А. Байтұрсынов
атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің
оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Нурсеитова А.А.
Тіл
қабаттарындағы фразеологиялық жүйенің орны
Тіл бірліктері бір-бірімен
тығыз иерархиялық байланыста болады (ол қабаттардың
деңгей аралық байланыс «Тіл қабаттарының жүйесі»
сызбасында көрсетілген). Сызбада лексикалық және синтаксистік
қабаттың арасында деңгейаралық байланысты
құрайтын фразеологиялық жүйе мен сөз тіркестері
жүйесінің орны көрсетілген. Сөз тіркестері жүйесі
негізінде жасалған фразеологиялық бірліктер әрі
лексикологияның, әрі синтаксистің зерттеу нысаны бола алады.
Тұрақты тіркестер синтаксиспен, оның ішінде
сөйлем мүшелерімен де, сөйлемнің түрлерімен де
тығыз байланысты. Тұрақты тіркестер өзінің
табиғаты жағынан екі жақтылық құбылыс, бір
жағынан, оның дара сөзге ұқсастығы, екінші
жағынан, еркін тіркеске ұқсас болып келуінен көрінеді.
Тұрақты тіркестерге тән басты белгілер мен
қасиеттерді саралай келіп, тіл теориясының маманы К. Аханов былай
дейді; «Фразеологиялық оралымның белгілері екі бағытта
қызмет атқарады. Оны сөзбен жақындастыратын белгі,
еркін тіркестен ажыратылатын белгі ретінде, ал фразеологиялық оралымды
сөзден ажырататын белгі, оны еркін тіркеспен жақындастыратын белгі
ретінде қызмет ете алады» [1, 61].
Қазақ
тіліндегі күрделі сөздердің теориялық негіздерін зерттеген
ғалым Б.Қасым оларды
күрделі атаулар деп қарастырып, тілдік деректердің
атаулық қасиеттерін сараптап, уәжділік дәрежесіне орай
8 түрге бөледі: 1) тура уәжділік (лексикалык морфемдердің
айқын, тура мағыналары); 2) жартылай
уәжділік (уәждеуші
сыңарлардың біреуінің мағынасы
күңгірттеніп, көмескіленіп, ауыс мағынаға
көшуі); көмескі уәжділік (айқын мағынаның
орнына жасырын мағынаның пайда болуынан ауыс мағынаға көшуі) [2, 85]. Көмескі уәжділікке ие күрделі
атауларды тұрақты тіркестерге жақын бірліктер деп
қарастыруға болады. Тілдің
лексикология саласында қарастыратын, атауыштық қызмет
атқаратын күрделі сөздердің тұрақты
тіркестерден айырмашылығы бар:
•күрделі сөздер тұрақты тіркестердің
қалыптасу төркіні еркін тіркестер болғанымен, олардың
қалыптасу үрдісі әр басқа (күрделі сөздер
үшін - фонетикалық фактор мен лексикалану, грамматикалану,
тұрақты тіркеске – тән үрдіс);
• тұрақты
тіркестердің құрылым тұлғалары берік, олар
көп компонентті (екіден көп), құрамы дербес атауыш сөздермен
шектелмейді;
• күрделі сөздерге - тура мағына,
фраземаларға - ауыс мағына тән;
• күрделі сөздердің қалыптасу
уәждері ашық, тұрақты тіркестердің ішкі формасы
ашық емес және т.б. Еркін тіркестер мен тұрақты
тіркестердің арасындағы ерекшеліктерді саралап, профессор Т.Сайрамбаев:
«тұрақты тіркестерде лексикалық мағына болса, сөз
тіркестерінде болмайды, сөз тіркестері сөздің
лексикалық бірлігі негізінде жасалса, тұрақты тіркестерде
жеке лексикалық бірліктер жоқ. Сөз тіркесі мен
фразеологизмдердің сырттай ұқсастықтары
болғанымен, ішкі мазмұны жағынан бір емес», - дейді [3, 82].
Фраземалар мен сөз тіркестері төмендегі белгілермен ерекшеленеді:
• сөз тіркесіндегі әрбір сөздің
өзіндік мағынасы болса, фраземалар ондай қасиеттен
айырылған;
• сөз тіркесіндегі әрбір сөздің
синтаксистік қызметі болса, фраземалар компоненттері бұрыннан
тіркесіп қойған қалпында, аражігін ажырамай даяр, тұтас
қалпында қолданылады;
• сөз тіркесіндегі сөздің орын тәртібі
еркін болса, фраземаларда тұрақты;
• сөз тіркесіндегі әрбір сөздің
байланысу тәсілдері болса, фраземалардың іштей бір-бірімен
байланысу формасында келуі тұрақты.
Этнолингвистиканың зерттеу материалдарының бірі –
этномәдени лексикалар тобы. Бұл жөнінде проф. Е.Жанпейісов
«Этнолингвистика өзінің бітім-болмысы, табиғаты жөнінен
жалпы тарихи категория болып табылады. Себебі, ол этностың өткені
оның этномәдени лексикасынан айқынырақ көрінеді»
дейді [4,1].
Фразеологияның зерттейтін пәні - фразеологиялық
оралымдар. Оларды фразеологизмдер, фразеологиялық бірліктер немесе
фраземалар деп атайды. Сондықтан да қандай да бір тілдің
фразеологиялық бірліктерін фразеология деуден гөрі (себебі
ғылым саласымен омонимдес болып қалады) морфемика, лексика терминдеріне
сәйкестендіріп фраземика' деп атаған жөн.
