Асанова Ж.Х., Берденкулова А.Ж

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қызылорда, Қазақстан

 

Жалпы білім беретін орта мектептерде зоологиялық бөлім ұйымдастырудың маңызы

 

Егемендi елiмiздiң болашағы жас жеткiншектердiң бiлiм дәрежесiнiң тереңдiгiмен өлшенедi. Қазiргi заманғы бiлiм беру әлеуметтiк құрылымның маңызды элементтерiнiң бiрiне айналды.

Қоғамның негiзгi бағыты бiлiмдi де дарынды балалар даярлау болса, ал мектептiң негiзгi көкейкестi мәселелерiнiң бiрi бiлiм мен қатар тәрбие беру, жеке тұлға қалыптастыру, мәдениетi жоғары деңгейдегi оқушылар тәрбиелеу. Жас ұрпақ бойына батылдық, әдiлдiк, мейiрiм мен қайырымдылық, iзеттiлiк пен қамқорлық сезiмдерiн сiңiрудi әр ұстаз, әр пәнде сабақпен ұштастыра жүргiзуі қажет. Сабақтың тиімділігін арттырудың маңызды бір жолы –сабақтағы атқаратын жұмыс түрлерінің сан алуандығы.

Ғалым-педагог Л.В.Занков “Оқыту-оқушының жалпы рухани дамуын қамтамасыз етуi қажет”- дейдi [1]. Көрнектi психолог Л.С. Выготский : “Жақсы оқыту – баланың дамуын iлгерілететiн, дамудың алдында жүретiн оқыту”- деп тұжырымдайды [2]. Ал, оқыту мұғалiм арқылы iске асатын процесс болғандықтан педагогтар мен ұстаздар қауымына үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.

Алға қойған оқу-тәрбие міндеттерін жүзеге асыру үшін мектептегі биология пәнінің мүмкіндіктері зор. Биологияны оқытудың мақсаты – осы ғылымның негіздерін үйрету. Бұл оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес жануарлар әлемінің тарихи дамуындағы негізгі объективті заңдылықтарын игерулері қажет. Бұл заңдылықтарды білу – белгілі бір деректі мәліметтерді зерттеуге, бақыланатын жануарлар туралы нақты түсініктерге сүйенуге тиіс [3].

 Педагогикалық практика нәтижесіне қарасақ қала мектептеріндегі оқушылардың арасында жануарларды зерттеу жұмыстарына байланысты тақырыптармен қызығатындары әліде баршылық, демек бұл бағытта жұмыс жүргізуді тез арада қолға алу қажет.  Бұл бағытта жүргізілетін табиғат байлықтарын қорғау жөніндегі білім  беретін шараның бірі мектептерде зоологиялық бөлім ұйымдастыру. 

Мектепте зоологиялық бөлім оқушыларға жануарлар тіршілігін табиғи жағдайда таныстыруға мүмкіндік беретін зертхана болып саналады. Сондықтан оны сабақтың басым бөлігін өткізетін саяхатсабақтары мен практикалық жұмыстар жүргізілетін, жануарлар тіршілігіне ұзақ уақыт тәжірибе жасап, бақылау жүргізетін негізгі базаға айналдыру қажет. Қазіргі таңда мектеп оқушылары бастауыш сыныптардан бастап ғылыми жұмыстармен айналысуда, ал ол жануарларға жасалатын эксперименттік жұмыстарды қамтиды. Сондықтан мектепте оқушы жануарға жасалатын эксперимент жұмыстарын зоологиялық бұрышта өткізуі, оқушының қажетін  арттырып отырады. Оқушыларға зерттеу объектілеріне ұзақ уақыт бақылау жүргізулеріне  немесе эксперименттік тексерулерді қажет ететіндіктен оның маңызы зор.

Жақсы жабдықталған зоологиялық бөлімде:

- аквариум, террариум, инсектариум, формикарий, ұсақ құстар мен сүтқоректілерге арналған торлар мен үйшіктері бар тірі табиғат мүйісі;

- әр түрлі үйшіктерге сан алуан құстар жіберілген құстар қалашығы;

- пішіні мен шамасы стандартқа сай келетін қоянқоралар;

- тауық, үйрек, қаз, күркетауықтары бар жақсы жабдықталған құсқора;

- 4-10 ұядан құрылған омарта, оның ішінде шыныланған және бақылауға арналған ара ұясы, өсіруге қажетті құрал-саймандар;

- жұлдызқұрттарды өсіретін орын;

- қолдан жасалған тоғанша болуы керек.

