Түркі тілдеріндегі есімдердің  грамматикалық ерекшеліктері

 

Әлімбаев М.Е.- ф.ғ.к., Ермекбаев М.А. – АӘИУ (Қазақстан)

 

В данной статье рассматривается грамматические особенности старокыпчакских антропонимов.

 

This Article is about grammatical and liguistical analysis of an Old Kipchak antroponymies.

 

       Мақаламызды қыпшақ есімдерін зерттеген отандық ғалымдарымыздың еңбектерінен мысал келтіруден бастағалы отырмыз. Қазақ тіл білімін алғашқы зерттеушілердің бірі – Қ.Жұбанов «Из истории порядка слов в казахском языке» атты мақаласында біріккен тұлғалы кісі есімдерінің синтаксистік құрылысына ерекше назар аударып, жан-жақты талдау жасаған. Мақалада автор қазіргі қазақ тіліндегі сөз тіркестерінің ерекшелігіне сай зат есімнің алдында анықтауыш сөз келетіндігі заңдылық екеніне тоқталып, көне тіліміздегі сөздердің тіркесуінде үнемі осы тәртіптің сақтала бермейтіндігі аталып өтілген. Осымен байланысты қазіргі тілімізде кездесетін Күнсұлу, Таңсұлу, Таңжарық, Айжарық, Айсұлу тағы басқа сөздердің тіркесу табиғатына көңіл бөлген [1]. Кісі есімдері туралы ғылыми пікірді профессор С.Аманжоловтың еңбектерінен де көптеп кездестіруге болады. Атап айтқанда, семасиология мәселелеріне қатысты ғалым кісі атаулары жасалуының біршама үлгілерін анықтап, антропонимдердің жасалу жолына қарай олардың 16 түрін атап көрсетеді: бай, тай, келді, ғали, хан, бек, сапа, айдар, қозы, ит, алды, берген, мерген, пейіс т.б. [2]. Түркі ономастикасындағы бұл мәселенің зерттелуінде қазақ тілші ғалымдарының еңбектері назар аударарлық. Ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдермен төркіндес қазақ есімдерінің этимологиясын анықтау барысында ғалым Т.Жанұзақов куман-половецтердің Кунан-Құнан антропонимін қазақтардың Құнанбай есімімен сабақтастырса, ал кумандардың атақты көсемі Кутен-Котян есімінің төркінін қазақ тіліндегі күтпек етістігімен байланыстырады [3]. Ғалымның қазіргі қазақ есімдерінің сыңарында кездесетін күл, құл-ғұл сөздерінің төркіндерін отқа табыну культімен байланыста қарастыруы да назар аударарлық [3]. Т.Жанұзақов араб, иран, орыс тілдерінен қазақ тіліне енген түбір және туынды тұлғалы кісі аттарына біздің зерттеу тақырыбымызға қатысы бар екі есімді жатқызады: Жүсіп, Жақып. Ғалымның пікірінше, Жүсіп есімі о баста грек тілінен араб тіліне, араб тілінен Орта Азия халықтарының тіліне ауысқан, бұл есім, грек тілінде Иосиф, өзбек, әзірбайжан тілдерінде Юсуп, ұйғыр тілінде Үсүп, Орхон-Енисей ескерткіштерінің тілінде Usup тұлғаларында кедеседі. Осыған орай Жүсіп есімінің төркінін еврей тіліндегі «үлкен», «зор», «қадірлі», «құдіретті» мағыналарын білдіретін Иосиф есімінен, ал Жақып есімінің төркінін Библейдің ең жоғарғы дін басының атынан, ескі еврей тіліндегі Якуб, араб тіліндегі Яғкуб немесе Таураттағы Яков есімінен шығарады [3]. Ескі қыпшақ тілінде болған Итлар есімімен төркіндес Итбай есімін көне дәуірде балаға көз тиюден немесе жын-шайтаннан сақтау мақсатында қойылатын елеусіз оғаш есімдерге жатқызса, ал Арыстан есімін жыртқыш аң атауымен, Барақ және Сырттан есімдерін тотемдік атауларымен байланыстырады [4].

