Қазіргі айтыстағы Кенесары ханның бейнесі

 

Жансая МУСИНА,

магистрант,

М.Өтемісов атындағы БҚМУ,

Орал қаласы, Қазақстан

 

ХҮІІІ ғасырдағы тарихи жағдайлар тек тарихшы ғалымдарды емес, қоғамтану мен адамтану мәселесімен айналысқан барлық білгір адамдарды ерекше толғандыратын мәселе екені белгілі. Өйткені, бұл кезең қазақ тарихындағы жолайырық болғаны аян. Қазақ халқы орасан қуатты Жоңғар хандығымен ғана соғысып қоймай, Қытай мен Ресей сияқты алып империялар арасында өз тәуелсіздігін сақтап қалуда күрес жүргізіп жатты. Сондықтан да, Ш.Уәлихановтың аталмыш уақыт аралығын «қазақтың ерлік кезеңі» деп бағалауы тегін емес [1].

Бабаларымыз сан ғасырлар бойы аңсап өткен азаттықты жырлау тәуелсіздік жылдарындағы айтыстардың басты көркемдік негізі және тақырыбы болғанын атап өткен жөн. Ғасырлар бойы бодандық бұғауында болып, отаршыл-тоталитарлық жүйенің қамытын мойнына киген ата-бабаларымыздың жан күйзелісі мен бостандыққа деген сағынышын айтыскер ақындар сахна төрінде өздерінің жырларымен халыққа жеткізіп отырды.  Айтыстың негізгі өзегіне айналған, ақындар жырына ең бірінші арқау болған тәуелсіздік пен егемендік екенін баса айтқан жөн.

Жоғарыда айтылып кеткен шым-шытырық тарихи жағдай, тарих сахнасына ерекше қасиетті ұлдарын шығарады. Осындай алмағайып кезеңде халқының ендігі даму жолын айқындауда шешуші рөлді тарихи тұлғалар атқарады. Қазақтың айтыс өнерінде де сондай ірі тұлғалардың көркем бейнесі сомдалған еді. Негізінен алғанда, біздің тарихымыздағы азаттық жолындағы тұлғалардың басы ретінде қазақтағы ханның соңы Кенесары есімі аталады. Азаттық туралы ой-толғам айтылғанда Кенесарының  азаттық үшін құрбандыққа шалынғаны сөз болады. Бекжан ақынның Қуанышқа айтқан мына шумақтары соның айғағы десе де болады:

                            Ғасырлар тоғысында күтіп алдық,

                            Азаттық аталатын ақ кемені.

                            Тарихын танымаса келер ұрпақ,

                            Пәрменді болашақтың жоқ дерегі.

                            Хан Кене әруағын ажуалар,

                            Қазекең саясатта актер еді.

                            Бабамның басы жатыр Эрмитажда,

                            Кім оны Петербордан ап келеді[2],

дейтін жыр жолдары бостандық туралы ұғымды кеңейтіп, қанатын жайдыра түседі.  Тарихи шындықтың негізін осы шумақтар арқылы табамыз. Қазақтың азаттығы Кенесарының басы кесіліп, жау қолында кеткен күні мәңгілікке көзден бұл-бұл ұшқандай болған. Енді міне егеменді ел атанып, жеке мемлекет болып жатқан уақытта азаттық жолында құрбан болған бабаның басын іздеу, оны туған жеріне алып келіп жерлеу өте тарихи-идеологиялық мәні бар іс екенін жақсы түсінеміз. Ақынның айтары да халықтың рухын серпілтіп, жанын жұбатар осы істің тезірек жүзеге асуы.  

Бұл аталған идеяны Дәулеткерей Кәпұлы мен қыршынынан қиылған ақын Оразәлі Досбосыновтың айтысынан да көре аламыз.

Оразәлі:

Кешегі ер Исатай, Махамбеттер,

Кенесары, Наурызбай халқымыздың

Азаттығы жолында адал өлген.

Отаршылдық саясатқа қарсы шығып,

Бабатайұлы Дулат бабам өлген.

Қазақ қайтсе азат ел болады деп,

Өз көрін өлеңімен қаза берген.

Желтоқсанда өспірім өрен жастар,

Елім деп итқорлықта далада өлген.

Қайрат, Ләззат, Сабит, Ерболдардай,

Халықтың бағына Алла бала берген! [2]

деген біздің жоғарыда айтып өткен сөздеріміздің тікелей дәлелі бола алады.

Ал Баянғали мен Дәулеткерейдің сөз тартысында Хан Кененің арманы орындалғандығы, қазіргі таңда бөлек мемлекет болғандығымыз, Абылайдың ақ туындай тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқандығын, Нұрсұлтандай ердің арқасында Абылайдың жайлауында еркін айтысып отырғандықтарын жырға қосады:

Баянғали:

Кенекең жастайынан тереңдеген,

Елінің ертеңінен елеңдеген.

Бас ұрмай бодандыққа бұзып шыққан,

Далада еркін өскен өрендермен.

«Алған беттен қайтпаймын халқым үшін

Керемет ерлік жасап өлем!»-деген.

Батырлық жолдан таймай мерт болғанда,

 Алаштың шерлі жүзі төмендеген.

Алашқа азаттықты Алла беріп,

Жырлаймыз біз мақтанып өлеңменен.

