Ф.ғ.м., аға оқытушы
Б.С. Сатеева,
аға
оқытушы А.Ш.Смаилова
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
ДІНИ ЭПОСТАҒЫ КИЕЛІ САНДАР ҚЫЗМЕТІ
Қазақ
фольклорында айрықша назарға алынып, толық зерттеле
қоймағанымен, көзге түсіп, көңілге
ұялайтын керемет құбылыс бар. Олар қажетті
тұстарда үздіксіз қайталанып, қолданылып отыратын бір
текті сандар тобы. Мұндай көріністердің көпшілігіне
киелі, немесе қасиетті деп айдар тағамыз да, қолданылу аясын
айтумен ғана шектелеміз. Мәселен, ертегілерде айтылатын: «бір
секірдім құтылдым, екі секірдім құтылдым,
үшіншісінде тұтылдым» сөздерінде неге екіншісінде, немесе төртіншісінде
тұтылмайды, үшіншісінде тұтылады деген
сұраққа жауап бермейміз.
Сондай-ақ,
«жас бала жетіге дейін жерден таяқ жейді» деген нақылдан, сегізге,
тоғызға дейін емес неге жетіге дейін, деген
сұрақтың ойға оралары хақ. Әлде, жеті
жастан кейін бала сүрінсе де жығылмай кете ме? Болмаса, дыбыс
үндестігіне, үйлесімділікке ерекше мән бергендіктен «жер»
сөзіне «жетіні» тіркестіріп отыра ма? Ұлттық
дүниетанымға шамалы көңіл бөліп көрейікші.
«Жеті» саны. Басы ашық, дәлелді
қажет етпейтін, өзінің киелі мағынасымен
ұлттық ұғымға орныққан сан – «Жеті».
Күнделікті тұрмыс – тіршіліктен бастап, күрделі
жағдайларға дейін қолданыста жүрген бұл
санның маңызы ерекше.
Діни
эпостарда аспан әлемінің жеті қабат жиі айтылады.
Ғаріптердің сүйеніші қадір
рахман
Фазылымен Жебірейілге
қылды пәрмен
Жеті қат көк
үстінен ағып келді
Суға жетпей
ұстады ол нәбиін – [2:273],
немесе
Жетінші көкке
шықты нұр аспанға
Көрісті періштелер
сол аспанда
Бәрі де намаз
оқып, сәждеде тұр
Босанбай тұр
жөндерін сұрасқанға [1:88].
Жерді қоршап тұрған ауа
қабатының жеті бөліктен тұратындығы ғылымда
дәлелденген. Бірақ, «жеті» саны басқа да жағдайларда
қолданылғандығын мұралардың мазмұнынан
көруге болады. Мәселен, аспан тәрізді жерді де жеті
қабат дейді. Ұзақ жүрген жолаушыны да осылайша
суреттейді:
Сайды өрлеп,
жүре – жүре тауға кірді
Қарасын көре
– көре Мансұр жүрді
Жеті қабат
таулардан асқан шақта
Бір бітеу тастан
шыққан үйді көрді [1:67].
Жүсіп Зылиханың ұсынысына келісім
бермей сарайдан қашқанда жеті есіктен өтеді. Сондай-ақ,
түс көргенде жеті семіз, жеті арық сиырды көреді.
Дүние жүзі дегенді – жеті ықылым деп те айтады:
Падиша
жақсылық қыл енді бізге
Мәдинадан қол
келді елімізге
Жеті
ықылымға, падиша, ұлық едің
Жайымыз сол, тақсыр
– ау, келдік сізге [1:274].
Қолданыс өте көп, және жан -
жақты, сан - салады. Киелі деп танитындай, бұл санның
өзегінде не жатыр? Ойымызды ортаға салып көрелік.
