Жубаназарова Н.С. психол.ғ.к., доцент,

аль-Фараби  атындағы Қазақ  ұлттық  университеті

Алдабергенова Э.  магистрант, Кайнар  университеті

Қазахстан, Алматы қ.

 

ЖЕТКІНШЕК ЖАСЫНДАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ ӨЗІНДІК БАҒАЛАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Психология ғылымында тұлғаның даму процестерінің негізгі бір жағы сана-сезімдер мәселесіне көп көңіл қойылады. Қоғамда жастарды коммуникативті тәрбиелеу тәжірибесі барысында жеткіншектердің өзіне деген қатынастары, өзіндік бағалаулары олардың мінез-құлықтарының әртүрлі жақтарын, мінез-құлық мотивтерін, әсер етуші ықпалдарды, өзіндік реттелуді кешенді зерттеу әрқашанда маңызды психологиялық зерттеулердің бірі болып табылады.

Адам онтогенезіндегі ең күрделі кезеңнің бірі – жеткіншек жас болып табылады. Бұл кезеңде бұрын қалыптасқан психологиялық құрылымдардың қайта құрылуы ғана жүріп қоймай, сонымен бірге жаңа білімдер қалыптасып, саналық көзқарастар мен әлеуметтік ішкі ыңғайланудың қалыптасуының жалпы бағыттылығы өседі. Жеткіншек жасының өзіне тән ерекшелігі оқу үлгерімінің төмендеуі, жұмыс қабілетінің түсуі тұлғалық ішкі құрылымындағы дисгормония, мініз-құлықтың қарсыласқан негативті сипаты бұл жас сатысын ішкі және сыртқы қатынастардағы бағдарлануды жоғалтқан, «Мен» және әлемнің бөліну сатысы деп айтуға болады.

Жеткіншектердің дамуындағы психологиялық күшіне абстрактілі логикалық ойлау формасының күрделенуі, эмоциялық сферасының дифференциалдануы, ерік белсенділігінің ұлғаюы жатады. Жеткіншек кезеңінде өзіндік сана деңгейі тек рефлексия актілерімен сипатталып қана қоймайды, сонымен қатар өзін-өзі саналы ұғыну өзбеттілік процесіне айналады. Әдетте бұл жастағы балаға өзіне белгілі психикалық қасиеттердің интегралды байланысын саналы ұғыну тән.

Психологиялық қасиеттер мен сапалардың бірлігі тұтастай модель ретінде қарастырылады. Осының негізінде жеткіншек өзінің басқа адамдармен қатынасын, өзіне-өзі қатыстылығын құрады. Жеткіншек кезеңіндегі өзіндік сананың дамуының бір негізгі тенденциясы – бұл құбылыстармен, ересектермен қарым-қатынас барысында және оқу іс-әрекеттерінің бағаларын интеграциялау кезінде қалыптасқан толымды немесе аффективті тәжірибелерді интеграциялау болып табылады.Бұл интеграцияның ядросы ересектік сезім. Ересектіктің критерийі (белгілері) өзін-өзі қабылдауы мен бағалауы шындықта жүзеге асыру болып табылады.

А.Н. Соловьева өзіндік бағалаудың дамуының 4 деңгейін көрсетеді [1]. Бірінші деңгей – процессуальді ситуативті деңңгей, өзінің мінез-құлықтарын өзінің қасиеттерімен байланыстырмайды. Өзіндік бағалау тек іс-әрекеттің сыртқы жанама нәтижелері негізінде жүзеге асады. Өзіндік сананың бұл даму деңгейі мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп кезеңі оқушыларына тән.                      

Екінші деңгей – сапалы ситуативті деңгей. Бұл тұлғаның өз құлықтары мен спаларының арасында байланыс құрылады, бірақ бұл байланыс тікелей түзу сызықты болады. Бұл деңгей кіші жеткіншектер жас кезеңіне тән. Үшінші деңгей – сапалы консервативті деңгей – тұлғаның мінез-құлықтары мен қасиеттері арасындағы түзу сызықты (тікелей) байланыс жойылады,, тұлғаның қасиеті шындық ретінде қабылданады. Өзіндік дамудың бұл деңгейі жоғары жеткіншектер мен кіші жасөспірімдерге тән. Төртінші деңгей – сапалы динамикалық деңгей. Бұл тікелей жасөспірім кезеңіне тән.

