А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Нурсеитова А.А.

  Фразеологизмдердің ұлттық мәдени аспектісі

 

    Салт-дәстүр ұлттың көп ғасырлық өмір тіршілігінен шығып, миға ғана емес, қанға сіңіскен қылықтар. Салт-дәстүрлер көнелігімен берік , уақыт елегінен өткен сайын нығая бермек, әр рудан руға, буыннан буынға, атадан балаға мұра ретінде жалғасып, өтіп отырады. Олар халықтың сыр-сипатын байқатады, онсыз халықтың өзіндік кейіп -қалпы байқалмас еді; керісінше ойлау құрғақ, еш уақытта жүзеге аспайтын қиял болар еді. Халық неғұрлым жасаң болған сайын оның салт-дәстүрлері де соғұрлым айшықты, көп бояулы болып келеді.

     Қазақ  ұлтының  мәдени  өмірінің  көрінісі - фразеологизмдер. Соныме бірге, фразеологизмдер -  халық өмірінің айнасы. Бұл айнада ұлт менталитеті көрінісі тұтастай  қамтылады десек, асыра айтпағандық болар.

     Әр ұлттың мәдени  ағымындағы  тілдік  құбылыстар тамырланып,

қалыптасуы үшін оның көптеген алғы шарттары  мен салалары  болу керек. Фразеологизмдердің мәдени ақпар көздерінің түсініктері қандай мәдени негізде пайда болып, жасалынады деген сауалдарға мынадай  ғылыми жорамалды ұсынар едік.

       Қазақ халқының ең маңызды мәдени ұлттық ерекшеліктерінің бірі - жан-жақты қамтылған дәстүрлі мәдениет үлгілеріндегі дағдылы ұлттық рәсімдері. Халық ұғымында мұндай ұлттық рәсімдер түрлерінің әбден сақталып қалғандығы ғана бүгіндері ұлт төл құжатындай көрінеді жөне өзге ұлттардан бөлек мәдени айырмашылықтарын айқындайды.

      Ұлттық рәсімдерге әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер жатады. Қай ұлттың болмасын өзінің өмір сүрген дәуіріне қарай, күн-көріс тұрмыс-тіршілігі, сол ұлтқа ғана тән әдет-ғұрыптары   мен   салт-дәстүрлері,   мәдениеті   бар.   Ежелден мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігінің бізге жеткен үлгілері сан түрлі. Күні бүгінге дейін жер бетіндегі басқа ұлттардан ажыратып көрсететін қазақтың салт-дәстүрі туралы айту - қазақтар туралы айту деген сөз.

     Ғасырдан ғасырға ұласып, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып, көне заманнан келе жатса да байырғы бедерін жоғалтпай, сонылығын сақтаған алуан айшықты, терең мазмұнды тұрақты сөз тіркестері ана тіліміздің асыл қазынасы іспетті. Бейнелі сөз орамдары дөп тигізіп айтар дәлдігімен, ерекше көркемдігімен кімді болса әрдайым баурап алады. Сөз шеберлерінің тіл кестесін бейнелі сөз тізбектерінің алуан үлгілерін кездестіреміз де, «әрі қысқа әрі нұсқа» ондай өрнектерді ара-тұра өзіміз де қолданып отырамыз.

     Айталық, тілімізде салы суға кетті, қызғыштай қорыды, тайға таңба басқандай, шашбауын көтерді, ер басты болды т.б. тұрақты тізбектер ұқсатып айтудан пайда болған, әр түрлі құблыстардың неге бұлай айтылатыны алақандағыдай айқын, өзінен өзі түсінікті де. Кей-кейде тұрақты сөз тізбектерінің мағынасын жыға танып, әсерін айрықша сезе білгенімізбен, олардың түпкі төркіні көбімізге жұмбақ.

     Әдетте әділ, турашыл адам жөнінде ерекше әсермен айтқымыз келсе, қара қылды қақ жарған тәрізді бейнелі сөз тізбегінің бірін қолданасыз. Сырт қарағанда тіркес құрамында түсініксіз сөз жоқ. Ал «неге бұлай айтылған?» деген сұрақтың жауабын әркім әрқилы ұғындыруы мүмкін. Бәлкім, кейбіріміз: «қылдың өзі көзге ілінер-ілінбес нәзік нәрсе, оны тапса тілегендей етіп, қақ жарудың қиындығы ақ-қараны ажыратумен бірдей емес пе?»- дей отырып, тіркестің түп-төркінін бейнелеп айтудан, немесе ұқсатудан іздейді.

