История/ 2.Общая история

А.Кауменова, 2 курс студенті

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

Қостанай қ., Қазақстан Республикасы

Ғылыми жетекші:

А.Е.Ералина, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті,

Қостанай қ., Қазақстан Республикасы

Қостанай өлкесінде  патша үкіметінің қоныс аудару саясатын өткізу барысы жайында.

        

    Ресейдің ішкі губернияларынан қазақ даласына шаруаларды жаппай көшіруі орыстардың отарлық үстемдігін біржола бекіте түсті. Патша үкіметі осы арқылы жаңадан игерілген территорияда, оның ішінде Қазақстанда да бірқатар ауқымды міндеттерді шешуге ұмтылды. Шаруаларды жермен қамтамасыз етіп, оларды өз үкіметінің мызғымас әлеуметтік тірегі ретінде санады. 

         Бастысы: орыс шаруаларының жерге иелігін орнатуды- үстемдіктің берік тірегі ету, сөйтіп, Қазақстанда орыстардың отарлық үстемдігін бір жолата орнату.

         Орыс және украиндық шаруаларды Қазақстанның барлық облыстарына жоспарлы түрде көшіру орын алды. ХІХ ғасырдың 70-80-ші жылдарынан бастап жаппай сипатқа ие болды. Торғай облысында қоныс аудару  жұмысы, Ақмоладан кейін,  1879 жылы Қостанай салынғаннан бастап үдейе түсті. Осы жылдан бастап Қостанайға қара шекпенділер келе бастайды.Сөйтіп, 1889 жылы қоныс аударған халық саны 20 мыңға жетеді. Қалаға сиыспағаны Тобыл бойы өз бетімен қазақ жеріне қоныстар сала бастап, жаңа мекендер аша береді.1896-1905 жылдары 60018 шаруа көшіп келсе, олардың саны 1906-1915 жылдары  213793 адамға жетті.

       ХІХ ғ 70-жылдардың аяғында Торғай облысының солтүстігінде жаңа қала Қостанайды тұрғызу үшін 3550 десятина, ал қала шетіндегі поселкелерге - 10150 десятина жер бөлінді.Осыдан кейін 1880 жылы Ресейдің ішкі губернияларынан шыққан қоныстанушыларға Қостанай қаласында мекен етуге рұқсат берілді. Жоғарыда көрсетілгендей 1881 жылдан бастап қалада мекендеушілер өсе бастады, 1885 жылы қалада 2 жыныс өкілдерінен 8000 жан тұрды [1].         Жалпы Қостанай уезіне қоныс аударушылар 1200 отбасын құрады.       Сөйтіп, алдын ала межеленген 1000 адамның орнына 800 адам жиналып қала маңындағы жерлер озбырлықпен отарлауға ұрынды. Жер учаскелері үшін қақтығыстар жергілікті қазақтармен ғана емес, қоныстанушылар арасында да өзара болып тұрды. Беруге жоспарланған 13 300 десятинаның орнына жаңа қоныстанушылар Қостанайдың құнарлы жерлерінің 41865 десятинаның 1885 жылы-ақ алып үлгірді. [2]

             Торғай облысына қоныс аударушылар ең алдымен Қостанай уезін таңдап алды. Бұл оның (Қостанай жерінің) табиғи-климаттық жағдайының әбден қолайлығына байланысты. Сондықтан да қысқа уақыт ішінде «Александровский», «Жуковский», «Боровской», «Михайловский» және т.б. поселкалар «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтарша» қаптай салына бастады.

         Қазақ жерін отарлау саясаты 80-ші жылдардың аяғы 90-шы жылдардың басында, яғни 1891 жылдың 25 наурызда бекітіп, патша үкіметі «Дала ережесін»» бекітті.  Онда қазақ халқына тиесілі барлық жер мемлекеттік меншік деп жарияланды және осы негізде патша үкіметі өзінің қалауы бойынша иеленуге құқылы болды. 1889 жылы қоныстануға арналған аудандарды нақты анықтаған «Ауыл тоғышарлары мен тұрғындарын қазыналық жерлерге көшіру туралы қабылданған заң 90-шы жылдары Орал, Торғай облыстарына да таратылды. Қоныстанушыларды орналастыру мақсатында көші-қон ауданы құрылды. Оның бірі Орал-Торғай болды. 1885-1889 жылдар аралығында бұл көші-қон ауданы бойынша 1378046 десятина жер мемлекет меншігіне алынды. Бұл жерлерге 10940 адам қоныстанған 24 қоныстанушылар ауылы орнады.