И.С. Кон өзіндік бағалаудың негізгі механизмдерін көрсетеді:- басқа адамның субъектіге берген бағасын қабылдау; - әлеуметтік салыстыру; өзіндік атрибуция – мұнда индивид өзінің құлықтарын әртүрлі ситуацияларда бақылай және бағалай отырып өзі туралы және өзінің ішкі күйлері туралы мәселені қамтиды. Әлеуметтік жағдайлардың шарттарына тұлға қалай адаптацияланады солар оының өзіндік сана сезімдерінің көрсеткіштері болып табылады [2]. Батыс психологтары жалпы теориялық бағдарларындағы түсіндірмелі модельдерінде жоғарыда аталған механизмдердің біріне баса көңіл аударады. Бұл модельдерге жан-жақты талдау мақсатын қоймастан-ақ өзіндік атрибуция механизмдеріне негізделетін модельдің орнын ерекше атап өту қажет. Көптеген маңызды эксперименттік зерттеулерде индивидтің өзінің психикалық күйі толығымен сыртқы ақпараттарға сүйене отырып бағаланатынын дәлелдейді.

Жеткіншектер бірінші кезекте қарым-қатынас сферасындағы мінез-құлықтың әртүрлі формаларына байланысты қасиеттерді саналы ұғынады. Бұл әрине өзіндік бағалау өзгермейді деген сөз емес, оның динамикасы әртүрлі факторларға байланысты жоғары өзіндік бағалау тұрақты болса, ал төмен және орташа өзіндік бағалау біршама динамикалы болып келеді. Дегенмен жоғары өзіндік бағалауда тұлғамен арнайы педагогикалық жұмыс жүргізуі  жағдайында едәуір динамикалы болуы мүмкін. Психологиялық зерттеулерде жеткіншектердің адекватты өзіндік бағалау мәселесі соңғы орынға қойылмаған.

С.Л. Рубинштейн тек жас жеткіншек емес немесе жасөспірім жас кезеңінде ғана сыни ой-көзқарастар қалыптасады, өз беттілік өмірге енуге байланысты сұрақтарға толғана бастайды, неге жарамды, неге қабілет-бейімділігі бар екенін ойлай бастайды  [3]. Бұл жас кезеңінде ең өзекті мәселе өмір жолын таңдау болып табылады. Л.И. Божович өтпелі дағдарыс кезеңінің аяқталуы «өзіндік анықталу» ұғымын білдіретін жеке тұлғалық құрылымының пайда болуымен      ұласатындығын көрсетеді  [4]. Өзіндік анықталу процесінде өзіндік бағалау айрықша мәнге ие.

Психологтардың айтуы бойынша адам кез-келген жас кезеңінде басқа адамдарды өзіне қарағанда объективті бағалайды. Балалар өзінің мінез – құлықтарын басқа адамдардың әрекеттерін салыстыруынан бастап өзіне баға қою басталады. Біз бұған неғұрлым көбірек мүмкіндік берген сайын олар өзін солғұрлым нақтырақ көре бастайды. Өзіндік бағалау үшін өзін-өзі тануға үйретуіміз қажет. Әдетте өзінің «Менділігіне», өзінің психикалық жаратылысы мен процестеріне жеткіншек жас кезеңінде пайда болады.

Осы кезде өзінің ішкі жан дүниесінемұқият талдау жасау және оның ерекшеліктерін зерттей бастайды. өтпелі жас кезеңінде өзіндік танымның пайда болуы тән, осыдан өз беттілікке, өзіне-өзі сенімділігіне тырысушылық көрінеді. Бұдан ары жасөспірімділікке қарай өзі-өзіне талдау жасай алады және өзінің өмірлік жоспарын құра алады.

Л.И. Божович және Л.С. Славина жоғары өзіндік бағалау және тартымдылық қандай да бір іс-әрекеттің шындық жетістігі негізінде қалыптаспайды, оған айналасындағылардың берген қате, жоғары бағасы негізінде қалыптасады деді [4, 106 б.]. Жеткіншектік кезеңдегі негізгі психологиялық өзгерістер баланың өзіндік ішкі әлемінің ашылуымен, оның күрделілігімен байланысты. Өзіндік бағалаудың және «Мен» бейнесінің қалыптасуы жеткіншектік кезеңнің негізгі психологиялық процестері және оның негізгі жетістіктері болып табылады.

