История / 1. Отечественная
история
Байбосын Ләйлә Сәндібекқызы
Бижанова Гульзада Хамитбековна
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік
педагогикалық институты,
Қазақстан Республикасы
Тәуелсіздік жылдарындағы
Қазақстанның халықаралық саясатта алатын орны
Бүгінде
әлемдік саясат сахнасында жаңа тәуелсіз мемлекеттер
шықты, олардың халықаралық
қоғамдастықтың толық
құқықты мүшелері ретінде қаз тұру
процесі, олардың арасындағы мемлекетаралық қатынастар
осы заманғы тарихи саясатнамалық халықаралық
құқықтық білім зерттейтін өзекті
мәселелердің бірі. Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің
толыққанды мемелекетаралық қатынастардың
қалыптасу кезеңдерін терең талдау және бұл
процестің көз алдымызда өтіп жатқанын ескерсек аса
маңызды ғылыми және қоғамдық саяси міндетке
айналады.
Сыртқы
саясатымыздың қалыптасу кезеңі мынадай өрелі
міндеттерді жүзеге асырудан басталды.
Біріншіден, біздің
мемлекетіміздің тың сипатын танытуымыз;
Екіншіден,
Қазақстанды халықаралық дәрежеден мойындатып
оның қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын
қамтамасыз ету қажет болды;
Үшіншіден,
әлемдік шаруашылық жүргізу мен экономикалық
байланыстарға белсене араласуымыз қажет болды [1, 16-23б.].
Қазақ
мемлекеттігінің қалыптасуындағы тәуелсіз
еліміздің сыртқы саясатын қалыптастыруда, жүзеге
асыруда Қазақстан Республикасының тұңғыш
Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ролін
ерекше атауға болады. 1988 жылдан бастап, республика жетекшісі Н.Ә.
Назарбаевтың басшылығымен сыртқы саясат мәселелеріне
деген жалпы мемлекеттік қөзқарас түбірімен өзгерді.
Мемелекеттік тәуелсіздік жарияланғаннан кейін Президент Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаев еліміз халықаралық
қатынастардың дербес тұлғасы ретінде саяси
дипломатиялық тұрғыдан таныла бастады. Тәуелсіздіктің
алғашқы жылдары Қазақстан әлемдік державалармен
беделді халықаралық ұйымдардың қолдауын
қажет етті. Қазақстан сыртқы саясатында
стретегияның өзегі саналатын көпжақты
әріптестікті таңдады. 1991 жылы 2 желтоқсандағы
президенттік сайлау қорытындыларына байланысты өткізген
баспасөз конференциясында Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан
Еуропа мен Азияны жалғастыратын көпір болуы керек. Әлемнің
барлық мемлекеттерімен экономикалық және саяси байланыстарды
қамтамасыз ететін көпвекторлық сыртқы саясатты
таңдайды»,-деп атап көрсетті. Президент өзінің «Қазақстанның
Егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты
1992 жылғы еңбегінде «Қазақстан жаңа
халықаралық ортаға тап болды. Оның сыртқы
саясатының бағыты ұлттық мемлекеттік мүдделерге
сәйкес өзіндік логикамен дами бастады. Сонымен қатар Қазақстанның
сыртқы саясаты жалпы адамзаттық қуатқа ие. Ол
халықтардың әлемдік қауымдастықтан өз орнын
таба білгенін жақтайды», - деп атап көрсетті. Осыған орай Қазақстан
өзінің сыртқы саясатында қазіргі жаһандық
қатынастардағы көпполярлық саланы
басшылыққа алды. Екі жақты және көп жақты сыртқы
қатынастар 2009 жылы Президент Жарлығымен бекітілген
«Қазақстан Республикасының сыртқы саясат концепциясы» негізінде
жүзеге асырылуда. Бұл Концепцияда қазіргі
халықаралық қатынастардың негізгі даму бағыттары
анықталып, дипломатиялық қызметтің міндеттері
көрсетілді. Қазақстанның сыртқы саясатының
негізгі мақсаты елдің ұлттық мүддесін
қорғау екендігі көрсетілді [2, 4-5б.].
