Жазба  жұмыстарын  орындатуда  тіл ұстартудың

шығармашылық  түрлерінен  пайдалану

                        Шолпан  Бөлекбаева

Өзбекстан, Науайы  облысы,

Тамды  ауданы, 10-мектептің

  қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы,

«Достық»  орденінің  иегері, 

«Халық  ағарту  ісінің үздігі»

 

«Кеше  ойлап тапсаң, бүгін  жетілдір,  ертең  іске  қос»  дегендей,  білім берудің  қай түрі,  қай  сатысы  болмасын, жаңаша  пікірлеп,  жаңаша  істеу –бүгінгі күннің  өзекті  мәселесі  болып  отыр.

Қоғамдық  өмірдің  әр саласында әр күні әр түрлі  жаңалықтардың  куәсі  болудамыз. Әсіресе, өсер ұрпақты тәрбиелеуде  заманауи  ағымға  жаңаша  үн  қосу – ұстаз қауымының алдына қойылып отырған  дәуір  талабы. Осы талаптарға сәйкес Өзбекстандағы қазақ мектептерінің ұстаздары да атажұртқа көші-қон белең алып жатқан бүгінгі күннің өзінде: «Жалғыз  қазақ  қалса  да,  ана  тілі  үшін  күресеміз»  – деген  ұранды  ту  етіп,  бар  күш-жігерлерімен  атсалысуда.

Мемлекеттік білім стандарты негізінде ана тілі мен әдебиетінен  алынатын бақылау жұмыстарының  басым  бөлігі шығарма, шығармашылық  мазмұндама жаздыру арқылы оқушылардың дербес те еркін пайымдауына бағытталған. Оқулықтардағы оқу материалдары мен тапсырмалар да оқушыларды еркін пікірлеуге үндеуді, өздерінің жеке шығармашылық пікірлерінен  ауызша да, жазба түрде де дұрыс, айқын  да айшықты, көркем пайдалана алуға үйретуді мақсат етеді.  Әдетте, мәтін  құрастырудың,  оқулықта  берілген  мәтіндермен  жұмыс істеудің  төмендегі  түрлері  әдістеме  тәжірибесінде  кең  қолданылып  келеді:

1.       Жаттығуларда берілген білім және қалыптастырылған  дағдыларды  тәжірибе жүзінде  қолдана отырып мәтін  құрау;

2.       Берілген тақырып негізінде шығармашылық мазмұндама жазу;

3.       Мәтіннің ең көлемді түрі – шығарма жазу (ғылыми, ғылыми-көркем, көркем-шығармашылық, бейнелеу  және  еркін  тақырыптағы шығармалар)

Оқушы  мұндай  шығармашылық  жұмыстарды жазуда  көркем әдебиет стилі, ғылыми, ресми  немесе публицистикалық стильдерден бірін еркін  таңдау  мүмкіндігіне  ие болады.  

Шығармашылық жұмыс ең алдымен тақырып таңдаудан басталады. Ауыл тақырыбында  шығарма жаздыру  мақсатында «Сен өз  шығармаңды  қалай атар едің?» деген сауалнамалық сұраққа оқушылардың көбі «Қызылқұмда  ауылым»,  «Гүлденсе  ауыл,  гүлденеміз  бәріміз» сияқты тартымды тақырып  үлгілерін  ұсынды. Сұхбат  барысында бізде мынадай  идея пайда болды. Әдетте, оқушылар шығарма жұмыстарын  бірыңғай  көсемсөз стилінде, мақала үлгісінде жазуға дағдыланған. Неге  енді  шығарма  жұмыстарының жанрын да жаңартпасқа?..  Айталық, тебіреністер мен  толғаныстарға  толы  ХАТ  немесе  КҮНДЕЛІК  үлгісі.  Өйткені  9-сыныпта  қазақ тілінен Тіл  ұстарту  бөлімінде  «Шығармашылықтың  кейбір  түрлері»[1]  атты тақырыпты өткенде, оқушыларға хат, күнделік жазу үлгілері  үйретіледі.  Әңгіме  сол  хат,  я  күнделікті  қалай  шығармаға  айналдыруда.

