Филологические науки\ 3.Теоретические и методологические проблемы  исследования языка.

доцент, к.ф.н.Раева Г.М.

Казахский государственный педагогический университет им. Абая, Казахстан

Түркі тілдеріндегі қатаң ч, ц аффрикаттары туралы

Қазіргі түркі тілдері мен диалектілерінде  ч және ц аффрикаттары көне тілдік белгі, көне қалдық ретінде сақталған. Типологиялық тұрғыдан салыстырғанда ч, ц дыбыстарының қытай, жапон, корей, үндіевропа тілдерінде кездесетінін ескерсек, олардың ежелгі дәуірден келе жатқан көне фонемалар екендігіне күман келтіруге болмайды. Қазіргі түркі тілдері мен диалектілерінде сақталған ч және ц аффрикаттары күрделі аффрикаттар құрамынан жіктеліп шыққан. «Күрделі аффрикат дегеніміз қазіргі түсінігіміздегі екі немес одан да көп аффрикаттың бір кездегі органикалық құранды қосындысы» [1,22].

 Көптеген түркі тілдеріндегі ч дыбысы мағына ажыратушылық қасиеті бар жеке фонема болып есептеледі. Мысалы, қырғыз тілінде чаң «пыль», качак «беглец», түркімен тілінде чиг «сырой»- шиг «направление» т.б.

 Аффрикат ч қазіргі  қыпшақ тобындағы түркі тілдерінде қолданылады.  Қазақ тілі мен говорларындағы ч дыбысының төркіні жөнінде екі жақты пікір қалыптасқанын аңғарамыз. Мысалы, ғалым Ж. Досқараев бұл құбылыстың ертедегі  тайпа тілінен қалған көне дыбыс екендігін көрсетсе, С.Омарбеков ч дыбысының тілімізде ертеден бар құбылыс екендігін жоққа шығармайды.  Ал А.Н. Самойлович ч дыбысын қазақтармен аралас немесе көршілес тұрған халықтардың тілдік әсерімен байланыстырады [2,38]. Ғалымдар Ш. Сарыбаев, Нұрмағанбетов те осы пікірді жақтайды. 

Г.Ф. Исхаков татар тіліндегі ч дыбысы туралы былай дейді: «буква ч обозначает татарскую шипящую фонему, похожую на русское ч, но не являющуюся аффрикатом (в русском) а простым согласным, напоминающий нечто между ч и шь произносимым без элемента «т» в начале, что обьязательно для русского «ч»» [3,273]. Ал, ғалым Н.К.Дмитриев «ескі башқұрт тілінде ч-ның болмағандығын» айтады, қарақалпақ тіліндегі ч дыбысына қатысты Н.А. Баскаковтың пікірі де осындай.  Демек, бірқатар қыпшақ тобы тілдерінде аффрикат ч сақталмаған. Тува тіліндегі ч «екі фокусты тіл ортасы-тіл алдына  қарай айтылатын әлсіз дауыссыз, орыс тіліндегі ч-ға қарағанда әлсіз дыбысталады, алдында әнтек т естіледі» [4,80].  Демек, тува тіліндегі ч дауыссызы тш дыбыстық тіркесімен байланысты. «Қазақ тілінің говорларында кездесетін ч дыбысы – т мен ш дыбыстарынан құралаған (тш) қосынды  дауыссыз дыбыс, өйткені оның артикуляциясы шұғыл т мен спирант (ызың) ш дауыссыздарының бірінен соң бірі іле-шала айтылғандағы артикуляциялық кезеңдерден тұрады» [5,144]. Мұндай шұғылдар мен ызың дыбыстардың бірігіп, жымдасуы арқылы жасалған дауыссыздарды аффрикаттар деп аталады.  Қазақ тілі говорларындағы  ч-аффрикат дыбыс. 

