Аға  оқытушы Б. К. Дюсалинова

 Е А Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

ҚОҒАМ МЕН ТҰЛҒАНЫ  АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ БАРЫСЫНДАҒЫ ЭТИКАНЫҢ РОЛІ

              Қоғамдық өмірдегі адамгершілік құндылықтарының орны мен ролі туралы мәселе ХХI ғасырда басты орынға шыға бастады. Өйткені осы кезеңде техникалық прогрестің ең ұлы жетістіктері адамның өміріне қаупін төндіріп тұрғандықтан қоғамдағы мәдениет осыған сәйкес дамуы керек деген пікірлер пайда болды.

Осы жағдай қазіргі уақытта қоғамдық өмірдің барлық cалаларында жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану мен енгізу жағдайында одан сайын күрделене түсуде. Осыған сәйкес, қазіргі заманымыздың кейпі, адамзат қарым қатынасының сипаты мен тәсілдері, өндірістік қатынастардың сипаты, тарихи процестің барысы да күрделі өзгеріске ұшырауда.

XXI ғасырдағы ойшылдар көбінесе адамға, адамның өміріне, оның игілігіне, еркіндігіне, қабілеттерінің дамуына, оның шығармашылық күштерінің жүзеге асырылуына, адамның сауатсыздықтан арылуына назар аудара бастады. Осындай мақсаттарға қол жеткізу үшін ғылыми зерттеулер, шындық әлемді эмоционалдық-көркемдік тұрғыдан игеру және білім беру қызметі бар күштерін салуда.

Казіргі замандағы туындап жатқан мәселер көбінесе – қоғамдағы гуманистік адамгершілік құндылықтардың құлдырауына байланысты болып отыр. Бірақ  осымен күресу үшін тек бір ғана әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық реформалардың жеткіліксіз екендігі белгілі. Экономикалық, саяси және әлеуметтік үдерістерді моральдық жағынан асқақтататын жаңа бір көзқарасты қалыптастыру керек. Өйткені кез келген әлеуметтік өзгерістер адам мен қоғамды жетілдіруге және рухани-адамгершілік тұрғыдан жандандыруға қызмет еткенде ғана прогресивтік мағынаға ие болады. Сондықтан да шындыққа қатысты моральға тән сыни бағамдау мен шындықты қанағат тұтпау және оны идеалды тұрғыдан бағалау әлеуметтік тәжірибеге гуманистік мақсаттардың сәйкестігінің қажетті алғышарты болып табылады. Қазіргі заман адамының  моральдың –адамгершілік түсінігін  арттыру өзекті мәселеге айналуда. Өркениеттің зор ауқымды жетістіктерінің алдында адам өзінің әлсіздігін, түкке тұрғысыздығын сезініп, сенімі жоғалып бара жатыр.

Сондықтан адамгершілік пен өнегелілік қасиеттерді жандандыру мен адамды рухани тұрғыдан жетілдіру –ол  прогрессивтік және әлеуметтік өзгерістердің мақсаты мен тәсілі болады.

Әрбір адамды адамгершілік қасиеттерге үйрету керек. Өзінің табиғаты жағынан адамгершілік қасиеттері бір жағынан қарапайым әрі түсінікті сияқты. Бұл, ең алдымен, өмірдің өзіне, өмірдің қуаныштары мен қайғысына, бақыты мен бақытсыздығына құрметпен және қайырымдылық қатынаста болу дегенді білдіреді. Бұл дегеніміз өмірге мағына мен мән беретін, яғни адамгершілік құндылықтары адамның өзінің жақындары үшін қамқорлық танытуынан, отаны мен бүкіл адамзатқа деген зор махаббатынан, табиғатты аялап, мәдениеттің жетістіктерін бағалай білу қасиеттерінен көрініс береді. Бұл еркіндікті және тәуелсіздікті, парыз бен жауапкершілікті, қайырымдылық пен адамгершілікті, жомарттық пен адалдықты, ар намыс пен риясыздықты, достық пен махаббатты білдіреді. Бірақ та көп жағдайларда осындай адамгершілік қасиеттері жалған болып шығып, яғни кейбір адамдар осы таза қасиетті өздерінің пайдасына пайдаланып өзінің зұлымдық іс әрекеттерін жүзеге асыруына қатысты осы мәселенің төңірегінде көптеген пікірталастар туындауда. Сондықтан да саналы адамдардың адамгершілік құндылықтарының шынайы мәнін түсіне білуге ұмтылысы, тек сезімдеріне ғана сүйенбей, сонымен қатар тұрақты өмірлік мақсаттарға қол жеткізу арқылы өмірлік жағдайларға бағытталған  ұмтылыстары түсінікті. Мифтер, аңыздар мен ертегілердегі сияқты халық шығармашылығының ертедегі формаларынан адамның қайрымдылық пен зұлымдығы туралы, оның тағдыры, өмірінің  мәні мен мағынасы туралы түсініктерін байқауға болады. Осы жолда адамзаттың рухани ізденісіне  өнегелі тәжірибелерімен байытылған өнер мен діннің қосқан үлесі өте зор. Бірақ  философиялық ілім ретіндегі этикада ғана адамгершілік қасиеттердің әлемі мен жалпы мораль арнайы пәнге айналды.

