Самашова Г.Е.1, Бекежанова Э.2, Кұрымбаев С.Ғ.3

 

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті1, 2,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті3

«Кәсіптік оқыту» кафедрасының доценті, п.ғ.к.,1 КО-09-1 тобының студенті 2, «Машинатану» кафедрасының меңгерушісі, п.ғ.к. 3

 

ОҚУШЫЛАРҒА РУХАНИ-ЭСТЕТИКАЛЫҚ

ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ МАҢЫЗЫ

 

Тәуелсіздік кезеңі тіршілігіміздің алуан саласындағы жаңа да жарқын бет бұрыстарға, жаңғыруларға бастап отыр. Сондықтан өмір шындығын, өмірлік материалдарды авторлық концепция мен өткір проблемаларға сабақтастыра таңдау мен толғаудың мән-маңызы айрықша.

Бала болсын, үлкен болсын, өзін қоршаған табиғатты, әлеуметтік ортаны неғұрлым жақсы білсе, соған өз тарапынан өзгеріс жасауға соғырлым  ынталы, соғырлым қабілетті. Өйткені, «жақсы – білудің» соңы ілтипат – құрметке, әрекетке, жолын табуға ұласуы – адам табиғатына тән, әрі тіршілік қажеттігі. Жайшылықта көбінің байқай бермейтін, немесе зер салуға уақытымыз жетпеген жайттарға жазушы назар аударып, биік көркемдік дәрежеде суреттегенде, эмоциялық–эстетикалық әсер алмау мүмкін емес. Ал эстетикалық–эмоциялық ықпал оқырман санасында толқыныс тудырғандықтан оның күнделікті тірлігіне, тіршілік нысанасына тиісінше әсер етеді. Эстетикалық әсердің сыры мен салмағы болатыны сондықтан. Ал көркемдік шындықтың жоғары деңгейде болуы эстетикалық әсердің қуаттылығына себепкер. Әрбір елдің рухани-шығармашылық  күш-қуатының көрінуіне, ғылыми потенциалының қажыр қайратын еселеуге қолайлы жағдай жасауға талпыну – жалпы адамзат үшін тарихи қажеттілік. Әр ел өзінше бір қуат, өзінше бір әлем, өзіндік бір мүмкіндік. Эстетикалық тәрбие-рухани дүниемізді байытуға, көркемдік таным көкжиегін, сол арқылы ойлау өрісін кеңейтуге қажетті алғышарттардың бірі. Адамның эстетикалық тәрбиені бойына сіңіруі оның түйсігін ұштап, болмыс-әлем сырын жете сезініп, терең қабылдауына, қиялының қанаттануына қалай да әсер етпек. Мұның өзі оның бойында бұйлығып, табиғатында тыныстап жатқан тың қасиет – күштердің, оянуының рухани дамуы мен кемелденуінің кепілі. Бұл үшін эстетикалық дайындық пен тәрбиенің неғұрлым ертерек әрі дұрыс бағытта жүргізілгені тиімді. Ал адам танымын, санасын бір-ақ күнде қалыптастыру немесе бір дәлелмен өзгерте салу – жүзеге аспайтын шаруа. Сондықтан да балаларды балғын күнінен тәрбиелеу, өмірге, жалпы табиғатқа деген құрметі мен құштарлығын арттыру – балалар әдебиетіне қойылар биік талаптардың бірі. Бүгінгі балалар заман жетістіктерін молынан пайдаланып жүргенін барлығымыз білеміз. Олар әлемнің ең қиыр түкпіріндегі елдердің өмірі мен өнерін, тыныс-тіршілігін, ғылым мен техниканың, жан-жануарлар өмірінің таңғажайыптарын бұқаралық үгіт-насихат құралдары арқылы көріп білуде. Мұндай жағдайда әдебиет еріксіз сол құралдармен бәсекеге түседі. Оның себебі екеуі де ортақ мақсат – оқырмандарға әсер ету, эстетикалық-этикалық тәрбие беруді көздегенімен сыр-сипаты мен саласы жағынан ерекшеленеді. Алдыңғысының игі мақсаты кейде мәліметтер тасқыны салдарынан көмескіленіп қалатыны, оқырман мен көрерменді әрі-сәрі етіп, өзіндік белгілі бір рухани топырағынан ажыратып, әлтек-тәлтек бастырып жіберуі де ықтимал, ал кейінгісі керісінше рухани нығайтуға, нысанадан ауытқымауға бейім. Қаласақ та, қаламасақ та, бүгінде күллі дүние жүзіндегі ең озық зерттеулердің тоқайласар тұсы осы. Ғылыми техникалық өрлеу экологиялық тепе-теңдікті, үйлесімдікті бұзбай тұрған кезеңге дейінгі шығармаларды айта шолсақ, табиғаттың сұлулығына тамсанып, саны мадақтаған, жан-жануарларды қолға үйретіп, аңдарды аулауда тапқырлық пен жүректілік танытқан адамдарды бейнелеу басым екенін байқаймыз. Ал бүгінде сол тамсану мен жырлаумен бірге табиғаттың тағдырына, жердің тіршілігіне алаңдау, осы тұрғыдан суреттеу, табиғатқа деген жанашырлық сезімін оятуға деген талап көбірек көрінуде. Бұл бағытта шығармалар екі түрлі қағиданы басшылыққа алады [1]. Біріншісі – табиғатқа қамқорлық жасау, тозып бара жатқан жерді сақтауға ұмтылдыру.

