“Филологические науки”/ Риторика и стилистика

 

Докт. филол. наук., профессор Ғ.Қ. Хасанов

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қазақстан

Қазақ тілі мәдениеті мәселелері

Тіл мәдениеті пәні қазақ тіл білімінде жиырмасыншы ғасырдың 30-40 жылдарынан бастап арнайы ғылыми зерттеу нысаны ретінде қарастырыла бастады. Бұл пәннің басты қағидалары орыс тіл білімінен енсе, қазақ тіл білімінде бірден зерттеушілер тарапынан зерттеле бастады. Оның басты себебі, кезінде М. Дулатов ескерткендей, кеңес дәуірінде орыс тіліне берілген басымдықтың әсері қазақ тілінің қолдану мәдениетіне өз әсерін тигізді. Оның үстіне, қазақ әдеби тілінің нормалары енді ғана қолға алынып, оның басты нормалары бекітіле бастап еді, сондықтан қазақ тілінің өз ішінде де реттейтін мәселелер жеткілікті болатын. Осы тұрғыдан келгенде, Қ. Жұбанов, Н. Сауранбаев, С. Жиенбаев, Қ. Басымов, М. Балақаев, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов т.т. ғалымдар көп еңбек сіңіргенін баса айту қажет. Бұл ғылым саласы көркем шығармалар жазумен, жазушы тілімен тығыз байланысып жатқандықтан, тіл мәдениетінің басты өлшемдері айтарлықтай тез орныға бастады. Оған көптеп шыға бастаған қазақ жазушыларының көркем шығармалары мен аудармалар тілі өзінің игі әсерін тигізді. Тіл мәдениетінің дамуы туралы Р. Сыздық былай деп жазады: «Тіл мәдениеті – қазақ тіл білімінің зерттеу нысандарының (объектілерінің) ішінде кейінірек қолға алынған саласының бірі. Бұл саланың өзге нысандардан айырмасы – оның күнделікті өмірмен, тілді қолдану тәжірибесімен тікелей ұштасып жататындығында. Сондықтан тіл мәдениетін ғылыми-практикалық тұрғыдан сөз етуде зерттеу жұмыстарына динамикалық-тарихи қырынан келуден гөрі, статикалық тұрғыда қарастыру бірінші кезекте тұрады, яғни тіл мәдениетінің қалыптасу тарихы, әр кезеңдердегі сипаты дегеннен гөрі, дәл бүгінгі жай-күйі, проблемалары, даму бағыты, болашағы деген мәселелерге көңіл аударылады» [1; 22]. Осы пікірге сүйенетін болсақ, тіл мәдениеті пәні қашанда өзінің қоғамның дамуымен және оның сұранысымен үндесіп жатады. Тіл мәдениетінің мәселелері қоғамдағы тілдік ахуалға байланысты туындап отырады. Мәселен, кеңес дәуірінде орыс тілінің элементтері тіл мәдениетін бұзбайтын болып есептелсе, бүгінде олар тіл мәдениетінің нормаларына сәйкес келмейтін элементтер болып саналады. Тіл мәдениетінің мәселелері көптеген тіл мәселелерінен кейін қаралатыны жасырын емес, себебі теориялық сұрақтарды тілшілер маңызды деп есептейді. Ал, негізінен, тіл мәдениеті пәні – ол қоғамдағы зиялы адамның басты көрсеткіші, сол себепті, жеке адам тілінің мәдениеті тұтас қоғам тілінің мәдениеті деуге болады. Жалпы, қазақ тіл білімінде тіл мәдениеті пәнінің кенжелеу дамуының Р. Сыздық мынадай себептерін көрсетеді: «Тіл мәдениетінің өзге салалардан кешірек, кейінірек қолға алынуының оъективтік себептері бар. Тілдегі мәдениет дегенді әңгіме ету тілдік нормаларының, яғни қолданыс заңдылықтарының қалыптасып, едәір тұрақталған әдеби тілдің болуына, оның жазбаша да, ауызша да түрін қалың жұртшылық тұтас пайдалана бастаған кезіне тікелей байланысты» [1; 22].

Тіл мәдениетінің басты мәселелері дұрыс сөйлеу мен дұрыс жазу мәселесінен тарайды. Кез келген қоғам мүшесі сөйлейтін және жазатын болғандықтан, тіл мәдениеті оның қоғамда ұстанатын басты ұстанымдарының біріне айналады. Әдеби тіл нормаларына сай сөйлеу мен жазуды мектеп және жоғары мектепте аудиторияға үйретіп, оның теориялық негіздерін оқытпаса, толық зиялы қоғамды қалыптастыру қиынға соғары анық. Оның үстіне, тіл мәдениетінің мәселелері соңғы кездерде ғана зерттеле бастады. Р. Сыздық бұл туралы былай дейді: «Бізде тіл мәдениеті дегенге соңғы 30-35 жылдың барысында ғана айтарлықтай көңіл аударылып, ол тіл білімінің бір саласына айналды, ғылыми ізденістер мен практикалық жұмыстар дүниеге келді, атап айтқанда, Қазақстан Ғылым академиясының А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында арнайы бөлім ашылып, жұмыс істеді, сауатты жазу, сөздерді дұрыс дыбыстау, дұрыс қолдану сияқты салаларға арналған анықтағыш құралдар, сөздіктер, мақалалар мен жинақтар жарық көрді, диссертациялар қорғала бастады» [1; 23].