Белгілі зерттеуші – ғалым А.Е.Бертельс
өзінің «Художественный образ в искустве Ирана» деген
еңбегінде Низамидің «Жеті ару» дастанына талдау жасай келіп былай
дейді: «Для того что бы раскрыть смысл, семантику, и соответственно
художественный замысел всего построение Низама, здесь нужно привести некоторые
данные, относящиеся к «фоновым знаниям» эпохи» [3:307]. Сөйтіп,
Низамидің күндердің жатысымен түстерді, планеталарды,
жұрттарды (ықылым) қалай үйлестіргеніне
тоқталады. Расында осындай үндестіктің астарында
жаратылыстың заңдылығымен байланыстық бар екендігін
аңғаруға болады. Аптаның жеті күннен тұруы
да осыған негізделген. Яғни, айдың толатын және солатын
жиырма сегіз күнінің ширек бөлігі – апта. Оны не
азайтуға, не көбейтуге болмайды. Сол сияқты түс те
жетеу. Өзгелері солардың қоспасынан жасалады. Олардың
да өз ара жұбы бар: қара - ақ, сары -
қоңыр, жасыл - көк, қызыл. Мұндағы
қызыл түйісу нүктесі, немесе беттестіру, үйлестіру
ортасы. (Адам бойындағы қан (түсі қызыл) жан мен
тәнді байланыстыру қызметін атқарады). Неге қарадан
бастаймыз? Қара түс – жоқпен мәндес. Жаратылыстың
заңдылығы – алдымен жоқтан бар пайда болады. Олай болса:
қара – жоқ; ақ – бар; сары – қуат (энергия);
қоңыр – салмақ; жасыл – тіршілік; көк – ауа
қабаты. Реті осылай. Енді тәртіпке жүйелейік:
Қара – бірінші
күн – сенбі
Сары – екінші күн –
жексенбі
Жасыл – үшінші
күн – дүйсенбі
Қызыл –
төртінші күн – сейсенбі
Көк – бесінші
күн – сәрсенбі
Қоңыр – алтыншы
күн – бейсенбі
Ақ – жетінші
күн – жұма
«Жасыл» үшінші күнге түседі екен.
Исламдық жүйеге салсақ – дүйсенбі. Бұл күн
– Мұхаммед пайғамбардың өмірге келген күні.
Жұрты – араб. Ғаламшары – Шолпан (Күн – бірінші, Меркурии –
екінші, Шолпан – үшінші т.б.). Тағы бір айта кететін мәселе
Күн жүйесіндегі тоғыз ғаламшардың сегізі өз
білігін (ось) солдан оңға қарай сағат тілі бойынша айналады да, Шолпан кері қарай
айналады [4:130]. Арап жазуының да оңнан алға қарай
жазылатындығын ескерсек, мұны кездейсоқтық деуге бола
қоймас. Түрлі әуенді туғызатын нота да жетеу (до, ре,
ми, фа, соль, ля, си). Фортепияно, пианино тәрізді аспаптардың
құлақ күйін келтіретін камертонның нотасы – ля.
Яғни, ол үйлестіруші нота – қызыл түске сәйкес.
Жүйеге салайық:
Қара – сенбі – ми
Сары – жексенбі – фа
Жасыл – дүйсенбі –
соль
Қызыл – сейсенбі –
ля
Көк –
сәрсенбі – си
Қоңыр –
бейсенбі – до
Ақ – жұма –
ре
Екі шекті аспаптардың құлақ
күйі соль – ре; күн жатысында: дүйсенбі – жұма;
түсте: жасыл – ақ. Ауа қабатының жетеу екендігін
айтқанбыз (тропосфера, стратосфера, озоносфера, мезосфера, термосфера,
ионосфера, экзосфера). Осылардан шығатын қорытынды пікір
жаратылыста жеті санының алатын орнының ерекше екендігі.
Бұларды айқындау мәселесіне орай арнайы еңбек
жазбақ ойымыз бар. Жаратылыстың осы құбылысын сезген
ата – бабаларымыз жинақтау сандарын жетімен шектеген (біреу, екеу,
үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу, сегізеу, тоғызау болып
айтылмайды). Ауыз әдебиетіндегі адам өміріне байланысты ертегі де
осы жүйені ойға түсіреді. Нағыз адами жас
мөлшерін – жиырма бес деп, келесі он бес жылды – жылқы, онан
соң – есек, мұнан кейін – ит, жетпіс пен сексен бесті – қой,
соңғы он бес жылды – маймыл деп бөледі. Барлығы алты
саты. Осыған ананың құрсағындағы мерзімді
қоссақ тағы да жеті шығады. Олай болса:
Екеуі бес – алты
күн жатып алды
Миуасын жеті нарға
артып алды
Түн қатып
Мәдинаға жетемін деп
Екеуі бір күн Ешке
қайта салды – [5:251].