Ол  үшін  8 сыныпта  «Оқшау  сөздер»[2]  тақырыбын өткенде жаттығу  жұмыстарында берілген «Менің  қадірменді достарым», «Құрметті  ардагерлер»,  «Зағипа  апай» атты  тірек  сөздерден пайдаланып:

 1-топқа  «Менің  қадірменді  достарым»  тіркесін қаратпа  сөз   етіп,  шақыру хат  жазу;

2-топқа  «Құрметті  ардагерлер»  тіркесін  қаратпа  сөз  етіп,  құттықтау хат  жазу;

3-топқа  «Зағипа  апай»  тіркесін  қаратпа  сөз  етіп,  ұстазға  хат жазу  сияқты тапсырмаларды беріп, практикада сынап көрдім. Оқушылар  тапсырманы орындауға өте қызығушылықпен кірісті.  Өйткені, олар  әдебиет үйірмелерінде  алған  дәрістері  бойынша Бауыржан  Момышұлының  келіні  Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабының бір кездері оның жазып  жүрген күнделігі екенін жақсы біледі. Сондай-ақ, 5 сынып әдебиеті  сабағында өтілген Даниель Дефоның  «Робинзон  Крузо»[3]  шығармасындағы  Робинзонның күнделігін, 7 сынып әдебиеті оқулығында берілген  Баубек  Бұлқышевтің  «Шығыс  ұлына  хат!»[4]  публицистикалық  шығармаларын  үлгі ретінде естеріне  салдым. Бұл әдіс сыныптан-сыныпқа тез таралып, ең  бастысы, оқушыларды елең еткізе алды. Қызу сұхбаттан соң, көріп  тұрғаныңыздай,  Н Ә Т И Ж Е !

Оқушылардың  кейбірі  өзінің жан досы  күнделігіне  туған  аулы  жайлы  нәзік  толғаныстарын  бұқаралық  ақпарат  материалдарымен,  олимпиада  әсерлерімен тартымды  ұштастыра  жеткізген  болса,   9 сынып  оқушысы  Есеттің  шығармасындағы  қаладағы  досына  жазған   хатында  ән  өнері  де, бейнелеу  өнері  де,  поэзия  өнері  де  шебер  үндестіріліп,  жоспарға  сай  жазылған.  Шығарма  төмендегіше  жоспарланған:

                          Қызылқұмда  ауылым

1.Кіріспе

а)  Ауылдағы  жаңалықтар

2. Негізгі  бөлім

а) Құлымбет –кіндік  қаным тамған  жерім  

ә) Туған  жерін  жырламаған  жоқ  ақын       

б)  Туған  жерге  туың  тік

3. Қорытынды      

а) «Елім деп, жұртым деп  күйіп-жанып  жасау  керек»

Осы  жоспар  негінде:    «Сәлеметсің  бе  досым  Мағжан? Қалың  қалай? Әр хатыңда: Ауылда  не  жаңалық? – деп  сұрайсың. Саған  жаңалық  ретінде нені айтарымды білмей жүруші едім. Міне, бүгін Елбасымыз  теледидардан биылғы жылды  «Ауыл  жылы» деп  жариялап  отыр,- деп  бастайды Есет хатын. Әрі қарай бұл бастамаға  өзінің  көзқарасын,  Елбасына  ризашылығын және  бұл жылдан  ауыл  өркениеті  бойынша  күтер  үміттерін  тебірене  жазады.

