Магистр гуманитарных наук, преподаватель Таттимбетова К.О.
Казахский национальный университет
им. аль-Фараби
Жанр – әдебиеттану ғылымындағы
өзекті мәселелердің бірі
Әдебиет
яғни сөз өнері эпос, лирика, драма дейтін негізгі үш
салаға жіктеледі. Бұлар әдеби жанрлар мен
түрлердің тегі деп те аталады және олардың
әрқайсысы мазмұны және суреттеу, баяндау тәсіліне
қарай өз тарапынан жүйе құрып, жанрлық
түрлерге бөлінеді. Бөлінгенімен, ішкі байланыстарын
үзбей, бояулары бір-біріне кіріксе де, өздеріне тән ерекшеліктерін
сақтап қалады. Эпос, лирика, драма көп жағдайда жанр ұғымымен
мәндес. Ал, жанр – әдебиеттану ғылымында өзекті
мәселелердің бірі. Академик Зейнолла Қабдолов жанр
табиғаты, оның күрделі сипаты жөнінде мынандай пікір
айтқан: «Сөз жоқ, кез-келген әдеби
шығарманың жанрлық сипаты, өзгешелігі бар, оны
анықтау шарт. Алайда, бұл – аз. Бұдан бұрын, кез-келген
әдеби шығарманың жанрлық сипаты һәм сымбат
алғанға дейінгі табиғи туу процесі, заңды жаралу тарихы
бар. Мұны ескермеске болмайды» [1, 285б.].
Ал, жанр - өнердің барлық түрлерінде
тарихи қалыптасқан іштей жіктелім жүйесі. Жанрлық
жіктелім әрбір өнер түрінің ерекшелігіне байланысты
өзіндік жанрлық жүйе құрайды. Мысалы,
музыкадағы «ән», «күй», «романс», «симфония», т.б. жанрлар
бейнелеу өнеріне тән емес, бейнелеу өнерінде «натюрморт», «пейзаж», «портрет» сияқты жанрлар болса, әдебиетте «айтыс», «жыр», «әңгіме», «роман», «эпопея», т.б. жанрлар бар. Солай бола тұрғанмен барлық
өнер түрі үшін ортақ жанрлық жіктелім
үрдісі бар, сол үрдіс әр өнер түрінде
өзінше көрініс табады. Бұл үрдіс, яғни
жанрға анықтама беру заңдылығы көпқырлы
және бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан,
оған көзқарас та біртекті емес. Әдебиеттегі жанр -
әлем әдебиетіндегі немесе нақтылы бір ұлттық
әдебиеттегі белгілі бір дәуірде қалыптасқан,
ортақ типологиялық, т.б. белгілері бар көркем
шығармалар түрлерінің жүйесі. Жанр
ұғымының мазмұны әдеби процесс барысында
ұдайы өзгеріске түсіп, күрделеніп отыр,
мұның өзі жанр туралы ғылыми түсініктердің
әлі де жетілмегендігін көрсетеді. «Жанр» сөзі француз тілінде
«тек» ұғымын береді, сондықтан да эпос, лирика және драманы ертеректе жанр деп атады, кейде жанр термині
әдеби түр терминімен. Ал шын мәнінде жанрлар аталған
үш тек пен әдеби түр құрамына кіреді.
Жанрдың әдебиеттің тегі мен түрінің
қайсысына жататынын көркем шығарманың эстет. сапасы,
көлемі, соған сәйкес жалпы құрылымы
айқындайды. Тарихи тұрғыдан алғанда, ұлттық
өнердегі кез келген жанр біржола жоғалып кетпейді, тарихи
объективті жағдайға байланысты белгілі бір кезеңде
әдеби процесте «кейін шегінуі» мүмкін. Бұрын болған
кейбір жанр жаңа уақыт талабына қайта сай келсе,
«жанрлық жад» қайта оянып, соның негізінде әлгі жанр
түрленіп, әдеби процесте алдыңғы қатарға
шығады. Әдебиет тарихында барлық дәуірді басынан
өткеріп, жоғалмаған жанрға мысалды
жатқызуға болады. Кейінгі дәуірде қайта өрлеген
жанрларға трагедия мен новелла жатады. Кез келген жанрдың тарихи
даму жолы өте күрделі, өйткені, әрбір ұлы
суреткердің шығармашылығында ол түрленіп отырады.
Үш текті
әдебиет жанрларының бірі - лирика, адамның көңіл-күйін шертеді. Бұл жанрда
«ақын адамның ішкі ғаламы мен тысқы ғаламы
түйіседі». Адамның сырттан алған әсері
көңіл көрігінде балқып, нәзік сәулелі
сезімге айналады. Жалт еткен сезім жарқ етіп ақын жүрегін
дөп сөзбен жарып шықса, міне, бұл - лирика. Лирика -
алдымен сезімнің гүлі, гүлдің хош иісі, көз жауын
алған көркі. Мұнда субъектілік басым. Эпоста автор
оқиға көлеңкесінде қалса, лирикада алға
шығады, өзі өлең мазмұнына айналады. Және
өз қалпын «бетін өзгертпейді». Өлеңнің
лирикалық кейіпкері көбіне автордың өзіне тартады.