Демек, қазіргі тұрғыдан ч аффрикатын т және ш дыбыстарының жымданып кірігуінен жасалған деп түсінеміз. Ч, ш, т дыбыстарының артикуляциялық-акустикалық ұқсастықтары, олардың түп төркінінің ортақтығы аталған дыбыстардың өзара сәйкестік түзе беретіндігімен дәйектеледі. Мысалы, ч˜т сәйкестігі өзбек говорларына тән, яғни өзбек тілі мен говорларындағы   ч-мен дыбысталатын бірқатар сөздердің кейде т-мен айтылады: өзбек говорларында ч дауыссызының көрнісі: ч/т чозғыт – тозғыт «развеять», чьз – тьз «ставить в ряд», чүш – түш «слезать», чьрән – тьрән «опереться»;   [6,193]. Ташкент говорында т дыбысы ч-мен айтылады: чьш-тьш, чуш-туш [7,49]. Осындай сәйкестіктерді ескере отырып ғалымы Ю.М. Ибрагимов ч туралы былай дейді: «... дифференцияция аффрикаты ч представляет собой такой процесс, который начался значительно раньше формирования узбекского народа. В то же время в джекающих кыпчакских говорах слова аччик (горький) употребляется в форме атчы, слова сичкон – в форме чычкан/тычкан» [8,76].   Ч˜т сәйкестігін ұйғыр, өзбек тілдерін қазақ тілімен салыстырғанда да анықтаймыз:  чүш «полдень», чүшүм «прибыль», чүшүн «понимать» -қазақ тілінде түс, түсім, түсін; өзбек тілінде чарс (ойна чарс етип синди) – қазақ тілінде тарс (айна тарс етіп сынды). Чуваш тілінде  чàрмала «царапать», чернэ «ноготь» - қазақ тілінде  тырмала/тырна/тырнақ.

Ферған даласы ұйғырларының тіліндегі ч дыбысы қыпшақ-ноғай тобы тілдеріндегі т дауыссызына сәйкес келеді:  чүшүн «понимать», чүмүр «опускать, спускать», чиз «чертить», чизик «черта» [9, 254-255] Шор тілінің говорында аффрикат ч кейде жабысыңқы т-мен алмасып қолданылады: т'оқ-ч'оқ «нет» [10, 54] Татар говорларында т мен ч алмасып қолданыла береді: тишчнә – чишенә «раздеваться», тишмә – чишмә «родник» [11,19 ].

Көне сәйкестік  ч˜т мысалы, таптϊлар //чаптϊлар «они нашли», таң//чаң «заря», ташкарун//чашкарун «вне» - Шығыс Түркістан жазбаларында тек Оғыз туралы аңыздың ұйғыр вариантында  сақталған. Ғалым А.М.Щербак : «аталған сәйкестіктің сыры әлі де ашылмаған, қосымша мәліметтердің болмауы немесе олардың әлі де болса жетіспеушілігі  бұл өзгерістің фонетикалық маңызының  барлығына күман тудырады» - дейді [12,66].

Тілдік деректердің толық зерттелмеуі, түркі тілдері диалектілік материалдардың есепке алынбауы, шынымен де, бұл сәйкестіктің негізінде тарихи дыбыс өзгерісі жатқандығын байқатпады.   Тіпті,  ч˜т сәйкестігіне назар аударған ғалымдар да шешімді пікірге келе алған жоқ. Мысалы, монғол тілінің мамандары Б.Я.   Владимирцов, Г.Д. Санжеев   т және ч дыбыстар сәйкестігінің ішінде т варианты алғашқы, себебі VIII ғ. көне түркі жазба ескерткіштерінде  т сақталған десе,  Г.Рамстедт Вэй династиясы (б.д. 400ж.) тұсында қолданылған титулдық атаулардың бірі -  пичигчин «секретарь» сөзі ч-мен айтылғандығын айта келе, пич нұсқасы алғашқы, ч дыбысы IVғ. қолданылғандығын айтады [13, 25]. Ғалымдардың көзқарастарына сүйенсек, ч да, т  да түркі тілдерінің дамуындағы ең көне дәуірлерден келе жатқан дыбыстар. Олардың қайсысы алғашқы екендігін тап басып айту бірқатар лингвистикалық қиыншылықтармен де байланысты. Өйткені біз ежелгі дәуірлердегі алтай-түркі тілдеріндегі дыбыстардың тілдік ерекшеліктерін тек жазба ескерткіштер, қазіргі тілдер мен диалектілердің деректеріне сүйене отырып болжап айта аламыз.