Жеткіншек тұлғасының дамуындағы маңызды сәттердің бірі – оның өзіндік санасының, өзіндік бағалауының, өзін тұлға ретінде тану қажеттілігінің қалыптасуы. Жеткіншектік кезеңде балада өзіне, өзінің ішкі жан-дүниесіне, дербес тұлғалық сапаларына және басқа құрбыларымен өзін салыстыруға деген қажеттілік туындайды. Ол өзіне мән беріп, өзінің күшті және әлсіз жақтарын анықтауға тырысады. Өзіндік санаға деген қажеттілік өмірден, тәжірибелік іс-әрекеттен туындап, ересектер тобының талаптарымен анықталады. Жеткіншектің өз мүмкіндіктерін бағалау қажеттілігі оның ұжымда өз орнын табуға деген әрекеттің негізінде туындайды.

Жеткіншектік кезеңнің алғашқы сатыларында (12-13 жас аралығында) баланың өзіне деген ситуативті-жағымсыз қатынасы сақталады. Бұл қатынас қоршаған ортаның әсіресе, құрбыларының бағалауына тәуелді. Жеткіншектің өзіне деген сыни көзқарасы, өзіне көңілінің толмауы өзін-өзі құрметтеу, өзіне тұлға ретінде жағымды қатынас орнату қажеттілігімен қатар жүреді. Осы кезеңде баланың өзіне деген қатынасы қалыптасады. Осы кездегі өзіндік бағалау идеалды «Менге» жататын өзіндік бейненің қатынасын қамтиды.

Жеткіншектік кезеңнің екінші сатысында (14-15 жас аралығында) «оперативті өзіндік бағалау» қалыптасады. Ол жеткіншектің қазіргі кездегі өзіне деген қатынасын анықтайды. Бұл өзіндік бағалау жеткіншектің тұлғалық ерекшеліктерін, мінез-құлық формаларын идеал форма ретінде қабылданатын белгілі бір нормаларға сәйкестендіру әрекетіне негізделеді. Жеткіншекті сыртқы келбеті көп толғандырады. Өзінің тәндік ерекшелігіне қанағаттану немесе қанағаттанбау сезімі оның сыртқы келбетіне тәуелді және белгілі бір деңгейде өзіндік бағалауға әсер етеді.

Жеткіншектің өзіндік санасының ең бастапқы негізін үлкендер (ата-анасы, мұғалімдері) тарапынан берілетін ой-пікірлер құрайды. Жеткіншек алғашында өзіне басқа адамдар тарапынан қарауға бейім келеді. Біртіндеп ол өзіндік тұлғасын дербес талдауға және бағалауға ұмтылады. Алайда, жеткіншек өзіндік тұлғалық ерекшеліктерін дұрыс талдауға жеткілікті түрде қабілетті болмағандықтан,  өзі туралы өз пікірі мен басқа адамдар тарапынан берілетін бағалаудың арасында туындайтын қарама-қайшылықтың негізінде кикілжің пайда болуы  мүмкін.

Жеткіншектік кезеңдегі өзіндік бағалау танымдық қабілеттердің дамуына, өзіне деген қызығушылықтың артуына негізделген. Осы кезеңде өзіндік бағалаудың құрылымы күрделенеді, жеткіншектің өзіне деген сыни көзқарасы арта түседі. Себебі, жеткіншектің өзіндік бағалауы алғашқы жастық кезеңдермен салыстырғанда анағұрлым обьективті және шынайы болып келеді.

Қазіргі ғылыми зерттеулер бойынша, баланың өзіндік бағалауы мен оның мектептегі жетістігі өзара тығыз байланысты. Мектептегі жетістіктің бағасына бағдарланған жеткіншектің өзі туралы пікірі көбінесе жағымсыз сипатта болады, оның өзіндік бағалауы төменгі деңгейде және тек оқу іс-әрекетінің жетістіктеріне бағытталған. Сонымен қатар, өзіндік бағалау сенімділік, мотивация, талаптану механизімдері арқылы оқу жетістігінің деңгейіне ықпал етеді. Өзінің жоғары жетістіктері туралы ойламайтын жеткіншек осы ойын жүзеге асырады және нашар оқиды. Керісінше, өзіндік бағалаудың жоғарғы деңгейін ұстанатын және өзінің оқудағы қабілеттері туралы жағымды пікірдегі жеткіншектер анағұрлым жақсы оқиды. Жеткіншектің дамуы үшін тек өзіндік бағалаудың ғана болуы жеткіліксіз. Ол үшін осы бағалаудың қоршаған орта (достары, ата-анасы, мұғалімдері) тарапынан болатын бағалауға сәйкес келуі үлкен рөл атқарады. Жеткіншектің өзіндік бағалауының деңгейіне орай оның өзіне деген сенімділігі, құрбыларымен қарым-қатынасы, ұжымдағы жағдайы, алынған нәтижені жетістік немесе сәтсіздік ретінде қабылдауы, жіберілген қателіктерге қатынасы қалыптасады.

