Қазақстан
Республикасы, Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі
қазақстандық батырлар: қысқаша тарихнамалық
шолу
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі
уақытта өткен тарихымызды қайра ой елегінен өткізіп,
оның көптеген даулы да өзекті тұстарын ғылыми
айналымға жаңа деректердің, шетелдік және отандық
мұрағат құжаттарының кеңінен енгізілуіне
байланысты жаңаша тұрғыда қарастыру мүмкіндігі
туды. Соның ішінде 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы
кезеңіндегі республиканың даму тарихын зерттеуде отандық
тарихшылар біршама жетістіктерге қол жеткізді. Ұлы Отан соғысы
жылдарындағы қазақстандық Кеңес
Одағының батырлары туралы мәселенің кеңестік
және қазіргі отандық тарихнамада қарастырылуына
тоқталып өтсек.
Қазақстандықтардың
майдандағы ерліктері туралы соғыс жылдарында-ақ
баспасөз беттерінде, жекелеген кітапшаларда, соғыс тарихы туралы көлемді еңбектерде жазыла
бастады. 1968 жылы Қазақ КСР ҒА Ш.Ш. Уәлиханов
жанындағы Партия тарихы институтымен, Қазақ КСР Министрлер
Кеңесі жанындағы Бас Мұрағат басқармасымен
және журналист, жазушылармен бірігіп, "Кеңес
Одағының батырлары- қазақстандықтар" атты
екі томдық еңбек шығарды. Онда алғашқы рет сол
кезде белгілі болған Ленин орденімен және Алтын Жүлдыз
медалімен марапатталған 447 қазақстандық жауынгерлер
туралы материалдар жинақталды [1-2]. 1945 жылғы басылымда
олардың барлығы 57 ғана сипатталған еді [3]. Бірінші
томға 236 очерк, екінші томға 212 очерк енгізілген. Әліпбилік
ретпен қазақстандық батырлармен қатар бір кезде
тағдыры республика өмірімен тығыз байланысты болған,
Қазақстанда құрылған әскери құрамаларды
басқарған Совет Одағының Батыры атағын
алған, аға офицерлер мен генералдардың, оның ішінде
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін
Қазақстанға тұруға келген Совет
Одағының Батырларының аттары енгізілген. Бұл жерде айта
кету керек, қолданылған мәліметтердің
толықтығын және жоғары деңгейдегі
обьективтілігін, әскери қимылдарды сипаттаудағы нақтылық пен анықтылықты атап өту
керек. Алайда кемшіліктері де болды, бір жағынан басылымдарды дайындау
мен жүзеге асыруда асығыстық танытты, екінші жағынан
авторлар мен құраушылар көптеген батырлар туралы толық
мәліметтерге ие емес еді, соңғысының себебі соғыс
жылдарындағы Қарулы күштердің бөлімдері мен
бірлестіктеріндегі іс қағаздарды жүргізудің
жетімсіздігінен болды. Мәселен,
әскерге алынушылардың шақыртылған әскери
коммисариаттарының атауы, немесе өздерінің
тұрғылықты мекен-жайы, әскерге дейін
атқарған қызметі туралы мәліметтер толық болмады.
Сонымен қатар қазақстандық Кеңес
Одағының батырлары туралы республиканың тарихшылары мен
өлкетанушылары бірнеше очерктер мен кітаптар шығарды [4-6].
Мәселен, П.С.Беланның «Казахстанцы-кавалеры Золотой звезды» атты
еңбегінде сол кезеңде Кеңес Одағының батыры
атағын шамамен 12,5 мың адам иеленгенін, олардан шамамен
500-қазақстандықтар, оның ішінде 85 қазақ
екендігін көрсетеді. Одан басқа республикалардың
территориясында туып, әскерге алынған 11 қазақ:
Т.Ақбауов, Ж.А.Елеусов, М.Мұсаев, К.Туғанбаев –РСФСР,
Д.Қаракұлов, П.К.Нүрпеисов, И.Оразов,
А.Шакиров-Өзбекстанда, Д.Қалдықаев-Түркменияда
және К.Д. Жұмалиев Украинада болған. Біздің
жерлестеріміз «Алтын жұлдыз» иегерлерінің әскери
мамандықтары туралы қызықты мәліметтер бар: 252-сі
атқыштар бөлімінде (қатардағы жауынгерден корпус
командиріне дейінгі қызметте), 73-артиллерияда, 19- танк және
өздігінен жүретін-артилерриялық бөлімдерде, 26-
саперлік, 25- кавалерияда, 7- байланысшы, 2-шекара қорғаушысы, 2-
чекист, 3-партизан болған. Авиацияда 49 қазақстандық
және Әскери-Теңіз флотында-10 адам Кеңес
Одағының Батыры атағын алған.