         Аквариум - (лат. aquariumсуқойма) - су жануарлары мен өсімдіктерін өсіруге және зерттеуге арналған шыны ыдыс. Оның кейбір түрлерін дельфинарий, океанариум деп те атайды. Олардың пішіні мен құрылысы әр түрлі болып келеді. Аквариумдер балықтардың табиғи жағдайына сәйкес жабдықталады. Онда өсімдіктер де өсіріледі. Әдетте арнаулы құралмен аквариумге ауа да жіберіледі. Суы мезгіл-мезгіл ауыстырылып тұрады. Аквариумде ғылыми-зерттеу жұмыстары да жүргізіледі. Мысалы, кейбір балықтарды жерсіндіру аквариумде зерттеледі. Аквариумде балық аурулары да зерттеледі. Мектепте көрнекті құрал ретінде аквариумның лабораториялық және сәндік түрлері қолданылады. Ғылымда аквариумды экологиялық жүйенің қарапайым моделі деп қарап, ондағы топырақ пен судың құрамының өзгеруіне, өсімдіктер мен жануарлардың тіршілігіне бақылау жасап, ғылыми тұрғыда баға беруге болады. Сондай-ақ аквариумде биологиялық тепе-теңдік сақталады, тура табиғаттағыдай зат айналу процесі жүріп тұрады.

Террариум - ( лат. terra — жер) - сиымдылық,  мұнда амфибийлер, рептилийлер, насекомдар және басқада омыртқасыз жануарлар мен өсімдіктерді өсіру үшін қажетті жағдайлар жасалған орын. Көптеген террариумдарды әйнектен, металл каркастардан немесе негізін пластмассадан және ағаштан жасайды. Шөл аймақтарда тіршілік ететін жануарларға террариум табанына құм орналастырады, тастар салады және өсімдіктер отырғызады. Мұнда температура мен ылғалдылықты үнемі тұрақты түрде бақылауда ұстап тұру маңызды. Жарық және жылуды арнайы құрылғылармен қамтамасыз етеді.

Инсектариум - (лат. Insectum-насекомдар) – насекомдарды ұстауға, көбейтуге және өсіруге, сонымен қатар буынаяқтылардың өкілдеріне де арналған арнайы орын. Инсектариде насекомдардың тіршілік ету ерекшеліктерін бақылау жұмыстары, сонымен қатар насекомдарды көбейту жұмыстары жүргізіледі. Қарапайм инсектариум жәшікке ұқсайды немесе цилиндр тәрізді болады оның қабырғасын әйнектен немесе мөлдір пласинкамен, марлямен жасайды немесе көздерінің көлемі 0,5-1 мм етіп жіппен тоқиды.

Формикарий – (лат. formica — құмырсқа) құмырсқаларды бақылауға арналған инсектариидің ерекше бір түрі. Алғашқы формикарии ХІХ ғасырда мирмекологтар мен энтомологтар өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстары үшін жасап шығарған. Кейін құмырсқалардың қауымдасып тіршілік етуі натуралистерді көпшілік қауымды қызықтыруына байланысты формикарийлердің қарапайым конструкцияларының жаппай таралуына әкелді. Бірінші коммерциялық формикарии шамамен 1929 жылы шығарылды, ал 1931 жылы профессор Frank Austin патенттеп алған.

Мектепте зоологиялық бөлімді ұйымдастыру оңай емес, сондықтан оған уақыт  қажет. Алдымен қарапайым, жабдықтауға көп қаржы мен уақыт жұмсалмайтын бөлімдерден бастау тиімді. Мектепте зологиялық бөлімді ұйымдастыру және жоспарлауда мұғалімге ең алдымен, бөлімнің орны мен оған қажет жабдықтарды анықтау; оқушылар өз бетімен жүргізетін бақылау, тәжірибе және ғылыми жұмыстардың тақырыптарын айқындап алу және оларды орындау әдістемесін құрастыру қажет. Зоологиялық бөлімді ұйымдастыруға оқушыларды белсене араластыру керек. Алғашқы кезде ескі жәшіктен бақа мен құрбақаларға террариум жасауға, ал кесірткелерге металмен торланған, жабылатын қақпағы бар қораптар, қолдан аквариумдар және әр түрлі инсектариумдар дайындатуға болады [4].

