Педагогические науки/2.Проблемы подготовки специалистов
П.ғ.к, доцент Ф.Н.Жұмабекова,
п.ғ.к, доцент А.Ж.Салиева
Қазақстан, Астана, Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
Университеті
Мектепке дейінгі білім мазмұнын
жаңартудың жаңа парадигмалары
Бiлiм беру және ғылым саласына
елеулi өзгерiстер енгiзiлiп жатқан қазiргi кезеңде
мектепке дейiнгi ұйымдарда бiлiм мазмұнын жаңарту,
баланың жеке басын дамыту, жас ұрпаққа бiлiм беру мен
тәрбиелеуді жаңа сапалық деңгейге көтеру мiндетi
бүгiнгi күннiң кезек күттірмейтін көкейкестi
мәселесi. Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру үздіксіз
білім беру жүйесінің алғашқы сатысы ретінде
өзгермелі өмірге табысты бейімделуге қабілетті жас
ұрпақты қалыптастыру мен дамытуға жағдай жасайды.
Ғалымдардың көпжылдық зерттеулері адам
интеллектісінің, тұлғалық, әлеуметтік және
эмоционалдық дамуында мектепке дейінгі жас кезеңінің
маңызды болып табылатындығын дәлелдеп берді. Қазіргі
кезде егемен еліміздің білім саласы әлемдік білім беру
кеңістігіне ену және нәтижеге бағдарланған білім мен
тәрбие беруді жүзеге асыру сияқты жауапкершілігі мол
үлкен өзгерістерге бағыт алып отыр.
Білім
берудің бағыт–бағдары
Қазақстан Республикасының «Ата Заңында»,
«Қазақстан–2030
стратегиялық бағдарламасында», «Қазақстан
Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасында», «Қазақстан Республикасының 2010
жылға дейінгі білім беруді дамытудың мемлекеттік
бағдарламасында», «Балапан» бағдарламасында және басқа
да құжаттарда негізделген.
Республика көлемiнде мектепке
дейiнгi тәрбиенiң ғылыми-теориялық және
әдiстемелiк мәселелерiн зерттеген еңбектер де атап
айтарлық. Олар: В.Андросова, Р.К.Аралбаева, Б.О.Арзанбаева,
Ә.С.Әмiрова, Б.Б.Баймұратова, С.Г.Бәтiбаева, Л.А.Давиденко,
С.Н.Жиенбаева, Т.А.Левченко, А.К.Меңжанова,
Қ.М.Меңдаяқова, Г.Ж.Меңлiбекова, А.Е.Манкеш,
Г.М.Метербаева, Р.Ә.Нұрмұхаметова, М.Т.Тұрыскелдина,
Ұ.Т.Төленова, Р.Керімбаева, Т.Ж.Қалдыбаева, Н.Д.Храпченкова,
Т.И.Иманбеков, Ж.А.Исмайлова, М.С.Сәтiмбекова, Р.М.Сыздық,
Ш.С.Сапарбаева, А.Ж.Салиева, Н.С.Сайлауова, Ғ.З.Таубаева т.б. Психологиялық тұрғыдан
зерттеуде Ә.Алдамұратов, С.Балаубаев, М.Мұқанов, Қ.Жарықбаев, Т.Тәжiбаев Х.Шерязданова, М.Жакупов, Ж.Намазбаева, А.Нурахунова т.б еңбектерi жарық көрген.
Бұл ғылыми педагогикалық еңбектердiң
құндылығы олардың
өте бай архивтiк
материалдар негiзiнде жазылғандығында және республикамыздағы мектепке дейiнгi ұйымдардың
iс-тәжiрибесiнiң жетiстiктерi мен кемшiлiктерiн
талдап, оқу-тәрбие жұмыстарының мазмұнын, әдiс-тәсiлдерiн жаңартуда басшылыққа алатын оқу-әдiстемелiк құралдары мiндетiн атқаруында.
Қазақстанның
әлемдегі барынша дамыған және бәсекеге қабілетті
елдерінің қатарына кіру стратегиясының шешуші
басымдықтарының бірі - осы заманғы білім мен озық
ғылымды дамыту болып табылады. Білім беруді дамыту векторы адам мен
адамзаттың толыққанды өмір сүруінің басты
шарты ретінде алынған руханилықпен анықталатын өмір
сапасын қамтамасыз етуге бағытталған. Оны жүзеге
асыруда балабақшада тәрбиеші педагогтары кәсіби
даярлығын жетілдіруде басшылыққа алатын білім берудің
жаңа парадигмаларын ұсынамыз.
