Әбдіқалық Күнімжан Сәдірқызы

                                        ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к., Қазақстан

                                      Төлегенова   Ғазиза   Әділбекқызы

                                        ҚазмемқызПУ-дің  магистранты, Қазақстан

 

Алаш ұранды әдебиет және Ғұмар Қарашұлы

 

        ХХ ғасырдың бас кезі  ұлт мүддесі үшін бар ғұмырын сарп еткен қазақ зиялыларының шоғырланған тұсы еді. Халқының азаттығы үшін күрескен ұлт зиялылары қаламын қару етіп, отты жырларын дүниеге әкелді. Сол арқылы қараңғы қапастағы елін жарыққа ұмтылдырмақшы болды. Расында да ұлттық баспасөздің, яғни, «Айқап» пен «Абай» журналы, «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа» газеттерінің  жарыққа келуі, М.Дулатовтың «Оян қазақ», А.Байтұрсыновтың «Маса» сынды жинақтарының дүниеге келуі  қазағына жөнді жол сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беріп, болашаққа сеніммен қарауына түрткі болды.

       1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс, Патша үкіметінің тақтан құлауы қазақ зиялыларының саяси күресін одан әрі жетілдіре түсіп, соның арқасында  Бірінші жалпықазақ съез бен Екінші жалпықазақ съезінің өткізілуі, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясының жариялануы, «Алаш» партиясының өмірге келуі сияқты күрделі саяси мәселелердің болғаны белгілі. Осы уақыт аралығындағы қазақ зиялыларының негізгі бағыты, арман-мүдделері ақын-жазушылар шығармаларынан қолдау тауып отырды. Олар «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Ұран», «Жас азамат» газеттері мен «Абай» журналын да жарияланып отырды.

       Атап айтсақ, 1917-1918 жылдары «Алаш» газетінде Н.Күзембайұлының «Ұраным – Алаш!» /1917, 9 наурыз/, «Қазақ» газетінде А.Мәметұлының «Алашқа салем» /1917, 17 наурыз/, С.Дөнентаевтың «Азаттық күні» /1917, 17 наурыз/, М.Дулатовтың «Қайда едің?» /1917, 21 тамыз/, «Сарыарқа» газетінде С.Торайғыровтың «Алаш ұраны» /1917, 21 қараша/, «Абай» журналында Ж.Аймуытовтың «Алаш ұлдарына арналған ұран» /1918, қаңтар/, «Сарыарқа» газетінде Ж.Аймуытовтың «Алашқа» /1918, 22 қаңтар/, Ғ.Қараштың «Алаш азаматы» /1918, 22 қаңтар/, Б.Майлиннің «Алашордаға» /1918, 3 шілде/, «Қазақ» газетінде Н.Наушабаевтың «Алашордаға», т.б. өлеңдер жарияланды. Қай ақынды алсаң да Алашорда көтерген идеяның жауынгер жақтаушылары болды.

       Алаш зиялылары өз ойларын өлеңмен қоса саяси мақалалар жазу арқылы да жеткізіп, оларды осы газет-журналдарда жариялап отырды. Мәселен, «Қазақ» газетіндегі Ә.Бөкейханның, М.Шоқайдың, М.Дулатовтың «Алаш ұлына» /1917, 12 сәуір/, «Аттан, Алаш азаматы» /1918, 30 шілде/, М.Дулатовтың «Алаш Орда» /1918, 16 қыркүйек/, «Сарыарқа» газетінде Ж.Аймауытовтың «Тұр, Бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл, жастар», Ә.Ермековтың «Жасасын, Алаш, жасасын!» /1918, 22 қаңтар/, «Абай» журналында М.Дулатовтың «Алашқа», Ж.Аймауытұлының «Ұлтты сүю», «Жас Азамат» газетінде Кемеңгеровтың «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» /1918, 30 шілде/, т.б. мақалалардан көруге болады.  

       Алаш саясатына зор үмітпен қараған ақынның бірі Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жасасын, Алаш жасасын» деген ұранымен үн қосқанын білеміз. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін іле шала жазылған бұл өлеңнің рухы биік. Алашорда құрылған күндері патшаның құлауына, елдің автономия алуына қуанған ақын былай деп үн қосты:

                         Алаш туы астында

                         Күн сөнгенше сөнбейміз.

                         Енді ешкімнің Алашты

                         Қорлығына бермейміз!

       Сөйтіп, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұраны» /«Сарыарқа», 1917, 21 қараша/ өлеңі сол уақытта Алашорданың гимніне айналды. 

 Сәбит Дөнентаев «Азаттық күні» /«Қазақ», 1917, 17 наурыз/ өлеңінде:

А, Құдай, ұзағынан жаза көр деп

          Іркіліп көзге жастың келген күні,–              

деп, азаттықты аңсаған алашының  көптен күткен арманының орындалғандығын қуанышпен жырласа, Ахмет Мәметов те «Алашқа салем» /«Қазақ», 1917, 17 наурыз/ өлеңінде осындай қуанышын білдіреді:

                          ...Ал қазір халық күшті алды, алаш,

                          Бұрынғы қыспа таяқ қалды, алаш...