Сондықтан, профессор Б.Сағындықұлының зерттеулеріне сүйенсек бұл дыбыстық сәйкестіктердің негізі Т (с/ш) = тш (ч) күрделі аффрикатында жатқанын анықтаймыз [1, 25]. Демек, жазба ескерткіштерде, қазіргі түркі тілдері мен диалектілерінде кездесетін ч аффрикаты ежелгі Т (с/ш) = тш (ч) күрделі аффрикатының ыдырауымен байланысты, ұзақ дамыған тарихи дыбыстық өзгерістің нәтижесінде қалыптасқан. Қазіргі түркі тілдерінде кездесетін ч˜т, ч˜ш  т.б. ч дыбысымен сәйкестік түзетін дыбыстардың  өзгерісі бұл құбылыстың дәлелді, айқын екендігін көрсетеді. 

Б. Сағындықұлы түркі тілдерінің тарихқа белгісіз ең ежелгі дәуірінде

А) Т (с/ш) = тс (ц)          

Б) Т (с/ш) = тш (ч) күрделі аффрикаттары болғандығын  дәлелдеді. Егер біз қазіргі түркі тілдерінде сақталған ч аффрикатын, онымен өзара сәйкестік түзетін т, ш дыбыстары негізінде  Т (с/ш) = тш (ч) күрделі аффрикатымен байланыстырсақ, түркі тілдері мен диалектілерінде сақталған ц дыбысында түркі тілдерінің ежелгі дәуірінде болған көне дыбыс деп қарауымызға негіз бар. Егер  «бір  де  бір  зат  себепсіз  пайда  болмайтындығын,  бар  құбылыс  өмірде  белгілі  бір  қажеттілікке  қарай  қандай  да  бір  негізге  сай  туындайтындығын»  ескерсек, Ц аффрикаты   Т (с/ш) = тс (ц)   күрделі аффрикатының  органикалық құрамында болғандығы нақтылы тіл деректерімен дәйектеле түседі. «Даму логикасы мынаны мегзейді: тс (ц), тш (ч) аффрикаттары кейінгі дәуірлерде т, с, ш сияқты ұсақ дыбыстарға бөлініп жатса, өзінен бұрынғы дәуірде, сөз жоқ, өзінен күрделі аффрикаттың құрамына енген. Одан әрі тарихтың терең қойнауына барған сайын диффузды элементке ұласуға тиіс. Бұлардың өзгеру, құбылу динамикасын қазіргі заманнан ежелгі дәуірге қарай былайша көрсетуге болады: фонема< аффрикат< күрделі аффрикат< ... < ... < диффузды элемент. Неғұрлым ірі бөлшектің орташа бөлшекке, орташа бөлшектің ұсақ бөлшекке ауысуы-тілдік дамудың диалектикалық заңдылығы» [1, 21].

Демек, дыбыстар ең бастапқы диффузды (элементтері бір-бірінен жекеленбеген, бөлінбеген) түрден күрделі аффрикатқа топтасып, күрделі аффрикттардан жеке аффрикаттар, ал олардан фонемалар дамыған.  Тс (ц) құрамындағы ц аффрикаты түркі тілдерінде аз ұшырайды. Бұл оның көне дыбыстық ерекшелік қалпында тілден шығып бара жатқандығын айқындаса керек.

Монғол тілінде ц аффрикаты өзге дыбыстармен тең дәрежеде қолданыла береді. Мысалы, монғол тілінде  цаг «время» - көне түркі т. чак, тува т. шаг, қырғыз т. чак, түркімен т. чаг, ұйғыр т. чағ//чақ, өзбек т. чоғ, қазақ, қарақалпақ т. шақ; монғол тілінде  цолмон «венера» - тува т. шолбан, алтай т. чолмон, қырғыз т. чолпон, қазақ, қарақалпақ т. шолпан, хакас т. пир солпаны т.б.