         Уезде бастығы облыстың әскери губернаторына жаппай жаулап алу және қала айналасындағы жерлерге анық шекара жүргізу қажеттілігі туралы мәлімдеп отырды. 1885 жылы жерге орналастыру мәселесімен Белоглазов және генерал-майор Проценко айналысты. Нәтижесінде Қостанайда және оның маңында пайда болған Константиновка мен Затоболда 11 мың десятина жер болды [3].

         Қаншама жерлер отарлануына қарамастан жергілікті адамдарға қашқындар мен заңсыз элементтердің озбырлықтары тыйылмады. Тіпті, уезд бастығы мен орманшыға жасалған шабуылдар туралы да деректер кездесті. Надеждинское поселкесінде Херсония губерниясынан көшіп келген немістерге де шабуыл жасалынған. Осы жайларға байланысты әрі «Империя мүдделері» үшін мазаланған мемлекеттіктер Петербургке ресми хат жолдады. Онда: «Даланы орыс қоныстанушыларымен отарлаудың жалпы пайдасын ескере отырып, келесі шарттар бойынша рұқсат беруді сұрады.:

-         қоныстанушы әрбір ер адамға 5-тен 10 десятинаға, әрбір жұмысшыға 10-нан 15 десятинаға дейін жер беру.

-         Қырғыз қыстақтарынан бос жерлерді бөліп беруді ақысыз жүргізу, ал қыстаулары болған жағдайда құрылысты бұзғаны үшін қырғыздарға сый беру [4].  

   Губернатор астананы «Жалпы мүдделеріне сәйкес Орынбор өлкесін Түркістаннан ажырататын орасан зор кеңістікті әсте орыс отарларынсыз қалдыруға болмайды және Орта Азиядағы біздің иеліктерді империяның ішімен байланыстыру үшін Торғай облысында Түркістанға қарай бағытта орыс жер өңдеуші қоныстар қажет - деп, үгіттеді. Бұл үшін оның ойынша «ыңғайлы жерлер жеткілікті, ал қырғыздардың алып жатқан жерлерінің бір бөлігін беру, оларды жоқшылыққа онша ұшыратпады».

       Алайда ішкі істер министрлігі ол кезде Торғай облысына қоныстану үшін қақпаны толық ашуға келісім  бермеді. Проценко қоныс аударуды жергілікті халықтан жерді жалға алу негізінде рұқсат беру жолын тандады. Ол өзінің бұл әдісін Қостанай уезінің бастығына 1886 жылы жазған хатында «бұл істі орыс халқының қырғыздар арасында егіншілікті тарату түрінде жәрдемдесу»- деп көрсетті [5].  

    Осындай әдіспен 80-ші жылдары Қостанай уезінде қазақтардан жалға алынған жерлерде 12 поселок құрылды. Көп жағдайда жерлерін жалға беруге отарлаушы шенеуніктердің өзі мәжбүрледі. Бұл жерлер және арзанға яғни әрбір десятинасының құны 20,25 тиынға жалданды. Даланы қоныстанушылар поселкалар салынған басқада қоныстанудың хуторлық, заимкалық түрлерін енгізді. Оларда қоныстанушылардың бір бөлігі тұрақты тұрып, кейбіреулері тек жаз, күз маусымдарында ғана пайдаланып мекендеді. Олардың кейісі ауылға айналып, тарап кетіп отырды.

