А.Б.Миркемелова

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің

 аға оқытушысы, филология магистрі

ПРОЗАДАҒЫ  ТҰРАҚТЫ  ТІРКЕСТЕРДІҢ ЛЕКСИКО-

ГРАММАТИКАЛЫҚ ӨЗГЕРУ МЕХАНИЗМДЕРІ

Фразеологизмдердің бай да алуан түрлі құрамдарын қыл қалам шеберлері де өзіндік стиль құрау мақсатына орайластыра отырып, түрлі амал-тәсілдермен жұмсайды. Біз тоқталғалы отырған фонетикалық тәсілдердің бір түрін фонетикалық вариант деуге де болады. Өйткені, ауызекі тілде, өз мағынасын сақтай отырып, түрлі құбылыстардың әсерінен өзінің бұрынғы тұлғасынан өзгеше дыбыстық вариантпен айтылатын сөздер жиі кездеседі.

«Тұлғалық жағынан осындай дыбыстық өзгеріске түскен сөздер тобы фразеологизмнің фонетикалық варианттарын құрайды. Тіл білімінде оларды дублет сөздер деп те атайды» [1,82]. Бірақ, дублет сөздер екі сыңардан ғана тұрса, сөздердің фонетикалық варианты екі немесе одан да көп түрде кездеседі.

       Фразеологизм ауызекі сөйлеу тілінен бастау алады. Тұрақты тіркестердің табиғатындағы барлық өзгерістер сөйлеу тілінің ерекшелігіне байланысты.

Сөз құрамындағы жеке дербес дыбыстардың немесе сөздің бүтіндей түсіп қалуынан контракциялық вариант пайда болады. Қазақ тіліндегі сөздің ықшам тұлғаға ауысуы үшін, буын түрі, сөздің қолданылу жиілігінің әсері бар. Сөздің ықшам вариантына әсер ететін тіл заңдылықтарының ең негізгісі – сөздің айтылу тәсілін барған сайын жеңілдету, жетілдіру бағыты. Атап айтқанда, айтуға ауырлау бір  немесе бірнеше  дыбыстың түсіп қалуы,  сондай -ақ қайталанып келетін буындардың ықшамдалуы мұның айғағы.

М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романынан мысалдар келтіріп көрейік: «Сәрсенбай қанша момын адам болса да сөзге бұрылмайтын пенде бола ма, дәулетке қызығып, біраздан соң: «Өздерің біліңдер»,  – деп жауап қайтарды» [2,145].

      Осы сөйлемдегі «сөзге бұрылмайтын» тұрақты тіркесіне тоқталайық. Бұл тұрақты тіркес халықтық қолданыста «сөзге жығылды» деп қолданылып – «қисынды уәжден тұқырып қалды» деген мағына білдірсе [3,432], автор өз шығармасында кейіпкерінің халін көрсету үшін «жығылу» деген сөздің орнына «бұрылу» деген сөзді қою арқылы, тұрақты тіркесті жаңғыртып, жаңартып мағынасын күшейтіп отыр.   

«– Міне, жұрт бұл секілді тентекке тізгін беріп жібере берсе, жұрттың қойнындағы қатынын да әкетер, мұндай болмасқа тыю салып, біреудің ақ баталы жесірін қайтарып әперу керек» [2,166].

Осы тұрақты тіркестердегі фонетикалық өзгерістерге тоқталсақ, жалпы қолданыстағы «тыйым» сөзі «тыю» етістігі түрінде келген.

      Сөздің бірнеше фонетикалық варианты болып келуі норма тұрғысынан қажетсіз сияқты болғанымен, тілдің даму тұрғысынан қарағанда оған керекті шарттың бірі болып саналады. Қазақ тіліндегі фразеологизмнің мол байлығын ұқыпты қарап, вариант тұлғаларын мүмкіндігінше әдеби тілдің қажетіне жарата білу – басты мақсат. Фразеологизмдердің фонетикалық өзгеше қолданысқа түскен сөздердің түрлі стильдік мәнде қолданылып, семантикалық саралануы, контексте берілген ойды айқындап, дәлелдеп көрсету үшін қажет.

Тұрақты тіркестер сөйлем ішінде өз мағына тұтастығын сақтай отырып, өзін қоршаған басқа сөздермен грамматикалық заңдылықтарға, әрбір сөз табының өзіндік ереже-қағидаларына сәйкес байланысып, жымдасып, тұрады.

Фразеологизмдерді белгілі бір сөз табына жатқызуда шарттылық басым. Оларды жіктеуде бұрын соңды айтылған пікірлерді ескре отырып, төмендегіше топтастырамыз: 1)  етістікті фразеологизмдер; 2) есімді фразеологизмдер; 3) үстеу мәнді фразеологизмдер; 4) әр түрлі сөз таптарынан жасалған фразеологизмдер.

Бұл фразеологизмдердің қай түрі болмасын біздің жұмысымыздың дерек көзі болған – М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романында да кездеседі.

 «Тәуекелдің кемесіне мінді» - деген  тұрақты тіркесі  «қиындықты мойынға алып, неге де болса көнді» - мағынасында жұмсалса [3,499],  «бетке басты» - айыбын алдына көлденең тартты, айыбын айтып ұялтты, табалады деген мағынаға ие болады  [3,115].

Ал, осы тұрақты тіркестердің жазушы М.Дулатовтың  қаламында қандай өзгерістерге түскеніне назар салайық:

 «Отырып тәуекелдің кемесіне,

Ай, дариға, дариядан өте шықса...» [2,159].

«Хатыңда «бай емеспін» деп жазыпсың,

«Бетке салық қылма» деп көп жазыпсың» [2,160].

Біз, негізгі зерттеулерімізді академик І.Кеңесбаевтың фразеологиялық сөздігіне сүйене отырып жүргізетіндіктен, тұрақты тіркестердің морфологиялық өзгерістерін сөз қылмас бұрын ҚТФС-та берілген етістікті фразеологизмдердің жедел өткен шақ формасында берілетіндігін айта кету дұрыс.

      Осыған байланысты біз бұл тарауда қазақ проза тіліндегі (М.Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы бойынша) тұрақты тіркестер  қолданысына тән грамматикалық, морфологиялық, коррелятивтік өзгерістерді қысқаша сипаттап өттік.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Смағұлова  Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. -Алматы, 1996. – 128 б.

2.     Міржақып Дулатұлы. Шығармалары. 1-том. Алматы: Ғылым, 1996. – 280 б.

3.     Кеңесбаев І. К. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы, Қазақ ССР-нің “Ғылым” баспасы, 1977. –712 б.

4.         Балақаев М., Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы. - Алматы, 1974. – 192 б.