з.ғ.к., Сартбаева У.К., магистрант Салменов Р.Б.,
аға оқытушы
Байтанова А.С.
М.Әуезов
ат. ОҚМУ, Шымкент қ., Қазақстан
ПАРАҚОРЛЫҚТЫ
ҰҚСАС ҚЫЛМЫСТАРДАН АЖЫРАТУ
Мемлекеттік билік
органдарына келетін болсақ, бұл мәселе, яғни, сыбайлас
жемқорлық ғылыми тұрғыдан зерттеу міндеттері
қашан да ең өзекті мәселе болып қала береді.
Сыбайлас жемқорлық, парақорлықпен бірге лауазымды
адамның өзінің мүддесін ойлап бөтеннің мүлкін
заңсыз иемдену. Сыбайлас жемқорлықтың мәні
туралы, профессор Е.І. Қайыржанов былай деді - «шындығына келгенде
сыбайлас жемқорлық қоғамдық өмірдің
көз үйреншікті құбылысына айналғаны қашан,
ол қоғамның айықпас, қайта өрши түсетін
індеті іспеттес» [1].
Белгілі ресейлік ғалым, профессор
Л.Д.Гаухман сыбайлас жемқорлықпен құқық
бұзушылықты, оған қарсы күресті былай
түсіндіреді: «мемлекеттік қызметкерлердің заңмен немесе
өзге нормативтік актілермен тыйым салынған мүлікті немесе
сыйақыны, көрсетілген қызмет немесе жеңілдіктерді алуы
немесе оларға осындай қызметтің көрсетілуі, не болмаса
заңмен немесе өзге нормативтік актілермен көзделген
материалдық игіліктерді біле тұрып бермеуі».[2]
Бұл қылмыстардың
көбісін парақорлықтан
ажырату қиындық туғызбайды. Ең алдымен олар
парақорлықтан қол сұғу объектісімен ерекшеленеді.
Сонымен қатар, бұл жағдайларда сатып алынатын субъект
мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті тұлға
немесе оған теңестірілген адам
болып табылмайды. Кей жағдайларда ол мемлекеттік қызметті
атқаруға уәкілетті тұлға немесе оған
теңестірілген адам болып табылса да, сыйақыны қызметтік
жағдайына байланысты емес әрекеттері үшін алады.
Бұл орайда О.К.Качмазов,
парақорлық пен кәсіптік спорт жарыстарының немесе
ойын-сауықтық коммерциялық конкурстардың
қатысушылары мен ұйымдастырушыларын сатып алумен арасын
ажыратқан кезде, мемлекеттік қызметті атқаруға
уәкілетті тұлға немесе оған теңестірілген адам
бір уақытта ұйымдастырушы да, төрешілер алқасының
мүшесі де болып конкурстың нәтижесіне ықпал ету
әсерімен заңсыз сыйақы алса, ол тек ҚР
ҚК-нің 201-бабы бойынша жауап беруі тиіс. Ал егер мемлекеттік
қызметті атқаруға уәкілетті тұлға немесе
оған теңестірілген адам аталған тұлғаларға
өзінің қызмет бабын пайдаланып тура сол мақсаттарда
әсер етсе, ол пара алу деп есептелуі тиіс [3, 135-136 б.].
Кейбір мемлекеттік органдардың
лауазымды тұлғалары (прокурор, тергеуші, полиция, кеден,
салық, органдарының қызметкерлері және т.б.)
өздерінің қызмет міндеттерін орындау барысында банктік немесе
коммерциялық құпияларды білуі мүмкін. Бұндай
мәліметтер аталған тұлғаларды сатып алу жолымен
алынған болса, қылмыстар жиынтығымен саралануы керек,
яғни лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеттері
үшін пара беру және коммерциялық немесе банктік
құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз алу.
Парақорлықтың
коммерциялық сатып алудан айырмашылығы объектісі мен субъектісінде.
Сонымен қатар коммерциялық сатып алу қылмысында жауапкершілік
сыйақыны беруші тұлғаның мүддесінде қатысты
әрекеті (әрекетсіздігі) үшін ғана туындайды, яғни
бұл жерде парақорлықтағыдай жалпы
қамқоршылық пен жол беру қарастырылмайды. Өз
кезегінде коммерциялық немесе өзге де ұйымдарда басқару
қызметін атқаратын тұлғаның қызмет бабы
бойынша жалпы қамқоршылық пен жол бергені үшін
өкілеттіктерді теріс пайдалану бойынша сәйкес жағдайларда
жауапқа тартылуы тиіс.
