Филологические науки/9. Этно-, социо- и психолингвистика

 

Ф.ғ.к., доцент Ақатаева Ш.Б.

Қарағанды «Болашақ» Университеті

Аға оқытушысы Нуркеева Б.А.

Қазтұтынуодағының Қарағанды экономикалық университеті,

Қазақстан Республикасы

 

САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІМІЗДІҢ БІРІ – САЛДЫҚ САЛЫСТЫРУ

 

Қазіргі кезде ұмыт бола бастаған өте қызықты салт-дәстүрлеріміздің бірі – салдық салыстыру. Салдық салыстыру салдар бір-бірінен озып, атағын асқақтатып, даңқын арттыруды көздеген. Бұнда салдар әрі қиын, әрі тосын шарттар арқылы сынға түсіп салыстырылған. Сынға қатысқан салдардың іс-әрекеттері былайғы жұртқа ерсі, ақылға сиымсыз көрінуі де мүмкін. Салдық салыстыру кезінде сынға қатысқан сал тіпті астындағы атын бауыздау, тыржалаңаш шешініп үй-үйді аралау сияқты ерсі қылықтар да істеген. Бұл сал үшін әбестік емес, халық олардың іс-әрекетіне кешіріммен қарап, оның атын ауыз ғып айтып та жүрген. Салдық салыстыруда сонымен қатар, салдардың мәрттігі, жомарттығы, өнері де сыналып отырады. Салдардың кейбір ертеде хан-сұлтандардың қасына еріп, олардың көңілін көтеретін, сауыққой, әзілкештердің қызметін атқарған сияқты. Қасына палуан ұстап, өнерпаздарды өз жанына жинайтын Абайдың қасына Қиясбайдың еруі, Жаңаарқа өлесіндегі Толыбай салдың Шоңның қасына еруі, Жаяу Мұсаның жанына Айдарбек, Жақып, Байдалы, Бүркітбайдың Мұстапасы сияқты қу өнерпаздардың еріп жүруі осы дәстүрдің  жаңғырығы тәрізді. Сал-серілердің сан қырлы өнерін толықтыра түсетін тағы бір қыры мінез-құлыққа байланыты Қырғыз әдебиетінде «қу ақындар» деген тип бар. Бұлардың өзге ақындардан ең басты ерекшелігі жүріс – тұрыстарында екен. «Қулар әртүрлі әдіспен бірге киген киімін ауыстырып, бірге бет – бейнесін өзгертіп, дауысын құбылтып сан алуан кейіпке түседі. Олар көбінесе, намаздыгер уақытында, түн ішінде, ақ сәлдей немесе «жан алғыш» тұрінде оқыстан шыға қалып, жүргіншілерді қоқытады екен. Олар бұл әрекетінде күлдірудің көркем әдістері ретінде қолданған. Бұндай қулық әрекеттер қазақ сал-серілерінің бойынан да табылған. Мысалға елге кеңінен танылған Қанафия Басықараұлының бір қулығы туралы мынадай аңыз бар:

 «Қанафия ауылда қақпан құрып аң аулайтын көршісі болған екен. Бұл кісі қалың тоғайдың ішінде қақпан құрып жүреді екен. Бір күні таң алакөбеде қақпанын тексеруге барса, тырдай жалаңаш адам кейпіндегі бірдеңе қақпанды салдырлатып сүйретіп жүр екен. Содан қақпаншы зәре-құты қалмай қаша жөнеледі. Егер осыдан сау-саламат құтылсамжалғыз бұзауымды құрбандыққа шалып, халқымды жинар едім», - ойлайды. Сөйтіп, жалғыз бұзауын сойып, елді шақырады. Сонда көпшілік ішінде отырған Қанафияның әкесі Басығара жаңағы не болғанын сұрайды. Ол көргенін  айтып береді. Сонда осыны естіп жүрген біздің қу болмаса екен депті»

Сал-серілердің негізгі мақсаты – елді күлдіру, көңілін сергіту, жағымсыз әдет, сарандық атаулыны сынап, сайқымазақ ету.

Сал мен серілерді салыстыра келе, «олардың шығу тегі, қоғамда атқаратын қызметі жағынан екі түрлі болған, кейін екеуінің қызметі өзгеріп, ескі ғұрыптар қала бастағаннан кейін ара-жігі жақындап, көп айырмашылықтар ұмытылып кеткен тәрізді» - деген Ш.Керимовтың пікірі де шындыққа сәйкес келеді (1).Өйткені қазақта сал, сері сөздері синонимдес сөздер ретінде қатар қолданылатынын, оны сал-серілершығармаларының өзі де дәлелдейтінін біз жоғарыда айтып өттік.

