Ескі қыпшақ антропонимдерінің тарихи-лингвистикалық сипаты                                               Әлімбаев М.Е. – ф.ғ.к., АӘИУ (Қазақстан)                                                                                                      

 

Резюме

В этой статье рассматривается этимология имен сформировавшихся на основании этнонимов в старокипчакском языке

 

Summary

The present article considers the etymology of personal names formed on the basis of ethnonyms in old Kipchak language.

 Ескі қыпшақ антропонимдерінің зерттелуі жөніндегі отандық және шет елдік ғалымдардың түрлі пікірлері мен зерттнеулерін, бұған дейінгі мақалаларымызда бірнеше рет айтып өткенбіз. Ондағы келтірілген есімдердің шығу төркіні жайлы көптеген факторлардың сөз етілгені де белгілі. Бұл жолы ескі қыпшақ есімдерінің ішінде кездесетін саяси-әлеуметтік термин негізінде пайда болған антропонимдердің зерттелуі жайлы өзге де ғалымдардың пікірлерін негізге ала отырып сөз еткелі отырмыз.    Саяси-әлеуметтік термин негізінде пайда болған антропонимдердің бірі – Турбей немесе Төрбей. Бұл есімнің төркіні туралы білдірген пікірлерді Н.Баскаков былай береді: 1) торпи-дорби пила; перен. человек не решительный, медлительный (ЛБ,1,554);

2) төр почетное место, передний угол юрты, дома (ЛБ,1,387) + бий господин;

3) турпей – название племени [1, 75 б.].

Батылсыз, ынжық, баяу қимылдайтын адамды ағаш аралайтын араға теңеп «төрпи» аталған араның атауымен атау мүмкін емес. Төребей есімінің төркінін, «төрпи» атты ара атауынан шығару – ақылға қонбайтын оғаш пікір. Ал «үйдің ішкі, ең жоғарғы жағы – құрметті орын» мағыналарын білдіретін «төр» сөзіне «мырза» мағынасын білдіретін «би» сөзін қосарлап айтудан Турбей есімі пайда болған деп келетін Будаговтың екінші этимологиясы шындыққа жақын келеді.

Көне түркі тілінде «тәртіп орнату, реттеу» мағынасын білдірген төрушек//төру етістігі, ертеректе бір елдің құрамындағы тайпалардың, рулардың және жеке кісілердің қарым-қатынастарын реттеп отыратын «заң, қағида» ретінде қолданылған төру сөзі осы мағынада қазіргі кезде де кейбір тілдерде қолданылып жүр: түрікше төр – әдет, ырым; моңғолша төр – құрылыс, мемлекет, өкім, билік, басқару, заң деген сөз. Осындай мағынадағы төру сөзімен ру-тайпаның басшысын, яғни қоғамдағы немесе қауымдағы істің бәрін ретке келтіріп және басқарып тұрған адамды төре деп, ал оның отыратын орнын төр деп атап кеткен [2, 188 б.]. Осы себепті, төру –төре- төр сөзінің жоғарыда аталып өтілген алғашқы мағынасынан бөтен кейінгі «үйдің ішкі ең жоғарғы жағы» деген екінші мағынасы пайда болған.

Көне түркі тілінде «пайымды, түйсікті, алғыр» мағыналарын білдіретін «тетіг»сөзі болған [3, 556 б.]. Тетня-Тетий есімінің төркінін, А.Зайончковский, осы тетіг сөзінен шығарған. Бұл есімнің төркініне қатысты Л. Будагов сөздігінде «одан кейінгі, келесі» мағынасын білдіретін тете – тетә және «одан кейін туылған іні» мағынасын білдіретін тети инә сөздері бар болса, ал «Көне түркі сөздігігінде» қырсығу, қарсылық білдіру, қарсы шығу мағынасын білдіретін тет және қарсы тұру, шыдас беру мағыналарын білдіретін тетим-тетин сөздері бар [3, 556 б.].

Тетня-Тетий есімінің төркіні туралы А.Зайончковский ұсынған этимологияның дұрыс не болмаса дұрыс еместігін тексеріп көрейік. Тетелердің барлығы ақылды, алғыр болғандығы туралы дәлелдеген аксиома жоқ. Тете балалардың немесе адамдардың арасы бір жас ғана болғандықтан ағасының айтқанына көне бермей қырсығып, қарсы шығып, кейбір мәселелер бойынша ағасымен келіспей, оған қарсы тұратындығы, қарсылық білдіретіндігі өмірден белгілі. Өмірден белгілі осы аксиомаға сүйене отырып, түркілер аралары бір жас қана болғандықтан кішісі, ағасының айтқанына көне бермейтін, қарсы болатын ағалы – інілі тете адамдарды, «қырсығу, қарсылық білдіру, қарсы шығу» мағыналарын білдіретін сөзімен «тете» деп атай бастаған дейтін пікір білдіре аламыз. Түркілердің «тет» етістігін тете деп айтуына байланысты ағалы-інілі адамдардың аралары бір жас қана екендігін білдіретін «тете» атауы пайда болған. Тетня-Тетий есімінің төркініне жасаған талдаудан көрініп тұрғанындай, бұл есімнің төркіні көне түркі тілінде болған «тет» етістігі. Орта ғасыр қыпшақтарында болған Тете есімінің негізінде қазақ халқында Тетебай дейтін антропоним пайда болған.