1991 жылы
Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан
өзінің сыртқы саясатында Қытайдың,
Ресейдің, Жапонияның, Еуроодақтың күшейе
түсуін басшылыққа алды. Қазақстанның
сыртқы саясатында оның Ресей және Қытаймен шекаралас
болуы ерекше ескеріледі. Ресей Федерациясы мен Қазақстанның
құрлықтағы шекарасының ұзындығы 7,2
шақырымдай болса, Қытай Халық Республикасымен 1,7
шақырымдай ортақ шекара бар. Сондықтан Қазақстан
сыртқы саясатында әлемдік басым державалар болып саналатын Ресей, Қытай
мемлекеттерімен бейбіт, тең және ынтымақтастық
қатынастарды орнатуға ерекше мүдделі.
1991 жылы 16
желтоқсанда Қазақстан Республикасы өз
тәуелсіздігін жариялағаннан кейін сол жылдың 20
желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ
ның Бас Хатшысы Бутрос - Галиге арналған хатында Сыртқы істер
министрі Ақмарал Арыстанбекованы осы ұйыммен байланыстар мен
ынтымақтастық орнатуға жіберіп отырғанын жазды. Сол
жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасының
БҰҰ-на мүше болып қабылдануы туралы Елбасымыз қол
қойған өтініш Бас хатшыға табыс етілді.
1992 жылы 23
қаңтарында БҰҰ ның Қауіпсіздік кеңесі
өз мәжілісінде Бас Ассамблеяға Қазақстанды
бейбітшіл мемлекет ретінде БҰҰ-ның мүшелігіне
қабылдауды ұсынды. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ ның
Бас Ассамблеясының 46 сессиясы Қазақстанды Біріккен
Ұлттар Ұйымына мүше етіп қабылдады, сөйтіп
біздің еліміздің тәуелсіздігі халықаралық
тұрғыдан танылды [3, 17б.].
1992 жылы
Қазақстан Солтүстік атлантикалық әріптестік
Кеңесіне мүше болды. Бұл ұйым 1997 жылдан бастап
Еуроатлантикалық әріптестік ұйымына айналды. НАТО ұйымы
бұрынғы Кеңес одағы құрамынан
шыққан тәуелсіз мемлекеттермен бірлесіп «Бейбітшілік
жолындағы әріптестік» бағдарламасын жүзеге асырды.
Ондағы мақсат осы елдермен бірлесіп, аймақтық
әскери қақтығыстардың алдын алу, терроризмге
қарсы ортақ іс қимылдарды үйлестіру болды.
Қазақстанның қарулы күштері АҚШ пен НАТО- ның
алдыңғы қатарлы әскерилерінен соғыс техникасы мен
тактикасын меңгеруді үйренді. Бірлескен жаттығулар
өткізу жыл сайынғы дәстүрге айналды. НАТО мен
әріптестік Қазақстанның қауіпсіздігін
нығайтуға өз ықпалын тигізді.
