ӘОЖ 811.512.122

Оқушылардың диалогты және монологты сөйлеуін дамыту

Жораева С.-п.ғ.к., доцент (Қазақстан Республикасы)

Қазақ тіл білімінде тілдік қарым-қатынасты ғылыми тұрғыда қарастырған, қазақ тілін қатысым әдісі арқылы оқытудың негізін  қалаған,  тілдік қарым-қатынастың  негізгі заңдылықтары мен ұстанымдарын айқындаған тілші-ғалым Ф.Ш.Оразбаева, зерттеушілер Г.Бейсенбекова, М.Жорақпаева, А.Мұратбекова, Ф.Абдразақова, С.Нұрғали, Р.Әбдісүлейменовалар тілдік қатысым әрекеттерінің түрлерін жан-жақты қарастырды  [1].

Ф.Ш.Оразбаева тілдік тұлғалар мен қатысымдық тұлғалардың өзіндік белгілерін айқындап, оларға мынадай анықтама береді. «Тілдік тұлғалар – адамзат тілінің жасауы мен өмір сүруіне  қызмет ететін, сөйлеу аппаратына (дыбыстау мүшелері)  тікелей тәуелді, фонетикалық, лексикалық және грамматикалық қасиеттерге ие болатын, таңбалық сипаты бар, тілдің (құрамды) құрылымдық бөлшектері.

Ал   қатысымдық тұлғалар – тіл арқылы қарым қатынасты қамтамасыз ететін, белгілі бір ортамен араласу жағдайында жүзеге асатын, тиянақты ойды хабарлау және қабылдау қасиеті бар, ерекше деңгейге  көтерілген тілдік тұлғалардың  қатысынан тұратын, коммуникативтік  мәні бар бөлшектер» - дейді [1, 40 б.].

Демек, тілдік тұлғалар жеке-дара қолданылса,  қатысымдық тұлғалар  өзара байланыста бір- бірімен сабақтаса, байланыса қолданылады.        Қазақ тілін дидактикалық ойындар арқылы қатысымдық тұрғыдан меңгертуде қазақ тілінің салалары өзара бірлікте қарыстырылды. Диалогтық сөйлеуге екі не одан да көп адамның тілдік қарым-қатынас кезінде кезектесе  туындайтын ауызша ақпарат беруі, жауап қайтаруы, пікір алмасуы  жатады. Диалог барысында пікірлесіп тұрған тұлғалар «әрі хабар жеткізуші, әрі хабарды қабылдаушы қызметін» (Б.Мешинбаева) атқарады. Диалогтық сөйлеуде хабар жеткізуші кең көлемде оқуға, өзінің жағдайы жөнінде айтса, онда диалогтық сөйлеу монологтық сөйлеуге ұштасады. Тілдесім әрекеті  кезінде диалогтық сөйлеу мен монологтық сөйлеу бірін-бірі толықтырып, өзара байланыста жұмсалады. Дегенмен, бұлардың өзара айырмашылығы да бар. Бұл жөнінде К.И.Соломатов диалогтық сөйлеу мен монологтық сөйлеудің өзіндік ерекшеліктері жөнінде былай тұжырымдайды: «Диалогическая речь является одной из наиболее распространенных форм устной разговорной речи. Монологическая форма речи занимает меньше места в разговорной  речи, обычно монологу предшествует диалог. Диалог представляет собой обмен высказываниями, порожденными одно другим  несколькими собеседниками» [2, с.15].

Демек, диалогтық сөйлеу – екі не одан да көп адамдардың бір-бірімен тілдік қарым-қатынасқа түсу әрекеті. Екі адам өзара пікірлессе, онда ол диалог, үш адам сөйлессе, онда ол трилог, үштен көп адам өзара пікірлессе полилог деп аталады. Диалогтық сөйлеу репликалардан  тұрады. С.Әбдіғалиев диалогтағы репликаны екіге бөліп қарастырады: « Диалогтағы репликаның екі түрі болады: а) әріптесті әңгімеге тартатын, оның сөйлеуіне  түрткі (қозғаушы) болатын реплика. ә) түрткі (қозғаушы)  репликаға жауап  болатын, яғни жауап, жауап- реплика (реплика-реакция). [3, 100 б.].