Қазақ халқы ежелден қонақжай, ақ коңіл, дана халық. Мал соңында жүріп, шаруа қамымен оқшаулау отырған, әбден  зеріккен ауыл алыстан келген өнерпаздарын қуана қарсы алған. Сал-серілер шалғай жатқан елдерді бір-бірімен жалғап, ел аралап өнер көрсеткен. Мысалы Балуан Шолақ, Біржан сал сияқты өнерпаздар кемінде 2-3 мың шақырым жол жүріп, Жетісуға дейін келіп ойын-сауық құрған. Сал-серілер келген ауыл үлкен той думан жасайтыны белгілі. М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың Біржан салды арнайы қонақ етіп, ерекше сый-құрмет көрсетеді, бүкіл ауылдың Біржан әндеріне сүйсіне тыңдап, оны ерекше құметтеуі бұл сөзімізді дәлелдей түседі. Бір үйден домбыра үні естілсе, бүкіл ауыл болып, сол үйге жиналатын. Келесі ауыл одан әрі еркелерін іліп алып кетеді. Осылайша ән-жырға ынтық қауым сал-серілерін қолдан-қолға түсірмей жүреді. Өнерге бейім, қабілетті, талапкер жасиар өнерпаздардың қасына ілесе жүріп, ән жыр үйреніп, тәлім-тәрбие алған.

Әрі ақын, әрі ән шығарушы, әрі әнші, әрі әзілкеш ретінде сал-серілер халқымыздың өткен өміріне сән берген. Осындай сегіз қырлы бір сырлы өнерпаздар тобы театр жоқ көшпелі халыққанағыз қажет, сол сөздің рухани сұранымы еді.

Сал-серілердің ақындығы, композиторлығы, әншілігі туралы біз жоғарыда айтып өттік. Енді сал-серілердің сиқыршылық, фокусшылық, әртистік қабілеттеріне тоқталамыз. Осындайөнерімен замандастарын таң қалдыған әйгілі ақын – Шашубай Қошқарбайұлы. Шашубайдың ат үстінде гармонмен ән айтып, бас терісін жүгіртіп ойнатқанда қалпақы тобесінде мөңкіп жүретін, бет ауызын адам танымастай өзгеретін , таяғын сиқыршыдай ойнататынын А.Жұбанов Ә.Тәжібаев естеліктерінде айтып кеткен. Әбенов Боранқұл оның дастархан үстінде қанша жорғалап, қонақтардың алдына қойылған түрлі ыдыс-аяқ, тағамдардың ешбіріне қол-аяғын тигізейтінін айтады. (5,25)   Ал, С.Бегалин Шашубайдың 1943 жылғы айтысқа келгенде үш сабайды саусағының басына қондырып ойнатқанын жазады.

Семей өлкесінде өмір сүрген «Ағашаяқ» деген атпен мәлім Берікбол Көпенұлы (1861-1932) үлкен тойларда түрлі осындай ойындарымен халықты таң қалдырған. Ол 6-7 түйені қатар қойып бір жағынан екінші жағына секіріп түсетін болған. Ұзын арқан құрып қолына ағаш ұстап, арқанның үстінен жүгіреді екен. Берікбол Көпенұлы бірнеше өнердің басын қосқан адам болған. Ол әрі әнші, ақын, әрі биші, желаяқ, спортшы, әрі күлдіргі болыпты. Екі аяғына бақан байлап алып жүрген атқа ілесу, шапшаң аттың үстінде төбесімен тұрып билеу, ұзын арқан құрып, қолына ағаш ұстап арқанның үстінен жүгіру, тұғырда тұрып билеу, шалқалап жерден аузымен тақия алу сияқты цирктік ойындарды шебер орындаған. Ол ұртымен, көмейімен, мұрнымен неше түрлі жан-жануарлардың үнін, әр жастағы адамның дауысын айнытпай салған.

Осы өлкеден шыққан екінші «Ағашаяқ» деген атпен белгілі , халық композиторы – Назар Жүндібайұлы. Ол өнерпаз, күлдіргі, қарап тұрып жылай салатын, ұрсып тұрып күле салатын, бір жақ беті билегендей болып қозғалып тұрса, екінші жақ беті қозғалмай  тұратын адам болған.