Парадигма (гр. үлгі деген сөз) – зерттелетін мәселені шешу
үшін үлгі ретінде алынған теория; теориялық көзқарастардың,
методологиялық принциптердің, әдістемелік
қабылдаудың және эмпиризмдік нәтижелердің бірігу
жүйесі; ғылымның белгілі бір даму кезеңінде
ғылыми қауымдастықпен қабылданған және
болжамдарды ғылыми ұғыну үшін, ғылыми таным
процесінде туатын міндеттерді шешу үшін үлгі, модель, стандарт
ретінде пайдаланылатын теориялық және әдістемелік ережелер
жиынтығы.
Педагогикалық
парадигма - педагогикалық міндеттердің белгілі топтарда
қалыптасқан үлгі-стандарты, дағдылы
көзқарасы. Алайда, танымал үлгі-стандартты және
көзқарастарды күмәнді етіп қойғанымен,
педагогика ғылымында және тәжірибеде фактілер
қолданылады. Педагогикалық парадигма екі жақтық
қызмет атқарады: бір жағынан - педагогика ғылымға
ғылыми проблемалардың шешімін жеңілдетеді, ал екінші
жағынан педагогикалық шығармашылық мәселелердің
өңделуін тоқтатып, жаңа идеялардың
қабылдануына кедергі болатын мәселелерді шешуге ықпал етеді. Осыған
орай, кейбір педагогикалық парадигмаларға тоталамыз.
1.
Қазіргі заманда төл педагогикамызда «білетін адам» (ЗУН
жүйесімен жабдықталған) парадигмасы «тіршілік әрекетіне
дайын адам» парадигмасына, яғни белсенді және
шығармашылық ойлауға қабілетті және іс - әрекетте
белсенді, үнемі даму үстінде болатын, интеллектуалды, өнегелі
адам тәрбиелеу.
2.
Көптеген педаготтардың пікірінше, тәжірибиеде
қолжеткізу қағидасын іске асыра отырып, оқу
материалының мазмұны және білім көлемі балалардың
жас ерекшеліктеріне сәйкес болу қажет деп есептейді.
Парадигма білімнің концептуалды
моделі ретінде пайдаланылады. Білім парадигмасының төмендегідей
көп тараған түрлері аз емес:
Дәстүрлі-консервативтік (білім парадигмасы); Феноменологиялық
(гуманистік парадигмасы); Рационалдық (тәртіптілік парадигмасы); Технократтық;
Эзотерикалық. Әрбір парадигма «не үшін тәрбиелеу керек,
балаларды қандай мақсатқа дайындау керек, не үшін
өмір сүреміз» деген сұрақтарға жауап береді.
Мәселен,
дәстүрлі білімдік парадигмада
білім берудің басты мақсаты: «Білім, білім, қандай
жағдайда да тек білім». Мұнда өркениет пен мәдениетті
ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу негізгі мақсат
болып саналады.
Феноменологиялық немесе гуманистік
парадигмада жеке тұлғаның ішкі дүниесін дамыту, оны ерікті,
рухани жеке адам ретінде тану және адамдармен тіл табысуында ерекшелену
қабілеттерін жетілдіру қарастырылады.
Білімнің
гуманитарлық парадигмасының
діңгегі – жеке тұлға қалыптастыруда ақпараттармен
хабарландырып, дайын білімді меңгерту ғана емес,
ақиқатты, шынайылықты түсінуші адам ретінде
өмірлік дағды қалыптастыру. Мұнда бала мен
тәрбиешінің арасындағы қарым-қатынас:
ынтымақтастық, өзара жауапкершілік, өз позициясын еркін
таңдау жағдайында диалогтік ұстанымда өрбиді.
Рационалдық парадигмаға балаларға
білімнің түрлі тәсілдерінің тиімді жақтарын,
ортаға бейімделу, оның ойы, сезімі және
іс-әрекеттерімен санасу, оларды меңгерту жатады. Оқытудың
негізгі әдістері – қарапайым тәжірибелік зерттеулер жасату,
жобалау әдісі, жекелеп оқыту т.б. Ғылымды тәртіп тіліне
аударған Америка педагогы Р.Мейджер «Мұның бәрі баланы
да тәрбиешіні де дамытады, егер педагог бәрін өзі атқарған
жағдайдың өзінде де, баланың еншісіне үйлестіру
мен бақылау қалады» дейді. Ал бүгінде педагог баланың өзігінен
дербес әрекет етуіне, шығармашылықпен жұмыс жасауына
толық мүмкіндік туғызады
Технократтық парадигманың негізгі мақсаты –
дәл ғылыми білімдер. «Білім - күш» адамды бағалау,
оның білімі, мүмкіндіктерімен анықталады. Адамның
қасиеті оның білімі, тәртібі және оны тасымалдаушы
ретінде танылады.