Қазақстандықтардың ішінде алғашқы екеуі
батыр атағын Хасан көліндегі шайқаста алған.
(С.Г.Гуденко Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданынан,
пулеметші, 1938 ж 25.10 айда осы атақты алған. Ол Ұлы Отан
соғысына қатысып, қаза тапқан. 1938 ж батыр
атағын Е.С. Чуйков алды, ол Талдықорғандық,
соғысқа қатысқан, 1963 ж қайтыс болған).
1939-1940 жылдардағы ақ финдерге қарсы соғыста 3
қазақстандық ерліпен қаза тауып, батыр атанған.
«Совет Одағының қазақстандық батырлары»
жинағында олардың біреуі ғана- В.К.Булавский белгілі
болған. Ал екіншісі Н.Т. Видящев туралы автордың «Казахстанцы в
боях за Ленинград» еңбегінде жазылған [7]. Үшінші батыр
Зубарев М.С. республикада тек 1973 ж ғана белгілі болды [4,18 б.].
1960-1980 жылдары қазақстандық Кеңес
Одағының Батырлары туралы бірқатар кітапшалар, естеліктер
жинағы, ардагерлердің естеліктері жарық көрді. Мысалы,
Қарсыбай Сыпатаев туралы Н. Оразбековтың, Төлеген
Тоқтаров, генерал Панфилов туралы Б. Момышұлының, Әлия
Молдағұлова туралы Ж.
Жұмақановтың, Кеңес Одағының
Батырлары-әйелдер туралы очерктер жинағы жарық көрді
[8-9]. Сонымен қатар қазақстандықтардың
қаһармандық істері Ғ.Әбішевтің,
К.Аманжоловтың еңбектерінде барынша кеңінен суреттеліп
берілді. [10-11].
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде
соғысқа қатысқан қазақ қыздары туралы
тақырыпты жан жақты қарастырған мақалалар мен
кітапшалар, естеліктер, кітаптар, жекелеген зерттеулер бар. Мәселен,
әскери маман Б.Қасымова «Қазақстанның
қыздары Ұлы Отан соғысы жылдарында» атты еңбегінде
соғысқа қатысқан қазақ қыздары туралы
соғыстан кейінгі жылдары жарық көрген баспасөз
мәліметтері мен соғыс куәгерлерінің өз
естеліктерінің негізінде мәліметтер берген [12].
Жинақтың құндылығы сол, майданда
атқарған қызметі туралы бұрынғы жарық
көрген зерттеулерде қарастырылмай кеткен немесе жалпылама айтылып
өткен бірқатар қыз келіншектердің жорық жолдары
туралы бірқатар деректер жинақталған, алайда тарихи
ойдың дамуына қосатындай тыңғылықты
тұжырымдар берілмеген. Дегенмен бұл берілген еңбектің
ғылыми құндылығын төмендетпейді, кітапта
соғысқа қатысқан қазақстандық
әйелдерге қатысты бірқатар қызықты
мәліметтер берілген. Мысалы, Отан алдындағы көрсеткен ерлігі
үшін қазақстандықтардың ортақ
мақтанышына айналған қос жұлдызымыз - Әлия мен
Мәншүкке Кеңестер Одағының Батыры, 113
әйелге Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы беріліп, 10
мыңнан астам еңбекші әйелдер Кеңестер
Одағының ордендерімен марапатталған [12, 6 б.]. Сонымен
қатар соғыс кезінде жаралыларға, бейбіт өмірде ауру
жандарға қамқорлығын аямай көрсеткені үшін
Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренс
Найтингейл» медалімен Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес
Одағының 26 медбикесі мен қазақстандық 3 фельдшер
марапатталған.
