Қабул О. Қ.
аға оқытушы, гуманитарлық
ғылымдар магистрі
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университеті
Қазақстан, Қостанай қ.
А.ҚҰНАНБАЕВ
ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭТИКАЛЫҚ
МӘСЕЛЕЛЕР
Абайдың шығармашылығы 19-ғасырдың 2-ші
жартысындағы қазақ даласының қоғамдық
өмірінде болған үлкен әлеуметтік-экономикалық
өзгерістермен тікелей байланысты. Еңбекші
бұқараның мұқтаждық пен жоқшылықта
өмір сүруін әкім, би, бай, болыс, атқамінерлер
сияқты рулық билеп-төстеушілердің озбырлығы мен
надандығынан деп түсініп, олардың рухани бишаралығын
бірқатар өлеңдерінде өлтіре сынады.
Үшінші сөзінде ақын ел тағдыры, халық
қамы дегенді ойламайтын үстем таптың өмір тіршілігін
аяусыз әшкерелейді:
«Олар мал көбейсе малшыларға бақтырмақ, өздері
етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап
отырмақ». Байлық байға өз билігін заңсыз
жүргізуге жол береді: «Олардың діні, құдайы, халқы,
жұрты, білім-ұяты, ары, жақыны, бәрі – мал». Абай қарапайым
халықтың ауыр да, қараңғы өміріне
немқұрайлы қарай алмады. Жоқшылық пен аш-жалаңаштыққа
душар болған ауыл кедейлері тұрмыс-тіршілігінің
соншалықты ауыр екенін «Қараша желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңінде
күйініш сезімімен бейнеледі.
Қазақ қоғамындағы әлеуметтік
теңсіздікті әшкерелей отырып, Абай барлық
ағартушы-демократтар сияқты қарапайып халықтың
өмірін жақсартудың жолын білім мен еңбекте деп білді.
Ол халықтың ауыр тұрмысын, мешеулігін кертартпа
патриархалдық-феодалдық салт-сана мен әдет
ғұрыптардың үстемдігінен, мәдениетсіздіктен, жалқаулықтан,
ру тартысы, пәлеқорлық сықылды жат
қылықтардан көріп, оларға қарсы күресті. Ақынның
ағартушылық көзқарасы адамзаттың даму тарихын
идеалистік тұрғыда түсіндіретін орыстың
революционер-демократтарының ой-пікірлерімен үндес келеді. Олар
қоғамның дамуы материалдық игіліктерді өндіруде
емес, халықтардың рухани дамуы мен адамдардың жоғары
саналылығында деп есептейді. Абайдың халық ағарту жайлы
тұжырымдары – оқу-ағарту ісінің адам баласының
рухани және материалдық қажеттерін
қанағаттандырудағы маңызы туралы Чернышевскийдің
қағидасымен астасып жатыр. Ағартушы-ақын
қазақ халқының дамуы, оның басқа
елдің қатарына жетуі үшін рухани байлықты
арттыруға, орыс және басқа халықтырдың
мәдениетін үйренуге шақырды.
Абай әлеуметтік этикасында
Ар, Намыс, Ұят – ең негізгі ұғымдар. Бұл
ұғымдардың мәні, мазмұны, ішкі сыры тек
адамның өзімен-өзі кеңескенде, өзінің ішкі
жан дүниесіне үңілгенде ғана мағынасы ашылатын,
айқындалатын ұғымдар. Абай түсінігінде әр адамның
ең үлкен күнәсі, міні, өзінің өз ары
алдында жасаған рухани қылмысы – арын сату, арсыздыққа
салыну, ұяттан безу. Адам болудың бір шарты – Ұят деген
ұғымды бойға сіңдіру. Ұят дегеніміз – адам
бойындағы адамгершілікке жат, жаман қылықты, істі өз
мойнына алып, өзіңді-өзің сөгу,
өзіңе-өзің ұрсу,
өзіңді-өзің дұрыс, әділ, адал жолға
салу. Ар, Ұятпен қатар саналы қазақтың
табиғатына сіңген бір ұғым – Намыс. Ақын
бұл ұғымға да ерекше мән береді.
«Бұрынғы ата-бабаларымыздың бұл
замандағыларымыздан артық екі мінезі бар: соның екіншісі – намысқор
келеді екен.