       Жерді жалға беруші қазақтар көбінесе, «адал сөзге» (уәдеге) сеніп жер жалдаушылармен құжаттаспады. Олардың осы сауатсыздығын пайдаланғаннан келісім - шарт жасасуда шиеленістің пайда болуына жағдай жасады. Сөйтіп, жер жалдаушылар жерді алдау, бопсалау арқылы алып отырды. Әсіресе қыстаулар (заимка) поселкаларға айналғанда жалдаушылар құнпарлық жасап жал ақшасын төлеуден бас тартты. Осындай озбырлықтар арқылы жалданған жерлерді өз меншігіне айналдырып отырды.        Сөйтіп жалға алынған учаскелерден  құрылған қыстаулардың саны өсе берді. Олардың көбісі көші-қон учаскелерінің шекарасына еніп отырды. Осылайша қазақтар өзінің жерін меншіктену құқығынан мәңгілікке айрылды. 80-ші жылдардың аяғында бұндай қыстаулардың саны 42-ге жетсе, 1900 жылы бұлардың саны уақытша комиссиямен бекітіліп 50 көші-қон учаскелері болып бекітілді. Олар: Қарағайлы, Воробьев, Зуев, Сүйіндік, Надеждинск, Тимин, Алешин, Введенский, Булгаков және т.б. Бұлардың барлығы дерлік өзен-көлдердің, су аралықтарының маңайында құрылуы. Жан басы үлесінің жер мөлшері 12-15 десятина көлемінде есептеледі [6].   

      Торғай облысына қоныстандыру әрекетінің ұлғаюына 1892 жылы құрылған Сібір темір жолы комитетінің құрылуы да жәрдемдесті. Құрылысы 1891 жылы басталған Трансібір темір жолы облыстың Ақтөбе және Қостанай уездері арқылы өтуге тиіс болды. Осыған байланысты қоныс аударушылар учаскелерінің бойындағы сызыққа қоныстандыру бағдарламасы қабылданды. 1897 жылдың 17 қазаныңда жер өңдеу және мемлекеттік мүлік министрі Сібір темір жолы комитетінің жанындағы дайындық комиссиясына Торғай облысында көші-қон және қосалқы учаскелерді дайындау үшін межепартияларын ұйымдастыру туралы ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс ең алдымен орыс қоныстанушыларына жетерлік көлемдегі Қостанай уезінің қырғыз болыстары жерін зерттеу қажеттілігіне баса назар аударды. [7].   

      Зерттеулер жалпылама ресми сипатта болды және қазақтардан жерді экспроприациялауға ғана қызмет етті. Бұған: «Бұл зерттеу арқылы оның мәліметтері бойынша келер жылы аталған қоныстарға пайдалануға жер учаскелерін бөлу және жобалау үшін қолдануға болатындай етіп дегенімізге жету керек»- деген Министр нұсқаулары куәлік етеді. [8].  Сонымен, Қостанай даласы патша үкіметінің  отарлау саясатын өткізуде  қоныс аударушылардың басты мекеніне айналды. Оған, себеп тек саясат қана емес, кейбір кезде лек-легімен келіп жатқан шаруаларды уақытында басқаратын орталық пен мекемелердің жетіспеушілігі де байқатты және шаруалардың заңсыз жерлерді иемденуі де орын алғанын үмытпаған жөн.

 

Әдебиеті:

1.Обзоры Тургайской области за 1885 год.- Орынбор,1886 жыл, 21 бет.

2. Сонда, 23 бет.

3. Торғай облыстық ведомствалары. 1898 ж. № 18,25.

4. ҚРОММ. 25-қор, 1т., 1518-іс, 1-5- парақтар.

5. Черныш. П.М. Қостанай облысы тарихының очергтері. –Костанай, 1995, 17-бет;  Әбенов Д.Қ. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныстануы және оның зардаптары. Тарих ғылымдарының ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған авторефераты. А-2000. 14-б.

6. ҚРОММ. 25-қор, 1-т., 2689 іс, 46-48, 63-70 парақтар; Әбенов Д.Қ. ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныстануы және оның зардаптары. Тарих ғылымдарының ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған авторефераты. А-2000. 15-16-б.

7. ҚРОММ. 25 қор, 1-т.,2689-іс, 1-п.

8. ҚРОММ 25-қор, 1- т., 2689-іс, 1-п.