Филологические науки/ 6. Актуальные проблемы перевода

PhD докторант Азимбаева И.К.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақстан

Фразеологизмдерді аудару тәсілдері

(М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде)

 

Заман ағымына қарай ғылым да, зерттеу әдістері де түрлі бағыттарда даму үстінде. Сондықтан мақаламызда фразеологизмдерді аудару тәсілдеріне кеңінен тоқталмақпыз. Фразеологизмдерді ажырату және оларды аудару аудармашыға біршама қиындықтар тудырады. Мәселен, тұрақты сөз тіркестерінің көп компонентті мағыналарының құрамындағы сөздердің мағынасынан алшақ болуы, кейбіреулерінің тарихи деректерінің болуы да мүмкін. Түпнұсқа тілдің табиғатын толық білмегендіктен, аударма барысында фразеологизмдердің толыққанды мағынасы күңгірттеніп, мүлдем өзгеріп кетеді.

Фразеологиялық бірліктерді аудару тәсілдері жайында теориялық тұрғыдан талдау жасау үшін берілген тілдің барлық фразеологиялық қорын аудару тәсілдерін топтарға бөлу қажет. Көптеген авторлар бастама ретінде фразеологизмдерді аударуға келетіндер не келмейтіндер, олардың құрамдас бөлшектерінің санына және метафоралық қасиетіне байланысты бөлінетін лингвистикалық классификацияға жүгінеді. Бізге белгілісі: кіріккен фразеологизмдер (идиомалар), біріккен фразеологизмдер (метафоралық бірліктер), сәйкестендірілген және фразеологиялық айтылымдар (Ш. Балли, В.В. Виноградов, Б.А. Ларин, Н.М. Шанский топтастырулары бойынша). Я.И.Рецкердің пайымдауынша, бұл классификация аударма теориясы мен тәжірибесінде ыңғайлы тәсіл болып келеді. Алайда ол тек кіріккен және біріккен фразеологизмдерді қарастырады. Кіріккен фразеологизмдерді аудару барысында толықтай өзгерту тәсілін, ал біріккен фразеологизмдерді аудару барысында образды аудару тәсілін  қолдану керек деп пайымдайды.

С.Влахов пен С.Флорин фразеологизмдерді түпнұсқа тілден аударма тілге аударудың мынандай жолдары бар екендігін көрсетеді:

1) Фразеологизмнің аударма тілде кездескен эквивалентін (баламасын) беру арқылы аудару;

2) Аударма тілдегі вариантын (аналогын) беру арқылы;

3)Аударма тілде түпнұсқа тілдегі фразеологиялық тіркестің баламасы да, өзге нұсқасы да болмағандықтан, фразеологиялық емес тіл құралдарымен беру арқылы [1, 232] аудару.

Фразеологизмдерді аударуға арналған арнайы әдебиеттерді зерттеу барысында аударманың төмендегідей түрлерін кездестірдік. Олар: фразеологиялық аударма және фразеологиялық емес аударма. Фразеологиялық аударма деп бір тілдің тұрақты сөз тіркестерін екінші бір тілге сол тілдің фразеологизмдерімен аударуды және аударма тіл мен түпнұсқа тілдегі тұрақты сөз тіркестерінің арасындағы мағыналық жақындықты іздеп, бір-біріне жақын фразеологиялық эквивалентті табу деп атаймыз. Яғни түпнұсқа тіліндегі фразеологизмдерді аударма тіліндегі фразеологизмдермен аудару немесе фразеологизмді фразеологизммен аударылуын айтамыз. Мұндай сәйкестік екі тілде де кездесді. Мысалы: Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста өзі оятып тұрғызып еді. Күнұзын аттан да түспей, өзге жүргіншілерден оқ бойы алда отырған. Енді не болса да жанды [2, 3 б.]. Аудармасы: Предстоял последний световой переход, и мальчик, школяр медресе, с первыми лучами солнца поднял своих спутников. Сели на коней и выехали из Корыка на рассвете, и далее весь остаток пути мальчик скакал впереди, на расстоянии полета ружейной пули [3, 3 б.]. Аударма өте дәл берілген.