Абайдың әлеуметтік
этикасы адам өміріндегі диалектикалық қайшылықтарды
түсіңдірудің, зерттеудің этикасы. Ақын Абай
адамгершілік, мораль мәселесін сөз еткенде
жақсылыққа: адамшылық,
адалдық, әділеттілік, берекелік, достық, білімділік,
еңбеккерлік, терең ойлылық, ерлік, жомарттық,
қайраттылық, кісілік, қанағатшылдық,
рақымдылық, махаббат, арлылық, намысқойлық,
сабырлылық, сертке беріктік, табандылық, татулық,
тәуекелшілдік, шукіршілік, т. б. қасиеттерді,
жамандыққа: арамдық,
азғындық, айлакерлік, парақорлық,
арызқойлық, тәкаппарлық, сараңдық,
алдампаздық, сайқалдық, даңққұмарлық,
әділетсіздік, әдепсіздік, пәлеқорлық,
паңдық, әсемпаздық, бақастық,
борышқорлық, өсекшілдік, надандық, менмендік,
әсемпаздық, еріншектік, әулекілік, есерлік,
жалақорлық, мақтаншақтық,
жарамсақтық, залымдық, жылпостық,
қияңқылық, т.б. жиіркенішті
мінез-құлықтарды жатқызады. Абайдың негізгі
әлеуметтік этикасы – адамгершілік түсініктері әділдік пен
әділетсіздіктің ұғымдық мәнін, арақатынастарын
түсінуге арналған.
Адамның адамдығы
оның шыншылдығында, әділеттілігінде, әрқашан
дұрыстықты қолдап-қостайтындығында екендігін Абай
бүкіл шығармашылығына арқау етеді.
//«Әділет пен
ақылға// //Сынатып көрген-білгенін,// //Білдірер
алыс-жақынға,// //Солардың сөйле дегенін»// - деп,
кеңес берсе, екінші жағынан турасын айтпайтын, әділетті
сүймейтін:
//«Ақылды жан табылмас маған
сырлас,// //Көріне тентек, көп надан мойын бұрмас,//
//Әділетсіз, ақылсыз, арсыздарды// //Көре тұра,
көңілде тыныштық тұрмас»// - деп, тентек, надан, әділетсіз, ақылсыз пенделерге ренжиді.
Абайдың
әлеуметтік-гуманистік этикасының, моралінің тағы бір
ерекшелігі тек туған-туысқаныңа, дос-жараныңа
ғана емес, тіпті, «дұшпаныңа да әділ бол» деуінде.
«Досыңа достық – қарыз іс. Дұшпаныңа әділ
бол. Асығыс түбі өкініш, Ойланып алмақ – сабыр сол».
Дұшпанға әділеттік көзбен әділ
қарауға, әділеттілік тұрғыдан
бағалауға шақыру – әлемдік гуманизмнің
тұғыры, төрі, биік шыңы.
Білімділік пен
надандықтың, өлім мен өмірдің,
жақсылық пен жамандықтың, әділеттілік пен
әділетсіздіктің арасындағы қайшылықтар туралы
ойланған, толғанған ұлы гуманист ақын:
«Мұны жаздым ойланып, Ойда бардан толғанып, Кірсе ішіңе
оқи бер, Бозбалалар қолға алып», - деп, жас
ұрпаққа үміт артса, екінші жағынан:
«Қыранша қарап Қырымға, Мұң мен зарды
қолға алар, Кектеніп надан зұлымға, Шиыршық атар,
толғанар», - деп, Абай өзіне-өзі жүк артады.
//«Жарлы емеспін, зарлымын,// //Оны
да ойла толғанып,// //Жұртым деуге арлымын,// //Өзге жұрттан
ұялып»//, - деп, еліне ескерту айтады.
Абайдың
әлеуметтік-этикалық, моральдық, адамгершілік идеалы,
мұраты, принципі – қысқаша ғана «Адам бол!» деген формула,
тұжырым. Адам болу – кісілікті кісі, шын мәнісінде азамат болу,
қара бастың қамы емес, елінің қамын,
халқының қамын, тіпті, бүкіл адамзаттың
қамын ойлайтын, «өзін-өзі зор тұтып», «надандарды
менсінбейтін», дүниеге әлем тұрғысынан қарайтын
Азамат Адам болу. Осы ойларын поэзия тілімен: «Адал бол – бай тап, Адам бол –
мал тап, Қуансаң қуан сол кезде» деп, байды да, кедейді де
адамдыққа шақырады: «Адам болам десеңіз, Оған
қайғы жесеңіз... Бес нәрседен қашық бол» («Бес
дұшпан» - Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер
мал шашпақ), «Бес нәрсеге асық бол» («Бес асыл іс» - Талап,
Еңбек, Терең ой, Қанағат, Рахым).