Эзотерикалық парадигма – балалардың
табиғи күші және оны тиімді пайдалана білуге бағыт беру
қажет. И.Колесниковтың пікірінше, адамның
қоршаған әлеммен іс-әрекетінің жоғары
деңгейі басым көрсетіледі. Мұнда адамның
ақиқатқа мәңгілік өзгермейтін қатынасының
көрінуі тиіс. Бұл жерде балалардың дамуындағы
адамгершілік, психологиялық, физикалық функциялары ерекше
ұғым болып табылады.
Аталған жаңа парадигмалар мектепке дейінгі ұйымдарда
баланы мектепке дайындауда олардың жалпы, арнайы және
психологиялық дайындығын қамтамасыз етуде
басшылыққа алынады. Қазақстанда мектепалды
даярлыққа арналаған 83 аталымдағы оқу-әдістемелік
кешендер тәжірибелік байқаудан өткізілді. Ғалымдардың
зерттеулерінде осы ОӘК-ді дайындау ерекшеліктеріне тоқталып,
мұндағы білім мазмұнын берудің
құрылымдық компоненттері көрсетіліп, мектепке дейінгі
ұйымдарда арнайы эксперимент жүргізіліп оның нәтижелері
ғылыми еңбектерде талданды.
Жаңа парадигмаларды басшылыққа алу
негізінде атқарылған мәселелер: біріншіден, балабақшадағы оқу іс-әрекеті
барысында білім мазмұнын іріктеудің өлшемдеріне сәйкес
жеке тұлғаның жан-жақты дамуын қалыптастыру
міндетін тұтас қарастыруда оқу бағдарламаларының
мазмұнын, ғылым мен тәжірибенің теориялық
негіздерін, заңдылықтарын, түсініктері мен зерттеу
әдістерін, негізгі іс-әрекет түрлерін, жеке
тұлғаның дамуын, танымдық
қызығушылығын арттыруды қамтамасыз ету жолдары
қарастырылды. Білім мазмұнының ғылым мен
тәжірибедегі мәнділігін анықтауда оқу
бағдарламаларының әмбебаптық және
ақпараттық элементтері қарастырылып, теорияның мәнін
ашу үшін ғылымның заңдылықтары, әдістері
оның тәжірибеде қолданылуына баса назар аударылды. Білім
мазмұнының жаңартылуын анықтауда балалардың жас
ерекшелігіне қарай оқу мүмкіндіктеріне сәйкестігін
арнайы жүргізілетін бақылау (срездері), нәтижелеріне талдау
жасалып, оқу материалдарын меңгеруге байланысты іс-шаралар
ұйымдастырылды. Оқу іс-әрекетінің нәтижелерін
саралай келіп, білім мазмұнын жаңартудың арнайы ізденушілік,
тәжірибелік және педагогикалық мониторингі жүргізіліп,
мектепке дейінгі ұйымдарда білім мазмұнын жаңартудың педагогикалық,
әдістемелік жүйесі жасалды.
Екіншіден, мектепке дейінгі білім
мазмұнын таңдаудың қағидалары, білім
мазмұнын жаңартуға ықпал ететін маңызды
факторларды айқындауға, білім мазмұнының
құрылымын, әдіснамалық негіздерін, заманауи
ғылымдағы әдіснамалық тұғырларының
мазмұны қарастырылды. Білім мазмұнын таңдаудың
тұжырымдамасы, өлшемдер жүйесі, ұстанымы, принциптері,
мектепке дейінгі білім беру мазмұнын жаңартудағы қарама–қайшылықтар
айқындалып оны жоюдың жолдары ұсынылды.
Үшіншіден, әлемдік
тәжірибедегі және отандық мектепке дейінгі тәрбиедегі
көкейкесті мәселелерді зерделей отырып, білім беру
мазмұнының мәні мен маңызының ашып
көрсетілуі білім беру мазмұнын жаңартуда жалпы білімнен
нәтижеге бағдарланған білім беруге баса назар аударуды, білім
мазмұнын тұтастай қабылдауды және балалардың жеке
қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес өмірлік
дағды қалыптастыру жүйесін құру мәселесін
шешуді қамтамасыз етеді. Қазақстанда мектепке дейінгі
ұйымдардағы білім беру мазмұнының дамуына шолу жасау
арқылы негізгі мәселелердің анықталуы,
ғылыми-зерттеулердің тұжырымдары мен оны жүзеге асырудың
кезеңдерінің сипатталуы, оның қазіргі жағдайы мен
басым бағыттарының айқындалуы педагогикалық
ой-пікірлердің қайнар бастауынан нәр алатын
тәлім-тәрбиенің негізін қалайтын білім мазмұнын
жаңартудың алғы шарттары болып табылады.
