Магистр К.С. Алдашева
М. Өтемісов атындағы
Батыс Қазақстан
мемлекеттік университеті, Қазақстан
Лингвоелтаным бағытының теориялық
негізі
Сөз – сөзсіз нақты заттың,
құбылыстың атауы, алайда, сөз зат пен
құбылыстың жай ғана таңбасы емес. Сөз
өзі өмір сүретін уақыт пен орта туралы айта алады.
Білім берудің бір
тармағы ретіндегі шет тілін меңгертуде елтаным және
лингвоелтаным ұғымдары қатар әрі
сабақтастықта пайдаланылып жүр. Бұл ретте елтаным мен
лингвоелтанымның айырмашылығы неде деген сұрақ туындайды.
Үйреніп жатқан шет тілі өмір сүретін елдің
мәдениетімен танысу антикалық дәуірдің өзінде
маңызды болатын. Классикалық тілдерді діни мәтіндердің
негізі ретіне оқыту мәдениетке қатысты пікірлерсіз
жүзеге аспайтын. Тіпті XIV ғасырдағы тірі тілдерді
оқытуда ауызша сөйлеуді дамытудың қатарында сол
елдің реалийлерін де меңгерту басты назарда болды. Әсіресе,
бұл неміс лингводидактикалық мектебіне тән болатын. Шет тілін
оқытуда ел мәдениетін де қатар оқыту орыс тіл білімінде
«страноведение» деген атауға ие болса, Германияда – kulturkunde,
яғни мәдениеттану деп атау қалыптасқан.
Америкалық білім беру орталықтарында тіл мен территорияға
байланысты арнайы пән «Language and area» өткізілсе, Францияда «тіл
мен өркениет» - «langue et civilisation» ұғымы кеңінен
қолданылады, ал Ұлы Британияда «linguacultural staduies» теориясы
қабылданған.
Білім беру
үдерісінде мәдениетті оқытудың жолы бар: жалпы
танымдық және философиялық.
Жалпы
дәстүрлі шет тілін оқытуда «Елтаным» кешенді оқу
пәні ретінде қалыптасқан. Әдетте, оқытылып
отырған тілді қолданатын негізгі ел туралы мәлімет
елтанымның шеңберінде қамтылады. Соның ішінде, жалпы
мәдениеті (әдебиет, кино, музыка, сәулет өнері, би
т.б.), тарихи оқиғалары, географиялық ақпараттары,
атақты аудандары сияқты ел өміріндегі ерекше аталатын
ақпараттар кешенді түрде оқытылады.
Ал
«лингвоелтаным» тіркесі өзі айтып тұрғандай, бір
жағынан тілді үйретсе, екінші жағынан, сол тілді
тұтынатын ел туралы бағыт. Дәстүрлі елтаным мен
лингвоелтанымның айырмашылығын нақты анықтап алу керек.
Қандай тілді оқытуда болмасын, елтаным ұзақ уақыт
бойы оқытылып келе жатқан қоғамдық пән, ал
лингвоелтаным филологиялық пән ретінде тілді оқытудан
бөлек қарастырылмайды, тілді үйретуде практика түрінде
тілдік бірліктердің семантикасын оқытады.
Аталған
филологиялық жол екі түрлі міндетті атқарады, біріншіден,
тілдік бірліктерден мәденитанымдық ақпаратты бөліп алу,
бұл жағдайда негізгі нысан мәдениет болып саналады. Бұл
әдіс орыс тілін шет тілі ретінде оқытуда ұзық жылдар
бойы қолданылып келді. Екіншіден, тілдік бірлікті сол тілді және
мәдениетті иеленушілердің санасындағы бейнеге
ұқсас етіп қабылдату және оқыту.
Олай болса,
лингвоелтанымның басты мақсаты – мәдениетаралық
коммуникация актісінде қарым-қатынас құзіреттілігін
қамтамасыз ету. Лингвоелтаным бірнеше мәселелерді шешуді
қамтамасыз етеді, соның ішінде мәтінді бара-бар
қабылдаудың филологиялық мәселелерін атау керек, себебі
ол тек лингводидактиканың ғана емес, аударматанудың да
лингвистикалық негізі болып табылады.
