Жүнісова Марина Қабдылқалымқызы
ф.ғ.к., доцент.Қарағанды мемлекеттік
университеті Қазақстан Республикасы
Бастапқы және соңғы сөйлемдердің морфологиялық құрамы
Сөйлем – жеке сөздер мен сөз тіркестерінің жай
жиынтығы болып емес, олардың жарыққа
шығарылмақ ойдың сипатына қарай лайықты
талғаммен қолданылуы негізінде түзілетін құрылым.
Сондықтан бастапқы және соңғы сөйлемдер
құрамына іріктелген, таңдалған сөздер
морфологиялық сипаты тұрғысынан сараланды.
Сөзқолданысымыздың ауызша, жазбаша түрлерінің
қай-қайсында да зат есімсіз құрылатын
сөйлемдердің тым сирек болатыны – шындық. Сондықтан біз
жинақтаған бастапқы және соңғы
сөйлемдерімізде жұмсалған зат есімдердің бәрін
бірдей емес, әртүрлі мақсаттағы қолданылыс
түріне қарай қарастырдық. Бұл ретте алдымен
тоқталатынымыз – зат есімдердің негізгі екі тобының бірі
болып жіктелетін жалқы есім, оның
да тек антропонимдер (кісі аттары) түрі.
Бұлардың
тұлғалары, жұмсалу реттері әрқилы болып келеді:
бірінде кейіпкердің тек аты ғана аталса, екіншісінде оған
әкесінің аты қосылып, үшіншісінде сол аты-жөндері
мамандықтарымен толықтырылып, тағы басқаша да болып
қолданылып жатады. Әрине, қолданыстардың бұлай
болуы жай түр (форма) өзгерту мақсатында емес, әр
кейіпкердің өзіндік ерекшеліктеріне (қарапайымдылық,
қызмет бабы т.т.) лайықталған: 1. Рахман диктор да емес, әртіс те емес, қарапайым
құрылысшы (Қ. Түменбай. Қазанама оқушы.). 2. Әбен Ілиясович әлдебір
құжатқа сүйкектете қол қойды да, осыным
дұрыс болды ма дегендей күмәнді жүзбен қайта
шолып шығып, содан кейін қағазды көмекшісіне
ұсынды (Т. Әбдікұлы. Қайырсыз жұма). 3. Хирург Ардақ Айдарұлы
жазушымен бажа болғанын әжептәуір мақтан тұтып,
қай жер болмасын айтып жүреді (Қ. Түменбай.
Әңгіме жазбайтын жазушы ). 4.
Бөрілі ауданының әкімі Нұрсағат
Бектұрғанов үшін бүгін бір ауыр күн болды (Қ.
Жұмаділов. Жемдеген қырғауылдар). Жаңа сайланған үкімет басшысы келеді дегелі
Жербай орынбасардың есі екеу,
түсі төртеу (Н. Дәутайұлы. Репетиция). 5. Еліміз егемендік алар тұста
Керімқұл Алтайұлы ойда жоқта зейнетке шықты да,
үйде отырып қалды (Т. Нұрмағамбетов.
Ұлттың дерті ). 6.
Қайрат Жақсыбаев бейіт басына елдің соңын ала келді (Р.
Сейсенбаев. Бөтен ).
Кейіпкерлер жөніндегі нақты ақпардың (фактуальды
информацияның) осылай және олардың аты-жөндерінің
сөйлем басында берілуі, оқырманды әңгіменің бас
кейіпкерімен бірден таныстыру мақсатын көздегендік.
Ал соңғы сөйлемнің семантикалық-стильдік
ерекшелігі – автордың Қайрат Жақсыбаевтың осал лауазым
иесі еместігін, оның бейіт басына елдің соңын ала баруымен, яғни астарлы ақпармен
(подтекстілік информациямен) деталь түрінде аңғартуында. Кісі
есімдерінің қолданылысының өзге де түрлері
кездеседі: 1. Орталық түгілі
көрші қойшы ауылдардың өзіне артық аяқ
бастырмайтын Көксұр Елеместі сол күні қандай
түлен түрткеніне Жақан көпке дейін түсіне алмай
қойды (Ә. Кекілбаев. Автомобиль). 2. Бұрғышылар оны Шойқара дейтін, шын аты –
Нәрен (Б. Қанатбаев. Керек адам).
Бұлар да кейіпкерлердің азан шақырылып
қойылған есімдеріне олардың қандай адам екенін
аңғартатын анықтауыш ыңғайындағы
қосымша сөз не оның бітім-болмысына, мінезіне қарап
қойылған жалған ат сол адамдар туралы нақты
мәлімет беріп тұр.
Сондай-ақ кісі аттарының кейде қосалқы
айқындауышты болып та қолданылған орындары бар: 1. Қоңыр
ақсақал жас жігітке
үңіле қараса да, шырамыта алмады (Қ.
Жүністегі. Қара бие). 2. Жанәділ шал
күрк-күрк жөтеліп үйден шықты (Д. Досжан.
Қос бұтақ). 3.
Әдеп әжей орнынан ширақ көтеріліп, еркін тұрды (С.
Ғаббасов. Көз).
Сонымен қатар үлкен адамды сыйлау, құрмет
көрсету, жастарды бауырға тарту, еркелету мақсатында
жұрнақ жалғанып қолданылған кейіпкер есімдері де
кездеседі: 1. Әлекең
үзеңгіге аяқ сала бере, Қарагер айғыр тізгін
сүзе тарта жөнелді (К. Ахметбеков. Қарагер). 2. Қайратжан асығатын емес (Т.