Абайдың пікірінше, екі
аяқпен тік жүріп, екі қолын әр түрлі іске
пайдалана, жұмсай білгеннің, ойлай, сөйлей (ойлаудың
да, сөйлеудің де мағынасы өте көп)
білетіндердің бәрі толық, шын, ақиқат,
адамгершілік мәніндегі адам емес, тек, адамға ұқсас
әлеуметтік жануарлардың түрі, кейпі, көрінісі. Саудасын
жүргізу үшін, момынды алдау үшін алуан түрлі
тәтті сөздерді айтатын саудагер мен («Ортақтық,
тыныштық, достық қой, Оның қадірін кім білер?
Әркімге-ақ тілеу қостық қой, Бәрі алдамшы
саудагер») Дұшпанын жеңу үшін алуан түрлі зымиян
қулық-сұмдық ойлайтын, тәсілдер қолданатын
саясаткерлерде («Сұм-сұрқия – сұмдықпен еп берем
деп, Сүйер жансып, сүйкімді бет берем деп. Жүз
қараға екі жүз аларман бар, Бас қатар бас-аяғын
тексерем деп») ақыл, ой, пікір, қулық-сұмдық аз
емес, адамгершілік аз. Ойшыл ақынның талдауынша, толғануынша
тек адамгершілікке тән адал қасиеттерді өміріне, ісіне,
күңделікті күн көру іс-әрекетіне табиғи
сіңдірген кісі ғана - нағыз адам. Демек, Абайдың
әлеуметтік-этикалық көзқарасының түйіні,
өзегі, арнасы, квитэссенциясы гуманистік принцип: «Адам бол!» Бұл
принцип грек философы Диогеннің күндіз шам
жағып нағыз адамды іздеуінің қазақ
сахарасындағы көрінісі.
Абайдың пікірінше жаны
тап-таза сәби адамға қарай, адамнан періштеге қарай
өсуі, өркендеуі, дамуы да және оның керісінше, пендеге,
шайтанға қарай бейімделуі, тырбынуы, өрмелеуі, есейген
соң, тіпті, жорғалауы да мүмкін. Осы жерден келіп, ұлы
гуманистің «сәбиді пендеге емес адамға айналдыруға бола
ма, болмай ма, оның үшін қаңдай жолдар бар?» деген
сауал туады. Кемеңгердің бұл сұраққа
өзі берген кемеңгер жауабы бар: «Болады!!!» Сөзді
Абайдың өзіне берейік: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім
жаман болса, замандасының бәрі виноват...», «Мен егер Закон
қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды
деген кісінің тілін кесер едім», - дейді. Демек, сәбиді
пенделіктен, шайтаңдықтан сақтап, адамға айналдыру
үшін отбасы, әке-шеше, жолдас-жора, көрші-олаң,
айнала-ортаң: ауылдастар, көшелестер, кластастар,
қызметтестер, бір сезбен айтқанда, замандастар мен заман, болмыс
дұрыс болу қажет. Жаны таза сәбидің кіші адамға
да, үлкен адамға да, кісілікке көтерілуі үшін
болмыстың, тұрмыстың, заманның ролін, орнын,
маңызын дана ойшыл ерекше даналықпен бағалайды. Абайдың
адамгершілік туралы, сәбиді пенде емес, шайтан емес, адамға
айналдыру, тәрбиелеу, баулу туралы айтқан ойлары, Адам деген
атқа лайық сілтеген бағыттары, көрсеткен жолдары
ақынды бізге жақындата түседі. Абай – өткеннің
ғана Абайы емес, біздің қасымызда жүрген,
қазақ халқының басына қиыншылық түскенде
дем беруші, рух беруші пайғамбарымыз, рухани көсеміміз. Абай 19
ғ-дың ортасында дүниеге келіп, 20 ғ-дың басында
бұл дүниеден кетіп қалған жоқ. Абай заттың
Адамы емес, рухтың адамы. Абайдың адамгершілік туралы
әлеуметтік-этикалық ойлары, пікірлері өз халқының
ұрпақтарына әрқашан қуат бере бермек.
Әдебиеттер тізімі:
1. Әуезов М. 20-томдық
шығармалар жинағы. Монография мен мақалалар. -А., Жазушы, 1985.
-205б.
2. Бейсенбаев М.С. Абай және оның
заманы. -А., Жазушы, 1998. -201б.
3. Дербісалиев Ә.К. Қазақ
даласының жұлдыздары. -А.,
Рауан, 2001.-197б.
4. Жұртбай Т.Қ.
Қүйесің жүрек,сүйесің. -А.,Санат, 2001. -408б.
5. Жарықбаев Қ.Қ. Абай
Құңанбаев – қазақ халқының ұлы
ағартушысы. -А., 2002. -232б.
6. Ибрагим
Құңанбаев.Үкімет-Сенатқа.\\Абай.-1993.-№6.-27б.