ӘОЖ 811.512.122
Оқушылардың мәдениетті сөйлеу
дағдыларын қалыптастыру
Нарқұлова Б.А. – п.ғ.к., доцент
(Қазақстан Республикасы)
Бүгiнгi күннiң кезек күттiрмес
мәселелелерінің біріне
мектеп оқушыларының
дұрыс сөйлеуге дағдыландыру және оны жетiлдiру
жұмыстары жатады. Ертеңгi күнгi тiлiмiздiң
хал-жағдайын бүгiннен ойлап, алдымен дұрыс сөйлеуге
балаларды бірінші сыныптан бастап дағдыландыру арқылы ғана
қазақ тiлiн таза күйiнде сақтауға болады.
Бұл қажет те. Бұл тұрғысында академик
Р.Сыздықова былайша пайымдаған: «Қажеттiктiң бiр себебi
― жалпы мәдениетiмiздiң, оның iшiнде тiлiмiздiң
әлеуметтiк... қызметiнiң дамуында болып отыр. Сол
дамуға талаптың да күшеюiнде болып отыр. Бұл ―
бiр. Екiншi жағынан, бұрынды-соңды қазақша
тiл, сөйлеу мәдениетi деген мәселелер қазiргiдей
белгiлi бiр мақсат көздеп, кең түрде жан-жақты
сөз болған емес. Сондықтан кезегi жеткен жайт болып отыр. Үшiншi бiр себебi, жасыратыны жоқ, ауызша
сөйлеу практикамызда не бiлместiктен, не
немқұрайдылықтан, не өзге себептерден қабақ
шыта қынжылар кейбiр ақаулар етек алып бара
жатқандығынан болып отыр.» [2. 37].
Сондықтан мектеп
оқушыларының дұрыс сөйлеу дағдысын
қалыптастырудың
жоғарыда айтылған жайттардан басқа да бiрнеше
маңызды қажеттiлiктерi бар. Бiрiншiден, мектеп
оқушыларының дұрыс сөйлеу дағдыларын
қалыптастыру арқылы
олардың адамгершiлiк қасиеттерi тәрбиеленiп, жеке бас
тұлғасын iзгiлендiруге болады, екiншiден, топ алдында
қысылмай сөйлеуге дағдыланған оқушының
бойында лидерлiк қабiлет жетiлiп, өзiндiк ой-пiкiр айтуға
үйренедi, үшiншiден, айтар сөзiн, жазар ойын нақты әрi толық жеткiзуге
дағдыланған оқушы сабаққа қызығып,
бiлiм үлгерiмi жоғарылайды, төртiншiден, сөйлер
сөзiнде әрбiр сөздi орнымен, өз мағынасымен
қолдануға дағдыланған шәкiрт ертеңгi
күнi қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтерер
ұлттық тәрбие негiздерiмен сусындайды.
Оқушылардың дұрыс сөйлеу
дағдыларын мақсатты түрде әрбiр сабақ сайын
әдiстемелiк жүйеде қалыптастырып отырылған
жағдайда ғана олардың
пәнге деген қызығушылықтары оянып,
сабақтағы белсендiлiктерi артады. Сонымен бірге балаға сөйлеу барысында ым,
ишара,дауыс ырғағы, жылы жүзбен жымиюдың аса
маңызды әсері туралы И.М.Юсупов
былай дейді: « Педагогикалық қарым-қатынаста балаға
қарап жымию баламен диалогтың ең қажетті
құралы болып табылады. Сөйлесетін адамың
неғұрлым кішкентай болса, ол өзінің іс-әрекетіне
үлкендердің соғұрлым үнсіз де жылы жымиысына
баға беруін қажетсінеді.Тек қана оқу процесінде
ғана емес, жай қарым-қатынастарда да кіші жастағы балаларды жылы жымиыспен
ынталандырудың маңызы зор.
Оқушылардың дұрыс сөйлеу
дағдыларын қалыптастыру жұмыстарының көздеген
басты мақсаты ― шәкiрттердiң бiлiмдiк, тәрбиелiк
бiлiктерiн жетiлдiрумен қатар олардың шығармашылық,
ойлау қабiлеттерiн дамытып, тiлдiк қарым-қатынаста
сөйлеген сөздерiнде жаргон, варваризмдер мен қыстырма
сөздерден арылту. Біз өз жұмысымызда мынадай дұрыс сөйлеу
дағдыларын қалыптастыру тиімді екені анықтадық :
1.