Төртіншіден, білім мазмұнын
жаңартуда бірлескен іс-әрекеттерді ұйымдастырудың
логикалық-психологиялық проблема тұрғысынан
қарастырылуы, оның негізгі принциптерінің анықталуы,
ойын, еңбек және оқу әрекеттерінің ерекшеліктері
нақтылануы, жас ұрпақты тәрбиелеудегі тиімді, әрі
ұтымды жолдарының белгіленуі баланың психологиялық
дамуына ықпал етеді және жүйесін қалыптастырады деп
есептейміз.
Бесіншіден, мектепке дейінгі білім
беру мазмұнын жаңарту тұжырымдамасы дайындалып, оның
теория мен тәжірибедегі байланысы, білім мазмұнын жаңартудың
қажеттілігі, оған қойылатын талаптары қарастырылды.
Қазіргі кездегі мектепке дейінгі ғылыми-зерттеулер мен
тәжірибелік мүмкіндіктердің тиімді тенденциялары,
өлшемдері мен көрсеткіштері, принциптері, негізгі бағыттары
мен күтілетін нәтижелері, оны іске асыру кезеңдері мен
шарттарының нақты көрсетілуі мектепке дейінгі
ұйымдардағы тәрбиелеу мен білім беру үдерісінде
басшылыққа алатын нормативтік құжат болып табылады.
Алтыншыдан, мектепке дейінгі білім
мазмұнын жаңартуда инновациялық технологияларды пайдалану
арқылы тәрбиешінің кәсіби құзіреттілігін
қалыптастыру мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру мазмұнын
жаңартуға қатысты тәжірибелік мүмкіндіктерді
жетілдіріп, құндылық бағдарларды ескеріп, жаңа
нәтижелерге жетудегі жаңашылдыққа,
шығармашылықты дамытуға ықпал етеді. Білім мазмұнын
жаңартуда оның жеке тұлғаға
бағдарланған болуын, жас ұрпаққа сапалы білім,
тағылымды тәрбие беруде тәрбиешінің біліктілік
деңгейі, тәрбиеленушілермен өзара
қарым-қатынасында олардың дара және психологиялық
ерекшеліктерін жақсы білуі, педагогикалық ықпал етудің
әдіс-тәсілдерін дұрыс таңдай білуі және тиімді
пайдалана алуы маңызды деп ойлаймыз.
Ойымызды қорытындылай келе, білім мамұнын жаңарту
қоғамның әлеуметтік және экономикалық
дамуының негізгі факторларының бірі ретінде жеке тұлғаға
бағытталған болуы, әдемдік білім кеңістігіндегі жалпы
адамзаттық құндылықтар мен ұлттық
құндылықтардың ескерілуі, білім беру
бағдарламаларының мазмұны әрбір білім беру сатылары мен
жас ерекшелігіне сәйкес тәрбиеленушілердің бүгінгі
заманауи талаптар деңгейінде білім, білік, дағдыларды
қалыптастыруға бағытталуы, жеке тұлғаны
қалыптастыруда білім мазмұнын жаңартуда ұлттық
және әлемдік мәдениеттің кіріктіріле қарастырылуы
маңызды болып отыр. Білім мазмұнын жаңартуда
ұсынылған тұжырымдар мен ұстанымдар, жаңа
парадигмалар мектепке дейінгі ұйымдардың алға
қойған мақсат, міндеттеріне сәйкес жалпы және
қосымша білім беруде тәрбиелеу мен оқыту
бағдарламаларын өз қалаулары бойынша таңдауға,
балама және авторлық бағдарламалар, арнайы курстар,
оқу-әдістемелік кешендер дайындауда барлық
халықтардың арасындағы өзара түсіністік пен
ынтымақтастық сақталуына, ұлтына, дініне,
әлеуметтік жағдайына дүниетанымдық
көзқарастың алуан түрлілігіне қарамастан оны
таңдауға, өз пікірін айтуда басшылыққа
алуға, дәлелдеуге құқығы болады деген
тұжырым жасаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Государственная программа
развития образования в Республике Казахстан до 2010 года.
2. Қазақстан
Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту
тұжырымдамасы. //Қазақстан мұғалімі. 20
қаңтар. 2004. - 3- 4 б.
3. Научно-методические основы
совершенствования содержания общего образования в Республике Казахстан.-Алматы. РИК КАО
им. Ы.Алтынсарина 2001.
4. Джадрина М.Ж,
Г.З.Байжасарова и др. Теоретико-методологические аспекты развития школьного и
дошкольного образования в условиях ориентации на результат. Алматы. 2006. -255
б.