Салдың аты неше түрлі ойынға үйретілген болады. «Сал, ойыныңды көрсет, алдыңнан жау таянды, артыңнан қыз таянды», дегенде ат мойнын жерге салып шабады. Жарты шақырым жерге барғанда қыздарға аяғын бүгіп, басын иіп тағзым қылады екен. Қыздар өнеріңді көрсет дегенде, алдыңғы екі аяғын көтеріп, артқы екі аяғымен басып  жаншылап тұрады екен. Шөк десе түйеше шөгіп жатады», - деп жазады Ә.Диваев өзінің «Тарту» деген еңбегінде. Қазақ халқы «Ат – ер қанаты» деп тұлпарды ерекше құрметтеген. Осы мысалға қарап, сал-серілердің тек өздері ғана емес тұлпардың да өнерлі екенін аңғарамыз.

Сал-серілердің сан қырлы талант иелері екендігін дәлелдейтін тағы бір қыры – олардың би өнері белгілі дәрежеде үлес қосуы. Кемпірбай, Ағашаяқ сынды сал-серілеріміз халыққа биші ретінде де жақсы танылған. Сал-серілердің өнер саласына әкелген жаңалығының бірі – қосылып хормен өлең айту. Маңғыстаудың «Жеті қайқы» деп аталатын сал-серілер – Шолтаман, Тастемір, Досат, Тұрсын, Жылкелді, Әділ, Өскенбайлардың қосылып өлең айтуы ел үшін бұрын үрдістер жоқ соңғы жаңалық болды. Орталық Қазақстанда Біржан мен Ақан маңында бір топ әнші топтасты, олар осы төңіректе қосылып ән айтуды дағдыға айналдырды.

Қазақтың сал-серісі әрі актер, әрі артист болуының өзі киіз үйді сахна еткен өнерпаздардың өз көрерменімен, аудиториясымен бетпе-бет ж8здесе отырып, өз өнерінің оларға тигізетін әсерін тікелей бақылай алатынан туатын мүмкіншілік.

Әнші ақындар өлеңі біздің дәуірімізге синкреттілік-драмалық, артистік болмысынан, кейбіреуі музыкалық қуатынан айрылып, құр текст түрінде ғана жетіп отыр. Біздің қолымызда көне көз қарттардың естеліктерімен қолжазба қорында хатқа түскен бірен сараң дерек ғана бар. Осы там-тұм жеткен деректерге сүйене отырып сал-серілік өнердің сан қырлы сипатын алуды мақсат еттік. Оны қазақтың төл топырағында пайда болған тума синкретті (тұтастық) өнер, тамаша(цирк), балетсекілді үлкен өнер салаларының бастау көздері ретінде қарастырғанымыз орынды секілді. Сөзіміз жалаң болмас үшін халық арасында да аттары кең танымал кейбір сар-серілердің әмбебап қасиетін айта кеткен жөн. Шашубайдың замандасы Тайжан Қалмағанбетовтың сиқырлық фокусшыл қабілеті туралы да ел аузында аңыз әңгімелер өте көп. Соның біреуін келтіре кетейік: «Бір хан базарда Тайжан садада тұрған тамаша бір үнді сырнайға  құмартады бірақ сатып алағоюға қалтада пұлы болмайды, ешкімнен қарыз да ала алмайды. Содан соң ат үстінде тұрып сырнайды олай бір тартып, былай бір тартып көріп атын жіберіп жалт береді. Сырнайды да , астындағы атын да бір сенімді үйге тықтырып, өзі көшеге жаяу шығады. Шарқ ұрып іздеп жүргендер Тайжанда тұлғасынан танып қасына жетіп келеді. Бірақ «ол емес екен» деп құғыншылар бұрылып кетіп қалады. Енді Тайжан базарға келеді. Бұл жерде де «манағы ұры осы» деп бір топ адам ұстап алады. Бірақ бұл тағы да Тайжан болмай шығады. Осымен кешке дейін қуғыншылар Тайжанды бірнеше рет ұстап бәрі де «қәтелескен екенбіз» деп тайықып шыға береді. Сөйтсе, Тайжан әр кездескен сайын бет жүзін өзгертіп құбылып отырады екен. Бірде иегін бір салып қалып, жағын қисайтып жүре берсе, енді бірде мұрнын қағып жіберіп, таңқы пұшық бола қалады екен. Сондай-ақ көзін айналдырып жіберіп, соқыр болу, құлағын шұқтыйтып, шұнақ бола қалу Тайжан үшін ойыншық болса керек.

 

Әдебиет:

1.     Каримов Ш. «Әнші ақындар поэзисындағы дәстүр мен даралық мәселесі». – Алматы, 1991(канл.дисс.)

2.     Ысмайылов Е. «Ақындар» - Алматы, 1956

3.     Жұбанов А. «Замана бұлбұлдары» - Алматы, 1975