ШАЛТЫҚОВ Ә.Е. - саяси ғылымдар докторы, профессор

(г.Алматы, Республика Казахстан)

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҮКІМЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ БАСЫМДЫҚТАРЫ

       Электрондық үкіметтің туындауы ақпараттық қоғамның қажеттілігі ретінде жаңа өмірдің сұранысын қанағаттандыру мақсатында дүниеге келді. Тұрғылықты халықтың сапалы, ашық әрі тиімді мемлекеттік қызметке дегенмұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін бүкіл әлемдегі мемлекеттер өздерінің құрылымдарын  электрондық үкіметке қарай эволюциялық жолмен өткізуде. ХХ1 ақпарат ғасырында Интернет желісі негізгі инфрақұрылым рөлін ойнай бастады. Ол бүгін барша ескі және жаңа экономикалық құрылымдарға айтарлықтай ықпал ете отырып, өнеркәсіп орындары мен қызмет көрсету саласына  шығындарды азайтуға, серіктестермен жаңа деңгейдегі қарым-қатынастар жасауға, жаңа нарықтарға шығуға және қосымша табыс табу көздерін ашуға мүмкіндік береді. Сол сияқты мемлекеттік қызмет те индустриалды кезеңнен ақпараттық дәуірге өту процесінен қалмауы тиіс. Азаматтар мен бизнес секторы бұрынғыдай орталықтандырылған мемлекеттік қызметке қанағаттанбайды, өйткені ол қағазбасты, уақытты көп алады. Азаматтар өздерінің үкіметтерінен мемлекеттік қызметті жақсартуын, тиімділігін арттырудың, бәсекеге қабілеттілігін, ақпараттық дәуірдегі шапшаңдық пен ұтымдылықты күтеді.

     Әлемде электрондық үкімет арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің озық үлгілірі жетерлік. Мысалы, Америка құрылығы елдерінде электрондық үкіметі дамыған әлемдегі  үздік ондыққа кіретін екі  мемлекеттің – АҚШ пен Канаданың тәжірибесін ерекше атауға болады.  Бұл екі елдің электрондық үкіметі қолданысқа енгізу саясаты мемлекеттік органдардың азаматтар мен ұйымдарға ұсынатын қызмет көрсетулер сапасын жақсартуға, мемлекеттік қызметтің шығындары мен атқарылу мерзімін қысқартуға, мемлекетік органдар қызметінің ақпараттық базасына қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.  Олар электрондық үкіметті әкімшілік жүйені жетілдіруді ескере отырып, құрылымы жағынан тиімді әрі оңтайлы мемлекеттік аппарат құрудың тиімді механизмі деп қарастырады.  Сонымен қатар электрондық үкімет құрудың басты басымдылықтары Интернет байланысқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында білім деңгейін көтеру, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін модернизациялау болып отыр.

    АҚШ –тағы электрондық үкіметті дамытуға кеткен шығын ғылым мен өндірістің, жалпы экономика мен шағын бизнестің дамуына қосымша серпін берді, сол үшін олар маңызды мемлекеттік бағдарламаға кететін бюджеттік шығынды жылдан жылға ұлғайта берді.

     Канадалық электрондық үкімет бастамалары үшін нәтижелікті бағалаудың қисынды құрылымы ортақ мақсат –Канаданы автоматты басқару мен ақпараттық технологияларды дамыту мен қолдану бойынша әлемдік көзбасшы етудің арасына өзара байланыс орнатуды қамтиды.

    АҚШ билігінің электрондық үкімет құруды табысты жүзеге асыруына ықпал еткен шешуші фактор – электрондық жобаларды әзірлеу мен қолданысқа енгізу процесінің барлық министрліктердің, ведомстволардың, университеттердің, жеке фирмалар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен іс-қимылы мен серіктестігі арқасында жүзеге асатындай етіп ұйымдастырылуы.

    Канада тәжірибесінен Қазақстан үшін сабақтары жетерлік; электрондық үкімет пен оны пайдаланушылардың жұмыс істеуін реттейтін нормативтік құқықтық базаны дамытуымыз қажет; халықты электрондық үкімет мүмкіндіктерін пайдалануға кеңінен тарту, яғни білім алу және ақпарат теңсіздігін еңсеруге, қоғамды қажетті білім деңгейімен қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды іске асыру; мемлекеттік органдарды тиімді ақпараттандыру мен нәтижелі басқарудың біріңғай саясатын жүргізу.

      Американдық электрондық үкіметтің халық арасында кеңінен танымал болып, тез таралуына әсер еткен – мемлекеттік қызметке қатысты ақпараттан бөлек, веб-порталда азаматтар үшін қызығушылық тудыратын қосымша ақпараттардың орналастырылуы болды. Американдықтардың ұраны –интернет-технологиялардың замануи түрімен барлық тұрғындарды қамту. Мысалы, үкімет тарапынан қандай грант, стипендия, өтемақы қарастырылған, артық ақшаны қайда инвестициялаған пайдалы т.б. қосымша ақпараттарға да қол жетімділік мемлекеттік вебсайттарды пайдаланушылардың санын өсіруге жағымды ықпал етеді.