     Бірақ, бұл тіркестің шығу төркінінде образды фон жатқан жоқ. Фразеологизмнің бұлай айтылуына ерте кездегі ескі салт (этнографизм) негіз болған. Баяғыда шешімі қиын даумен би алдына жүгініске барған кісілер қылдан ескен жіп ала баратын. Егер дауласқан екі жақ та би шешіміне тоқтаса, жіпті қақ ортасынан қидырады. Бұл – билік айтқан адамның қара қылды қақ жарған әділдігіне риза болғандықтарының белгісі.   Бұндай фразеологиялық тіркестерді М.Дулатов шығармаларынан да кездестіруге болады.

                Қақ жарған қара қылды билер шығып,

                Топ жарған шешендер бар осы шақта [2, 12].

Ақын сол кездегі ақылсыз надандардың сөзге тоқтауын қақ жарған қара қылды билер бар деп өз ойын жеткізеді.

                Сен қара қылдай өрмек анау тұрған,

                Мен едім,  азаптанып соны құрған. [3, 76].

А.Байтұрсынов бұл фразеологиялық тіркесте  халықтық қолданыстағы қара қылды қақ жару тұрақты тіркесінің  кейбір компоненттерін алып тастап (қақ жару), қара  қылдай өрмек деп, окказионалды тұрғыдан тіркестер құрып, бастапқы мағынасына қосымша мән үстеген.

     Билікке байланысты айтылатын би сөздерінің бірі – айттым, бітті, кестім – үзілді. Осындағы «кестім-үзілді» деу де әуеліде дауласушы екі жақтың арасындағы жіпке (қылға) орай айтылған.

     Тіл - өмір шындығы. Сол шындықты уақыт қалдырған қатпарлардан аршып ала білсек, шежіредей сыр шертіп тұрады. Өмірде болған нәрсе тілде де із тастамай кетпейді.      

      Қазіргі кезде мүлдем ұмытылған ескі наным-сенімге байланысты пайда болған тұрақты сөз тіркестерінің де саны едәуір. Келелі ой, кең мазмұнды сөз орамдарының астарында халықтың өмірден түйген терең мағыналы пайымдауы жатады.

Сармантай, Жантас, Байжомарт

                                         Кем болмаған адамнан.

                                        Елу жылда – ел жаңа,

                 Жүз жылда қалмас қазаннан. [4, 154].

       Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан. Сөз мерекесінде отырған кәрі құлақ қария сөз орамының астарлы «түйінін» былай деп таратқан еді: «Елу жыл өткен соң туған еліңе барсаң, өзгерген өмірді байқар едің. Қатар-құрбың сирексіп, балаң, тіпті,  балаңның баласымен жасты жаңа ұрпақты көрер едің. «Елу жылда ел жаңа» деген осы емес пе? Ал «жүз жылда - қазан» дейтіні – ескі көзден кім қалды? Ескі орнын тауып, жаңа ұрпақ салтанат құрады» [1, 41].

       Қазақтар өмірінің сан ғасырлық тарихы әдетте ана тілімен  тығыз байланысты. Барлық өмір салты туған тілінде әртүрлі номинативті атауларынан, әсіресе,фразеологизмдерінен көрініс тапқан.

Мысалы: бесікке салар, тұсау кесер,қырқынан шығару, құда түсу рәсімдері,қыз ұзату, үйлену тойы, ас беру т.б. толып жатқан ұлттық дәстүр, әдеп-ғұрып түрлерінің атаулары тілде сақталмаған болса, онда рухани мәдениет үлгілерінің мазмұны да кеми бермек. Еншісі бөлек, ені басқа - бұрынғы уақытта малға таңба салынып, ержеткен азамат балаларына арнап тиісті мал-мүлік үлесін бөлу. Қазақ салты бойынша енші ұл балаларға бөлінеді. Осыдан әрі қарай енші алу/беру/ тіркесі - өзіне тиісті сыбағасын алу /беру/ мағынасында айтылады.