Ал  негізгі  бөлімде  ауылдан  қалаға  келіп  оқып  жүрген, санасын  әлі де ауыл  жеңіп  тұратын  досының    қатар  өскен  достарын , ауыл  жайлы  өздері  шығарған  қарлығаш  қанат  жыр  шумақтарын,  әдебиет  сабағында  жаттаған  қазақ  ақындарының    ауыл  тақырыбындағы  өлеңдерін   еске  ала  отырып  шерткен  сыршыл  сұхбаттарын  келтіреді:  «..Бүгін  сенің  хатыңмен  бірге  сызған  суретіңді  де  алдым.  Ауылдың  жусаны,  шырпысы, сексеуілі,  қоянсүйегі,  толқын  бейнелі  қызыл  құмдары,  өріске бет алған  малдар –ешбірі  сенің  сыршыл  қиялыңнан  тыста  қалмапты. Мынау  сенің  көкеңнің  шөп  таситын машинасы  ғой, ал мынау  малын  өріске  айдап  бара  жатқан  кәдімгі  өзіміздің  Ерсұлтан шығар,  ал мынау  тай – сөз  жоқ,  сенің  «Қызыл  жебең». Әр  хатыңда  құызыл  тайым  келіп-кетіп  тұр ма? –деп  сұрайсың. Екеумізді  талай жыққан  тайың  бүгін  жалы  таралып,  тұлпар  сынын  құрып  қалған. Тұрардың  атына  еліктеп,  сенің  тайыңа  «Қызыл  жебе»  деп  ат  қойып  едік  қой.  Қысқасы,  сенің  бұл  суретің  жансыз  табиғатқа жан  бергендей, ауылға  деген  ыстық  сағынышыңның  айқын  айғағындай.  Өйткені,тай-құлындай  тебісіп,  асық  ойнап  алаысып,  асыр  салып  өскен  Жерұйығымыз – Құлымбет  бұл! Жас  суретші  көзімен  мен  бұл суретіңе  «Қызылқұмда  ауылым»  деп  ат  қойдым.., – деп  толғана  сыр  шертеді  оқушы  шығармада.

 Шығарма  жаздырудың бұл  әдісі  тіл  жағынан өте  қарапайым  және  оқушыға  еркін  пікірлеуге  мол  мүмкіндік  береді.  Оқушыда  жасандылық  пен жаттандылықтан арылып, пікірді бар болмысымен,  табиғилықпен  жеткізе  білу  дағдысын  қалыптастырады. Тіпті,  төмен  үлгеруші  оқушылар да  бұл  әдіспен  жазба  жұмыс  жазатын  болса, белсенділігі артып, өз  пікірін  еркін  бейнелеуге  әрекет  етеді.

Шығарма  жоспарда  көрсетілгендей:

«..Көп жазып  жібердім-ау, әйтеуір  ауыл өркениетін, халық қамын ойлайтын, елім деп  еңіреп, күйіп-жанып жасайтын  аға  буын  аман болса екен   деп хатымды  аяқтаймын. Құлымбетте дидар  көріскенше , сау аман болғайсың. Сағынышпен  досың  Есет», деп байсалды қорытындыланған.

Мұндай  тәсілмен  жазған шығармасы  арқылы екі  оқушы  бірден  қазақ  тілі мен әдебиетінен пән олимпиадасының облыстық сатысының  жеңімпаздары  болды.

Сонымен,  шығарма  жұмыстарын  бірыңғай  бір  сарында   жазғыза  бергеннен,  оның  жанрын  да  түрлендіре  отырып  орындатудың  тиімді  жақтары  мынада:

- барлық  оқушыда  қаламгерлік  қабілет  бірдей  болмағандықтан,  оқушы  шығарма  жазу  әдісін  өзі  таңдау  мүмкіндігіне  ие  болады;

- хат,  күнделік  тәсілдері  тілі  жағынан  қарапайым,  оқушыға  еркін  пікірлеуге   кең  мүмкіндік  ашады;

-  оқушыда туған  тіліміздің  бай  мүмкіндіктерінен  молынан  пайдалана  отырып, өз пікірін тебіреніс,  толғаныстармен  жеткізуге  қызығушылықтары артады.

Әрине,  шығарманы  жоспарлау  және  кейбір  әдістік  жақтарынан  оқушыға  мұғалім  көмегі  қажет  болады.

 



[1] С.Аманжолов т.б. Қазақ тілі  оқулығы. 9-сынып, Т. Өзбекстан,  2006.97-бет

[2] Д.Айтбаев. И.Айменов.  Қазақ тілі оқулығы, 8-сынып,  Т; Өзбекстан,  2006. 111-бет

[3] Қ.Сейданов, т.б. Әдебиет оқулығы  5-сынып, Шарқ,  2005.275-бет

[4]  Қ.Қалдыбаев, т.б.  Әдебиет  оқулығы .-сынып, Шарқ,  2009. 184-бет