Байдалиев Д.Д., Қабылбекова Л.Б.

 

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

хх ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ОРТА АЗИЯ РЕСПУБЛИКАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ-ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ МЕЖЕЛЕУДІҢ БАРЫСЫ

 

         Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздік алысымен - ақ еліміздің тарихының қалыптасуына ерекше назар аударып келеді.

         Қазақстанның саяси өміріндегі аса елеулі кезеңде ұлт тұтастығына қол жеткізу, сөйтіп ұлттық мемлекеттікті бекем негізге орнату және қалыптастыру жолында жүргізілген күрестерді идеологиялық бүркемелерден ажыратып, себептерін талдау соның негізінде Сырдария және Жетісу облыстарының Қазақстандағы қосылудағы тарихи шындықты қалпына келтіру қазіргі тарихымызда өзекті мәселелердің қатарына жатады.

Орта Азия республикаларының ұлттық - территориялық жіктелуі, межеленуі мәселесін Қазақстан ғалымдары егжей-тегжейлі болмаса да, сол кездегі саяси көзқарас тұрғысынан біршама зерттеген. Бұл мәселені, қазақ мемлекеттігінің одан әрі нығая түсуі тұрғысынан, тұңғыш рет А.Нүсіпбеков қарастырған. Ол Орта Азиядағы межелеуді Қазақстан тарихының сол кезгі өзекті мәселелерінің бірі болған тақырып - жер-суды жинастырып, талдау мәселесімен ұштастырды. Қазақ жер-суының бірігуі коммунистік партияның жетекшілігі арқасында, тек кеңестік құрылыс жағдайында жүзеге асқанын деректі құжаттар негізінде көрсетуді мақсат етті. Сөйтіп, ол өзінің жұмысында ұлттық-мемлекеттік межелену материалдарынан мол дерек келтірді.

Орта Азияның ұлттық белгілер бойынша жіктелгенге дейінгі және жаңа мемлекеттік құрылымдар құрылғаннан кейінгі картасын берді. Қазақ жерінің бірігуінің маңызына тоқталды. Халық шаруашылығын қалпына келтіру кезеңінің соңындағы Қазақ АКСР-інің жетістіктерін көрсетті. Ғалым өзінің осы «Қазақ жерлерінің Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында бірігуі» атты еңбегін 1953 жылы жария еткен еді [1]. Оның бұл жұмысы 1970-1980 жылдары жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» көп томдығының 4-томындағы қазақ жерлерінің қосылуына арналған тарауларын жазуда негізгі дерекер болғанын атап көрсету керек [2].

           Қазақстандағы кеңестік мемлекеттің қалыптасуы және бастапқы кезеңдегі даму мәселелерін әр жылдарда Т.Елеуов, А.С.Елагин, С.Бейсембаев,С.М.Кенжебаев, басқа да ғалымдар талдады [3].

         Орталық Азияда ерте заманнан экономикасы, шаруашылығы мен мәдениеті дамыған қалалардың көп болғандығын біз осы аймақта өткізілген  архиологиялық зерттеулер мен бізге жеткен жазба деректерінен білеміз, ал табиғатының қолайлығы мен осы аймақтан дүниенің бір басымен екінші басын жалғап жатқан Жібек Жолының өтуі мұнда халықтың  көптеп шоғырлануына алып келеді. Аймақта халықтың тығыз және аралас орналасуы XX ғасырдың 20 жылдарының бас кезеңінде  ұлттық республикалар арасында әкімшілік шекараларды анықтау  барысында көптеген қиындықтар туғызғаны белгілі.

         Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті және Халық Комиссиялары Кеңесі Совнаркомның  1919 жылғы 10 шілдедегі №354 қаулысына сәйкес Қазақ  АКСР-і территориясының  шекарасын бекіткен болатын. Бұл құжат бойынша  Қазақ АКСР-і құрамына Семей, Ақмола, Торғай, Орал облыстары мен Закаспий облысының Маңғышлақ және Краснавод уездері, Астырахань губерниясының Синемор және Бөкей ордалары, сонымен қатар қосымша біраз жерлер қосылды. Ал қарастырып отырған қазақ жерлерінің оңтүстік шекарасына келгенде, Декретке Түркістан құрамына кіретін қазақ жерлері халықтың қалауы бойынша шешілсін деген бап енгізілген болатын [4].

         Түркістан өлкесін ұлттық-территориялық межелеу мәселесі БОАК-тің 1921 жылғы 11 сәуіріндегі Декреті қабылданғанға дейін көтерілді.Межелерді жүргізу үлкен дайындық жұмыстарын талап етті, ал осы кезде аймақта жағдай өте ауыр еді. Аймақтағы әлеуметтік-экономиялық ахуал үздіксіз соғыстар мен көтерілістердің нәтежиесінде күрт қиындады. 1920 жылдың басына дейін Закаспийде ағылшындар мен ақ гвардишыларға, біріккен Хиуа және Қоқан хандарына қарсы соғыс жүріп жатты. Ферғанада басмаш құрылымдары белсенділік танытса, 1920 жылдың сәуіріне дейін Жетісу майданы жойылмаған болатын. 1920 маусымда Верныйда кеңеске қарсы бүлік шықты. Тек Хиуа мен Бұқараны алғаннан кейін ғана, Орта Азиядағы жаңа ұлттық-территориялық бөліністері мен қайта құрылған Қазақ АКСР-ның шекарасын анықтау мәселесін шешуге мүмкіндіктер туды.