Арманы орындалып Хан Кененің,

Мемлекет болдық, міне, кемелдеген.

 

Дәулеткерей:

Көк тәңірге сүйкімді Көкше халқы,

Бақытын құдай қорып, қыдыр баққан.

Ұраның ер Абылай емес пе еді,

Құлағың қуаныштан шыңылдатқан.

Жарымай жүргеніңде ынтымаққа,

Абылай тікпеп пе еді туыңды ақтан.

Қапыдағы қазасы хан Кененің,

Алаштың ақ жүрегін шымырлатқан.

Нұрсұлтандай еріңнің арқасында,

Тәуелсіз, тәубелі атқан бүгінгі ақ таң.

Талқыға салатынды мен салайын,

Қаршыға қанатындай суыл қаққан.

Армысың Абылайдың жайлауында

Күн дидарлы көрермен күлім қаққан[2].

         Айтыста Кенесарыны жырлау кездегі айтыскерлердің сөздерінің мағынасында бір ұқсастық кездеседі. Оны аңғармау мүмкін емес. Ол жырдың Кенесарының арманымен басталып, соңы Елбасымыздың осы арманды орындаудағы салиқалы саясаты мен сүбелі еңбегін дәріптеумен аяқталады. Бұған Аманжол ағамыз бен Ермектің айтысы дәлел бола алады.

Аманжол:

Армандап тәуелсіздік арда күнді,

Сары алтыннан сайладың балдағыңды.

Хан Кене, жүрегіңмен сүйіп өттің,

Қалың елің, қазағың ардағыңды.

Ұлтыңды бодандыққа бермеймін деп,

Абылайлап қоздырдың аруағыңды.

Оң жағыңа ертіп ап қол бастадың,

Ағыбай, Наурызбайдай тарланыңды.

Шен таққан ақ патшаның өкілдерін,

Көрмеуші ең қарқылдаған қарға құрлы.

Өз бауырың қырғызыңтор құрғанда,

Өкініп шайнап едің бармағыңды.

Азаттықты аңсаған, кемеңгерім,

Алыстан болжапсың-ау алдағыңды.

Бүгін, міне, тәуелсіз қазақ болдық,

Нұрағаң орындады арманыңды[2].

Сонымен қатар айтыста жалпы ерлер мен батырлар, халықтың ұлы тұлғалары тақырыбына сөз қозғалғанда біршама елін сүйген ерлердің мерейтойларына байланысты айтыстар өткізілгенін білеміз. Ол халыққа сол бабалардың ерлігі мен даңқын, білімі мен білігін, өмір тарихын, күрес жолын насихаттауға кеңінен мүмкіндік береді. Оған мысал Абай, Жамбыл, Махамбет сынды елге тұтқа азаматтардың мерейтойына арнап айтыс өткізілуі болатын. Айтыста өзінің ерекшелігімен көрінетін бір нәрсе, біздің қоғамда қалыптасқан тарихқа қайта объективті баға беру идеясын алып келгендігі болатын. Біз үшін ең үлкен мақсат бұрындары бұрмаланып, еліміздің есінен шыға бастаған, тіпті ұмыт болған ерлердің ерлігін қайта жаңғырту болуы керек. Бұл жас ұрпақты күрес жолына жетелейді және халықтың тағдырлы жолын тануға мол мүмкіндік береді. Бұл туралы Мэлс ақын Мұхамеджанмен айтысында былай дейді:

Көк бөрі бөрі болмас азу жармай,

Маңдайда азуласар жазу бардай.

Еркіндікті аңсаумен ерлер өтті,

Еркебұлан күндерін сағынғандай.

Қалдырмас жерді жауға, елді дауға,

Ұрпақтың ұран оты жағылғандай[2].

Ағасының салиқалы сөзін алымды ойларымен жалғастырып әкеткен Мұхамеджан тарихтағы ұлы тұлғалардың орны туралы:

         ...Тарихтан тамырыңды тартқаннан соң,

         Таралғыңды тарылтпас текке балаң,

         Кешегі Кенесары, Наурызбайлар,

         Ел үшін еміреніп өткен адам,

         Іріліктің қандай боп тұратынын,

Тірлігінде көрсетіп кеткен адам[2],

деп тереңнен тартып толғайды.

Халық тарихынан ойып тұрып орын алатын тарихи тұлғалар бүгінгі халқымыздың мақтанышы, шығармашылық адамдарының қалам тартатынын тақырыбының басы болып қалыптасты. Бұл біздің жалпы өткенімізге мойын бұра отырып, бүгінімізді қалыптастыруға септігін тигізеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.              Тарақ Ә. Қазақ әдебиетіндегі тарихи тұлға проблемасы (Абылай хан бейне-сінің көркемдік тағылымы): пед. ғыл.  докт. ... автореф. - Алматы, 2006.

2.              Айтыс.  Көп томдық. – т. 2. – Астана: Күлтегін, 2005.

3.     Қойлыбаев Ш.С. Қазіргі айтыстың идеялық-көркемдік ерекшеліктері: фил. ғыл.  канд. ... автореф. - Астана, 2009.

4.     Ысмайлов Е. Ақындар. – Алматы, 1956. – 369 б.

5.      Қоңыратбаев Ә. Қазақ фольклорының тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 255 б.