Екінші қағида – табиғаттың өзін жанды организм, өз заңдылығы, өз тіршілігі бар әлем екенін, адам сияқты оның да өзіндік өмір сүруге хақысы барын кестелеу.

Эстетикалық әсерге қарағанда эстетикалық қабылдаудың термин ретінде, де, ғылыми ұғым ретінде де мағынасы кеңірек. Әр адамның эстетикалық қабылдауы әр түрлі болады. Бұл кезеңнің биігіне алып келген факторлар келесілер: әдебиеттің алуан бағытында көптеп дүниеге келген классикалық шығармаларды салыстыра қарауға, сол арқылы рухани дамуыдағы ерекшеліктермен мәселелерді түрлі тұрғыдан байытуға жағдай жасалуы; классикалық шығармалардың көркемдік, әлеуметтік, философиялық ерекшеліктерін нәзік талдаған ғылыми дәуірінде сыни еңбектердің молынан жарық көруі; тарихи дамудың әлеуметтік қоғамдық қырар құбылыстарының рухани өміріміздегі көкейкесті мәселелерге жауап іздеуге бағыттауы, бұл талапты қанағаттандырмайынша қоғамдық рухани дамудың проблемаларын көңілдегідей шешу мүмкін  емес [2].

Ұлттық әдебиеттің әлемдік рухани дамуға ат салысуы оның «таза» ұлттық материалына ғана емес, объективті эстетикалық қуатына да байланысты. Ұлттық материал ерекшелігі эстетикалық қабылдаудың механизмдеріне де әсер етеді. Қабылдау нәтижесінде қалыптасатын эмоциялық-эстетикалық тәжірибенің субъек үшін зор тарихи мәні бар.

Адамгершілік мұраттың эстетикалық тұрғыдан бейнеленуі адам тіршілігінің саналалығын айқындауға мүмкіндік беретін бұлтартпас белгілерінің бірі – оның болмысқа эстетикалық қарым–қатынасы. Адам бойындағы табиғи сезімдер осы қарым-қатынас барысында туындайтын алуан ықпалдарға байланысты көрініп, түрлі рең алатыны, әдебиет пен өнер шығармасында соған сәйкес өзіндік көрінісін табатыны мәлім. Рухани кемелдену осынау процестің қаншалықты жүйелі, жемісті жүргізілуіне, саяси, тарихи, қоғамдық-әлеуметтік факторлардың сол процеске қаншалықты қолайлы жағдай жасалуына тәуелді. Осы ретте рухани кемелденуге бастайтын рухани қажеттілкті – адамгершілік мұрат мәселесі еш уақытта күн тәртібіне түсіруге болмайтын мәңгілік көкейкесті проблемалардың бірі екені ескеру қажет. Өйткені адамгершілік қасиеттің азып-тозуы емес керісінше соның нығаюуына әсер ететін мұрат бұғып жатқан рухани күштердің оянуына, дұрыс гуманистік бағыт түзеп қажетті, биік азаматтық нысана таңдай білуіне көмектеседі [3].