         Ф.Ж. Будаев қарашай-балқар тіліндегі ц фонемасы жөнінде былай дейді: «фонема ц – преднеязычная зубная, глухая аффриката. Она произносится мгновенно и образуется путем смычки кончика языка с верхними резцами (при этом два органа размыкаются моментально). Фонема ц содержит элементы т, с. Однако из этого вовсе не следует, что она является результатом механического соединения названных элементов. Своеобразие фонемы ц именно в том и состоит, что при ее произношении невозможно услышать ни отчетливого т, ни отчетливого с, что составляющая ее элементы плотно слиты воедино, в силу чего в произношении она выступает одной цельной единицей [14, 128]. Қазіргі тілдік тұрғыдан ц дыбысын т және с дыбыстарының органикалық байланысынан түзілген деп түсінеміз. Тарихи тұрғыдан алғанда да ц, т, с, ш дыбыстарының табиғаты бірегей болған, сондықтан олар бір-біріне кедергісіз өте алады.

         Қазіргі түркі тілдері мен диалектілеріндегі ц дыбысы туралы пікірлер де әртүрлі. Қарашай-балқар тілінің черкесск диалектісінде ч орнына ц (цыфцыкь «воробей», бицен «пшено», цалгьы «коса») дыбысы қолданылады. Осы диалектіде ц дыбысы ч дыбысына қарама-қарсы қойылмайды, сондықтан черкесск диалектісіндегі ц дыбысы әдеби тілдегі ч дыбысының варианты деп қарастырылады. Қарашай-балқар тілінің черкесск диалектісіндегі ц дыбысының шығу төркіні туралы әртүрлі пікірлер бар. Бірқатар ғалымдар аталған белгіні балқар тіліне иран тілдес осетин тілінің әсері болғандығымен негіздесе, енді бірқатар ғалымдар ц дауыссызы черкесск диалектісінің ерекше белгісі деп таниды.

Қарашай-балқар тілінің малқар диалектісінде з негізгі диалектідегі ч және басқа түркі тілдеріндегі ц-ға сәйкес келеді. Бұл жүйелі сипат алған, сондықтан з мен ц-ны бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Олар генезисі жағынан бірегей болуы мүмкін. Мысалы: негізгі диалектіде кьач «убегеть», кече «ночь», кьычыр «кричать» - малқар диалектісінде кьац, кеце, кьыцыр [15, 89].

Ц дыбысы бір-бірінен алшақ жатқан түркі диалектілерінде сақталған. Бұл ц дауыссызының  көне түркі кезеңінен келе жатқан дыбыс екендігін дәйектейді. Мысалды ц дыбысы төмендегідей түркі диалектілерінде кездеседі:

Әзербайжан тілінің ордубад диалектісінде: цай «чай», цыраг «свеча», цыхыр «выходить»(әзербайжан әдеби тілінде бұл сөздер ч-мен дыбысталады). Қырғыз тілінің солтүстік диалектісінде: цай «чай», неце «сколько», кьанца «почем». Татар тілінің мишар диалектісінде цалгы «коса», быцаг «нож», цац «волосы». Қараим тілінің галицк диалектісінде цайпа «уничтожить», цайка/цыйка «помешать», цызасен/цызысын «ты чертить, рисуешь», цац «волосы», ацы «горький», балцык «глина»,  цериу «войска», цап «покрывать», цецек «светок», цинцик «птичка», цицкир «чихать», цек «граница», увуц «ладонь», бунца «сколько» түбір сөздері тракай диалектісінде ч-мен айтылады.

         Негізгі тілдік деректерді біз қазіргі түркі тілдері мен диалектілерінен алдық, көне  жазба ескерткіштер біртектес й-тілді болғандықтан түркі тілдері тарихындағы аффрикат дыбыстардың күрделі әрі ұзақ даму үрдісін тұтастай бере алмайды.