Сондай-ақ
лингвоелтанымдық бағыт. тілдің әлемеуметтік
сабақтастығын зерттеудің орталық
бағыттарының бірі. Тілдің әлеуметтік сабақтастығын
зерттеудің аталған бағытының өкілдері, ең
алдымен, сөз мағынасына назар аударады. Ғалымдардың
айтуынша, сөздер ақиқаттағы реалийлердің
таңбасы, сондықтан олардың
семантикасынан кейбір «экстралингвистикалық» мазмұндарды
бөліп алуға болады, бұл мазмұн тікелей немесе жанама
түрде сол тілде көрінетін мәдениетті танытады. Олай болса,
мағына арқылы лексикалық бірлік пен тілдік емес
ақиқат арасындағы байланыс жүзеге асады.
Лингвоелтанымдық
бағыттың дүниеге келуі, бірінші жағынан тіл мен
мәдениет арасындағы мәселелерді шешумен байланысты болса,
екінші жағынан таза прагматикалық алғышарттардың
негізінде, яғни қарым-қатынас құралы ретінде шет
тілін осы тілде көрініс тапқан ел мәдениетімен тығыз
байланыста меңгертумен байланысты
қалыптасты.
Әлемдік
лингвистика сөз семантикасындағы мазмұнның
әлеуметтік шарттастығын, сондай-ақ «тіл мен мәдениет»
мәселесініңжалпы теориялық және әдістемелік
аспектісін зерттеуге Н.Г. Комлев, О.С. Ахманова, Е.М. Веращагин, В.Г.
Костомаров, Т.Д. Томахин сияқты тілші ғалымдар үлес
қосты.
Мәселен,
Н.Г. Комлев ең алғаш лингвистикаға мағынаның
мәдени-тарихи бөлшегі деген ұғымды енгізді, ол белгілі
бір қауымдастыққа тән ақиқаттағы
затты немесе құбылысты көрсетуші сөз тек оны білдіріп
қана қоймайды, оны жасайды дейді. Сондықтан оның
семантикасында сол сөз өмір сүретін ортаның
әлеуметтік фонын көрсетін бөлшектер өмір сүреді.
«Cөз-таңбаның
«ішкі» мазмұны барын, яғни сөз-таңба өзінен
бөлек басқа нәрсені көрсететінін мойындасақ,
мәдени бөлшектің барын мойындауға міндеттіміз» [1].
Сөздегі
мәдени бөлшекті білу шет тілін жетік меңгерудің
маңызды шарты болып табылады, алайда, сөздегі мәдени-тарихи
бөлшек анағұрлым кең шеңберді қамтуы
мүмкін, ал маңыздысы тілді қарым-қатынас
құралы ретінде меңгеру екендігін ұмытпаған
жөн. О.С. Ахманованың көрсетуінше, кез келген коммуникативтік
актіні жүзеге асырудың маңызды шарты – «тілдік қарым-қатынастың негізі
болып табылатын тыңдаушы мен сөйлеушінің реалийлер туралы екі
жақты білімі», бұл лингвистикада «аялық білім» деген
атауға ие болды [2].
Лингвоетанымның
негізгі нысаны ретінде аялық білімді өз еңбектерінде Е.М.
Верещагин мен В.Г. Костомаров қарастырады. Орыс тіл біліміндегі
лингвоетанымның қалыптасуы осы екі ғалымның есімімен
байланысты. Ғалымдардың пікірінше, лингвоелатанымды
лингводидактиканың бір бөлшегі ретінде ғана қарастыру
қате пікір. Әрине лингвоелтанымдық бағытта қол
жеткен жетістіктер, ең алымен, шет тілін үйретумен байланысты екендігін
жоққа шығаруға болмайды, бүгінде бұл
кеңінен қолданылады.