                          Ақ алаш, азат алаш, даңқты алаш!

       Міржақып Дулатовтың «Қайда едің?» /«Қазақ», 1917, 21 тамыз/ өлеңінде «көсемдердің», «шешендердің», «данышпандардың», «қамқорлардың», «жомарттардың», «жанашырлардың» ел басында ауыр жағдай туғанда жанынан табылмай, енді елге жаңа күн туғанда олардың шыға келуіне күйінген ақын «Бәрі білгіш, бәрі де ер, Жеткіздің аллатағалам» деп ашына жырлайды. Ақын оларды жайдан-жай сынға алған жоқ. Мұның да өз сыры, тарихы бар. Жалпы, бұл өлеңнен Міржақып Дулатовтың алаш зиялыларының енді  адаспаса екен деген ниеті аңғарылады.

       Жүсіпбек Аймуытовтың «Алаш ұлдарына арналған ұран» /«Абай», 1918, қаңтар/,  «Алашқа» /«Сарыарқа», 1918, 22 қаңтар/ өлеңдерімен қоса 1917 жылдары жазылған «Ұран», «Әскер марсельезасы» өлеңдері де қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұранына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін ақын Алашордаға артқаны байқалады. Жалпы, 1917-1918 жылдарда жазған мұраларынан кеңес үкіметі енді құрылып жатқан тұста да халық тағдырына бей-жай қарай алмағандығын байқаймыз. Бұл көріністі аталған өлеңдерімен қоса, «Мемлекет  құрылысы» /1918/,  «Қазіргі  саяси  хал» /1918/,   «Тұр, Бұқара! Жиыл кедей! Ұмтыл, жастар», «Ұлтты  сүю» /1918/ мақалаларынан  аңғарамыз. Мәселен, «Ұлтты  сүю»  мақаласында  ұлтты  кім  қаншалықты  сүйе  алады  деген  мәселеге  тоқталып,  «ұлтым,  халқым»  дегенде  бәрінің  де  жүрегінде  оянатын  белгілі  дәрежеде  сезім  болады,  ал  бұның  ең  жоғарғы  дәрежесінде  ұлты  үшін  құрбан  бола  алатындар  тұрады  дейді. Және де сол ұлтымыздың ұлт қатарына  кірмесе теңдік  болмайтынын,  Николайдың  қасқырлары  елімізді  құртып  жатқанын   білгізуге  себеп  болған нәрселерді де ашып көрсетеді.

         «Ұран»  өлеңі  өте  жалынды  рухпен  жазылған.  Онда  «қазағым,  көтер  басты,  бостандық  үшін  күрес,  бейнетті  де  сен  тартасың,  таяқты  да  сен  жейсің  және  таяқты  кімнен  жейсің?» дейді де, «өзіңнің   шұрайлы  жеріңнен  қудалап,  жеріңе  көз  тігіп  отырған  сол  «діні  жат, тілі  жат,  қаны  жаттан»  жедің  таяқты! Бағыңа  қарай  бостандыққа  тура  келдің, қуан!  Енді  осы  бостандығың  жолында  күрес, ұраныңды  көтер, өз  еліңде  билікті  өз  қолыңа  ал! Ұраным  сенсің – Алаш!  Жолыңа  бәрі  де  құрбан  болсын!  Еліңнің  азаттығы,  болашағы  үшін  күрес!» – деп  бостандықты  аңсаған,  отаршылдыққа  қарсы,  азаттық   идеясын  көтереді. «Әскер  марсельезасы» өлеңі де бүкіл  алаштың,  қазақ  елінің  маршы іспеттес.

       Бейімбет Майлиннің «Алашордаға» /«Сарыарқа», 1918, 3 шілде/ өлеңіндегі:

        ...Жарық сәуле ендіретін қазаққа

       Мәңгі жылдар жасасын қазақ Алаш ордасы!–

деген өлең жолдардан да елдік үшін бас қосып, ұран салып жеткен тілегінің орындалғандығына қуанышын білдіреді.

       Сол кездегі оқиғалардың бас-қасында жүрген Мағжан Жұмабаевты да елінің тағдыры қатты толғантады. Алашы үшін бәріне дайын ақын оның мәңгі өлмеуіне тілектес болады:

Не көрсем де алаш үшін көргенім,
                       Маған артық ұлтым үшін өлгенім.

Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер
                       Істей берсін колдарынан келгенін.      