Қазақстан
тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде халықаралық
ұйымдардың қатысушы мүшесі ғана емес, осы
уақытта әлемге ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ТМД, АӨСШК
секілді ұйымдардың төрағасы ретінде танылды. Бұл
егемен еліміздің дамуындағы жалпыұлттық стратегиялық
жобалар болғандықтан Еуропадағы қауіпсіздік және
ынтымақтастық ұйымының тарихында
тұңғыш рет посткеңестік республика яғни
Қазақстан Республикасы 2010 жылы төрағалық
етуінің маңызы ерекше. Мұндай шешім 2007 жылы 30
қарашасында Испанияның астанасы Мадрид қаласында
ЕҚЫҰ-ның сыртқы істер министрлігі Кеңесінің
отырысында қабылданған еді. Қазақстан кандидатурасын
Ұйымға мүше 56 елдің өкілдері қолдап сенім
білдірді. Халықаралық қауымдастықтың
мемлекетіміздің төрағалық етуіне қолдау
көрсетіп шешім қабылдаулары Қазақстанның
демократиялық қоғам құрудағы
нарықтық экономика қалыптастырудағы жеткен нақты
жетістіктерінің нәтижесін мойындаулары болды.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға
төрағалық етуіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы
Назарбаевтың белсенді халықаралық, реформаторлық
және бітімгерлік қызметі арқылы жинақталған
беделі мен халықаралық қауымдастықтың үлкен
сенімі деп атауға болады. Бұл біздің мемлекетіміздің
халықаралық беделі мен Президент Нұрсұлтан
Әбішұлы Назарбаевтың әлемдік ауқымдағы көрнекті
саясаткер ретіндегі мәртебесін нақтылаған тарихи
маңызды оқиға [4, 17б.].
Қазақстанның
әлемдік деңгейде ядролық қарусыздану мәселесіне қосқан
үлесі жайлы тоқталсақ, жалпы Қазақстан
тәуелсіздігін алған сәттен бастап және
жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға нақты
үлесін қосып келеді. Семей ядролық полигонының жабылуы,
қуаты жөнінен әлемдегі төртінші зымырандық
ядролық арсеналдан бас тарту және оның
инфрақұрылымын толықтай жою еліміз үшін тарихи шешім
болғаны белгілі. Қазақстанның әлемдік
қауымдастықтағы беделі оның ядролық қарусыз
ел ретіндегі статусына байланысты өсе түсті.
Қазақстанның осындай саясатының үлгісін Ұлыбританияның
Стэнфорд университетінің «Ядролық қатерді
қысқарту жөніндегі бастама қоры» аса жоғары
бағалады. Қазақстан күшке емес, қажеттілікке
негізделген жаһандық ұсыныстар жасауда. Қазақстанның
бастамасы бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 29
тамызды ядролық сынақтарға қарсы әрекеттің
халықаралық күні ретінде жариялау туралы қарар
қабылдады. 2010 жылдың қазан айының 12-13 күндері
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында БҰҰ шеңберінде
белгіленген Ядролық сынақтарға қарсы
іс-қимылдың халықаралық күніне арналған
шаралар аясында «Ядросыз әлем үшін» атты халықаралық
форум болып өтті. Оған БҰҰ, МАГАТЭ, ЕҚЫҰ,
ШЫҰ, АӨСШК, ЮНЕСКО, ЕурАзЭҚ сияқты
халықаралық және аймақтық ұйым басшылары
мен өкілдері АҚШ, Жапония, Ресей Федерациясы, Пәкістан
және тағы да басқа мемлекеттер парламентінің депутаттары
қоғам қайраткерлері қатысты. Форумда Ядролық
қарусыз әлем жөніндегі Астана Декларациясы қабылданды [5,
4б.].
Жалпы, Қазақстан
22 жыл тәуелсіздік жылдарында сыртқы саясатта көп
бағытты саясат принциптерін жүзеге асырды. Қазіргі
таңда Қазақстанның халықаралық саясатта
алатын орны ерекшеленіп, нақтыланды деп айтуымызға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Мансұров Т.А.
Қазақстан және Ресей: егемендену, кірігу, стратегиялық
әріптестік тәжірибесі.Алматы, «Қазақстан», 1999. - 344
бет.
2. Борбасов.С. Қазақстанның
сыртқы саясат басымдықтары. Ақиқат 2012ж. №7.
3. Абдулпатаев. С.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымында. Ақиқат.
2002ж., №9.
4. Сейдін Н. ЕҚЫҰ- ға
төрағалық ету халықаралық сенім мен геосаяси
жауапкершілік белгісі.. Ақиқат, 2008 ж, №3.
5. Ядролық қарусыз
әлем жөніндегі Декларация. Ақиқат, №11.