В. Кваде, В.П. Трусов жеткіншектердің өзіндік бағалау ерекшеліктерін өз тараптарынан сипаттауға тырысты. Олардың пікірінше, адекватты өзіндік бағалау – жеткіншектің болашақ мамандыққа деген бағыттылығымен байланысты. Жоғарғы бағалау - жеткіншектің құрбыларымен өзін  салыстырғанда өз мінез-құлқын төменгі деңгейде бағалауымен байланысты болса, өзіндік бағалаудың төменгі деңгейін төменгі деңгейдегі психологиялық тұрақтылық туындатады. Кейбір зерттеушілердің пікірінше,  тұлғаның өзіндік бағалауының адекваттылығы жеткіншектік кезеңде арта түседі. Е.Р. Берне «бұл жағдай жеткіншектер үшін өте маңызды болып табылатын көрсеткіштер бойынша өзін төменгі деңгейде бағалаумен байланысты» деп түсіндіреді.

Ғылыми әдебиеттерге жүгінсек, ұлдар мен қыздардың өзін-өзі адекватты бағалауының айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Алайда, басқа адамдарды адекватты бағалау қабілеті ұлдармен салыстырғанда қыздарда басымырақ, бұл олардың басқа адамдарға деген үлкен қызығушылықтарымен түсіндіріледі. Жеткіншектік кезеңнен бастап қыздардың өзін-өзі бағалауы төмендей түседі. Бұл сыртқы келбетін бағалауымен тікелей байланысты. Зерттеулер бойынша  жеткіншектік кезеңде тән сұлулығы қыздар үшін ерекше мәнге ие. Ал, ұлдарда өзін-өзі бағалаудың негізгі критерилерінің бірі -  тәнінің табыстылығы.   Бұл тәуелділік әйел мен еркектің әлеуметтік-рөлдік қызметтерімен байланыстырылады. 

Жеткіншектік кезеңде өзін-өзі бағалаудың мазмұндық жағы айтарлықтай өзгерістерге ұшырайды. Бұл «Мен» концепциясының мазмұндық тұрғыдан толыға түсуімен байланысты. Жеткіншектің бұл кезеңде игерген сапалары кіші мектеп кезімен салыстырғанда анағұрлым көп. Жоғары сынып оқушылары өзін-өзі бағалау кезінде өзіндік тұлғасының барлық қырын қамтуға тырысады. Сонымен қатар, өз кемшіліктері туралы да ой-пікірлері қалыптаса бастайды. Өзі туралы жеткіншектің өзіндік пірікі оның көңіл-күйін, тұрмыстың қуанышын сезінуін білдіреді. Жеткіншектер өзін оның оқу іс-әрекетін,  қызықты істерін, қызығушылықтарын сипаттайтын категориялардың негізінде ашады. Олар шынайы өзіндік бағалауға бағытталады. Көптеген зерттеулерде көрсетілгендей, жеткіншектің өзін-өзі бағалау мазмұнында қайырымдылық, адалдық, әділдік секілді моральдық сапалар басымдылық етеді. Жеткіншектердің өзін жоғары деңгейде сынай білуі өзіндегі көптеген түрлі жағымсыз сапаларды тануға және олардан құтылуға мүмкіндік жасайды.

Жеткіншектік кезеңде бала өзінің ішкі жан-дүниесіне мұқият талдау жасап, оның ерекшеліктерін зерттей бастайды. Осы кезеңде өзіндік танымның пайда болуы жүзеге асады, нәтижесінде бала дербестілікке, сенімділікке ұмтылады. Бұдан ары жасөспірімдік кезеңге қарай жеткіншек өзінің өмірлік жоспарын құрып, атқаруға тиісті мақсаты мен міндеттерін нақтылай бастайды.