Лингвоелтанымдық
бағыттың теориялық іргетасын қалаған Е.М. Веращагин
мен В.Г. Костомаров қазіргі таңда лингвистер, психологтар мен
психолингвистер, әлеуметтанушылар мен әлеуметтік лингвистикамен
айналысатын ғалымдардың қызығушылығын
тудырған түрлі мәселелерді алғаш реті
қозғаған болатын [3].
Жоғарыда
аталған «аялық білім» аз зерттелген сөздің
семантикалық бөлшегі ретіне лингвоелтанымда қарастырылады,
осылайша лингвоелтанымның лингвистикалық зерттеу бағыты
туады. Аялық білімді объективтендірудің бір әдісі ретінде
психолингвистикада кеңінен қолданыс тапқан ассоциативтік
эксперимент пайдаланылады. Осы ғылымның зерттеу аясында
коммуникативтік актінің құрылуындағы қоғамдық
және тұлғалық байланыс мәселесі
қарастырылады [4].
Т.Д.
Томахиннің көсетуінше, лингвоелтанымның негізгі зерттеу
нысаны аялық білім болып саналады, онда білгілі бір тілдік және
этникалық қауымдастықтың мүшелері орын алады,
сондықтан да осы бағыттың шеңберінде
қарастырылатын кейбір мәселелер әлеуметтік лингвистиканың
да сұрақтарын шешеді [5].
Олай болса,
лингвоелтанымның зерттеу шеңберінде қарастырып жүрген
мәселелер айтарлықтай бұл бағытты кешені ғылым
ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Е.М. Верещагин
мен В.Г. Костомаров аялық білімнің барын ғылыми түрде
қарастырған алғашқы ғалымдар, олар
лексикалық семантиканың жинақтаушы қызметін,
тілдің кумулятивтік қызметін ашты, осылайшы тілдік бірліктерді
адамзаттың әлеуметтік қызметінде қол жеткізген білімін
сақтаушы «қор» ретінде қарастырды. «Егер Ф. Де Соссюрдің тұжырымына
сәйкес жалпы «language» ұғымынан алынатын «language-parole»
дихотомиясын ескерсек, сөйлеуге (речь) коммуникативтік, ал тілге
кумулятивтік қызмет тән» [3].
Е.М.
Верещагин мен В.Г. Костомаровтың ерекше үлесі аялық
білімнің лингвистикалық табиғатын ашуында. Олар
көптеген мысалдар келтіре отырып, сөз семантикасы тек бір
ғана лексикалық ұғыммен шектелмейтіндігін көрсетті.
Эквивалентті сөздің ұғымдық шеңбері
басқа салада өз семантикасын кеңейтеді. Сөздегі білім
бөлшектенеді, себебі семантиканы құраушылардың
жиындығын немесе семантикалық үлестерді (СҮ) мынадай
лексикалық аяларға бөлуге болады: егер сөздің
барлық мазмұн жоспарының барлық семантикасынан
түсінікті СҮ-ді алып тастағанда, олар түсініксіз
семантикалық үлестерден тұратын болады.
Демек,
лингвоелтанымдық зерттеулер ұлттың ғасырлар бойында
жинақтаған, бүгінгі санасында сақталған, келешек
буынға берілетін құндылықтарды жинақтаушы
қор – лингвоелтанымдық сөздік әр ұлттық
тілде құрастырылуы керек және әр елдің
ұлттық тілдік саясатында қолға алынуы қажет
мәселе екендігін көрсетіп отыр.
Пайдаланған
әдебиеттер:
1.
Комлев Н. Г.Компоненты содержательной структуры слова. М.: Наука, 1969. – 92 с.
2.
Ахманова О.С. Словарь
лингвистических терминов. - М.: Советская
энциклопедия, 1969. – 608 c.
3.
Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Лингвострановедческая теория слова. - М.: Рус. яз., 1980. – 320 с.
4.
Верещагин Е.М., Костомаров В.Г. Язык и культура: Лингвострановедение в
преподавании русского языка как иностранного. 3-е изд., перераб. и доп.
– М.: Рус. яз., 1983. – 269 с.
5.
Томахин Т.Д. Фоновые знание как основной предмет лингвострановедение.
Ин.яз.в школе, №11, 1980. – 9-12 с.