Лирикалық кейіпкер - жүрегін от сезімге ораған ой
адамының бейнесі. Лирикалық өлеңдегі сұрапыл
тебіреніс, толғаныстар, қызу қанды қарбалас
әсерлер соқыр сезім емес, ой көзді сезім. Абай:
«Өмірде
ойға түсіп кем-кетігің, Тулағыш мінезің бар,
жүрек, сенің» десе, бұл - лирик
ақын бейнесі. Ой мен сезім лирикада ғашықтардай табысады, сол
махаббат ләззатынан көркем сөз атты перзент туады. «Қуатты
ойдан бас құрап, Еркеленіп шығар сөз» деп
Абай тегін айтпаған. Өлең қолдан жасалмайтынын, ой,
қайрат, жүрек тұнығынан қайнап шығатынын
ескерткен. Лирикалық жанр түрлері қазақ ауыз
әдебиетінде терме, толғау нысанында қалыптасты. Әлемдік
әдебиетте ертеден өріс алған элегия (мұңды өлең), ода (мадақ
өлең), эпиграмма (әжуа өлең), эпитафия (жоқтау), сонет сыршыл, композициясы белгілі
нормамен жазылатын өлең секілді түрлері қазақ
поэзиясында берік орын тепті. Саяси-әлеумметтік лирика түрлері де
дамыды. Тақырыбы мәңгілік саналатын махаббат лирикасы,
табиғат лирикасы түрлерінен қазақ поэзиясы
әлемдік поэзияның қай-қайсысымен де иық
теңестіретін шығармалар тудырды.
Күрделі
қалыптасу жолы бар әдебиет тегінің бір түрі, ең
салалы жанры лирика туралы пікірлер ол жанрға әр қырынан
келіп, бір-бірімен үндесіп отырған. Мәселен, З. Қабдолов «... ақынның бір
сәтте жалт еткен нұрлы ойы десе, Ә. Тәжібаев
«Өмір және поэзия» деген кітабында лирикаға
В.Белинскийдің сөзімен мынадай анықтама берген: «Лирика
тілсіз түйсіктерге сөз береді, оларды тар кеуденің
қыспағынан көркемдік өмірдің таза самалына алып
шығады да, ерекше өмір сүргізеді. Сөйтіп, лирикалық
шығарманың мазмұны объективтік оқиғаның
дамуы емес, субъектінің өзі және сол субъект арқылы
өтетін дүниелер. Лириканың шағындығы да
соған байланысты. Қысқа лирика өмірдің
тұтас бір кезеңін қамти алмайды. Өйткені, субъект
ақын бір мерзімде көп сезімге айнала алмайды. Әр кісі
әрбір мезетте әр түрлі сезімде болады. Әрине,
адамның рухани қабылдағыш сезімінде шек жоқ,
бірақ ол барлық құбылысты бірден қамтымай, сансыз
мерзімдер бойында кезекпен қабылдайды...» [2, 10б.]. Жоғарыда
айтылған пікірлердің түйіні іспетті пікірді ХХ ғасырда
Ахмет Байтұрсынов айтып кеткен: «Толғағанда айтатын
нәрсені толғаушы тысқарғы ғаламнан алмай, ішкергі
ғаламнан алады. Толғаушы ақын әуелі
көңілінің күйін, мұңын, мүддесін,
зарын, күйінішін, сүйінішін айтып, шер тарқату үшін
толғайды, екінші ішкергі ғаламында болған халдарды,
нәрселерді тысқа шығарып, басқаларға білдіріп,
басқаларды сол көңілінің күйіне түсіріп,
халін түсіндіру мақсатымен толғайды. Толғау,
қысқасынан айтқанда, іш қазандай қайнаған
уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл
құсының сайрауы, жанның тартатын күйі.
Ақындық жалғыз өз көңіліңнің
күйін толғай білуде емес, басқалардың да халін танып,
күйне салып толғай алуында» [3, 407б.].
Ғалым «лирика»
терминің толғау деп атаған екен, бірақ, қазіргі
қазақ әдебиеттану ғылымында «толғау» өзгеше
жанр атауы ретінде, басқа реңкпен көрінеді. Жеке ақынның
шығармашылығын зерттегенде мынаны ескеру қажет, яғни
оның шығармаларын жанрларға бөліп талдау. Зәки
Ахметовтің мына бір пікірі біздің пікірімізді түйіндей
түспек: «Жанрларды, жанрлық түрлерді бір-бірінен ажыратып,
бөлекше сипаттарын айқындай отырып, олардың арасындағы
айрым, шек шартты нәрсе екенін де, басқаша айтсақ,
олардың бірімен-бірі жалғас келетін тұстары да болатынын есте
сақтау керек...» [4, 146-147б.].
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИТЕР ТІЗІМІ
1. Қабдолов З. Сөз өнері. – Алматы: Қазақ
университеті, 1992. – 352 б.
2. Тәжібаев Ә. Өмір
және поэзия. – Алматы: ҚМКӘБ. 1960. – 486 б.
3. Байтұрсынов А. Ақ жол. – Алматы: Жалын, 1991. –
464 б.
4. Ахметов З. Жанр //
Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. – Алматы: 1998. – 348 б.