Тулегенова Шынар Исланбекқызы

аға оқытушы, филология магистрі

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақстан, Қостанай қ.

 

ЖАҢЫЛТПАШТЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ

 

Қазақ халқының ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті жанрларының бірі — жаңылтпаштар. Жаңылтпаш  адамды өнерге, ойын дамытуға, тілін жаттықтыруға үйрететін этнопедогогикалық  туынды болып есептеледі.  Жаңылтпаш - баланың ойлау қабілетін дамытуда, тілін ширатуда, дүниетанымын дамытуда маңызы зор. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ойы қиялы дамиды, тәлім-тәрбие алады.

Қай халықта болсын жаңылтпаш    сөйлеу   аппатаратына  күрделендіріліп берілетін синтаксистік жағынан дұрыс құрылған фраза болып  есептеледі.  Мағыналық жағынан әр түрлі болғаныман дыбысталуы жағынан жақын сөздерден, фонемалардан түзіле отырып, жаңылтпаш белгілі бір ырғақ пен  әуезге негізделеді. Жаңылтпашта  ырғақтың, аллетерациялық, тәсілдің болуы заңды құбылыс. Қазақ тіліндегі жаңылтпаш жанры туралы   аз-кем айтылып қалатыны болмаса,   осы уақытқа дейін аталған жанрдың құрылысы мен жасалу жолдары, тәсілдері туралы әлі зерттелмей келеді.

Жаңылтпаштардың шумағы құрылысына қарай қос тармақты, үш тармақты, төрт тармақты және көп тармақты болып келетіндігі белгілі.

Жаңылтпақтың шумағының ең кішісі – екі тармақтан тұрады. Тармақтың толымдысы, толымсызы болады.

         Ян-ян-ян
                  Жүгіріп жүр қоян.

Немесе:

Іске іскер,

Істі

Іскер істер.

Толымсыз шумақтар жаңылтпашта және ауыз әдебиетінің кейбір ұсақ жанрларында ғана кездеседі. Қос тармақты жаңылтпаш шумақтарының кәсібі толымды болып келеді:

         Ықылас пен Ыбырай

         Ыдыстарын тасымай,

         Ырыскүлден үлгі алмай,

         Ынтасыз жүр тілді алмай.

Немесе:

                     Қызыл сиялы қалам сенде,

                     Көк сиялы қалам менде.

                     Қызыл сиялы ол алты теңге,

                     Көк сиялысы ол жарты теңге.

Жаңылтпаш шумақтарында тармақтардың үнемі ұйқасып келуі шарт емес, теңдес мағыналы дербес жаңылтпаштар бірыңғай буын-бунақта тұрып-ақ үш тармақты шумақ құрай алады.

Бір қыз кесте тікті,

Кестесін түсте тікті,

Кеште тікті.

Жаңылтпаштың тармақ саны мен тармақтағы буын саны неғұрлым шағын болса, шумақ соғұрлым жинақы да ширақ естіледі.

Жаңылтпаш құрылысында қайталаулар еркекше орын алады. Олар үш түрлі болып келеді. Дыбыс қайталау, буын қайталау және сөз қайталау. Дыбыс қайталау мен буын қайталау, әдетте жаңылтпаштардың үндестігін арттырып, көркейту қызметін атқарады және көбінесе қайталаудың бұл екі түрі жарыса қатар жүреді. Мысалы:

Класта ақ бор бар,

Көк бор бар,

Көп бор бар.

Немесе:

Тайлақ базардан

Қармақ алмақ,

Көлге бармақ,

Қармақ салмақ.

Жаңылтпаштар құрылысында сөз қайталаудың да мәні зор. Сөздер көбіне тармақтардың аяғында қайталайды және ойды жалғастыру, бір шумақта тұрған тармақтарды бір-бірімен байланыстыру қызметтерін атқарады.

            Тау басында тарымды жедім,

            Жар басында жармамды жедім.

            Сайға түскен соң

            Сонан қалғанды жедім.

Немесе:

                        Құлынтай шығады,

                        Тай-құнан шығады.

                        Кейде тай

                        Құнанға сай шығады!