Заң әдебиеттерінде
парақорлық пен бөтен мүлікті ұрлау
арақатынасының мәселесіне көп көңіл
бөлінген. Бұл тұрғыда зерттеушілер екі негізгі
мәселені қарастырған: 1) ұрлау мен бөтеннің
мүлкінен параны беру-алуды ажырату;
2) парақорлық пен
бөтеннің мүлкін ұрлауды жиынтық бойынша саралау
мүмкін жағдайлар.
Егер мемлекеттік қызметті
атқаруға уәкілетті тұлға немесе оған
теңестірілген адам, басқа субъектілермен ұрлауға
қатысса, оның ұрланғанның ішінен өз
үлесін алуы парақорлық деп есептелмейді.
Әдебиеттерде ұрлық пен
парақорлықты ажырату барысында кінәләнің
әрекетінде параны алу емес, ұрлықтың белгілері бар
екендігін анықтайтын келесі белгілер көрсетілген:
1) материалдық
құндылықтарды бөтеннің иеленуінен
лауазымдық жағдайды пайдалана отырып алу;
2) ұрлыққа
қатысушылардың (немесе қылмысқа қатысы жоқ
тұлғалардың) лауазымды тұлғаға
материалдық құндылықтарды қызметі бойынша әрекеті
үшін емес, заңсыз алынған ақшаларды бөлісу
түрінде берсе.
Бұл белгілер әрине
дұрыс анықталған, алайда оларды тәжірибеде
қолдану оңай емес. Мысалы, мемлекеттік қызметті
атқаруға уәкілетті тұлға немесе оған
теңестірілген адам алған қаражаттары
ұрланғанның үлесі ма, әлде оның қызмет
бабын пайдаланып жасаған ұрлауға тек демеу болған
әрекеттері үшін алған пара ма?
Бұл сұрақты оңай
шешудің немесе тәжірибеде жеңіл қолданудың жолы
бар. Ол, егер мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті
тұлға немесе оған теңестірілген адам материалдық
құндылықтарды, оларды ұрлаудың объективті
жағының бір элементі болып табылатын әрекеті үшін алса,
ол парақорлық емес, ұрлықтан өз үлесін алу
болып табылады. Басқаша айтсақ, мемлекеттік қызметті
атқаруға уәкілетті тұлға немесе оған
теңестірілген адам бұл жағдайларда өзінің
қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, мүлік алуға
қатысады және бөтен мүлікті ұрлаудың
орындаушысы (қоса орындаушысы) болып табылады.
Парақорлық пен ұрлауды
жиынтықпен саралау мәселесі мемлекеттік қызметті
атқаруға уәкілетті тұлға немесе оған
теңестірілген адамға берілетін пара, пара берушінің
мүддесіне жасалған ұрлау да ұрлауға
қатысушылық болып табылмайтын қызмет бойынша қандай да
бір әрекеттері үшін берілетін және ол пара берушінің меншігі
болып табылмаған жағдайда туындайды. Пара берушінің меншігі
болып табылмайтын немесе басқаруды жүзеге асыруға
уәкілеттігі жоқ параны берудің бірнеше жағдайлары бар:
1) пара бүркемеленіп берілген
жағдайда, яғни пара алушы –мемлекеттік қызметті
атқаруға уәкілетті тұлға немесе оған
теңестірілген адам ұйымның штатына енгізіліп, ол онда
ешқандай жұмыс атқармайды және оған берілетін
пара – жалақы, сыйақы т.б. ретінде беріледі.
Бұндай жағдайларда пара алушы
– мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті
тұлға немесе оған теңестірілген адам – іс жүзінде
ұрлықтың қоса орындаушысы болып табылады, өйткені
олар екеуі де бірлесіп, қасақана түрде
ұрлықтың объективтік жағын орындауға тікелей
қатысып отыр. Әрекетті ұрлық деп тану үшін
қатысушылардың бірінде пара берушіде пайдакүнемдік
ниеттің болмауы саралауға әсер етпейді. Е.Флоров пен
Г.Шелковкин айтулары бойынша:”ұрлыққа қатысушылық
кезінде жеке қатысушылар пайдакүнемдік ниетінсіз басқа
итермелеулер бойынша әрекет етуі мүмкін. Бұл жағдайда
бұндай ниеттің кемінде бір қатысушыда болуы жеткілікті
және түбінде ұрлық сол қатысушының
мүддесі үшін жасалды деп есептеледі. Егер субъект басқа
біреудің ұрланған мүлік арқылы заңсыз
баюына көмектесіп отырғанын сезінсе, онда оның
әркеттерінде ұрлыққа қатысушылықтың
белгілері бар [4, 14 б.] ”. Бұл позиция әдебиеттерде
мойындалған.
