бөкейханов Ә. Жауап хат //«Қазақ» газеті /
Құраст. Субханбердина Ү., Дәуітов С., Сахов Қ. –
Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998. – 560 б.
5.
Бұл да сонда
6.
Бөкейхан Ә.
Таңдамалы – Алматы, 1995. – Б. 477.