деген тұрғыда
қолданыс тауып отырған «жеті» санының астарында осындай негіз
жатқандығын байқауға болады.
«Мың бір» саны. Бұл сандық діни
мұраларда ғана жиі кезігеді. Өзге жағдайда,
мәселен, халықтық шығармаларда, дәстүрде,
сөйлеу тілінде сиректеу ұшырасады. Мың бір хадис, «Мың
бір түн», мың бір бәле, мың бір мақал т.б.
тәрізді тіркестік қолданыстардың бар екендігін білеміз.
Дегенмен, 3, 7, 40 сандарымен салыстыра қарағанда «мың
бірдің» қасиеттілігі айрықша дараланып, ерекшелене
қоймаған. Ал, діни эпоста бұл сан кездесіп отырады.
Шежіре
Мәликенің тіл мен жағы
Таусылмас сендей шалға
көп жұмбағы
Күйзелсең
көңілің жүйрік тағы айта сал
Алланың мың
бір рақымы не болады? [5:34]
«Мың бірдің» екі түрлі қасиетті
сипаты бар. Алғашқысы (1001) «Бірден» басталып, «Бірмен»
аяқталуы. Яғни, барлығын жаратушы Алла, бардың барар
жері тағы да Алла. Алламен басталады, Алламен аяқталады.
Ешнәрсе Алладан қашып құтыла алмайды. Өйткені,
оның бар болуы Алланың арқасында. Екіншісі,
жаратылыстағы екі дүниенің сипаты, жұптасу заңдылығы.
Егер дәл ортасынан бүктеп, беттестірер болсақ (10/01)
нөл мен нөл, бір мен бір түйіседі. Бір парақ
қағаздың екі беті тәрізді. Міне «мың
бірдің» өзегі осындай көріністе жатқан болу керек.
Сонымен, біз бұл бөлімде айрықша
айтылып, жиі қолданыста жүрген сандық нышандарға
байланысты біраз ой – пікірді ортаға салдық. Негізінде халықтық
қабылдауда қалыпқа түскен мұндай сандар
қолданысы кез келген шығарманың мәтіндік
мазмұнына ерекше реңк беріп тұрады. Мұралардың
тартымдылығын арттырып, тыңдаушылардың
қызығушылығын туғызады. «Мұхаммад
пайғамбар» дастанының:
Мұхаммедке ит
Жәһіл
Жолығысып
қолды
Мұхаммедтің
әскері
Қырық бала болады - [5:34],
деген жолдардағы
«қырық» санын «елуге» ауыстырсақ көркемдігіне
кәдімгідей әсер ететінін байқаймыз. «Елуге»
қарағанда «Қырық» әлді тәрізді.
Өйткені, «қырықты» естігенде санамызда екінші бір елес
сәулеленіп, жарыса көрініс береді. Ол «қыр» және
«ық» сөздерінің мағынасының қабаттасуы.
Алғашқысы «жой», «құрт» болса, соңғысы
«ықтыру», «қорқыту». Сонымен қатар, дыбыс
үйлесімінің көрініс беруі. «Қ» - қатаң
дауыссыз. Бұл дыбыс сөздің басы мен соңында
тұрғандықтан қатты естіледі. Ал, «елуде»
қатаң дыбыс жоқ. Сондықтан ол жұмсақ, баяу
болып келеді.
Жалпы халық ауыз әдебиетінде түрлі
сандық қолданыстар көп кездеседі. Солардың бірі –
бірден онға дейінгі көріністер. Мәселен дастанда
Жүсіптің сұлулығын осындай сатылармен көрсетеді [5:309].
Сондай-ақ, «Бозторғайда» он түрлі жұмбақ –
айтылады [5:127].
ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1.
Балалар сөзі, көп томдық, І-том, діни дастандар. Астана,
2002.
2.
Ғашықтық дастандар (құраст.
Ұ.Сүбханбердина). Алматы, «Ғылым», 1994.
3.
Бертельс А.Е. Художественный образ в исскустве Ирана ІХ-ХҮ вв.,
Москва, «Восточная литература», 1997.
4.
Физика және астрономия (құраст. А.А.Пинский т.б.).
Алматы, «Просвещение - Қазақстан», 2004.
5.
Балалар сөзі, көп томдық, ІІІ-том, діни дастандар. Астана,
«Фолиант», 2002.