Экономические
науки/7.Учет и аудит.
Аға оқытушы
Кубигулова Р.Т.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік
технологиялар және инжиниринг университеті
Қазақстан Республикасының
бухгалтерлік
есепке алу және аудит жүйесін дамыту
тұжырымдамасы
Халықаралық қаржылық
есептіліктің стандарттарына (бұдан әрі – ХҚЕС)
және Халықаралық аудиттің стандарттарына (бұдан
әрі – ХАС) көшу қажеттілігін мемлекеттің жалпы саясаты
және Қазақстанда нарықтық экономиканы
құруға бағдарланған реформалардың
стратегиясы айқындайды.
Осы
Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке
алу және аудит жүйесін дамытудың 2007-2009
жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі –
тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
2006 жылғы 9 тамыздағы № 233-ө өкімімен бекітілген
Халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарын жедел
енгізу жөніндегі 2006 жылға арналған іс-шаралар жоспарына
сәйкес дайындалды.
Осы Тұжырымдамада қазіргі
кезеңде Қазақстандағы бухгалтерлік есепке алу
және аудит жүйесін дамытудың негізгі үрдісіне талдау
жасалады, алдағы жылдарда оны дамытудың жолдары мен нақты
тетіктері баяндалған.
Тұжырымдамада баяндалған негізгі
бағыттар бухгалтерлік есепке алуды және қаржылық
есептілікті реттеудің қолданыстағы жүйесіне тұжырымдамалық
өзгерістерді енгізу, сондай-ақ бухгалтерлік есепке алу мен аудит
саласында қалыптастырылатын ақпараттың сапасын арттыру
қажеттілігінен туындады.
Әлемдік экономикалық
жағдайдағы соңғы он жылдықта болған
шапшаң өзгерістер бухгалтерлік есепке алуға және
қаржылық есептілікке арналған ережелерді жасау кезінде
елдердің қолданатын тәсілдерін айтарлықтай
дәрежеде өзгертті. Капитал нарықтары ұлттық
шекарадан тыс жерлерде кеңейіп, ұлттық экономикалардың
дамуына байланысты кірігу процесі нығаюда. Капитал
нарықтарының кемелдене дамуы олардың даму үрдісін
инвесторлардың жоғары дәрежеде түсінуін, олардың
нығайтылуына, тұрақтылығына және
өтімділігіне сенімділігін талап етеді. Биржаларда акциялары
бағаланатын Еуропалық Одақтың барлық компаниялары
2005 жылдан бастап ХҚЕС-ке сәйкес шоғырландырылған
қаржылық есептілік жасауға міндетті. Тек АҚШ-тың
бухгалтерлік есепке алудың жалпыға бірдей принциптерін (бұдан
әрі - GAAP) пайдаланатын кәсіпорындары, сондай-ақ биржаларда
борыштық міндеттемелері (облигациялары) ғана бағаланатын
фирмалар оған кірмейді. Мұндай кәсіпорындар ХҚЕС-ке
2007 жылдан бастап көшуі тиіс. Еуроодақтың пікірінше,
ХҚЕС-ті енгізу ЕО елдеріндегі қаржылық есептіліктің
біркелкілігін, дұрыстығын, айқындылығын және салыстырмалылығын
қамтамасыз ете отырып, бағалы қағаздарды
халықаралық саудаға шығарған кезде
тосқауылдарды жоюға мүмкіндік береді. Еуропа
Одағының жоспарлары еуропа биржаларында тіркелген 8700-ге тарта
компанияға қатысты, мұның өзі әлемдік
нарықтық капиталдандырудың 25 %-ын құрайды.
Халықаралық
қаржылық есептілік стандарттары әлемдегі
аса дамыған және
алдыңғы қатарлы бухгалтерлік есепке алу
стандарттары болып табылады деп есептеледі. Сондықтан да көптеген
елдерде, мысалы Австралияда, Германияда, Ұлыбританияда шетел эмитенттері
биржалардағы өздерінің есептілігін осы елдердің
ұлттық стандарттарына емес, халықаралық
стандарттарға сәйкес ұсына алады. Басқа мемлекеттерде,
мысалы Канадада, Жапония мен АҚШ-та бұған да жол беріледі,
алайда ХҚЕС бойынша есептілік дайындайтын компаниялар оның осы
елдердің ұлттық стандарттарына сәйкес дайындалатын
есептіліктен айырмашылығының тізімін қосымша ұсынуы
тиіс. Кейбір елдерде (мысалы Чехияда, Балтық елдерінде) есептілікті
ХҚЕС бойынша барлық ірі кәсіпорындар жасауы тиіс. Қазақстанда
2003 жылдан бастап барлық қаржы ұйымдары, 2005 жылдан бастап
акционерлік қоғамдар, ал 2006 жылдан бастап өзге де
ұйымдар (мемлекеттік мекемелерден басқа) есептілікті ХҚЕС
бойынша дайындауы тиіс.
Жақын
болашақта ХҚЕС-ті меңгеру проблемасы еуропа
компанияларынан басқа да компанияларға қатысты
болуы әбден мүмкін. Жуырда ғана АҚШ-тың
Қаржылық есептілік стандарттары жөніндегі кеңесі
(Financial Accounting Standards Board – FASB) және
Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары
комитетінің қоры (бұдан әрі – ХҚЕСКҚ)
АҚШ-тың GAAP-ын және ХҚЕС-ті үндестіру
жүргізетіні туралы мәлімдеді.
Үндестіру бағдарламасына
сәйкес АҚШ-тың GAAP-ы мен ХҚЕС-ке екі стандарт
жүйесінің арасындағы белгілі бір алшақтықтарды
болдырмайтын өзгерістер енгізілетін болады. Уақыт өткеннен
соң олардың арасында бар айырмашылықтарды толығымен жою
жоспарланып отыр. Әлемдік нарықтық капиталдандырудың 52
%-ы АҚШ-тың үлесіне келетінін ескере отырып, ХҚЕС-тің
нағыз дүнижүзілік есепке алу стандарттары болуына нақты
мүмкіндік бар.
Қазіргі кездегі бухгалтерлік
есепке алу ақпараттық базаны білдіреді, оның негізінде
ұйым қаржылық есептілікті дайындайды. Бухгалтерлік есепте
қалыптастырылатын ақпарат басқарушылық, салықтық
статистикалық есептілікті жасау үшін қолданылады, қажет
болған кезде осы ақпараттың негізінде есептіліктің
басқа да түрлері жасалады. Бухгалтерлік есепке алу жүйесі
бір-бірімен өзара байланыста болатын, есепке алу элементтерінің
белгілі бір тұтастығы немесе көптілігі. Мұндай
жүйе логикалық кешенді қамтиды, онда ұйымның,
мемлекеттің, сондай-ақ кез келген басқа да сыртқы, сол
сияқты ішкі пайдаланушылардың экономикалық мүдделерін
қамтамасыз ету мақсатында қызметтің түпкі нәтижелерін
дұрыс өлшеуге бағытталған ақпарат
қорытылады.
Әдебиеттер
1.«Бухгалтерлік есеп
жүгізудің
тәжірибелік
әдістемелері» Ав: Мырзағалиев Б.С. Әбдішүкіров Р.С. Алматы 2006.
2.«Кәсіпкерлік қызметте бухгалтерлік есепті ұйымдастыру»Ав: Мырзағалиев Б.С
. Әбдішүкіров
Ә.С. Алматы 2006.