Половецтердің Шарукан есімінің төркіні туралы К. Менгес пен Н. Баскаковтың пікірлері төмендегідей: «КМ < сариган~саркани венг. Дракон < булг. шараган в тюркских языках соответствует сазаган;

< Шорахан имя собственное, мужское в кипчакском языке и в кипчакском героическом эпосе (НБ,1)» [1, 77 б.].

Қыпшақ тілдерінде Шорахан есімі кездескенімен, бірақ қыпшақтардың батырлық эпосы «Қобыланды батыр» жырында бұл антропоним жоқ, бұл бір. Екінші, Шорахан есімінің құрамындағы шора атауының мағынасы – ел билеген төре, бек, ақ сүйек екндігі белгілі. Ал тарихшы С. Ақынжанов Шарукан есімінің төркіні венгр тіліндегі «айдаһар» мағынасын білдіретін саркан сөзінен шығаратын К. Менгестің, венгрлік  sarkan атауын, түркі тілдерінде «айдаһар, жылан» мағынасын білдіретін sazayan сөзімен шендестіретін Поппенің пікірлеріне және орыс жылнамалырына тіркелген, Дон өзені алабында орта ғасырларда болған Шарукан ойконимінің Чешуев, Гайдарый, Змиев дейтін нұсқаларының мағынасы – айдаһар, жылан екендігіне сүйене отырып, Шарукан антропонимінің мағынасын адаһар деп береді [4, 140-141 бб.]. Шорахан есімінің құрамындағы шора атауының мағынасы – бек, ақсүйек, ал Шарукан есімінің мағынасы айдаһар – жылан болса, онда бұл есімнің төркінін Шорахан антропонимінен шығаратын Н. Баскаковтың пікірімен келісе алмаймыз.

Біздің пікірімізше, Шарукан еісімінің төркіні венгр тіліндегі sarkan сөзі емес, керісінше, бұл сөздің төркіні половецтердің Шарукан есімі. Осы пікірді дәлелдейтін аргумент ретінде түркі тілдерінде «айдаһар, жылан» мағынасын білдіретін сарқан және сазаған сөздерінің жоқ екендігін келтіреміз. «Көне түркі сөздігі» мен М. Қашқаридің «Түрік сөздігінде» жоғарыдағыдай мағынаны білдіретін аталмыш сөздер жоқ. Поппе келтірген түрік, қырым, куман тілдерінде «айдаһар, жылан» мағынасын білдіретін sazayan сөзі, куман-половецтер өмір сүрген ерте орта ғасырлада емес, кейінгі орта ғасырлардағы Балқан түбегінде пайда болса керек. Себебі, кумандар ерте орта ғасырларда венгрлер мен Балқан түбегіндегі халықтардың арасына сіңіссе, ал түріктер ХІ ғ. Кіші Азияны жаулап алғаннан кейін Балқан түбегіне шапқыншылық жасап, ондағы халықтармен тілдік қарым-қатынасқа түскен. Балқан түбегіндегі кумандар тілінде пайда болған sazayan сөзі орта ғасырларда түріктерге, ал олардан қырым татарларының тіліне аусқан. Осыдан барып аталмыш тілдерде ХІІ ғасырдың соңғы ширегі мен одан кейінгі ғасырларда «айдаһар, жылан» мағынасын білдіретін sazayan сөзі пайда болған. Осы пікірге дәлел венгр тіліндегі sarkan сөзінің тарих анналына алғаш рет 1193 ж. тіркеліп, ал Шарукан есімді ханның Дон өзені бойында 1068 бен 1107 жылдар аралығында өмір сүргендігі белгілі [4, 138-140 бб.]. Куман, түрік, қырым татарларының тілдерінен басқа түркі тілдерінде «саркан»  және «сазаган» сөздері жоқ, венгр тіліндегі sarkan сөзі, тарих беттеріне алғаш рет 1990 ж. тіркеліп, ал Шарукан есімді хан  1068-1107 жылдар аралығында, яғни Шарукан есімді адам, sarkan сөзі жазба ескерткішке тіркелуден бір ғасыр бұрын өмір сүрген, сондықтан Шарукан есімінің төркіні венгр тіліндегі «саркан» сөзі емес, керісінше, бұл сөздің төркіні половецтердің Шарукан анотропонимі.