Ахметжан. Қара күз ). 3.
Ғалекең ақ күмістей сақалын сол қолымен
уыстай сипап, оң қолымен ақ таяққа бар
салмағын сала сүйенген күйі қимылсыз тұр (Ә.
Орынбаева. Естен кетпес елес ).
Информемалық зат есім. Информемалар – семантикалық
жағынан толық емес және әрі қарай
мағыналық жағынан аша түсуді қажет ететін
сөздер, сөз тіркестері, кейде сөйлем бөліктері [1, 58
б.].
1. Тау сағасын
жүлгелей қоныстанған үркердей ауылды ақшам
шамасында төтенше қуаныш желпіп өтті ( К. Ахметбеков. Сый
орамал). 2. Балықшы
Құрманның кісі түсінбейтін бір оғаш мінезі болды
(Ж.Молдағалиев. Шортан ). 3.
Проводникке барлық сырымызды айттық (Ж. Молдағалиев.
Ревизор). 4. Аяқ астынан
болған оқиға жұртты елең еткізді (Б.
Бодаубаев.Төбелес). 5.
Терезенің нақ түбіне келіп орнығып, кешкі
қарбаласта ақ қайыстан өзектеп ат қамшы
өріп отырған Баянжан жылқышы ағасының сол бір
сөздерін естіп елең ете қалды (Н. Ғабдуллин. Екі
дос). 6. Оты-суы ішінде, жайлы екі
бөлмелі пәтер алып, көңілін бір демдеген
Нұрайымның жаңа
қонысында үйрене алмай жүрген бір нәрсесі болып
тұр (Ж. Түменбаев. Жаза).7.
Біздің ауылдың шет жағында еңсесімен көз тарта
қоймайтын, кішкентай ғана елеусіз бір үй бар (Д.
Исабеков. Кемпірлер).
Бұлардағы ерекшеленген, жағымды-жағымсыз
мәнді дара, күрделі анықтауыштармен жұмсалған зат
есімдер (төтенше қуаныш; бір
оғаш мінез; барлық сырымыз; аяқ астынан болған
оқиға; сол бір сөздері; бір нәрсе; елеусіз бір
үй) – информемалар. Бұлар елеусіз оқылып кетіп жататын
емес, соңғысынан басқасы оқырман көңілінде
бәрі де «қандай?» деген сұрақ туғызып, оны
білмекке құмарттыратын тіркестер. Ал соңғы
мысалдағы «ауыл шетіндегі», «көз тарта қоймайтын», «кішкене
ғана елеусіз» сияқты антиклимакс (нисходящая градация)
ыңғайында берілген сипаттамалар бұл үйдің, жай
бейшара қалпына қарамастан, бір тылсым қасиеті барын
аңғартады. Ол қасиетті білу үшін де оқырман
«қандай»-ды қайталап: «Ол қандай қасиет екен?» – деп
тағы да ынталанады. Сондай-ақ, бірінші мысалдағы
«үркердей ауылды ақшам шамасында желпіп өткен төтенше
қуанышты» да оқырман қауымының тезірек білуге
құмартары сөзсіз. Кейінгі мысалдардағы балықшы
Құрмаштың кісі түсінбейтін қандай оғаш
мінезі болғаны; проводникке ақтарылған көп сырда нелер
айтылғаны; аяқ астынан болған оқиғаның
немен тынғаны; ағасының айтқан сол бір
сөздерінің Баянжанды неге елең еткізгені;
Нұрайымның жаңа қонысында үйрене алмай
жүрген қандай нәрсесі бар екені – бәрі де
оқырманды шешуін анықтауға асықтыра ойландыратын,
ынталандыратын жұмбақтар.
Етістіктің қолданылуы. Бұның да ең көп
жұмсалатын сөз табы екені белгілі. Өйткені философиялық
тұрғыдан «Өмір – материяның қозғалыс
түрі (формасы)» болғандықтан, іс-қимылды білдіретін
(бейнелейтін) бұл сөз табының тілдің коммуникативтік
қызметіндегі атқарар рөлінің де айрықша болуы –
заңды жайт. Сондықтан да ғалымдарымыз «Қай тілде
болмасын етістіктер адам ойының реалды көрінісі болатын
сөйлемнің негізгі ұйытқы тәсілі болады», – деп
жазады [2, 155 б.].
Бастапқы сөйлемдерді аяқтаушы
баяндауыш-етістіктердің де зат есім, есімдік информемалары тәрізді,
сөйлемді тиянақтауға әр түрлі шақтық
формаларда қолданылады. Әсіресе, сөйлемдердің баяндалу
сипатын әсерлі етуде етістіктің осы шақ
тұлғасының қызметі көзге ерекше шалынады.
Ғалымдар суреттеудің статикалық және
динамикалық болып жіктелетін екі түрі барын, біріншісі – белгілі
бір күй-қалыптағы жанды-жансыздың бәрін,
құбылыстарды бейнелесе, екіншісі –
қимыл-қозғалысты, психологиялық нәзік иірімдерді
сипаттайтынын, статикалық суреттеуде атрибутивті есімдер жиі
ұшырасса, ал динамикалық суреттеуде етістік, көбіне
көсемшелер жиі қолданылатынын айтады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.
Дигмай В.Н. Абзац, сложное синтаксическое целое, компоненты текста. Общее и
различное // Филологические науки. – 2002. – № 2. – С. 56-66.
2.
М. Балақаев, Е. Жанпейісов, М. Томанов, Б. Манасбаев.
Қазақ тілінің стилистикасы. – Алматы, 1966. – 205 б.