Қазіргі психология ғылымында жеткіншектердің өзіндік бағалауы 2 бағыт аясында қарастырылады:

1.                 Өзіндік бағалауды, оның қалыптасуын іздестірумен байланыстыратын бағыт;

2.                 Өзіндік бағалаудың құрылымын және олардың өзара байланысын қарастыратын бағыт;

Жеткіншектердің тұлғалық дамуы өзіндік сана-сезімдердің өзгерісімен байланысты болады, яғни баланың басқаларға деген қатынасы, қызығушылықтары, идеалдары өзгеріске ұшырайды. Ерте жеткіншектік кезеңде (10-11 жас) мінез-құлықтың жағымсыз сапаларын бағалау жүзеге асады. Екінші кезеңде (12-13 жас) өзіне және басқаларға деген теріс қатынас сақталады, сыртқы орта бағалауына тәуелді болады. Осы жастың соңғы кезеңінде (14-15) «оперативтік өзін-өзі бағалау» жүзеге асады.

Жеткіншектік кезеңде өзіндік бағалау ішкі жаңа құрылымдардың бірі болып табылады және агрессиялық мінез-құлықты өзгертеді. Осы кезеңдегі өзіндік бағалау төмендегідей құрылымдық компоненттерден тұрады:

·                   Өзін құрметтеу;

·                   Өзіне деген эмоциялық қатынас;

·                   Өз жетістіктерін сезіну;

·                   Өзін оперативті бағалау;

Жеткіншектік кезеңдегі өзіндік бағалаудың мазмұны іс-әрекеттің жетістігімен ғана емес, осы іс-әрекетті орындау механизмдерімен де байланысты.

     Жеткіншектің тұлғалық дамуында мынандай айтарлықтай жылжулар, яғни өзіндік сана дамуында өзіндік бағалауының қалыптасуындағы сапалы өзгерістер өтеді: құндылықтарды бағалау мұраты, норманы меңгеру қабылдағыштығы, қарым-қатынасқа тырысу, достық қарым-қатынасқа қажеттілік, досқа және дос іздеуге қажеттілік, белсенді және әртүрлі қоғамдық іс-әрекеттерге қажеттілік және сәтсіздіктерге жоғары эмоциялық өткір аффективтілік. Жеткіншектік кезеңде тұлғаның қарқынды мінез-құлықтылық сана қалыптасады, моральды-этикалық мінез-құлық нормаларын игереді. Сонымен бірге ол өзінің мінез-құлқында пайда болған бағалық пайымдау жүйесіне жетекшілік ете бастайды.

      Мінез-құлықтылық тәсілі процесінде қандай өзіндік бағалау пайда болатындығы және мұнымен байланысты қандай мінез-құлықтылық іс-әрекет тудыратындығы сияқты мәселелер оның тұлғалық құрылымынан тәуелді болады. Жеткіншек тұлғасы өмір барысында пайда болатын және қоршаған ортамен өзара қатынаста белгілі бір қызмет атқаратын тұтас психологиялық құрылымға ие болады [5]. Жеткіншектің тұлғалық дамуының көтеріңкі қозғаушысы қажеттіліктер мен мотивтер болып табылады. Қажеттіліктер тек тұлғаның дамуын анықтайтын себеп қана емес, сонымен қатар мінез-құлықтың да себебі болып табылады. Адам қабілеттілігінің сипатына тұлғаның маңызын құрайтын қоғамдық қатынастар жүйесі бейнеленеді. Қажеттіліктер мен тырысу жеткіншектерде жаңа психологиялық құрылымдардың пайда болуына байланысты өзінің қанағаттану жолында көптеген кедергілерге кездеседі. Мұндай дағдарыс кезеңде жеткіншектердің қажеттіліктерінің өзгеруі сыртқы кедергілермен және ішкі фактормен байланысты болады.

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.   Соловьева А.Н. Чеснова И.Г. Зависимость самооценки подростка от отношения к нему родителей . - Вопросы психологии, 1986, № 2, с.117

2.   Кон И.С. Открытие «Я». – М., 1978

3.   Рубинштейн С.Л. Самосознание личности и ее жизненный путь. В кн.: «Основы общей психологии». Т.2. – М., 1989

4.   Божович Л. И. Проблемы формирования личности. Под ред. Д. И.

Фельдштейна. – М.: изд-во «Институт практической психологии», - Воронеж, 1995г.С. 352.

5.   Столин В.В. Самосознания личности. – М., 1983