Фразеологияның жалпы лингвистика саласы ретіндегі тарихы
ұзаққа бармайды. Тіл білімінің жаңа бағытын
таңбалайтын «фразеология» термині жеке лингвистикалық пән
ретінде XX ғасырдың 50-жылдары дүниеге келді.
Фразеологияның алғашқы теориялық негізі және осы мәселе
жөніндегі идеяны дамытушы Ш.Балли болса, оның Ресей
топырағындағы дамуы мен жаңа, жеке лингвистикалық сала
ретінде қалыптасып дүниеге келуі академик В.В.Виноградов ал
қазақта І.Кеңесбаев есімімен тығыз байланысты.
Ресейдегі В.В.Виноградов теориясының жалғасы орыс
ғалымдары В.Л.Архангельский, В.П.Жуков, В.И.Зимин, А.В.Кунин,
А.Р.Молотков, Л.И.Ройзензон, А.И.Смирницкий, В.Н.Телия, Н.М.Шанский және
т.б. еңбектерінде көрініс тапты. Фразеологияның тіл
біліміндегі фонология, морфология, лексикология және синтаксис
салаларынан ерекшелігі - ол «тарихи тұрғыдан тіл туралы ғылымның
екіншілік жасалымы» (М.М.Копыленко, З.Д.Попова). Оның зерттеу нысанасы - «сөздер
мен сөйлемдердің мағыналық жағынан байланысты тіркесімі»
(В.Н.Телия) болып табылатын фразеологизмдер мен фразеологиялық бірліктер.
Кез келген халықтың халықтығы мен ұлттық
болмысын танытатын оның әр алуан өнері болса, сол «өнердің
алды - қызыл тіл» - деген даналық сөз бар. Тілдің байлығын,
терең тұңғиық сырлары мен құпияларын
ашқан, сұлулығына тамсанып, шебер қолдана білген, сол
тілде сөйлейтін халықтың кемеңгерлігі мен
даналығы екені сөзсіз.
Фразеология теориясында
қалыптасқан әдістер осы сала бойынша жазылған
еңбектердің жемісі болып табылады. XX ғасырдың
қырқыншы жылдары тіл білімінің саласы ретінде
қалыптасқан фразеология ғылымында қазіргі күні
әртүрлі бағыттар мен осы бағыт нәтижесінде
түрлі әдістер дүниеге келді.
Жалпы фразеология теориясында бүгінгі таңда
төмендегідей әдістер қалыптасқан:
• құрылымдық-семантикалық моделдеу
әдісі. Ол идеографиялық өрістер мен семантикалық
топтарға және синонимдік қатарларға сүйенеді;
• семантикалық-синтаксистік моделдеу әдісі.
Бұл әдіс фраземалар жүйесінің универсалдылығы мен
дифференциалдық құрылымын айқындауды мақсат
етеді;
• құрылымдық-ұялық әдіс
негізінде фраземалар компоненттерінің тақырыптық
топтастырулары жатыр;
• валенттілік әдіс фраземалар құрамындағы
сөздердің тіркесімділігіне негізделген;
• семантикалық-диахрониялық әдіс. Фраземаларды
тарихи тұрғыдан салыстырып зерттеуге негізделген;
• эквиваленттік әдіс түрлі типологиялық
топтарға жататын тілдерді салыстыру нәтижесінде жүзеге асады;
• функционалды-коммуникативтік әдіс
тілдердің фразеологиялық жүйесінің
ұксастықтары мен социолингвистикалық ерекшеліктеріне
сүйенеді;
• сипаттамалы лексикографиялық
әдіс қостілді сөздіктерге талдау негізінде жүзеге
асады.
Кез келген тілдің фраземалары тілдік
жүйеде қалыптасқан сөз тіркестері моделдері негізінде
жасалады. Фразеологизмдердің сөз тіркестеріне және сөз
таптарына қатысын, фразеологиялық бірліктерге
тақырыптық-семантикалық топтастырулар жасау, ол
бірліктердің синонимдік қатарлар кұрауы және т.б.
мәселелер құрылымдық-семантикалық әдіс
негізінде талданған.
Фразеологиялық қордың қандай әдіс
негізінде талдануына орай қазақ тіл білімінің фразеология саласы
түрлі бағыттар бойынша зерттелді.
Фразеология саласының ғылымдағы бүгінгі
жетістіктері мен арналары, қалыптасқан бағыттары мен теориялары
да ғылыми дәйектеменің дұрыстығының
дәлелі болмақ.
Пайдаланылғанған
әдебиеттер:
1 Аханов К. Тіл білімінің
негіздері. – Алматы: Санат, 1998. – 596 б.
2 Қасым Б.Қ. Қазақ
тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық
негіздері: филол.ғ.д. ...автореф. Алматы, 2002. – 85 б.
3 Хазимова Ә. Қазақ фразеологизмдерінің
ұлттық-мәдени деректері. Филол.ғыл.канд.дисс.автореф.,
Алматы, 2002 . -80 б.
4 Аманжолов С. Қазақ тілі ғылыми
синтаксисінің қысқа курсы. – Алматы, Алматы, 1950. – 210 б.