Оқушылардың айтатын
ойларын жинақы әрi толық жеткiзу дағдысы. Оқушылардың дұрыс
сөйлеу тiлiнде айтылатын ойларына
қатысы жоқ сөздер
көптеп кездеседi. Кейбiр сөйлемдерде бiр сөз бiрнеше рет
қайталанып, оқушының не айтайын деп тұрғанын
түсiнiксiз етедi. Ондай кемшiлiктер
баяншының дұрыс сөйлеу дағдысының
төмен екендiгiн көрсетедi.
Оқушылардың дұрыс
сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда олардың айтатын
ойларын жинақы әрi толық жеткiзуi үшін маңызды
рөл атқарады. Бұл үшiн мынадай мәселелер ескерiлуi
керек:
·
Оқушыдан өз ойын шашыратпай, жинақы айтып беруi талап
етiледі.
·
Сұрақ-жауап әдiсi арқылы шағын диалог немесе
монолог құрғызу жолдары;
·
Қазақ тiлiнен
алған бiлiмдерiн мен бiлiктерiн пайдалана алуы.
2.
Оқушылар тiлiнiң басқа тілдерден енген сөздерден таза болу дағдысы.
Оқушылар сөйлеген сөздерiнде басы артық сөздермен
қатар, кiрме сөздердi көп қолданады, сондай-ақ
оқушылардың дұрыс сөйлеу дағдыларын
қалыптастыруда басы артық, қыстырма сөздердi
қолдануларын жою. Оқушылар
сөйлеген сөздерiнде жаңағы, сол, сол сияқты,
келеятыр, бараятыр, сосынғы,
i-i-i-i т.б. жаргон сөздер мен уже, вообще, ну деген сияқты кiрме сөздердi жиi
пайдаланады. Бұл үшін біз жұмысымызда
оқушыларының ауызша сөйлеу дағдысын
қалыптастыруда төмендегiдей мәселелердi:
·
Оқушылардың сөйлеген сөздерiнде кездескен кiрме
сөздердiң қазақша баламасын түсiндiрудi;
·
Оқушыларға асықпай, әр сөзiн орынды
қолдану жолдарын үйрету,
·
Күнделiктi көшеде, қоршаған ортасында
қолданылып жүрген жаргон сөздердiң зиянын айтып
ұғындыруды есте ұстадық.
3.
Оқушылардың тiлдiк қатысымда орфоэпиялық
заңдылықтарды қатаң сақтауын қалыптастыру
дағдысы. Оқушылар
сөйлеген кезде орфоэпиялық заңдылықтарды
қатаң сақтауы қажет. Оқушылардың
сөздерiнде кездесетiн тағы
бiр кемшiлiк – оқушылар кiтапта не оқулықта қалай жазылса,
сол түрiнде айнытпай оқиды.
Бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайда сөйлеген сөздiң
нақышы кетедi. Бұл тұрғыда Р. Сыздықова
төмендегiдей ой қорытқан: «Сөйлеу үстiнде
сөздер бiр-бiрiмен « тiл табысып », үндесiп, үйлесiп жатады.
Ол үйлесiмдiк үшiн сөздердiң кейбiреулерi бiр-екi
дыбысын «сындыруға», өзгертуге, тiптi жоғалтуға дейiн
барады. Ал жазылғанда бұлар « сынбай», өзгермей,
жоғалмай тұруы мұмкiн. Сондықтан әрдайым
қалай жазылса, сол түрiнде оқуға болмайды. Дұрыс
жазу мен дұрыс айту
(оқу) әрқашан бiрдей түспейдi. Қалай
естiлсе, сөздi солай жазу
қандай қате болса, қалай жазылса, сiрестiрiп солай оқу (айту) сондай өрескел қате
болып табылады.» [2].
Демек біз
оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруда
олардың орфоэпиялық заңдылықтарға сәйкес
ауызша сөйлеу дағдыларын жетiлдiруді ескердік.