 

Ескі қыпшақ тіліндегі антропонимдердің ортағасырлық басқа түркі тілдеріндегі есімдерден басты грамматикалық айырмашылығы немесе ерекшелігі – этнонимдер негізінде пайда болған есімдердің немесе лақап атаулардың етістік тұлғалы болып келуі. Шығыс Дешті Қыпшақ антропонимдеріне жататын Хулусман есімінің хул-кул-күл және ус-усун этнонимдерінің негізінде пайда болған етістік тұлғалы антропоним екендігі өткен тармақта аталып өтілді. Хулусман < хулус-қылыш – шабуға арналған өткір  қару+ман есім сөздерге қосылып, етістік жасайтын «лан» аффиксінің этимологиялық варианты. «Қылышты бол» мағынасын білдіретін Хулуслан-Хулусман қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігі мен үндестік заңына сәйкес қылышты болып айтылады, ал қылыштан «қылышты бол» мағынасын білдіретін етістік, яғни Хулусман – етістік тұлғалы антропоним.

 

Қыпшақ антропонимдерінің келесі бір грамматикалық ерекшелігі – моңғол және түркі тілдерінде «қасқыр» мағынасын білдіретін атаулардың біріге қосарланып, антропоним негізін құрайтындығы. Половецтердің Самогур есімінің төркіні – моңғол тілінде «бөрі» мағынасын білдіретін чоно және көне түркі тілдерінде «қасқар» мағынасын берген құрт атауының архетипі, кур-құр атауы. Самогур < само-чоно+гур-кур-құр, бөрі. Половецтердің Ченегрепа есімінің төркіні – чоно мен гур және көне түркі тіліндегі «аға» деген мағынаны білдірген апа атауы. Ченегрепа < чене-чоно+гр-гур-құр, бөрі+епа-апа, аға.

 

Тағыда бір көрсете кететін антропонимдердің грамматикалық ерекшелігі – олардың қарапайым детерминавтивті анықтаушы сөз тіркестері болып келуі. Мысалы, Ақ очай (ақ уча, ақ бел немесе арқа); Ақуш < ақ қуш, ақ қу; Қараборыглы < қара бөріклі, қара бөрікті. Тоқсобы < тоғыз оба, тоғыз ру; Ақсупа < ақс-тоқс тоғыз оба, тоғыз ру.

 

Бұлардың келесі бір грамматикалық ерекшелігі олардың синтаксистік немесе аналитикалық тәсіл арқылы жасалуы. Мысалы, Алтунопа < алтун, алтын + опа, ру; Аръсланопа < аръслан, арыстан + опа, ру; Бякоба < бяк, бек + оба, ру; Итоглы < ит + оғлы, ұлы; Тугоркан < тугор, тұғыр + кан, хан > Тұғырхан; Кюнячук < кюня-күңі, күң + чюк-чүк, қосақ > Күңічүк, күң қосақ; Балкатгин - Балқатқын < бал-бор, бөрі + қатқын, қатын > Балқатқын, бөрі қатын. Осы тәсілмен сөз жасаудың келесі бір моделі тәуелдік тұлғадағы сөз тіркесінің ерекше түрі: Сурьбар-Сүрібар < сүрі, сұлу + бар > Сүрібар, сұлулығы бар; Асадук < аса-есі+одук-өдүк, сергек, ұқыпты > Есідүк. Осындай аналитикалық тәсілмен жасалған етістік тұлғалы антропонимдерге жоғарыда аталған Хулусман,Иакафтан есімдерін жатқызуға болады. Бұдан бөтен етістік тұлғалы антропонимдер мыналар: Елтұт < ел, халық + тұт, ұстау, басқару > Елтұт, халықты басқару.