         Мектепте зоологиялық бөлімге жануарларды сұрыптап алу пәннің мазмұны мен оқу бағдарламасына және оқушылардың өзіндік жұмыстары мен ғылыми жұмыстарының тақырыптарына байланысты болады. Тірі объектілерді сұрыптаған кезде кез-келген жануар қолға үйретуге тез бейімделе алмайтынын ескеру қажет.  Мектепте зоологиялық бөлімде жұмыстарды дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Ол үшін мұғалім бөлімдегі жануарларды күтуге дағдыландыру үшін биолигия үйірмесін  ұйымдастырады және оған қатысушылар мен басқа да оқушыларды жұмысқа тартады.

Зоологиялық бөлімнің оқу-тәрбиелік маңызы:

-         мектептегі зоологиялық бөлім оқушыларды табиғатпен таныстарудағы маңызды көрнекті орны.

-         табиғатқа саяхатқа шыққанда белгілі бір сағаттық шектеу болады. Ал зоологиялық бөлімде оқушылар кез-келген уақытта келіп жануарларға ұзақ уақыт бақылау жұмыстарын жүргізе алады. 

-         оқушыларда жануарлар туралы білімдері кеңейе түседі. Тірі объектілермен танысу барысында оларда бақылау қабілеттері, қызығушылықтары артады.

-         мұнда жануарларға күтім жасауда оқушылардың еңбек мәдениеті тәрбиеленеді; ортақ мүдделерге ұқыптылықпен қарау және ұйымдастырушылық қабілеттері артады.

-         әсіресе эстетикалық талғам мен тәрбие беріледі. Мысалы аквариумды, террариумды қалай қою, қай жерге орналастыру т.б.

-         биология үйірмесіне қатысушылардың және мұғалімнің көмегімен бөлімге келуші төменгі сынып оқушылары немесе балабақша бүлдіршіндеріне де жануарлар туралы маңызды ақпараттар, кинофильмдер көрсетуге болады. Олардың әр қайсысына талдау жасалынады.

Зоологиялық бөлімді орта мектепте ұйымдастыру арқылы заман талабына сай оқушыларды ғылымға тартып, ғылыми жұмыстарды орындатып ғылымға деген құштарлығын, қызығушылықтарын арттыруға болады. Өкінішке орай қала мектептерінде оқушылардың жануарларға жасалатын эксперимент жұмыстарын орындайтын толық мүмкіндіктер болмай отыр. Зоологиялық бөлімді ұйымдастыру арқылы бұл мәселе толық қанды шешілер еді. Бөлімде  әр түрлі жануарлардың болуы тәжірибе және оқушылардың ғылыми жұмыстарын топтастырып және жеке-жеке өткізуге мүмкіндік береді, жұмыстың тақырыбы әр бір сыныптың биология бағдарламасындағы тақырыптан туындайды. Мысалы, «Қарапаймдыларды қолда өсіру», «Жауын құрттарының көбеюі мен дамуы», «Сүліктер ауа райын болжағыш жәндіктер», «Айқұлақтан жасанды інжу алу», «Итбалықтардың дамуы және бақаға айналуы», Орта жағдайының өзгеруіне байланысты құс реңінің өзгеруін бақылау», «Құстарда шартты рефлексті қалыптастыру», «Көжектердің өсіп жетілуіне әр түрлі қоректің тигізетін әсерін бақылау» және т.б. көптеген қызықты тақырыптар бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады.

 

Әдебиет

1. Занков В.В. Избранные педагигические труды / М.:1990

2. Выготский Л.С Проблемы возрастных периодизаций детского развития / М.: Наука, 1972

3. Нога Г.С. Зоологиядан жүргізілетін бақылаулар мен тәжірибелер. Алматы, 1985

4. Ного Г.С. Исследование актуальных проблем школьного курса зоологии. Ташкент. 1975

 

Summary

           The importance of creating of zoological part and information about structure of zoological part are given in this article. Creating of zoological part at school gives opportunities to introduce pupils with animals’ life and habitat and have science work at school.