Фразеологиялық тіркестердің ұлттық-мәдени маңызы бар деректер түсінігіне жататын қазақ - тіліндегі ұлан-ғайыр паремиологиялық қор - мақал-мәтелдер. Жалпы қазақ мақал-мәтелдері мәдениет тұрғысынан зерттеліп, өз бағасын әлі алған жоқ. Күні бүгінге дейін қазақ мақал-мәтелдері тек тағлым тұрғысынан ғана талданып келеді. Ал ондағы халық даналығынан басқа да сол ұлт менталдылығынан хабардар ететін, аз сөзбен көп түйін түйіп жеткізген тіркестер ұлт тілінің ерекшелігі ретінде әлі танылған жоқ...

     Фразеологизмдердің мәдени ұлттық түсініктер дерегінің тағы бір қайнар көзі - тілдегі сөз символдар, символдық мән алатын сөздер мен сөз тіркестері. Қазақ тілінде символдар туралы көп пікірлерден соңғы ғылыми тұжырым жасаған  ғалым Р.Сыздықованың айтуында: "символ" -идеяның заттық (болмыстық) нышаны, астарлы образы.

      Қазақ дүниетанымындағы діннің рөлі, дінге қатысты ой толғамдар, оның адамгершілік, адамды сүю, құрметтеу, мораль, этика үлгілерін танытатын сөз тіркестері фразеологиялық материалдардың деректерін қамтиды.

           Наным-сенім мазмұнын аңғартатын   фразеологиялық тіркестер А.Байтұрсынов шығармаларында молынан көзге түседі.

                       Ала қоржын арқалап,

                       Шар кітабы қойнында,

                       Демі тағдыр мойнында [4, 3]. 

     Бастапқыда діни салтқа байланысты қолданыла келіп, мазмұны мен мағына өрісін кеңейткен сөздер мен тұрақты тіркестер халық тілінде аз кездеспейді. Шаруа адамы байырғы кезде «Таң намазы шағында, памдат уақытында деп сөзді шаруашыылық ыңғайына бейімдеп айта берген » Падат (памдат) сөзін халықтың көне жырларынан да кездестіреміз.Халық  арасында уақытты бес уақыт намаз деп те айтып жүрген.

                         Бес уақыт намаздан

                         Тоқталып мойын бұрмаған [4, 28].

       Рухани мәдениет адамдардың қоршаған дүниеге көзқарасы, діни танымы, наным-сенімі, мінез-құлқы, қабілеті т.б. ұғымдар арқылы танылады. Адамның рухани болмысының қалыптасуында тіл мен діннің маңызы зор. «Діни лексиканы зерттеу - дінді зерттеу емес, ол тіл арқылы халықтың ертедегі рухани байлығын жан-жақты қарастыру, байымдау болып табылады. Қазақ даласына араб мәдениеті тараған соң қазақ халқының рухани өміріне үлкен әсер етті.

      Лингвомәдениеттану пәнінің  негізгі фундаменті болып этнолингвистиканың тіл арқылы мәдениеттанудағы рөліне арналады.

      Діни наным сенімнің, дүниетанымның материалдық мазмұны, халықтың рухани мәдени өмірін сипаттайтын сөздер мен тұрақты тіркестері қазақ тілінде көптеп кездеседі. Бұл фразеологизмдер арқылы тілді жасаушы халықтың бір кездердегі ой санасының, жан дүниесінің, сәулесі деп түсіну керек.

Пайдаланылғанған әдебиеттер:

1 Уәлиұлы Н.У. Фразиология және тілдік норма. – А.: Республикалық баспа ка бинеті.

2 Дулатұлы М. Шығармалары. Алматы 1996.- 250 б.

3 Байтұрсынов А. Б.20 Шығармалары: Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. –                 (Құрастырушылар: Шәріпов Ә., Дәуітов С) Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б.

4 Байтұрсынұлы А. Б.  Көп томдық шығармалар жинағы. 5-том. –Алматы , «Алаш баспасы», 2006 – 288 б.           

5 Ғабитханұлы Қ. Қазақ мифологиясының тілдегі көрінісі.А.,2006,