Жартылай фразеологиялық эквивалент – түпнұсқа тілден аударма тілге алмастырылатын фразеологиялық бірліктің бірнеше вариатының ұшырасуы, яғни түпнұсқа тіліндегі фразеологизмдердің компоненттері аз болса, онда олардың аударма тіліндегі компоненттері көп болады, немесе керісінше компоненттері көп болатын жағдайда, аударма тілінде аз болып келеуі мүмкін. Ауларманың бұл түрі аудармада өте көп кездеседі. Мысалы: Байлауын байладың. Енді, түге, жат жиынның алдында жас балаларымның жақсы талабын жер қылмаңдар. Өліге еткен қызметтен бастарың кішіреймес. Араз-құразды ұмытыңдар, адам болсаң! Тірісінде алғыс алмасаң, енді, тым құрыса, өлі аруағынан қарғыс алма. Балаларым мен келіндерім, сендер де төбеңмен жүр! Отымен кір, күлімен шық қонағының! Ердің сыны шабуыл мен шаптығуда емес – кішіпейіл, мейірде! Шалдықсаң да қабақ шытпа! Қуанып, жарқырап жүріп күт!  Дабырайып, желігіп те кетпеңдер! Жым-жырт, момын жүріп күтіңдер! Болмаса мынау ағайынның төрт көзі түгел отыр ғой, міне, өл де маған! Бірі қырт, бірі дарақ, мақтаншақ, бірі ұр да жық, даңғой атанғанда – осындай көп жиын үстінде масайып, оспадарлық қылам деп, сондай атақ алатын! – деді [2, 234 б.]. Аудармасы: – Решение-то вы приняли. Теперь, мои дети, не ударьте лицом в грязь пред людьми, которые приедут издалека. Все сообща помогите тем из моих детей, которые стараются, хотят совершить это доброе дело как можно лучше. Будьте людьми, не теряйте своего достоинства, забудьте о ваших распрях, ссорах-раздорах, оказывая почести дорогому всем нам покойнику. Если при жизни не удалось вам сделать что-нибудь доброе для него, сделайте это теперь, по смерти его. Не навлекайте на себя проклятья души покойного. Дети мои, будьте внимательны и обходительны с гостями. Истиный арыс проявляет свою доблесть не только в сражениях с врагами, но и в благородном обращении с друзьями. Умирайте от усталости, но не хмурьтесь! Ухаживайте за гостями с веселым лицом, с улыбкой, бодро и расторопно. Но и нетеряйте своего достоинства при этом. Будьте доброжелательными, не будьте болтунами и пустомелями. Проявляйте скромность и благородство! А в противном случае – говорю перед всеми родственниками – лучше бы мне помереть [3, 328 б.].

Қатыстық фразеологиялық эквивалент дегеніміз – мағыналары сәйкес келгенімен синтаксистік құрамы, синонимдік компоненттері, морфологиялық құрылысы өзгешелеу болады, бірақ мағынасы бірдей. Аудармада ол көп кездесе бермейді. Мысалы: – Шүкіман, еруліге қарулы бар еді ғой. Жаңа ана үйде айтылған «Топайкөк» мына Ербол екеуміз ұмытқамыз жоқ. Аударма: – А ведь долг платежем красен, милая! Теперь вы должны спеть. Мы с Ерболом просим вас исполнить «Топайкок» как вы спели в том доме.

Фразеологиялық аналог (үйлестік) – салыстырылып жатқан тілдегі фразеологизмнің мағынасына қарай негізгі тілдегі фразеологизмге барабар, бірақ одан өзінің бейнесінін біраз немесе толығымен өзгеше болатын фразеологизме айтамыз. Мысалы: Қадалып қалды – уставился на него, ақтарыла түсті – вывалился, жүректі, қайратты – смелый

Фразеологиялық емес аударма деп фразеологиялық емес құралдар арқылы жасалынатын тәржіма түрін атауға болады. Әдетте лексикалық балама, калька, сипаттама, түйдектелген (комбинированный перевод) аударма тәсілдері қолданылады. Аударманың мұндай түрі фразеологиялық сәйкестіктердің ешбір түрін таппаған кезде ғана пайдаланылады. Кемшіліктері фразеологизмнің бейнелілігі, экспрессивтілігі жоғалып, мағыналық реңкі жоғалады. Сондай-ақ антонимдік аудару және сөзбе-сөз аудару тәсілдерін кездестіреміз.

Сонымен фразеологизмдердің бір тілден екінші тілге аударудың бірнеше тәсілдерін қарастырдық. Оларды аудару тәртібіне қарай бірнеше жікке бөлуге болады. Біріншісі – екі тілде де бар фразеологизмдер. Олар кейде мазмұны жағынан да, формасы жағынан да дәл келіп отырады.  Екіншісі – қазақ тілінде ондай дайын үлгілері жоқ фразеологизмдер. Оларды мазмұны мен формасын дәл сақтай отырып, еркін аударуға тура келеді. Үшіншісі фразеологиялық тіркестерді сөзбе-сөз аудару; төртіншісі фразеологиялық тіркестерді балама (эквивалент, адекватты) етіп аудару; бесіншісі фразеологиялық тіркестерді еркін аудару.

Фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аудару мәселесі аса қажет, әрі барынша қиын мәселе екені даусыз. Фразеологизмдерді аударуға болады және аудару қажет деп санаймыз. Әрбір жазушының шығармасындағы фразеологизмдердің қолданылу өрісінің өзі аударуға қажет  тәсілдерді барынша пайдалану керектігін көрсетеді. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы фразеологизмдерді аударудың мынадай жолдары бар екендігін атап өтсек болады: біріншісі, фразеологизмдердің мазмұны мен формасы, экспрессивті-эмоциялық әсерін аудармашы толық беруге тырысқан; екіншісі: фразеологизмдердің мазмұны толық жеткізілгенмен лексико-грамматикалық құрылысында аздаған өзгерістер жасалады. Яғни мұның заттық-бейнелі мағынасы жартылай сақталады; үшіншісі, халықтар өміріндегі ұқсас тіршілік пен құбылыстар нәтижесінде жасалған фразеологизмдерді бір-біріне дайын балама ретінде пайдалануға болады. Мұндай лексико-семантикалық топтар қай халықта да жетерлік. Тек соны таба білу керек. Бұл тәсілдердің ешқайсына да салуға көне бермейтін біраз фразеологизмдер бар. Олар ұлттық бояуы айқын фразеологизмдер. Бұлар аударылса ұлттық ажарынан айырылады, аудармауға тағы болмайды. Осындай өзгешелігі жағынан бұлар идиомдарға келетін тәрізді. А.Ким мұның да әр қилы амалын қарастырған. Негізінен қазақ тілінің небір қиын сөз орамдарын ол орыс тілінің материалы арқылы дәлелдеуге тырысады.

М.Әуезов шығармашылығына тән ерекшеліктерді саралағанымызда жазушының өзіндік өзгешелігін айрықша танытатын тілдік құбылыстары мол екенін, оларды орыс тіліне аударуда орыс тілінің де мүмкіндігі жетерлік екенін байқадық. Бұл жерде, тек, фразеологизмдердің шығармадағы стилистикалық қызметін айқындап алған жөн. Бұл аударма орыс тілінің мәдениетін арттыруда үлкен рөл атқарды.

Алайда аударманың бәрі бірдей үлгі тұтарлық дәрежеде емес. Біз тексеріп отырған нақты мәселенің өзін жеткізуде де толып жатқан олқылықтар кеткен. Сондықтан аударманы қайта қолға алып, бүгінгі талғам таразысына лайықты қайта жасау қажет.

 «Абай жолындағы» фразеологизмдерді аудару үшін алдымен, олардың қолданылу өрісін, көлемін, түрін, мақсатын анықтап алу қажет. Өйткені фразеологизмдер жазушының негізгі мақсатына орай стильдік қызмет атқарады. Ендеше жазушының стилистикалық мақсатына орай олардың аудармасын қарастырған жөн.

М.Әуезов фразеологизмдерді кейіпкерлер образын дараландыру үшін қолданады. Бұл қолданыстың мынадай түрлерін атап көрсетеміз. Ол халықтың қарапайым нақыл сөздерін кейде өзгертпей сол күйінде алса, кейде кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқына байланысты неше саққа салып өзгертіп, құлпырта қолданады. Олардың лексико-грамматикалық құрылысына өзгерістер енгізеді. Ал енді бір сәтте автор кейіпкерлері халықтық фразеологизмдерге бергісіз мүлде жаңа айшықты сөз орамдарымен сөйлеп кетеді. Мұның бәрінің сыр-сыпатын айырып, эмоциялық-эстетикалық әсерін білу оңай емес. Аудармадан байқауымызша мұндай тұстарды жеткізуге орыс тілінің мүмкіндігі кейде аз болып жатады. Пушкиннің пайымдауынша, автордың айтқанын аудармашы тарапынан қайта айтылуы қажет, ал Гоголь аударма жайында «түпнұсқаға жақын болу үшін түпнұсқа сөздерінен кейде ауытқып тұру керек» десе,  Толстой «кейде сөздер мен мазмұнды аударып қана қоймай, сонымен  қатар әсерді аудару қажет» деп тұжырымдаған, К.И. Чуковский болса «күлкіні күлкімен, ал жымиысты  жымиыспен аударуға» шақырған. Соған қарамастан, бұлардың барлығы  аударманың заңдылықтарына қайшы келмейді. Әр көркем туындының ішінде шартты түрде аударуға келмейтін мәтін бөліктері кездеседі. Менің шартты дейтінім, бұл шартты түрде аудару мүмкіншілігінің жоқтығы. Бұл аударылмайтын бөліктер жоғарыда аталған фразеологизмдер.

 

Әдебиеттер:

1.            Влахов С.И., Флорин С.П. Непереводимое в переводе. Москва: «Валент», 2006. – 370с.

2.            Әуезов М. Абай жолы. Бірінші кітап. – Алматы: Жазушы, 2007. – 368 б.

3.            Ауэзов М. Путь Абая. Книга первая (Перевод А.Кима) – Алматы: Жибек жолы, 2007. 470 с.

4.            Абай романының І-ІІ томдарының идиомдық сөз тіркестерінің орыс тіліне аударылуының картотекасы // М.Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйінің мұрағаты. ЛММА. Кпр-1, папка №36. - 1-340 бб.

5.            Казахско-русский фразеологический словарь. Сост. Кожахметова Ж., Жайсакова Р., Кожахметова Ш. – Алматы: Мектеп, 1988. 224 с