         РК (б)П-ның XII съезінен кейін Орта Азия республикаларының партия және кеңес органдары, Орта Азияны ұлттық территориялық жағынан межелеуді жүргізу мәселесін құрауды сұрады. Қазақ АКСР-інің үкіметі 1924 жылы қаңтарда кеңестердің IV съезінде берген есебінде Жетісу мен Сырдария облыстарындағы қазақ аудандарын қосу туралы мәселені орталық партия комитетінің және мемлекет органдарының алдына қойды. Түркістан кеңестерінің XII съезінде делегаттары сөйлеген сөздерінде межелеу жөніндегі мәселені тез арада шешу қажеттігін ерекше атап көрсетті.

         1924 жылы 9-сәуірде РК(б)П-нің саяси бюросы жергілікті ұйымдардың ұсыныстарын қарап, ұлттық мемлекеттік межелеудің жүргізілуін негізінен мақұлдады. РК(б)П-нің  Орталық Азия бюросына Орталық Азияның жаңа құрылатын республикалары мен облыстарының этнографиялық, саяси және экономикалық карталарын қосып, барлық материялдарды әзірлеп, партияның орталық комитетінің қарауына беру тапсырылды.

         1924 жылы сәуірдің соңында РК(б)П-нің Орта Азия бюросы мен Түркістан компартиясы ОК-нің бірлескен мәжілісінде Орта Азияны межелеуді әзірлеу және жүргізу жөнінде комиссияның мәселені зерттеу, жүргізу жұмысының барысы қаралды.

         1924 жылы 11 қазанында РК(б)П-нің саяси бюросының кезектен тыс мәжілісі болып, оған барлық республикалар мен  облыстардың өкілдері шақырылды. Онда Орта Азиялық республикаларының партия және кеңес органдарының баяндамалары мен  РК(б)П-нің комиссиялық қосымша баяндамасы тыңдалды. Осы өкілетті жиында экономикалық межелер және мемлекеттер қорлары мен қаржыларын жаңа республикалармен автономиялы облыстарға бөлу тәртібі белгіленді. Осы РК(б)П-нің Саяси бюросының кеңейтілген мәжілісінде Ташкент Өзбекстанға беруді ұйғарды.

         1924 жылы 27 қазанда КСРО Конститутциясына сәйкес КСРО-ның екінші сессиясы қаулы қабылдады.  «Ұлттардың өзін-өзі билеу принципі» бойынша Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы мына республикаларға: құрамында автономиялы Тәжік Кеңестік Социалистік Республикасы бар Өзбек  Кеңестік Социалистік  Республикасына, Түркмен Кеңестік Социалистік  Республикасына, РКФСР құрамына  енетін Қарақырғыз автономиялы облысына бөлінетіндігі және Түркістанның қазақ бөлігінің РКФСР құрамына кіретін Қырғыз (Қазақ) Автономилы Кеңестік Социалистік республикасына қосылуы туралы қаулысы бекітілді. Ал қазақ-өзбек шекарасы мәселесіне келетін болсақ, екі елдің комиссия мүшелерінің көптеген талас-тартыс мәселелерінен кейін шекара анықталып, Қазақ КСР-і мен Өзбек КСР-і арасындағы шекара Ташкент және Мырзашөл уездері арқылы анықталды. Ташкент Өзбек КСР-інің құрамына өтіп, оның астанасы аталды.  Жаңа құрылған автономиялы республикалар мен облыстар заң жүзінде бекітілді. Осы мәжілісте КСРО Орталық Атқару комитеті «еңбекші халықтың өз еркін білдіру жоғарғы заң болып табылады» - деп атап көрсетіп Орталық атқару комитетінің Төралқасына талаптарға сай рәсімдеуін жүзеге асырып тапсырды. Жер-суы, халқы бірігіп іргесі кеңейген үлкен Қазақ Республикасы Кеңестерінің съезі Ақмешітте 1925 жылы сәуірде өтті. Кеңестердің бұл съезі Қазақ Республикасы ғұмырындағы елеулі бет-бұрыс болды [5].

         Қазақстанның оңтүстік мемлекеттік шекарасына келетін болсақ еліміз тәуелсіз болып, өз шекарасын көрші елдермен айқындайтын кезде, біраз болса да мәселелер туындаған болатын. Бұл көршілес, тағдырлас, бауырлас түркі тілдес елдердің территориялық мәселелерінің тарихи тереңде жатқаны баршаға мәлім. Бұл мәселе әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

         Бұл туралы Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты жолдауында: «Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет» - деп көрсеткен еді.

 

         Әдебиеттер:

1.        Нусупбеков А.  Объединение казахских земель в Казахской  Советской Социалистической Республике.- Алма-Ата: Акад. наук КазССР, 1953.- 99 с.

2.        Қазақ ССР тарихы.   Көне   заманнан   бүгінге дейін. Бес томдық. - Алматы: Ғылым, - Т. 4. - 1981. - 676 б.

3.        Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. - Алматы: Ғылым.-Т. 4,- 1981.- 676 б.; История Казахской ССР. С древнейших времен до наших дней. В пяти томах. – Алма - Ата: Наука. - Т. 4. -1977. - .640 с.

4.        Мадуанов С. Взаймоотношения казахов с другими соседними  народами Центральной Азии в XVIII-начале XX вв. Алматы 1995. 185.

5.        Малышева М.П. Национально-территориальное размежевание Сибиров и Казахстана (1919-1922гг.). Семипалатинск: СГУ. 1999. с.90.

6.        Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. - Астана  - 2012. – 79с.