        Ұлтының қамын жеген Алаш қайраткерлерінің бірі Қошке Кемеңгеровтің «Тұтқынның ойы», «Отаршылдық ұсқындары», «Қанды толқын» сияқты әңгімелерінен де азаттықты аңсап, келер күнге сенім артқан үкілі үміті байқалады. Суық, қап-қараңғы абақтыда жатқан жанның жарық күнді көруді арман еткен тағдырынан сыр шерткен «Тұтқынның ойы» әңгімесі алаш азаматтарының ертеңгі күнін елестеткендей.

       Сонымен осы уақыттың таңбасы Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ахмет Мәметов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймуытов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев,  Қошке Кемеңгеров сынды ақын-жазушылардың шығармаларымен қоса Ғұмар Қарашұлы өлеңдерінде де ашық түрде бейнеленген. Ақын:

«Алаш» деп ұран шақырып...

Дұспанды іштен тындырып,

Іс қыла алсаң қылатын,

Ел бола алсаң болатын,

Күн туды, Алаш, күн туды,–

деп ел азаматтарын рухтандыра алды.

        «Күн туды, алаш, күн туды» деп ұрандаған Ғұмар Қарашұлы шынында да алаш партиясына үлкен үмітпен қараған. Сол уақытта көпшілік қауымның «Алашордаға» қосылмай жатқанына ызаланып «Сарыарқа» /1918, 22 қаңтар/ газетінде жарияланған өлеңінде жұртшылыққа былай дейді:

Дүние толы өсек-аяң, жер солды,

Елемесең, елім, байқап оң-солды.

Өтер жолың тайғақ кешу тар жол-ды,

Байқамастай, елім, саған не болды?

       Жалпы, бұл өлеңінде ақын қалың ұйқыда жатқан елінің шымбайына бататындай сөздер айтып, ұйқышыл халқын барынша оятуға ұмтылады.

Алатаудан асып барып жайлаған,

Беткейінде құлын-тайың ойнаған,

Ойына алған ісін етпей қоймаған,

Ел емес пе ең, жұртым, саған не болды?

деген сөздерімен халқын жігерлендіре отырып, олардың тығырықтан шығар жолын да іздейді.

       «Алаш азаматтарына», «Алашқа» деген өлеңдерінде де алаш  азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, біріксе дегенді меңзей отырып, елді ауыз біршілікке шақырады:

                 Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің!

       Қарманып ілгері аяқ басар күнің!

       Шығарып бір жерден қол, бір жерден сөз,

        Адымдап асқар белден асар күнің.                                                                                                      

       «Өтер ме екен?», «Келер ме екен?» деген өлеңдерінде барша алаш зиялыларының діттеген мүддесі анық аңғарылады.

Қайғылы қара күндер өтер ме екен,

Қолайсыз мінді мінез бітер ме екен?

...Түсініп айтқан сөзге қазақ ұлы

Іждиһат ел болуға өтер ме екен?

...Табылып ойға алғаны бәрі болып

Еңіреп ер мұратқа жетер ме екен?

       Ғұмар ақын ұлт үшін өз жанын қиюға дайын  алаш азаматтарының қадірін білуге шақырып, оны  түсіндіруді өзіне парыз деп санаған.

Ақ орда алаш көріп келер ме екен,

Жамырап келіп еніп кірер ме екен?

Сарғайып сағындырып қолға түскен

Асылдың қадір бұлын білер ме екен?

дей отырып,  тіпті, олардың әрбір ісін жоғары бағалап,  сөзіне құрандай илануды уағыздайды. Мұның өзі ақын тұлғасының қашан да ұлт мүддесімен үндесіп жатқанын, өмірлік мақсаты болғанын айғақтай түседі.

        Ал «Көреміз бе?» өлеңінен қазақ елінің азат ел болуын аңсаған ақын арманын аңғарамыз.

Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,

Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?

Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты

Өз алдына ел болғанын көреміз бе?–

деп басталады да, әрі қарай өлең жолдарында жалпы Алаш партиясының, Алаш автономиясының нысаналы өмірлік мұраты арқау етіледі.

         Жалпы, 1917-1918 жылдардағы алаш зиялыларының іс-әрекеті, негізгі бағыты мен арман-мүдделері ұлт баспасөзінде ашық түрде айтылып Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ахмет Мәметов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймуытов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев,  Қошке Кемеңгеров сынды ақын-жазушылардың мұраларымен қоса, Ғұмар Қарашұлының өлеңінде де анық бедерленеді.                    

 

                Пайдаланылған әдебиеттер:

1.       Алаш көсемсөзі. 10 томдық.-Алматы: Өнер, 2010.  

2.       Қараш Ғ. Замана.– Алматы: Ғылым, 1994.

                       

                                                   Резюме

 

      В этой статье анализируются творчество Г.Караш-улы и других поэтов и прозаиков начала 20-го века, писавших о судьбе народа.

 

                                                   Resume

 

      This  article analyzes the creativity of  G.Karash-uly and other poets and writers of  the  early 20th century, wrote  about  the  fate  of  the  people.