Тіл мәдениетінің басты мәселелері қоғамда бекітілген тілдік этикет пен әдеби тілдің нормаларын сақтаудан туындайды. Оның ішінде, басты сұрақ; ол нормалар қандай мазмұнда болуы керек және тілдік этикет ұлттық дәстүрге сай болуы тиіс пе, әлде батыс үлгісінде мәдениетке сай болуы тиіс пе? Бүгінгі қазақстандық қоғам екі мазмұнда көрінеді, яғни қазақ ұлттық дәстүрге сай келетін тіл мәдениеті және орыс тілі мәдениетінің нормаларына сай тіл мәдениеті. Мәселен, қазақ іскерлік ортасындағы тіл мәдениетінде: «Сәке» деген норма бар да, «Серік Жардемұлы» деген норма бар. Ал орыс тілінің нормаларына сай келетін «Серк Жардемович» деген норма қолданыста бар. Бұның бәрі тіл мәдениетінің басты мәнін айқындаудан бастап шешіле деп санаймыз. Р. Сыздық тіл мәдениетінің басты мәнін былай анықтайды: «Сөйтіп, «тіл мәдениеті» деп нені танимыз? Мәдениет деген сөздің семантикасында «дұрыстық», «түзулік», «тәртіптілік», «жүйелілік», «реттілік», «қисындылық», сәйкестік» деген сияқты мағыналық реңктер (семалар) жататыны белгілі. Тіл мәдениеті, ең алдымен, әдеби норма дегенге тікелей қатысты. Жалпы тіл білімінде (шетелдік те, орыстық та, қазақтық та) біршама қалыптасқан тұжырымдарға иек артсақ, тіл мәдениеті дегеніміз – тілдік нормаларды, оның ішінде, әдеби тіл нормаларын дұрыс сақтау әрекеті болып табылады. Кейбір зерттеушілер бұл салаға кеңірек міндет артып, тілдің көріктеу құралдарын, яғни стилистикалық заңдылықтарды дұрыс пайдалануды да сөз мәдениетінің объектісі деп таниды. Бұл пікірді біз де қостаймыз» [1; 24]. Осы пікірді басшылыққа алсақ, тіл мәдениетінің басты мәселелері мыналар деуге болады, яғни ұлттық дәстүрдегі тіл мәдениеті, ұлттық мінездің сөйлеу этикетінде көрінуі, әдеби тіл мен тіл мәдениетінің байланысы, әдеби тіл нормаларының тіл мәдениетінің басты өлшемдері болуы, көркем шығарма жазу мен тіл мәдениеті, газет тілі мен тіл мәдениеті, қала тілінің қалыптасу мен тіл мәдениетінің қатынасы, сөз және шеберлік мәселесі, стильдердің тіл мәдениетіне деген әсері, тілдік тұлға тілінің тіл мәдениетіне деген өзіндік ықпалы, лингвомәдениеттану мен тіл мәдениеті пәндерінің байланысы, іс жүргізу мен тіл мәдениетінің байланысы, шешендік өнер мен тіл мәдениетінің тығыз байланысы т.т. Тіл мәдениеті пәнінін басты мәселелері бұлармен шектеліп қалмайды. Бұған қоса, бала тілінің қалыптасуы мен тіл мәдениетінің басты негіздерінің қалануы, көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті мен жазу мәдениетінің байланысының көрінісі, когнитивтік тіл білімі мен тіл мәдениетінің арақатынасы, сын мен тіл мәдениеті, кірме мәдениет пен тіл мәдениеті, қазақ тіл мәдениетіндегі қазақшылдық пен шалақазақтық мінездің орын алуы, ақын-жазушылар тілі мен тіл мәдениетінің байланысы т.т. Қысқаша пәннің аумағында қарастыруға сыймаса да, осындай мәселелердің тіл мәдениеті пәні шеңберінде жинақталып қалғанын айту қажет.

Қорыта келгенде, Р. Сыздықтың көрсетуінше, тіл мәдениетінің мынадай өзекті мәселелері бар:

«1) Тілдің графикалық құралы, яғни ең қолайлы, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сай келетін әліпби (алфавит) таңдау, бұл проблема қазақ жұртшылығына жазу таңбасын өзгертіп, кириллицадан латынға көшу саясаты көтерілген кезеңде туып отыр;

2) Емле мәселелері, қазіргі қолданып отырған жазуымыз бойынша түзілген емлеміздің қырнайтын, толықтыратын, ықшамдайтын тұстары барына назар аудару және қазіргі емле қағидаларының негізінде латын жазуына сәйкестендіріп жасалатын емле ережелерін дұрыс түзу;

3) Жазудың тілдік нормаларды қолдануға және оларды қалыптастыруға қатысты оң және қолайсыз сәттері, яғни орфографиялық нормалар мен орфоэпиялық заңдылықтардың бір-біріне қайшы тұстары, оларды реттеу жолдары;

4) Ғылыми және басқа да терминология жайы; төл тілдік және кірме терминдердің арасалмағы; термин жасау принциптерін тұрақтандыру; кірме терминдердің тұлғалануы (жазылуы мен айтылуы);

5) Лексикалық қазынаны байыта түсу мақсатын жалау етіп, қазіргі қазақ тілін әдеби нормадан тысқары тұратын элементтерді, оның ішінде, әсіресе, жергілікті сөздерді ешбір уәжсіз қолданудан сақтандыру, көне, сирек сөздердің қолданысына қатаң қарау, олардың мағынасын дәл біліп, орнымен жұмсауды, көпшілікке түсініктілігін талап ету;

6) Тіл мәдениетін, тілдік нормаларды насихаттайтын, түсіндіретін, үйрететін ғылыми-практикалық, анықтамалық құралдардың өте аздығы, барларының араларына 5-10 жыл салып келесі басылымдары әрең жарық көретіндігі;

7) Мектептер мен жоғары оқу орындарының оқу кестесінде тіл мәдениетіне арналған сағаттардың не жоқтығы, не жеткіліксіздігі» [1; 19].

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. – Астана: Елорда, 2001.