 

Осындай аналитикалық тәсілмен жасалған есімдерге Сырчан-Сарчан, Альпар-Ольбер, Борил, Бердібек, Бегъбарс, Тугоркан антропонимдері жатады. Қарапайым анықтаушы сөз тіркесіне жататын Сарчан-Сырчан есімі «сары» анықтауышы мен чан-чоно атауынан құралған; Сарчан < сар, сары + чан-чоно, бөрі > Сарчан, сары бөрі. Атау тұлғалы  сөз тіркестеріне Альпар-Ольбер, Борил, Тугоркан есімдерін жатқызуға болады. Альпар-Ольбер < ал-ел, ел, халық + пар-бер-бөр, бөрі > Альпар-Ольбер, ел бөрі немесе бөрі елі. Көрініп тұрғандай, Альпар-Ольбер – екі атауды біріктіре айтудан пайда болған антропоним. Бұл есімнің құрамындағы «ел» апеллятив, яғни жалпы есім, ал бөрі жалпы есім де, жалқы есім де бола алады, нақты жағдайда ол жалпы есім болып тұр. Сонда Альпар-Ольбер апеллятивтерден құралған жалпы есім, яғни антропоним, яғни бұл қыпшақ антропопнимдерінің грамматикалық ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Апеллятивтерден құралған жалқы есімдерге Борил антропонимі де жатады. Борил < бор, бөрі+ил, ел, халық > Борил, бөрі ел немесе бөрі елі. Талдауда көрсетілгендей, Борил, Альпар-Ольбер есімдерінің баламасы, яғни апеллятивтерден құралған жалпы есім. Осындай есімдердің қатарына Тугоркан антропонимін де жатқызуға болады. Тугоркан < тугор, тұғыр + кан, хан > Тұғырхан. Тугоркан-Тұғырхан есімін құрайтын «тұғыр» және «хан» жалпы есімдер. Олай болса, Тугоркан – апеллятивтерден құралған жалқы есім.

 

Осы тәсілмен этнонимге немесе жалқы есімге «оба» және «оғлы» секілді апеллятивтердің қосарланып айтылуынан пайда болған есімдерге Аепа, Алтунопа, Аръсланопа, Китанопа, Кулова, Итоглы антропонимдері де енеді. Аепа – бастапқы қ дыбысы редукциялана, ал соңғы и дыбысы, екі атауды біріктіре қосарлап айтқан кезде айтылудағы интерфереренция салдарынан түсіп қалған қай этнонимінен немесе жалқы есіміне «оба» апеллятивінің қосарланып айтылуынан пайда болған есім. Аепа < а-қай, этноним+епа-опа-оба, ру > Аепа, қай руы. Алтунопа, Аръсланопа, Китанопа, Кулоба – жалқы есімдерге «оба», ал Итоглы «оғлы» апеллятивтері қосарланып айтудан пайда болған есімдер. Жалқы есімдерге жалпы есімдердің қосарланып айтылуынан антропонимдердің пайда болуы, қыпшақ антропонимдерінің негізгі грамматикалық ерекшеліктерінің бірі.

 

Тағы да бір сөз ететін антропонимдердің грамматикалық ерекшелігі қарапайым анықтаушы сөз тіркесінің есім немесе лақап атау болып келуі. Шығыс Дешті Қыпшақ антропонимдеріне жататын Алып Қара Ұран мен Алып Дерек – қарапайым анықтауыш сөз тіркестері, яғни сын есім тұлғалы анықтауыш антропонимдер.