Тува, шор, хакас,  тілдері және алтай тілдерінің солтүстік диалектілері мен сары ұйғыр тілдері түркі тілдерінде жазу пайда болғанға дейінгі ежелгі дәуірде пайда болған дыбыстық ерекшеліктерді  қазіргі кезеңде сақтап отырған ең көне тілдер деп есептейміз. Мысалы,  цай/чай «сай», цайга/чайга «трясти, полоскать», цайна/чайна «жевать», цырак/чырак «лучина», цакыр/чакыр «звать», цалғу/чалғу «коса» нұсқаларындағы ц варианты  алтай тілінің тобыл және барабин наречиелерінде кездеседі, тек ц-мен дыбысталатын сөздерде осы наречиелерде сақталған: цак «разсекать, высекать», цыннык «истина», цалцык «лужа», цабак «рыба» (В. Радлов 4 том 1 бөлім).

Ц қарашай-балқар диалектілерінен басқа қараим тілінде татар тілінің мишар диалектісінде, әзербайжан тілінің ордубас диалектілерінде бар. Қараим тілі қарашай-балқар тілімен бірге түркі тілдерінің батыс хун тобына жататынын, ал татар тілі қыпшақ тобы тілдерінің құрамына енетіндігін, сондай-ақ,  әзербайжан тілінің қалыптасуына  оғыз және қыпшақ тілдерінің  ықпалы, әсері болғандығын есепке алсақ Ш.К. Акбаевтың: «зокание и цокание, наблюдаемые в диалектах тюркских языков, возникшие в результате собственно фонематических процессов уходит в общетюркскую или пратюркскую даль времени» - деген пікірінің орынды екендігін аңғарамыз [15,94]. Түркі тілдері мен  диалектілерінде ц дыбысы көбінесе ч дыбысына сәйкес келетіндігін аңғардық.  В.И. Абаев өзінің «Осетинский язык и фольклор» (М., 1949, 20б. ) еңбегінде хазар тілінде ч және ц диалектілері болғандығын айтады. Сонымен қатар Қырым қараимдары тіліндегі өлең жырларда кездесетін «хазар» атауы (хазар оғлы ат чаба, байларымыз той чала – хазарский сын скачет на коне, наши богачи устраивают пир) олардың өзара байланысы болғандығын білдіреді.

Ежелгі дәуірдегі ц және ч дыбыстары күрделі аффрикат құрамынан бірте-бірте ыдырағандықтан аталған аффрикаттарға сәйкес келетін дыбыстар да ұқсас. Мысалы, тс (ц) аффрикаты татар, башқұрт тілдері мен диалектілерінде сақталған: т˜с татар, башқұрт тілдерінде чишмә – диалектіде -  тишмә/сишмә «родник», тиш/сис/чишен «раздеться», татар тілінде  сөсө -  диаллектіде төче «пресный», башқұрт тілінде  сөскөрөк – татар тілінде төчкерек  «чих, чихание», башқұрт тілінде тикле – диалектіде сикле, екі варианта тик «ограничение» және диалектідегі сик «граница, предел» мағынасын беретін ортақ «ограничение» семасынан жіктелеген. Сондай-ақ,  башқ., татар диал. тиреү/ сиреү «сбор ягод», тирә/сирә «окрестность», башқ.т. миас гов. тары/тәре – салют гов. сары-сире «вплоть».  Т түсіп қалу құбылысы да бар: башқ.т. черемтә- татар т. черемә «перегной»,башқ.т. һепертке- татар т. себерке «веник» 16, 181]. Қарайым тілінің тракай диалектісінде топла/чопла «собирать» - галицк диалектісінде цопла нұсқалары да ортақ аффрикаттан ажыратылған.