Ал оқу білім бұл оқулықтардың орнын толтыра алады. Алайда көркем әдебиет шығармаларынсыз ешқандай шын мәніндегі толық қанды тәрбие жүргізу адамды рухани кемелдендіру мүмкін емес. Өйткені әдебиет “Көңілге сипат жағының көркемдігімен мағына жағынның күштілігімен жағады” сол арқылы түсік пен қабылдауға, түсінік пен толғанысқа ойлау мен түлеуге өзіндік ықпал жасамақшы. Олай десек, адамгершілік мұраттардың обьективті гуманистік сыр сипаты адамның рухани өрлеуімен таныма талғамының тереңдеуі мен жалпы болымыс пен гармониялық қарым-қатынас жасауымен, адамзат прогресіне қызмет ететін мүдделерге үйлесуі мен де сабақтас екенін көңілге түйген жөн. Адамгершілік мұраттарды өмірге жақын бейнелеуге құдіретті реализімнің әлем әдебиетіндегі жетекші әдіске айналуының негізгі сырларының бірі – оның өмірді шынайы бейнелеуге икемдігі мен көркемдік–эстетикалық идеалдардың, категориялардың прогресшілдігінде екенін баса айту керек. Сол сияқты рухани даму процесі де күрделі, қиын. Әсіресе балалардың әдебиетте белгілі бір идеалық көркемдік нысаналар тұрғысынан бейнеленуі олардың рухани қажеттілігін қанағаттандыру арқылы әрі эстетикалық, әрі тәрбиелік қызмет атқарады.

Тегінде, әр бір азаматтың өзін қоршаған ортаға, қоғамға адамға деген көзқарасы мен қатынасының бастау көзі оның сонау балалық шағында жататыны белгілі. Әрине, келешекте оның қандай азамат болып өсетінін ешкімде тап басып айта алмайды. Олай дейтініміз, әр адам бала кезде көкейіне ұялап, көңіліне әбден орныққан әсер – сезімге беріліп, кейін соның ырқында кетуі де, немесе сол түйген – түйсінгендердің салдарынан әубастағы мұрат мақсаттардан ауытқуы әбден мүмкін. Оның себеп салдары көп, бәрін тәпіштеп жатудың қажеті аз, бірақ бір анығы: белгілі, бір сәтте сол сияқты белгілі бір уақыт кезең аралығында бастан кешкен өмірлік тәжірибе, алуан психологиялық күйлер рухани даму мен тәжірибеге ас септігін тигізбей қоймайды. Бала санасына сәуле түсірген өмірлік факт ұзақ ұмытылмайды. Сол себепті оның араласқан ортасына зер сала зерттеу зердеден өткізу парыз.

Рухани эстетикалық тәрбие беретін шығармаларды оқыту мектептің оқу процесімен қатар сыныптан тыс, мектептен тыс жұмыстар негізінде жүргізілуі тиіс. Себебі қабылдаудың психологиялық негізі бойынша баланың эстетикалық тәрбиесі сензитивті деңгейде жүзеге асырылады. Сондықтан тыс оқыту арқылы бала қабылдайтын эстетикалық әсерді, оның рухани мазмұнын қызықты етіп тәрбиелеуге болады [2].

Қорыта айтқанда, жалпы жас ұрпақтың эстетикалық тәрбиесі жоғары деңгейде болсын десек, онда оларды тек ақпараттық технология элементтерімен тәрбиелеу мүмкін емес, керісінше газет, журналдарды, бұқаралық ақпарат құралдарындағы құнды мәліметтерді бойларына сіңіре өсулері тиіс, - деп ойлаймыз. Сол жағдайда да ғана оқушылардың рухани-эстетикалық тәрбиелері жоғары немесе қажетті дәрежеде болар еді.

 

1. З.Әбілова. Оқушыларға эстетикалық тәрбие беру. Алматы: Білім, 1996.

2. Қожахметова К., Ұзақбаева С. Эстетикалық тәрбие берудің ұлттық негіздері. Алматы: Ғылым, 1998.

3.  С.Қалиев, Қ.Жарықбаев. Білім тәрбиесі. Алматы: Білім, 1999.