С. А. Плетнева, И.Г. Добродомов, С. Ақынжановтардың зерттеулерінен белгілі болғанындай, тарихи әдебиеттерде «Дон половецтері» аталған қыпшақтарды, сары-жирен шашты половец қыпшақтар мен қара шашты, жылан-айдаһар тотемді қимақтар құраған. Зерттеу жұмысымыздың барысында атап өткеніміздей, В. А. Туголоков пен С. Ақынжановтардың пікірінше,  қимақ-кимектер жартылай моңғол, жартылай түркі тілді аралас тілде сөйлеген. Аралас тілде сөйлеген қимақтар Моңғолиядан қазіргі Қазақстандағы түркі тілді ортаға ауып келгеннен кейін таза түркі тілінде сөйлейтін половец немесе сары қыпшақтардың тілін үйрене отырып, осы тілде сөйлеп, қыпшақ атала бастаған. Половец қыпшақ тілінде сөйлеп, қыпшақ атала бастаған қимақтар половецтерден шыққан  ханды да өздерінің ханы ретінде мойындап, оған бағынатын болған. Қимақтар мойындаған половец қыпшақтан шыққан хан сары-жирен шашты болғандықтан, оны қара шашты қимақтар Сары хан деп атаған. Ал Сары хан аталған хан тек половецтердің атынан ғана емес, сондай-ақ қимақтардың да атынан сөйлегендіктен, яғни жылан-айдаһар тотемді қимақтарды бейнелегендіктен оның Сарыхан атауы жылан-айдаһар мағынасына ие болған. Осыдан барып ХІ ғ. екінші жартысынлдағы «Дон половецтері» ханының Сары хан дейтін лақап атауының венгр, куман, түрік, қырым татарлары тілдеріндегі «айдаһар, жылан» мағынасын білдіретін sarkan және sazayan  нұсқаулары пайда болған. «Айдаһар, жылан» мағынасындағы sarkan және sazayan  сөздері, ХІ ғ. «Дон половецтері» ханының «Сары хан» дейтін лақап атауының кейін пайда болған фонетикалық және этимологиялық нұсқалары, половецтердің орыс жылнамасындағы Шарукан есімінің төркіні, Дон бойындағы половецтер ханының антропологиялық ерекшелігіне, яғни  шашының сары-жирен түсті болуына байланысты пайда болған «Сары хан» дейтін лақап атауы. Шарукан есімінің төркіні, половецтер ханының антропологиялық ерекшелігіне байланысты пайда болған «Сары хан» дейтін лақап атау, ал sarkan және sazayan  сөздері, осы лақап атаудың фонетикалық және этимологиялық нұсқалары болғандықтан, половецтердің бұл ханы лақап атауының «сары хан»  және «айдаһар, жылан»  дейтін екі мағынасы болған. Бұл лақап атаудың «айдаһар, жылан» мағынасы, венгр тіліндегі sarkan нұсқасында тарих анналына тіркеліп, ал sazayan нұсқасы жоғарыда аталған тілдерде сақталып, бізге жеткендіктен К. Менгес пен Поппе және С. Ақынжанов, Шарукан анторопонимі мен sarkan сөзінің төркіні мен мағынасы бір деп ойлайды. Олар Шарукан есімінің «сары хан» дейтін және бір төркіні мен мағынасының бар екендігін білмеген. Шарукан есімінің төркініне жасалған тарихи-этимологиялық талдау олардың бұл пікірінің оншалықты дұрыс емес, яғни жартылай ғана дұрыс екендігін дәлелдеп берді. Половец ханының Сары хан лақап атауы көне орыс тілінің ерекшелігіне сәйкес Шарукан болып айтылып орыс жылнамаларынан көрініс тапса, ал бұл лақап атаудың «саркан» нұсқасы венгр тілінде тарих анналына тіркелген.

Орта ғасыр қыпшақтарында болған Сары хан лақап атауының негізінде кейінгі түркілерде, соның ішінде қазақтарда Сарқан және Шарқан дейтін антропоним дердүниеге келген.                                                                                                                                     Пайдаланылған әдебиеттер                                                                                       1. Баскаков Н.А. Имена половцев и названия половецских племен в русских      летописях. Тюркская ономастика. – Алма-Ата: Наука, 1984. – С.59-76.                                                                                                                                                    2. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1966. – 93 б.                                                                                                                           3. Древнетюркский словарь. – Л.: Наука, 1969. – С.469.                                     4. Ахинжанов С.М. Кыпчаки в истории средневекового Казахстана. – Алматы: Ғылым, 1995. – С.187.