Демек, тш (ч) аффрикатының түркі тілдерінің диалектілерінде көне белгі қалдық (реликт) ретінде сақталып қалса, тс (ц) аффрикатының да іздері қазіргі түркі тілдері мен диалектілерінің бірінде болмаса екіншісінде кездеседі.  Т және с дыбыстарының сөз басында ауысып қолданылуы олардың акустика-артикуляциялық ерекшеліктерімен де байланысты болса керек. Бұл жөнінде Акбаев Ш.Х.: «Известно что ц состоит из органического слияния смычного т и фрикативного с (ц-тс). И если аффриката под каким-либо влиянием (ассимилиятивным, диссимилятивным) теряет смычку, то оставшийся фрикативный элемент должен звучат как свистящий с, но не щипящий ш. Последний получается в результатае разложения аффрикаты ч (тш)» [15,90] – дейді.  

Ц немесе т кейде с дыбыстарымен  айтылатын вариантты сөздердің тілден шығып бара жатқандығы  олардың көне белгі екендігін аңғартады. Сондықтан да болар аталаған дыбыстармен айтылатын сөздерді қазіргі түркі әдеби тілдеріне қарағанда диалектілерден, көне жазбалардан кездестіреміз. Мысалы, татар тілінің шығыс диалектісінде «чихать» деген етістік «цөцкөру» нұсқасында сақталса, татар әдеби тілінде «төчкеру», ал көне түркілердің аңыз-әңгімелерінде найзағай («молния») құдайының аты Нацигай, Натигай  деген екі вариантта кездеседі. Жоғарыдағы мысалдардан  сөздердегі ц˜т сәйкестігін байқасақ, қазақ, қарақалпақ тілдеріндегі тышқан сөзінің  сычған (ДТС),  сычқан (түрік, татар диал.), цыцқан (барбин нареч.), сцыцан (караим т.) нұсқаларынан  ц˜т ,ц˜с, т˜с сәйкестіктерін анықтаймыз. Демек, ежелгі аффрикатың жіктелуінен туындаған   т және с дыбыстарынан басталатын түбір сөздер көне белгінің қалдығы ретінде бір түркі тілінде болмаса екіншісінде немесе олардың диалектілерінде сақталып қалған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. –А., 1994

2.     Самойлович А.Н. Казахи Кош-агачского аймака Ойротской автономной области // Казахи. Л., 1930.

3.     Исхаков Ф.Г., А.А. Пальмбах О определенных фонемах татарского языка //ИСГТЯ М., 1955, часть1.

4.     Исхаков Ф.Г., А.А. Пальмбах Грамматика тувинского языка. Фонетика и морфология. Изд. «Восточная литература». – М., 1961.

5.     Омарбеков С.Н. Ауызекі тіліміздің дыбыстық жүйесі. –Алматы, 1985

6.     Абдуллаев Ф. Фонетика хорезмских говоров: Опыт монографического описания огузкого и кипчакского наречий узбекского языка. - Ташкент, Фан, 1967. - 247 с.

7.     Шабдурахманов Ш. Некоторые фонетические особенности ташкентского говора 48-53б. /ВДТЯ Баку, 1966 

8.     Ибрагимов Ю.М. Исследование узбекских говоров Приаралья. Нукус «Билим», 1992

9.     Садвакасов Г. Язык уйгуров фергенской долины. А.-1970.

10.  Тенишев Э.Р. Избранные труды. Книга первая. Изд. «Гилем» Уфа, 2006

11.   Баязитова Ф. С. Говоры татар – кряшен в сравнительном освещении. - М., Наука, 1986.

12.  Щербак А.М. Грамматический очерк языка тюркских текстов Х-ХIII в.в. из Восточного Туркестана. – М.-Л. 1961 204 с. Изд.Акад.Наук.

13.  Радлов по поводу изд.

14.  Будаев Ф.Ж. Система фонем современного карачаево-балкарского языка. -Нальчик «Эльбрус» 1968.

15.  Акбаев Ш.К. Фонетика диалектов карачаево-балкарского языка.  Черкесск, 1963.

16.   Гарипов Т.М. Кипчакские языки Урало-Поволжья. – М., Наука.- 1979.

Резюме

В статье рассматриваются пути развития и возникновения аффрикат ч и ц в тюркских языках.