Қайталау бірде ой мен тармақтар арасын байланыстыру үшін қолданылса, бірде толымсыз буындарды толықтырып, ұйқасты күшейту қызметін атқарады.

Киген тоны –

Оңды тон,

Өңді тон.

Сөйтіп дыбыс, буын және сөз қайталау жаңылтпаш жасаудың және оның мағынасын, байланысын тіпті ұйқасын күшейтудің бір тәсілі болып табылады.

Ал, екі тармақты жаңылтпаш шумақтары үнемі ұйқасқа құрылмайды, бірыңғай буын-бунақта, бір ырғақта тұрып-ақ ұйқассыз құрай алады.

Малға қорек керек,

Оған жарма, кебек те керек.

Өлең сөзді жаңылтпаштардың көпшілігі осындай екі тармақты шумақтан жасалады. Бұған қарағанды үш тармақты шумақтар әлдеқайда сирек кездеседі.

Көпке бекер өкпелеме,

Өкпе етпе,

Тектен-текке өкпелеме. 

Төрт тармақты жаңылтпаш шумақтарында шұбыртпалы және аралас ұйқастар да ұшырасады, бірақ ондай ұйқастар төрт тармақтардан көрі үш  тармақты, әсіресе көп тармақты шумақтарға тән.

Көп тармақты жаңылтпаш шумағының ұйқасы, әдетте, айнымалы келеді. Бірінде шұбыртпалы ұйқастың, екіншісінде шалыс ұйқастың өлшемі басым болады.

Шуақтаған ботамды,

Шуға апарып шудаладым.

Шудалаған шудасын

Суға салдым,

Судан алдым,

Суға малдым.

Жаңылтпаштың бала тілін жаттықтыруға байланысты қызметі – оның  басты міндеті. Бұл орайда, жаңылтпаштың тілге ауыр оралатын дыбыстардан құралатынын ерекше ескерген жөн. Әсіресе:

Ара, ара аралар,

Орманның бойын аралар.

Гүлдерден сорып бал алар,

Алысқа ұшып бара алар,

Бал тәтті ғой балалар!-деп келетін

«Р, С, Ш» дыбысына жаттығуға арналған жаңылтпаштар өте көп.

Райхан, раушан реңділес

Реңдестерім ренжіспес.

Раушанның райханы,

Райханның раушаны,

Рахатта реңсізденбе.

Немесе:

Сылдырмақ сылдырлады,

Сәби былдырлады.

Сылдырмақ сылдырласа,

Сәби былдырлай ма?

Сылдырмақты сындырмай ма?

Немесе:

 

Шешендер шебер,

Шынайы шенер.

Шенелген шіркін,

Шөмиіп шөгер.

Жаңылтпаш сөздер мен дыбыстарды қиындата қайталау, айтқанда тіл мүдіретін сөйлемнің бөлігін шапшаң, жиі қайталау арқылы тіл ширатуға лайықтап құрылады.

Мысалы:

Ай, Тайқарбай, Тайқарбай

Қойыңды мақараға жай Тайқарбай,

Тайқарбай Майқарбайлар толып жатыр,

Ай, Тайқарбай дегенің қай Тайқарбай.

Өлең жаңылтпаштардың ырғақтамасы әрқилы, төрт буындысы да бес буындысы да, аралас буындылары да кездеседі. Неғұрлым қысқа буынды болса, соғұрлым жаңылтпаш балалардың жаттап айтуына ыңғайлы, оңтайлы.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 

  1. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1 том,1948 ж., 23-бет
  2. Қ. Жұмалиев. Қазақ әдебиеті, 1949 ж.
  3. М. Әуезов пен Е. Ысайыловтың Қазақ ССР тарихына жазған XVIтарауы, 1957 ж.
  4. Қ. Жұмалиев. Қазақ әдебиеті. 1949 ж.,143-бет.
  5. Ы. Алтынсарин. Киргизская хрестоматия. Оренбург,1879.

 

 

РЕЗЮМЕ

 

Статья посвящена рассмотрению путей и способов создания скороговорок. Также в ней речь идет о роли рифмы, интонации, слога, ударения в скороговорках.