Суванбаева Ф.Г.

КазНУ им. Аль-Фараби, Казахстан

Өлі түбірлерге сіңіскен жұрнақтар

Тілдің қазіргі морфологиялық құрылымы − оның динамикалық дамуының жемісі. Тіл құрамында динамикалық дамудың нәтижесінде қалыптасқан элементтермен қатар, көне дәуірдің куәсі боларлықтай фактілер де кездеседі. Сондықтан тілдің морфологиялық құрылымының тарихи дамуы оны туыс тілдер материалдарымен, тілдік тарихи ескерткіштер фактілерімен салыстырып зерттеу арқылы ғана емес , сол тілдің өз құрамында қалыптасқан тілдік элементтерді зерттеу арқылы да ашылады. Қазіргі қазақ тілінің осы күнгі морфологиялық құрылымының бүгінгі қалыпқа жету жолын да аталған әдістерді қолдана отырып зерттегенде ғана айқын түсінуге болады.

         Егер қазіргі қазақ тілінің фактілерін ескерткіштер фактілерімен салыстырсақ, онда бүгінгі тілімізде негізгі, я алғашқы түбір делініп жүрген біраз түбір сөздердің өзін алғашқы түбірмен өлі қосымшаға немесе өлі түбір және оған сіңіскен жұрнақ деп айыруға болатынын көреміз. Айталық қазіргі тіліміздегі қартаю етістігін ескі жазбалар тіліндегі сондай сөзбен салыстырып, «Құдатғу білік» тілінде осы етістік қары мәнінде қолданылғанын көреміз. Сонда қазіргі тіліміздегі  қартай сөзінің құрамындағы т-ны байырғы түбірмен жымдасып кеткен ырықсыз етіс қосымшасы деп тануға тура келеді. Осы жәйт сол етістікті өзімен түбірлес қария сын есімімен салыстырғанда тағы байқалады. Соңғы варианттар құрамында т элементі кездеспейді. Сондай-ақ қазіргі тіліміздегі құлын,мұрын,жұлын, жалқы, жарық, бақ, қайық сөздерін де өлі түбір мен қосымшаға бөліп қарауға әбден болады.

        Морфологиялық элементтердің динамикалық дамуын қарастырғанда, белгілі бір тілге тән тұлғаларды, мүмкіндігіне қарай, көне заман ескерткіштері фактілерімен де, туыс тілдер фактісімен де салыстыра қарау қажет. Мәселен, қазіргі қазақ тіліндегі көмектес септік тұлғасының шығу тегін анықтау үшін осындай салыстыру қажет. Егер Y-YIII ғасыр ескерткіштерінде көмектес септік  мәнін бірле шылау сөзі арқылы берілген болса, кейінгі дәуір ескерткіштерінде осы шылау бірлен, білен түрінде  кездесіп отырады. Соңғы вариант сол күйінде қазіргі түркі тілдерінің көбінде бар. Көмектес септік жалғауы мен-нің о бастағы генезисі бірле шылауы екені еш күмән туғызбайды.

         Тілдің морфологиялық құрылысының даму кезеңдерін білуде жергілікті ерекшеліктерді әдеби тіл нормаларымен, көне дәуір ескерткіштерімен және туыс тілдер материалдарымен салыстырып қараудың маңызы зор. Бұл тұрғыда мынадай жайт еске алынады: жергілікті ерекшеліктер барлық жағдайда тілдің көне дәуірінің қалдығы бола бермейді. Олардың едәуір бөлігі кейінгі кезеңдерде көрші халықтармен жиі қарым-қатынас жасап, араласудың салдары болуы мүмкін.  Сонымен қатар мына жай да ескерілуі тиіс: халықтың этникалық негізі көптеген ру-тайпалардан құралғандықтан, қазіргі уақытта кейде оғыз тілдерінің белгісі, қарлұқ тілдерінің элементі деп жүргендердің біразы-ақ халықтардың құрамына енген сол тайпалар тілдерінің қалдығы болуы мүмкін.

Түп төркіні тұрғысынан тіліміздегі бірсыпыра сөздер бірнеше түбірлерге немесе түбір мен әртүрлі қосымшаларға бөлінуі мүмкін. Алайда ол сөздерді бүгінгі қолданушылар олардың құндылығын немесе олардың әр бөліктерінің бір кезгі мағыналарына зер салмайды. Қазіргі қолданыста ол сөздердің әрқайсысы – беретін мағынасы тұрғысынан бөліп-жаруға келмейтін бір ғана түбір. Мысалы, қазіргі тілімізде бар ұзын, жақын, өзен, самаурын, келін, түтін, т.б қолданғанда олардың құрамы және о бастағы мән-мағынасы туралы ойланып жатпайды. Біз бұл сөздерді осы мағынасында түсінеміз де, осы тұлғасында айтамыз.