2) егер бөтен біреудің
мүлкінен параны алу-беру туралы алдын ала уағдаластық болса,
бірақ пара алушы мүлікті алуға қатыспаса, онда
ұрлықтың орындаушысы тек қана пара беруші болып
табылады. Мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті
тұлға немесе оған теңестірілген адам бұл жерде
тек қана ұрлыққа қатысушы бола алады:
көмектесуші – егер ұрланған мүлікті сатып аламын деп
алдын ала уәде берсе, айдап салушы – егер материалдық
құндылықтарды ұрлауға көндірсе.
3) пара алушы оған беріліп
отырған параның, пара беруші оған билік етуге
құқығы жоқ бөтен біреудің
мүлкінен беріліп отырғанын білмеген жағдайлар кең
тараған. Әрине, бұл жағдайда пара алған
мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті
тұлға немесе оған теңестірілген адам бөтеннің
мүлкін ұрлағаны үшін жауап бере алмайды. Алайда пара
ретінде бөтеннің мүлкін беріп жатқанын біліп
тұрған пара берушімен мәселе қалай шешіледі?
Авторлардың көбісінің
пікірінше, пара мемлекеттің, қоғамдық
ұйымдардың, кооперативтердің қаражаттарынан берілсе,
барлық жағдайда пара берудің мақсаты мен ниетіне
байланыссыз, тұлға
ұрлық жасағаны үшін кінәлі.
Бұған пара алушы ұрлық үшін жауапкершілікке
тартылмайтын жағдайлар да қосылады. Бірақ мәселенің осылайша шешілуі,
ұрлықтың материалдық пайдаға
бағытталған, пайдакүнемдік қылмыс ретіндегі
мәніне қайшы келіп отыр. Сондықтан, бұндай
жағдайларда пара беруші параны өзінің жеке мүддесі
үшін берген жағдайда ол пара бергені үшін де, бөтен
мүлікті ұрлағаны үшін де кінәлі болып табылады,
өйткені тек осы жағдайларда ұрлықтың міндетті
белгісі болып табылатын, мүлікті алудың пайдакүнемдік
мақсаты жүзеге асуы
мүмкін.
4) Ең соңғы
жағдай ол – пара ретінде берілетін мүлік, мемлекеттік
қызметті атқаруға уәкілетті тұлға немесе
оған теңестірілген адам – пара алушының қатысуынсыз
және алдын ала уағдаластықсыз, белгілі бір тәсілмен
ұрланып қойған болса. Бұл жағдайда пара
берушінің әрекетінде екі жеке қылмыстардың, яғни
ұрлық пен пара берудің реалды жиынтығы болады. Пара
алушының әрекетін саралайтын болсақ, егер оның пара
ретінде берген заттар ұрланғаны туралы білгендігі дәлелденсе,
онда ол пара алғаны үшін және көрінеу
қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алғаны
үшін жауап береді.
Осылайша парақорлық пен
ұрлықты жиынтық бойынша саралау мәселесін шешу
үшін, келесі жағдайларды анықтау керек: 1) пара алушы, пара
бөтеннің мүлкінен беріліп отырғандығы
жөнінде білді ме; 2) пара кімнің мүддесі
үшін(өзінің бе не өзге біреулердің) берілді; 3)
мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті
тұлға немесе оған теңестірілген адам параны алу барысында
бөтеннің мүлкін заңсыз алуға тікелей
қатысты ма.
Осы жағдайлрға байланысты,
жоғарыда көрсетілгендей, қылмыскерлердің
әрекеттерін саралау күрт өзгеріп отырады.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Каиржанов Е.И. проблемы причин преступности//научные
труды Карагандинской высшей школы
Государственного следственного комитета Республики Казахстан. –Караганда.1997.
Вып. 1.
2 Уголовное право Республики Казахстан.
Учебник: Особенная часть. 1. Под ред. И.Ш. Борчашвили и С.М. Рахметова. Алматы: Данекер, 2002г. - 424б; Сапарғалиев Ғ. Заң
терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1995ж. - 206б; Қазақстан Республикасының
қылмыстық іс жүргізу кодексі. Алматы: Жеті Жарғы, 2000ж. –365б.
3 Качмазов О.К.
Ответственность за взяточничество по российскому уголовному праву. 135-136 б.
4 Фролов Е., Шелковкин Г. Квалификация незаконной
передачи социолистического имущества другим лицам // Сов. Юстиция. 1980.
№5. 14 б.