Баянбаева Ж.А.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университетінің аға оқытушысы, Қазақстан

 

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ӨЗГЕ ТІЛДЕРГЕ АУДАРЫЛУ МӘСЕЛЕСІ

 

Мәдени мұра бағдарламасы аясында Қазақ әдебиетінің көрнекті туындыларын өзге тілдерге аудару, сондай-ақ әлемге танылған шетел қаламгерлерінің, ойшылдарының шығармаларын қазақша кітап етіп жүйелі түрде шығару мәселелері кеңінен қозғалды /1/.

Аударма мен әдебиет мәселелері байланысты болып келетіні анық. Аударма – бір тілде айтылған не жазылған мәтіннің екінші тіл арқылы жеткізілуі, әдебиеттің кең арналы салаларының бірі. Аударманың пайда болуын тіл шығуымен байланыстырады. Қарым-қатынастың құралы ретінде әр тіл пайда болғанда, бір ұлт өкілі басқа бір ұлт өкілімен түсінісу қажеттілігінен аударма пайда болған. Аударманың бізге белгілі бірнеше түрі бар: ауызша аударылып айтылатын сөздер, баяндамада айтылатын сөздер, өзге елдерден келген ресми өкілдердің, елшілердің пікір алысуына көмктесетін аударма; кейбір ресми құжаттар, ғылыми және көркем шығармалар жазбаша аударылады. Түпнұсқаның түріне қарай аударманың қолданылатын бірнеше амал-тәсілдері болады. Атап айтсақ, ресми құжаттарды аударғанда, туындыны бұлжытпай толық жеткізу көзделсе, ғылыми және техникалық шығармаларды аударғанда, белгілі мәселеге қатысты терминология ұғымын дұрыс беру көзделеді. Ал көркем шығармаларды аударудың негізгі мақсаты – түпнұсқаның көркемдік-эстетикалық әсерін беру. Аударманың қай түріне болсын келесідей талап қойылады – аударылатын мәтіннің өзіне тән стильдік, көркемдік ерекшелігін толық сақтай отырып, түпнұсқаның мазмұнын, түрін өзгертпей жеткізу. Қазіргі кезде аударманың тағы бір түрі пайда болды, ол арнайы жасалған бағдарлама арқылы кибернетикалық әдіспен компьютерлік сөзбе-сөз аударма.

Қарап отырсақ аударма көптеген салада қолданылады. Соның ішінде әлем халықтарының мәдени және рухани қазыналарын бір-біріне таныстыруда олардың өзара қарым-қатынастарын ұлғайтуда аударма нағыз дәнекер болып тұр. Көркем аударма -  әдеби шығарманың бір тілден екінші тілге аударылған, басқа тілдегі түпнұсқаның негізінде жазылған көркем туынды. Шығарма елінде белгілі саналатын сюжетті пайдалана отырып жазылған шығармалар аз емес. Оларды дәл бүгінгі дәуірде қалыптасатын мағынасында аударма деуге де болмайды. Ондай шығармалар кейде еркін аударма деп саналғанымен, төлтұма шығарма сипатына енген. Нағыз аударма тұпнұсқаға сәйкес болуы шарт. Әрине, әдеби шығарманың мәтінін сөзбе-сөз аудару мүмкін бола бермейді. Әсіресе, поэзиялық шығарманың аудармасында кей еркіндіктер бола қоймайды. Өйткені бір тілдегі сөз қолданысының тәсілі, сол  түпнұсқадағы қалпында басқа тілге аударылмайды. Аударма түпнұсқаға мағынасы қаншама жақын келетініне орай, дәлме-дәл аударма, еркін аударма, сәйкес аударма деп ажыратылады. Көркем аудармада әдеби шығарма сөзбе-сөз емес, сөздің мағынасын, көркемдік күшін, образдық әсерін толық жеткізу мақсат етіледі. Аударма жасаушы кем дегенде екі тілді білуі керек. Онсыз аударма сапалы болып шықпайды, тілдің ұлттық сипаты, өзіндік қасиеті сақталмайды. Аудармада сөз қолдану, ойдың мағынасын толық жеткізу, көркемдігін жоғалтпау, мазмұнын төмендетпеу сияқты талаптар толық сақталуы қажет.

Қазіргі таңда еліміздің мәдени өміріндегі табыстарының бірі ретінде аударма әдебиетінің жандануын мақтанышпен атауға болады. Әлем тілдеріндегі классикалық шығармаларды ана тілімізге аудару қашанда өз маңызын жойған емес. Қай халықтың болмасын, шоқтығы биік, терең мағыналы шығармаларын аудару бүгінгі кездегі игілікті істердің бірі. Өйткені аударма көркем әдебиеттің егіз туған сыңары, бұлар екі ел сөз өнерінің рухани қазынасына айналады. Көркем аударма Ежелгі Римнен бастау алады. Сол дәуірде аударманың түпнұсқа алдындағы адалдығы туралы аса маңызды мәселе туралы Цицерон «аудару кезінде сөзді санамау керек, сөзді салмақтау қажет», - деген екен /2/.

Ал қазақ топырағында аударма ісінің тарихы XVIII-XIX ғғ. шығыстық көркем шығармаларды аударудан басталған деседі.

Ұлттық әдебиет сол халықтың тарихымен, оның барлық даму сатыларымен және басқа халықтар әдебиетімен  байланысты болады. Осы қарым-қатынаста аударма ерекше роль атқарады. Сонымен қатар, аудармашының шығармашылық жолында дүниетанымдық қорының баға жетпес көзі ретінде белсенділік танытады /3/.

Белгілі өнер шеберлері аударманың жазушы шағармашылығы, сол секілді ұлттық төл әдебиеттің өркендеуі үшін қаншалықты маңызды екені жайында салмақты сын-пікірлер қолданған. Мысалы, М.Әуезовтің шығармашылығына аударма ісінің тигізген ықпалы көп екендігін М.Қаратаев атап өткен. Өйткені аударма үлкен ізденістің нәтижесі.

Аударма ісі қазіргі өмірімізде де молынан қолданылады. Орыс классиктері мен бүкіл дүниежүзілік классиктерінің шығармалары қазақ тіліне көп уақыттан бері аударылып келеді. Бір ұлттың екінші ұлтпен қарым-қатынас жасауы, танысуы өз елінің ой-санасын өркендетудің негізі болып табылатын аударма ісіне көптеген ғалымдар көңіл бөлген.

«Жақсы шығарма – екінші тілге аударылуы арқылы өзге әдеби ортада жаңаша өмір сүре бастайды» деген пікір бар. Әрине жақсы шығарма шебер аудармашы қолына түссе ғана. Ал жақсы аудармашы деңгейіне жету – көп ізденісті, білім мен еңбекті талап етедіндігі анық.

 

Пайдаланылған әдебиеттер.

1. ЖОО қажетті оқулықтар мен алуан саладағы әдебиеттерді қазақшаға аударып, кітап етіп шығару. – 28.11.03.

2. Левый И.Искусство перевода. – М., 1974.

3. Федоров А. Искусство перевода и жизнь литературы – Л., 1983.