 

Морфологиялық немесе синтетикалық тәсілмен жасалған қыпшақ антропонимдерінің грамматикалық ерекшеліктерінің бірі – «бөрі» мағынасын білдіретін құр – құн – құб – қыб архетипіне екінші бір атаудың соңғы буыны немесе морфемасының қосарланып айтылуы. Мысалы, құр – құн – құб – қыб  архетипіне «жұбай – әйел» мағынасын білдіретін қосақ атауының соңғы буыны, сақ – шақ морфемасының қосарланып айтылуынан Құншақ – Қоншақ және Құбшақ – Қыбшақ секілді қыпшақ антропонимдері пайда болған деп пайымдаймыз. Қоншақ < құр – құн – қон, бөрі + сақ – шақ, жұбай – әйел < Қоншақ – қасқырдың ұрғашысы немесе қаншық. Қыпшақ < құб – қыб – қып, бөрі + сақ – шақ, жұбай – әйел > қыпшақ – қасқырдың ұрғашысы.

 

Осы тәсілмен жасалған қыпшақ антропонимдерінің келесі бір грамматикалық ерекшелігі «қасқыр» мағынасын білдіретін құр – құн – құб – күб – көб және бор – бөр – бон   архетиптерімен құрт атауына қазақ, қарақалпақ тілдерінде есімдерден, етістіктерден, еліктеу т.б. сөздерден зат есім жасайтын -ық, -ік өнімді жұрнағының қосарланып айтылатындығы. Мысалы, құб – күб – көб архетипіне -ік өнімді жұрнағының  фонетикалық варианты  -ек морфемасының жалғанып айтылуынан «ірі ит» мағынасын білдіретін Көбек есімі пайда болған. Көбек < көб, бөрі немесе ит + ек, өнімді жұрнақ > Көбек, ірі ит немесе бөрі. «Көб» дейтін есім сөзден Көбек дейтін зат есім, яғни ірі иттің атауы жасалған. Половецтердің орыс жылнамасына тіркелген Боняк есімінің төркіні көне түркі тілдерінде «қасқыр» мағынасын білдірген боріг атауы. Боріг атауының түбірі – бор, ал осы түбірге жалғанған, «-іг» – есімдерден, етістіктерден еліктеу т.б. сөздерден зат есім жасайтын «-ік» өнімді жұрнағының фонетикалық варианты. Олай болса, боріг атауының «қасқыр» дейтін мағынасын, тек қана «бор» морфемасы береді де, ал «-іг», өнімді жұрнақ болып шығады. Боріг – Боніг – Боняк < бор – бон, бөрі + ік –іг, өнімді жұрнақ > Боняк, бөрі. «Бор» дейтін есім сөзден боріг деген зат есім немесе қасқыр атауының о бастағы алғашқы нұсқасы пайда болған.

 

Орта ғасырларда қыпшақ тілінде дүниеге келген жазба мұралар тіліндегі антропонимдерді қазіргі түркі тілдерімен,оның ішінде қыпшақ тілінің бір тамыры болып есептелетін қазіргі қазақ тілімен тарихи тұрғыдан салыстыру барысында тілімізде қазіргі уақытта қолданыста жүрген көптеген есімдердің түп төркінін анықтауға мол мүмкіндіктер берері сөзсіз. Сондықтан да бұл зерттеуді ары қарай тереңдете, көне түркі тіліндегі жадыхаттармен байланысты қарастырсақ, қазақ тіліне қатысты жұмбақ болып келген көп мәселенің түйіні ашылар еді. 

 

                        Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

1. Жубанов К.К. Из истории порядка слов в казахском предложение // Исследовения по казахскому языку. – Алма-Ата, 1966. – С.32-75.

 

2. Аманжолов С. Советтік тіл ғылымының теориялық негіздері. Қазақ тілі теориясының негіздері. –  Алматы:  Ғылым, 2002. – Б75-76.

 

3. Жанұзақов Т. Қазақ тіліндегі кісі аттары: филол.ғыл.канд. ... дис. – Алматы, 1960. – Б. 93-124.

 

4. Жанұзақов Телқожа. Есімдер сыры. –  Алматы:  Қазақстан, 1974. – 12б.