         Түбір мен қосымшаның өзара жымдасып кетуі кейде бастапқы түбірдің өзінің дербес мағынасын жоғалтып, ескіруінен болуы мүмкін. Мұндай жағдайда түбірдің бастапқы сипаты басқа сөздермен салыстыру арқылы, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда қосымшаның құрамы арқылы анықталады. Мына фактілерге назар аударсақ: ілгері, айт, жоры, алда, байла, арт, т.б. Осы  сөздердің қайсысыда түбір мен қосымшаның жымдасып кетуінен пайда болған. Оны салыстыру арқылы ғана байқауға болады. Айталық айт  сөзін онымен мағыналас айқай, айқын сөздерімен салыстырсақ, ортақ түбір ай екеніне көзіміз жетеді. Ал  -ты түбірмен кірігіп қосымша болып шығады. Сол сияқты, айқай, айқын сөздерінің құрамында   -қай, -қын да қосымшалар. Кет сөзінің құранды екенін кел, кері,кейін сөздерімен салыстыру арқылы анықтауға болады. Көне түркі тіліндегі арыс сөзі таза, кіршіксіз  деген мағынада қолданылған. Қазақ тіліндегі ар ( ары таза) абстракцияланып, соңғы жуан дауысты түсіп қалған. Осындай мысалдарға қарап, қазіргі тілімізде байырғы түбір деп қаралатын толып жатқан бір буынды сөздердің морфологиялық қарапайымдану ( А.Н. Кононов мұны фузия, яғни жымдасу, Рамстед сращение деп атайды.) процесінің нәтижесінде барып қалыптасқанын көреміз.

         Алайда, морфологиялық жымдасу тек түбір мен қосымшаның бірігіп, бөліп-жаруға келмейтін ұғымға ие болуына ғана әсер етіп қоймаса керек. Бір фонемадан ғана тұратын алғашқы қосымшалардың  (Рамстедше- суффикстер) фузияның нәтижесінде өзара жымдасып, бірігіп кетуінің салдарынан осы күнгі бір буынды   ( кейде екі буынды) аффикстер қалыптасса керек.         А.Н.  Кононов  осындай топқа –ғылтым ( -ғы - л- ты-м), -сымақ (-сы- ма- қ) аффикстерін жатқызады. Бұл аффикстерді ол, қазіргі түркі тілдерінің фактілеріне сүйене отырып, кішірейткіш және ұқсастыру аффикстерінің жымдасуынан қалыптасқан деп қарайды. Қысқасы, қазіргі қазақ тілінің нормалары тұрғысынан күрделі аффикс деп қаралатындардың бәрі де осы морфологиялық қарапайымдану процесінің нәтижесі деуге болады.

         Морфологиялық құрылыстың дамуында морфологиялық тұлғалардың  ығысуы байқалады. Сөз құрамындағы морфемалар алғашқы тұлғасын  сақтап бөлінсе де, уақыт өте қолданылу жиілігіне және қолданушылардың ойында тұрақталуына қарай жігі басқаша ажырайтын  болады . Морфологиялық құрылымының дамуы барысында бір ғана тұлғаның әртүрлі варианттар грамматикалық және мағыналық жақтарына дифференцияланып, әрқайсысы өзінше грамматикалық және семантикалық дербес мәнге ие болатын кездері де бар. Осындай фактілер қазіргі қазақ тілінің құрамынан да кездеседі. Қазіргі тілімізде қыстақ,қыстау, бақ, бау,тақ тәрізді бір грамматикалық класқа жатқанымен, әртүрлі дыбыстан сөздер бар. Бұлардың бір-бірінен грамматикалық айырмашылылғы жоқ. Бар айырма –олардың мәнінде, қазіргі қолданылуында.Дұрысында екеуі де бір ғана тұлға – бір жаңа ( бау, тау, қыстау), бірі көне  ( қыстақ, бақ, тақ). Бұл –фонетикалық өзгерестің нәтижесі. Қазіргі тілімізде көр ( етістік), көз, семір ( етістік), семіз тәрізді бір-біріне мағыналық жағынан ұласып жатқан сөздердің пайда болуын да осы құбылысқа жатқызуға болады.

         Белгілі алтаист Г. Рамстедт алтай тілдеріндегі қосымшаларды екі топқа: суффикстерге , яғни о бастан-ақ тек қана қосымша болып келе жатқандарға, аффикстерге, яғни дербес сөздің өзгерісі нәтижесінде қалыптасқан қосымшаларға бөледі . Сонымен қатар, ғалым Г.Рамстедт тілдің дамуы барысында аффикстердің суффикске  ( жұрнаққа ) айналуы болып отыратындығын ескертеді.

         Түркі тілдерінің түбі бір. Олардың лексикасында, фонетикасында, морфологиясында, синтаксисінде айырмашылықтардан гөрі ұқсастықтар өте көп. Өзгеру, даму, қайта қалыптасу заңдылықтары да ортақ. Осы себепті қазақ тілі лексикасының даму жолдарын туыс тілдерден оқшау қарастыруға болмайды. Сол сияқты түбірдің дамуын оның тарихи өзгерісінен бөліп қарастыра алмаймыз.Түбір сөз құрамындағы фонетикалық өзгерістерді ескермей тұрып, оның даму ерекшеліктерін білу мүмкін емес. Фонетикалық өзгерістің нәтижесінде : а) көне түбір тарихи негіздің құрамында ғана сақталады; ә) көне түбір дербес те тарихи негіз құрамында да қолданылуы мүмкін.