С.Нұрғали С.Әбдіғалиевтің  пікірін  дамыта отырып, диалогтық бірлестікте екі репликаны ғана қарастырмай үшінші және төртінші репликаларды  да диалогтық бірлестікте қарастырған ұтымды деп тұжырымдайды [4].

Ғалымдардың пікірлері негізінде, репликаға  диалогтық сөйлесім әрекеті барысында баяншының не қабылдаушының өзіндік пікірін, сұрағын, жауабын жатқызамыз. Диалогтық бірлестік барысында репликалар өзара сабақтаса, тығыз қарым-қатынаста жұмсалады. Сондықтан диалогтық бірлестікке бірінші, екінші репликаны, яғни жұптық репликаны, үшінші, төртінші репликаларды, яғни топтық репликаны, бесінші және одан да көп  репликаны яғни ұжымдық репликаны жатқызған ұтымды деп білеміз.

Ғалымдар диалогтың түрлерін түрлі жағдаяттар мен диалог ерекшеліктеріне қарай түрліше айқындайды:

 Р.Кинжекова диалогтың 1) сұрап білу; 2) әңгімелесу; 3) пікірталас  диалогтары; 4) қатысымдық емес түрлерін негізгі диалог түрлері деп тұжырымдайды [5, 92-99 б.].

Монологтық   сөйлеу – бір ғана адамның ойын, көзқарасын, пікірін білдіретін сөйлесу әрекетінің бір түрі. Монологтық сөйлеу диалогтық сөйлеумен салыстырғанда айтатын ойы толығымен, сөйлемдері дұрыс құралғанымен, сөйлеуші ойының жинақтылығымен ерекшеленеді. Монолог алдын-ала жоспар бойынша құрылып, іске асады. Монологтық сөйлеу де бір-бірімен тығыз байланыста жұмсалады.

Оқушыларды диалогтық және монологтық сөйлеуге үйрету арқылы олардың әдеби сөйлеу дағдыларын қалыптастырып, жетілдіруге болады. Оқушы тілдік қатынаста өзінің дауыс ырғағына, сөйлеу мәнеріне назар аударып, оны дұрыстауға ұмтылады. Басқа  бір адамның сөйлеген сөзін сапалы түрде түсінеді.

Пайдаланылған әдебиеттер

1        Оразбаева Ф.Ш. Тілдік қатынас пен қатысым әдісінің ғылыми-теориялық негіздері:  пед.ғыл.докторы ғылыми атағын алу үшін дайындалған дисс. -Алматы: Абай атындағы АлМУ, 1996. -421 б.

2       Саломатов К.И. Проблемы обучения диалогической речи// Иностаранные языки в школе. -1967. -№6.  - С.29-31.

3        Әбдіғалиев С. 5- класта неміс тілін оқыту. - Алматы: Рауан, 1993. - 108 б.

4        Нұрғали С. Жоғары оқу орындарында қазақ тілі үстеулерін ғылыми әрекеті арқылы оқыту әдістемесі (заң факультеті орыс бөлімінің жалғастырушы топтары үшін): пед.ғыл.канд. ...автореф.: 30.10.03.- Алматы: Абай ат. АлМУ, 2003, - 27 б.

5       Кинжекова Р.С. Жоғары оқу орындарының орыс тілді бөлімдерінде есімдіктерді оқытуда қазақша сөйлеу дағдысын қалыптастырудың теориялық негіздері : пед.ғыл.канд., .... диссерт. – Алматы: Абай ат. АлМУ, 1998. - 141 б.