4.
Оқушы
сөзінің
әсерлiгiнің болу дағдысы . Мұнда баланың
бет бейнесі, ым, ишаралары айтып тұрған сөзімен
үндес болуына, дауыс ырғағы мен кідірістердің орынды
іске асуына зор көңіл бөлінеді.
5. Оқушылардың өз
ойын, пiкiрiн жан-жақты
дәлелдеу дағдысы. Оқушылардың ауызша
сөйлеу тiлдерiнде кездесетiн
тағы бiр кемшiлiк – өз ойын
дәлелдi айтып бермеуi. Мұндай кемшiлiктiң болуына
үш түрлi фактор әсер
етедi. Бiрiншiсiне – оқушылардың жұрт алдында сөйлеу
дағдыларының болмауы, яғни олардың басқа
адамдардың арасында ұялуы, қысылуы; екiншiсiне – оқушылардың тiлдiк норманы
сақтамауы. Сөйлеген сөздерiнде әдеби, диалект, жаргон
сөздердi араластырып, сөйлемдерiн дұрыс құрмауы,
үшiншiсiне – балалардың тiл байлығының төмен
болуы, бұл жерде сөздiк қорында неше сөз бар деген
мәселе емес, бала тiлiндегi мақал-мәтелдердiң,
тұрақты тiркестердiң, әдеби тiлдiң көркемдеуiш
құралдардың аз болуы
жатады. Сондықтан оқушылардың ауызша сөйлеу
дағдыларын қалыптастыруда бұл мәселеге баса назар
аударылды.
6. Оқушылардың сөйлеген сөздерiнде,
тiлiнде кездесетiн тағы бiр кемшiлiк – күнделiктi сөйлеу
тiлiнде жауыр болған, әбден ести-ести құлаққа
түрпiдей тиетiн дайын формаларды пайдалануы.Сонымен бiрге тiлдерiнде мақал-мәтелдердi
көп қолдануы. Негiзiнен оқушылар
мақал-мәтелдердiң мағынасын түсiнiп тұрса
да, оны сөйлегенде пайдаланбайды. Мұндай кемшiлiктер бала
тiлiнiң әсерлiлiгiн бәсеңдетеді. Сонымен қатар
оқушылардың ауызша
сөйлеу дағдыларын қалыптастыруда олардың сөйлеу
әуендерiне, сөзді нақышына келтіріп сөйлеуіне
қатты назар аударылады. Әрбiр ойдың, сөйлеген
сөздiң өзiне тән әуенi болады. Мысалы,
сұраулы сөйлем мен лептi, хабарлы сөйлемдердiң
әуендерi бiрдей болмайтындай, айтылатын ойға қарай
сөйлеу тiлiнiң де өзiндiк әуенi болады.
Жоғарыда аталған жайттардың барлығы
оқушылардың дұрыс сөйлеу дағдыларының
қалыптасуының негiзгi белгiлерiне жатады. Ескеретiн бiр жайт, дұрыс сөйлеу
дағдыларының қалыптасу белгiлерiнiң барлығы
бiрден, бiр сабақта, бір сыныпта ғана қалыптасып біте қоймайды, сатылана, бірте-бірте
қалыптасады. Сонымен қатар, оқушылардың дұрыс
сөйлеу дағдысын қалыптастыруда олардың эстетикалық
талғамдарымен қатар, сөздердi орынды, мағыналық
реңктерiне қарай өз орнында қолдана алу
талғамдарының болғаны да ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар, оқушының өз пiкiрiн дәл әрi
анық айтуы да оның сөйлеу дағдысының
қалыптасуында басты рөл атқарады. Себебi, топ алдында өз
ойын әсерлi де түсiнiктi айтуға дағдыланған
оқушы сөздердi орынды қолданып қоймай,
сөйлеудiң әсерлiлiгiн игередi.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Қазақстан Республикасының президенті
Н.Назарбаевтың
Қазақстанның халқына жолдауы // Университет
№9-14.03.2006ж
2.
Сыздықова Р. Орфоэпиялық нормалар жайлы. Өрелi
өнер. А. 1990 37-42 бб.