ҚазаҚстан мен Германия арасындаҒы ынтымаҚтастыҚ байланыс

 

Мырзахмет Ғалия Кеңесбайқызы

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ. Тараз қ, Қазахстан Республикасы

 

  Еуропа мен Азияның  тоғысында тұрған Қазақстанның геосаяси жағдайы халқының этникалық құрамының ерекшеліктері, оның экономикалық қуаты - мұның бәрі жас тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саяси стратегиясын, көп қырлы принциптерін айқындайды. Еуразиялық  өзгешелік республиканың сыртқы саясатының қалыптасуында үлкен рөл атқарады. Еуропалық одақпен қарым-қатынас та, сондай-ақ оның құрамына енетін іргелі мемлекеттермен, бірінші кезекте әлем елдері ішіндегі анағұрлым экономикалық және саяси тұрғыдан дамыған Германиямен екі жақты қатынастары стратегиялық жағынан өте маңызды болып табылады.

          Германияның сыртқы саудадағы әріптестеріне келсек, көш алдында Франция тұр. Одан сон импорт бойынша Нидерланды, Италия, Ұлыбритания, АҚШ, ал экспорт бойынша Ұлыбритания, Италия, АҚШ және Нидерланды келеді. Германия БҰҰ мен ЕҚЫҰ-ның жұмыстарына белсенді түрде қаты­сып жүр. Өз тараптарынан беделді бұл халықаралық ұйымдарға айтар­лықтай қаржы және кадр ресурс­тарын бөліп отырады. Сондай-ақ, Германияның алдына қойған ба­сым бағыттарының бірі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болу. Ал Гер­манияның Орталық Азия ел­де­ріне байланысты ұстанған саясаты айқын, ол – экономикалық са­ла­лар­да мүмкіндігіне қарай ынтымақтас­тық жасау.

Германия Федеративтік Республикасы 1991 жылы Қазақстан  республикасының мемлекеттік егемендігін таныды. 1992 жылы 11 ақпанда дипломатиялық байланыс орнады. Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының арасында тұрақты саяси диалог орнаған. Екіжақты қатынастардың дамуына 2003 жылы 4-5 желтоқсанда  Германия Федеративтік Республикасының канцлері Г.Шредердің ресми сапармен Қазақстанға келуі қосымша серпін берді.

2009 жылғы 3 ақпанда Елбасы Н.Назарбаевтың ГФР-на ресми сапары болып, сол күні екі ел Президенттері «Қазақстанның Германиядағы жылын» салтанатты түрде ашты. Сапар барысында Федералдық президент Х.Келермен және Федералдық канцлер А.Меркельмен келіссөздер өтті. Президент Н.Назарбаев Берлинде жүзден аса герман кәсіпкерлерінің өкілдері мен қазақстандық ресми делегация қатысқан қазақ-неміс бизнес-форумында сөз сөйлеп, екіжақты сауда-экономикалық байланыстардың мүмкіндігін толық пайдалану қажеттігіне тоқтады. Бизнес-форум барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылды. Соның нәтижесінде 2009 жылғы 26 қазанда Астанада «МЕТРО» компаниясы жобалары жүйесінің бірінші әмбебап дүкені ашылды.

Сарапшылардың болжамы бой­ын­ша, бүгінде Қазақстан мен Гер­ма­ния арасында түсініспеушілік ту­дыратын проблемалар жоқ, халық­аралық саясаттағы негізгі мәселелер бойынша елдердің ұстанған пози­ция­лары жақын. Мысалы, Қазақ­стан Германияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болу ұмтылысын қолдайды. Ал Герма­ния Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық ету ұмтылысына және БСҰ-ға кіруіне қолдау білдіреді. Өйткені, Қазақстанның Еуропа мен Орталық Азия арасында диалогты дамыту үшін негізгі рөл атқару мүмкіндігі мол. Оның үстіне біздің еліміздің экономикалық жағдайы Орталық Азиядағы өзге елдерге қарағанда жақсы, саяси тұрақтылық берік орныққан. Қазақстан мен Германияның сауда-экономикалық байланыстары жыл өткен сайын артып келеді.

Мемлекеттерді бір-бірімен жа­қын байланыстыратын мәселелер­дің тағы бірі – бірлескен кәсіп­орындар. Статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша, бүгінде Қазақстанда Германиялық капиталдың қатысуымен 688 бір­лес­кен кәсіпорын тіркелген. Олар­дың басым бөлігі сауда, ауыл ша­руа­шылығы, өнеркәсіп, тағы басқа салаларда жұмыс істейді. Сондай-ақ Қазақстан мен Германия ара­сында мәдени-гуманитарлық ын­ты­мақтастық берік орныққан. Бұл Қа­зақстан-Германия мәдени ынты­мақ­тастық мәселелері жөніндегі үкіме­таралық комиссияның іс-шаралары негізінде үйлесім тауып келеді.

Германия Федеративті Ре­спуб­ликасы Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға ерекше назар аударуының негізінде тек эконо­ми­ка­лық қана емес, саяси мүдделер­дің де бар екенін айта кетуіміз керек. Біріншіден, Германия ЕҚЫҰ аясында қауіпсіздікті қам­тамасыз ету жөніндегі саясаттың ойдағыдай жүзеге асуына мүдделі. Сондай-ақ, ГФР Каспий аймағын­да еуропалық қауіпсіздік тұтқа­ларын нығайту болашақта Еуропа Ода­ғы­ның саясатында негізгі бағыт­тар­дың бірі болуы мүмкін деп есеп­тейді. Екіншіден, Германия Орта­лық Азия аймағын Еуропаны Ислам әлемінің тұрақсыз аймақтары­нан бөліп тұрған “тұрақтылық белдеуі” аймағына айналдыру ние­тін көздейді. Үшіншіден, Германия Каспий аймағында оны әлемнің жетекші елдерінің саяси және эко­номикалық мүдделерінің текетіресу аймағына айналдыратын “үлкен ойын” айла-шарғысының шиелені­суі­не алаңдаушылық білдіреді. Екіжақты қатынастар түрлі деңгейдегі байланыстардың жоғары қарқынымен айқышталады, олар достық пен өзара сенімге негізделген. Халықаралық саясат мәселелерінің басым көпшілігі бойынша ұстанымдарда түсініспеушілік немесе алшақтық жоқ. Сыртқы саясат саласындағы екі елдің бастамалары мен ұмтылыстары өзара толықтырып, қолдау табуда. Соның ішінде Германия тарапының Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға Төрағалығына, ЖСҰ-ға мүше болуға  деген ұмтылысына қолдау көрсетуін, сонымен қатар Қазақстанның Германияның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты мүше болуын қолдауын атап өтуге болады.

Осылайша Тауелсіз Қазақстан мен Германия Федеративтік Республикасының арасындағы қарым-қатынас кез келген салада ол гуманитарлық, әскери, банк саласы саясат, экономика,т.б. даму үстінде тағыда  дамып өркендейді деген ойдамыз.