Соңғы жылдары қазақстандық батырлар туралы
бірқатар естеліктер, көркем шығармалар жарық
көрді. Олардың арасында Т. Бигелдинов, Бауыржан Момышұлы
және Р. Қошқарбаев туралы
және С. Нұрмағамбетовтың, Ф. Осадчийдің
естеліктері мен жаңа есімдермен толыққан
қазақстандық Кеңес Одағының Батырлары
энциклопедиялық жинағы жарық көрді [13]. Ұлы
Жеңістің 65 жылдығына арналған бұл
жинаққа Қазақстан Республикасы Президентінің
Жарлығымен Халық Қаһарманы атағын алған
Р.Қошқарбаев, Қ. Қайсенов, Х. Доспанова, Б.Бейсекбаев
және әйгілі мергендер Т. Әбдібеков, Ы. Сүлеейменов, Б.
Райысов және басқа да ерлітері кезінде ескерілмей
қалған қаһармандардың өмірбаяндық
мәліметтері енгізілген.
Отандық тарих ғылымында Ұлы Отан соғысының
тарихы мен республиканың жеңіске қосқан үлесіне
қатысты мәселелер әлі де өзекті және
соғыстың тарихнамасы тарих ғылымының барынша
жасалған және басым бағыттарының бірі болып табылады.
Ұлы Отан соғысы тарихы тақырыбына көптеген ғылыми
жұмыстар арналған, оларда халықтың майдан мен
тылдағы ерліктері, халық шаруашылығының соғыс жылдарындағы
дамуы және оның жеңіске қосқан үлесі,
майдан қажеті үшін өнім шығару мен өндірістік
ұжымдарда жарыстарды ұйымдастырудағы
қоғамдық ұйымдар мен партиялық
комитеттердің рөлі мәселесі де бар. Дегенмен соғыс
сынағы жылдарындағы Қазақстан тарихының мәселелеріне
жүргізілген талдаулар, жарық көрген зерттеулердің
санының көптігіне қарамастан, көптеген
мәселелердің одан әрі зерттеу мен өңдеуді
қажет ететіндігін көрсетті. Соғыс жылдарындағы
қазақстандықтардың майдандағы ерліктері көп
жағдайда әділетті бағаланбағаны белгілі,
сондықтан берілген тақырыптың ақтаңдақ
тұстары әлі де толық зерттеуді қажет етеді.
Әдебиеттер:
1.Герои Советского Союза: Краткий
биографический словарь /Пред. ред. коллегии И.Н.
Шкадов.- М.: Воениздат, 1987. - Т. 1. - 911 с.
2. Герои Советского Союза: Краткий
биографический словарь /Пред. ред. коллегии И.Н.
Шкадов.- М.: Воениздат, 1988.-Т. 2. - 863 с.
3.Герои Советского
Союза-казахстанцы. Сб. Документов и материалов. Кн.1. -Алма-Ата, Казгосиздат, 1945. - 247 с.
4. Белан П.С. Казахстанцы-кавалеры Золотой звезды.-
Алма-Ата, 1982. – 143 c.
5.А.Белан П.С. Слава
тебя найдет. - Алма-Ата, 1982. - 157
с.
6.Белан П., Потапов А., Честнов С.
Доблесть солдатская. - Алма-Ата, 1974. – 213 с.
7.Белан П.С. Казахстанцы в боях за Ленинград. - Алма –Ата: Наука, 1973. - 243 с.
8.Оразбеков Н. Қарсыбай
Сыпатаев. - Алматы:Жазушы, 1968.-27 б.;
Момышұлы Б. Төлеген Тоқтаров. - Алматы:
Жазушы, 1965.-32 б.; Момышұлы Б. Генерал Панфилов. -Алма-Ата: Казахстан, 1973. - 156
с.; Жұмақанов Ж. Әлия Молдағұлова. -Алматы: Жазушы, 1965. - 31 б.
9. Героини войны. Очерки о женщинах-Героях Советского Союза.
- М., Госполитиздат,1963. - 719 с.
10.Әбішев Ғ.
Қазақстан жауынгерлерінің Ұлы Отан соғысы
майдандарындағы ерлігі. - Алматы: Қазақ мемлекет баспасы,
1959. - 39 б.
11.Аманжолов К.А.
Ерліктің жарқын беттері. - Алматы: Қазақстан, 1987. -
96 б.; Аманжолов К. Шайқаста шыңдалған достық. -
Алматы: Мектеп, 1985. - 96 с.
12.Қасымова Б.
Қазақстанның қыздары-Ұлы Отан соғысы
жылдарында. -Астана, 2005. - 371 б.
13. Қазақстандық
Кеңес Одағының Батырлары: Энциклопедиялық
жинақ.-Алматы: «Өнер», 2010. - 320 б.