    Электрондық үкіметті құруға бел шеше кіріскен елдердің алдыңғы қатарында ЕуроОдақ тұр. Еуропалық ықпалдасудың идеологтары ақпараттық қоғамның орнауы өмір сүру жағдайларын жақсартуда үлкен серпін беретініне сенімді. Біріккен Еуропа елдерінде «электрондық үкімет» құру мақсатында 1999 жылы қабылданған және 2002 жылы қайта жасақталған Э-Еуропа бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты Біріккен Еуропа елдерін толық ақпараттандыру болып табылады. Осы міндетті шешуге бағытталған бағдарлама «Электрондық Еуропа -2002- баршаға арналған ақпараттық қоғам» деп аталды.

    Жалпы алғанда, «Электрондық Еуропа» бағдарламасы табысты жүзеге асты және интернетке бастапқыда жоспарланған әлдеқайда көп ұйымдар мен адамдардың қосылуына ықпал еті.

     Еуропа тәжірибесінен Қазақстанның жас электрондық үкіметінің дамуы үшін көп позитив алуға болады: Интернетті пайдалану тарифінің бағасын төмендету, жылдамдығы мен қауіпсіздігін арттыру; адами ресурстарды  дамыту және кәсіби біліктілікті арттыруға инвестициялар салу; ақпараттық қоғамды құру процесін барша азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету, халықты Интернетті пайдалануға ынталандыру. Ол үшін электрондық коммерцияны, онлайн үкіметті, онлайн медицинаны (телемедицина), транспорттық интеллектуалдық желілерді дамытуды кешенді түрде қолға алуымыз қажет.   

    Әлемде электрондық үкіметі арқылы мемлекеттік қызмет көрсетудің озық үлгілері жетерлік, біріақ соған қарамастан, қазақстандық үлгі өзіндік ерекшеліктерімізді, ұлттық болмысымыз бен мемлекеттік тілді негізге ала отырып дамуы тиіс. Қазақстан мен дамыған елдердің экономикалық, саяси және әлеуметтік даму деңгейлерінің арасындағы алшақтық үлкен, соған сәйкес ақпараттық- қатынастық инфрақұрылым да күшті дамыған. Азаматтарының саяси мәдениеті мен құқықтық сауаттылығы жоғары,ақпараттық қолжетімділік  деңгейі  мен ақпараттық білім де көш ілгері. Сондықтан Қазақстанның электрондық үкіметінің тиімді әрі табысты қызмет етуі үшін осындай қосалқы факторларға баса назар аударуымыз қажет. Қазақстандық электрондық үкіметтің болашағы зор боларына сеніміз мол, бірақ бұл кезең-кезеңімен бір ізді және мақсатты дамуды қажетсінеді. Шетелдік электрондық үкімет үлгілірі мен тәжірибелеріндегі оңтайлы модельдерді ұлттық ерекшеліктерімізге сай бейімдеп, саяси тәжірибеге енгізуіміз қажет.

    Элекетрондық үкіметті ендірудің құндылығы оның жалпы қоғам үшін нақты пайдалы екендігінде, яғни мемлекеттік қызметтерді ұсыну  мен тұтынудағы шығынның қысқаруынан, уақыттың үнемделуінен көрінеді.  Сәйкесінше, электрондық үкіметті ендіру жобасының табыстылығы оның азаматтар үшін, жалпы қоғам мен мемлекет үшін шынайы пайда әкелуімен өлшенеді. Бұл қағида Қазақстандағы электрондық үкіметті жүзеге асыру барысын бағалауға да қатысты.

    Кез-келген елдің, соның ішінде Қазақстанның да тұрғылықты халқы мемлекетке көп үміт артады, бұл тұрғыда мемлекеттік ұйымдар қызметін автоматтандыру жобаларының жүзеге асу  қарқыны үлкен мәнге ие. Электрондық үкімет жобасын жүзеге асырудың әлемдік және отандық тәжірибелері көрсеткендей, қарапайым адамдар электрондық үкіметке қарай өтуді елдің бәсекеге қабілеттілігінің басымдығы деп қарайды, ал қандай да бір жаңа мемлекеттік қызмет түрі Интернетарқылы көрсетілген сайын бұл азаматтар мен бизнес құрылымдарының қолдауына ие болып отырады. Мемлекеттік қызметтің автоматтандырылуының табысқа жетуі оның барша қоғам дамуына жағымды серпін беруімен және халықты кеңінен қамтуымен өлшенеді.

   Қазақстан Республикасының дамып ккеле жатқан электрондық үкіметі тек қана мемлекеттік басқару мен қызмет көрсету жүйесін жетілдіріп қана қоймайды, ақпараттық технологиялардың еліміздегі маңызы артқан сайын электрондық демократия да дами түседі. Сондықтан да электрондық үкімет азаматтық қоғамға жедел және қажетті ақпарат таратудың, халыққа қызмет көрсетудің заманауи үлгісі болып табылады.

    Жалпы, еліміздегі электрондық үкіметті қалыптастыру мен дамытуға бағытталған мемлекеттік саясат кезең-кезеңімен сәтті жүзеге асырылып келеді. Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті  50 елдің қатарына кіруі үшін ақпараттық технологиялар саласын да дамытуымыз шарт. Электрондық үкімет құру – еліміздің өркениетті болашағы, демократияны дамытуға бағытталып отырған саяси маңызы зор қадам. Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін тек қана еліміздің жер байлығымен ғана емес, барлық саладан бәсекеге төтеп бере алатын күшті мемлекет болуы керек.