Этика- өзінің ұзақ уақыт тарихи жолында қоғам мен тұлғаны адамгершілік мәдениетке тәрбиелеу үшін жалпы мазмұны бай материалды жинақтай білді. Сондықтан да этиканы оқу әрбір адамға қажет, өйткені этикалық білім ,ең алдымен,адамның арнайы кәсіби білімін мен іскерлігін қалыптастырмайды, ол оны тұлға ретінде қалыптастырады. Этиканы оқу барысында тұлға мораль мәселесіне барынша назар аударады, ол тұлғаны жоғарғы рухани құндылықтарға бағытталуына дем беріп, адамның адамгершілік мәдениетін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Этика адамның моральды сана сезімін дамытуға, өзін-өзі жетілдіру үшін оның жеке жауапкершілік сезімін оятуға көмектеседі. Тарихи этикалық тәжірибені зерттеу арқылы адам мен қоғамның өнегелі дамуының тарихи үдерісін зерттей келе, қазіргі заманғы этика адамды басқа нәрсеге үйретеді, яғни адамгершілік мәселелеріне ақыл оймен және саналы түрде қарауға үйретеді. Этикалық білім тұлғаның моральдық санасын ауыстырмайды, оны ол ауыстыра алмайды да, ол оны қалыптастырудың рационалды негізі болмақ, яғни өмірде пайда болған адамгершілік сезімдерін, көңіл күйлерін, интуициялары мен түсініктерін тұрақты моральдық-құндылықты ережелерге айналдыру үшін рационалды негіз болып саналады. Сонымен, этика әр уақытта адамдардың өмірлік маңызды және құндылықты мәселелерін теориялық тұрғыдан түсіндіруге ұмтылды.

    Қазіргі таңда өмірдегі құндылықтардың мәнін ашуға, адамгершілікке тәрбиелеуге әдебиет, дін мен өнер сияқты салалар ат салысуда. Бірақ  шындықты рухани тұрғыдан игеруде осы тәсілдің мазмұнын ашуда жоғарғы жетістіктерге жеткен-философия. Философиялық-этикалық дүниетаным өзінің бүкіл тарихи дамуында зор материалдар жинақтаған болатын, яғни моральдың мәнін ғылыми тұрғыдан зерттеуде үлкен жетістіктерге жетті. Сонымен қатар этика өзінің барлық мазмұнымен моральдың өзін байыту мен дамытуға және этикалық ағартушылық арқылы, этиканы оқу арқылы моральдық құндылықтарды күнделікті өмірге енгізу және оны негіздеуге белсенді ат салысты. Адамгершілік мәселесін зерттеп, моральдың ерекшеліктерін аша отырып, этика рухани мәдениеттің барлық сфераларын гуманистік мазмұнмен байытады, осының негізінде ХХ  ғасырдың ұлы ойшылы А.Швейцер «Мәдениет дегеніміз этика» - деп қорытынды жасайды. [2]

Сонымен, XXI ғасырдағы тапшылығы – адамгершілік тапшылығы, рухтандырушылық және өзара түсінушілік тапшылығы. Мұндай жағдайдың орын алу себебі, өмірдің бір саласында туындаған мәселе сөзсіз басқа салаларда туындайды, яғни осының салдарынан туындаған қиындықтыр мен қарама-қайшылықтар көкейкесті мәселе болып отыр. Бүгінгі таңда адамгершілік пен өнегелік қасиеттерін жандандыру мен адамды рухани тұрғыдан жетілдіру қажеттілігі туралы айтылуда. Қазіргі кезеңде айрықша күрделі мәселенің бірі адамның моральдық түсінігін арттыру. Ал адамның моральдық кейпін қалыптастыратын этика.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Кондрашов В.А. Этика. Ростов-на-Дону. 1999.

2.     Швейцер А. Культура и этика. М. 2001.