Ж.Қ. Турниязова

аға оқытушы, психология магистрі

Орталық Азия Университеті

                 Алматы қаласы

 

Жеткіншек жастағы балалардың қылмысқа итермелеудегі

психологиялық факторлар

Бұл мақала жеткіншек  балалардың құқык бұзу әрекеттерін, олардың қылмысқа баруындағы қарым-қатынастың алатын орнын, психологиялық ерекшеліктерін анықтау мәселесі  қаралады.

Жеткіншек шақ - жеке тұлға ретінде қалыптасып, қоғамның түрлі сфераларына етене араласып, өмірлік жоспарды құруда жауапкершілікті талап ететін кезең болып саналады. Жеткіншектік кезең барлық қоғамда емес, тек өркениеттің жоғарғы деңгейінен көрініс алады. Бұл кезең әдебиеттерде: жасөспірімдік, өтпелі, аралық, пубертальды, пубертатты, жыныстық жетілудің бастама алуы, т.б. деп те қарастырылады. Осы түрлі атаулар жеткіншек өмірінде болып жатқан өзгерістерді жан-жақты бейнелейді. Бұл кезеңнің жас ерекшелік аралығын қамтитынын айтып кеткен жөн болар еді.

Жеткіншектер бойында құқық бұзушылықтың калыптасуы және оған әлеуметтік ортаның тигізетін әсерін анықтау қазіргі заманның негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Белгілі бір қоғам ортасында адамдар көптеген дағдарыстардан өтеді. Солардың ішінде балалық шақ пен ересектік кезең арасындағы аралық және өтпелі кезең болып табылатын жеткіншек кезең кеңінен каралады. Бұл кезең жеке тұлға ретінде қалыптасып, өмірлік жоспар құруда жауапкершілікті талап ететін кезең болып табылады.

Жеткіншектер негізгі қасиеттермен сапаларды қарым- қатынастың өзіндік жеке тәжірибесімен жанұядағы, мектептегі, көшедегі үздіксіз қатынастар арқылы игереді. Қарым-қатынас - тұлға қалыптасуының қажетті және жалпыға тән шарты. Жеткіншектер үшін қарым-қатынас осы кезеңнің басты тенденциясы, тұлғалық өзара қарым-қатынастың спецификалық түрі болып табылады. Осы қарым-қатынас көмегімен іс-әрекеттің түрлі сферасында жеткіншектер бойында жаңа психикалық және тұлғалық қасиеттермен өзара әрекеттестіктің кажетті дағдылары қалыптасады. Осы жаңа тұлғалық қасиеттермен дағдыларды игеру барысында қоғамдағы жаңа қарым-қатынастармен байланысқан көптеген жаңа проблемалар туындайды.

 Жеткіншектердің осы қиыншылықтар мен күресуі, оларға төтеп беруі немесе керісінше қауқарсыздығы олардың алдағы өмірінің түрлі сфераларынан көрінетін өзара қарым-қатынастарға тәуелді болады. Осының негізінде жеткіншектер бойынан қоғамға жат қылықтар, әлеуметтік тұрғыдан қолдау таппайтын мінез-құлықтың қалыптасуына еліміздегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен қазіргі қоғамның негізгі проблемалары болып табылатын сыртқы күштер: жұмыссыздық, материалды жағынан жеткілікті қамтылмаған жанұялық жағдай, ішімдікке салыну, нашақорлық дерті, әртүрлі таптар арасындағы субмәдениеттер, өмір сүру деңгейінің төмендеуі өз әсерін тигізеді. Осы факторлар жалпы адамзатты ғана емес, жасөспірімдерді де қоғамға, құқыққа қарсы әрекет етуге итермелелеп, тіпті қылмыс жасауға мәжбүр етеді. Негізінен, қылмыс - бұл әлеуметтік және психологиялық факторлардың өзара әрекеттесуі болып табылады. Егер қылмыс феномені белгілі критерийлер көлеміне сәйкес дамыса, онда жасөспірімнің қылмыстық мінез-құлқы белгілі бір уақытта біріккен бірнеше факторлардың әрекеттесуінің нәтижесінен көрінеді. Мұндай факторларға жеткіншектің қоршаған ортасы: жанұясы, құрдастары, мектебі, достары, оқу немесе жұмыс орны және әлеуметтік-экономикалық жағдайлар жатады. Осы факторлардың әрқайсысы қарым-қатынас деңгейінің тым төмен немесе тым жоғары болуынан жеткіншектердің құқыққа қарсы әрекет етулеріне өз әсерін тигізеді. Осының негізінде біздің қоғамымызда жеткіншектер арасында қылмыстың өршуі, ұйымдасып немесе ұсақ-түйе қылмыстық әрекет атқару кең тарала бастады. Жеткіншектердің құқыққа қарсы әрекет етуі, қоғамға, айналадағы адамдарға қауіп төндіруі қылмыстық жауапкершілікке апарып, көп адамдар бойында мазасыздық сезімін тудырады. Сондықтан мұндай құқыққа қарсы жасалынған әрекеттердің етек алуы жасөспірімдер қарым-қатынасының төмендеуімен байланысты болады және осы құқық бұзушылық әрекеттерінің алдын алуда қылмыс, құқық нормаларын әлеуметтік көзқарастар жүйесі ретінде қарастырып, қылмыстың алғышарттарымен қарым-қатынас аспектілерінің тигізер әсерін анықтау маңызды болып келеді.

Белгілі дәрігер-педагог Б.Спок: «Қылмыскер - жазаланған, қайғы-қасірет шеккен тұлғалардан емес, керісінше қарым-қатынас барысында сүйіспеншілік пен махаббатқа мұқтаж болған тұлғалардан шығады» - деп айтып кеткен.

И.А. Ильин айтуы бойынша: «Заңды және құқық нормаларын сақтау оларды қорғау, өзіне жүктелген мемлекеттік міндеттерді өз бетімен орындау, сонымен қатар өз өміріне құқыққа қарсы әрекеттер, қылмыс жасамау - қарым-қатынастың қалыпты түрде құрылуын талап етеді»

Біздің зерттеу жұмысымыздың алда қарастыратын мәселесі психология мен заң ғылымдарында ерекше орын алып, түрлі тұрғыда қарастырылады.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Бурлаков А. «Преступность несовершеннолетних» Москва, 1997 ж.

2.     Васильев B.JI. «Юридическая психология» 3-е изд. - С-Петербург: Издательство «Питер», 2000ж.

3.     Горбань П.Ю. «Психология несовершеннолетних преступников» /реферат -Украина -2003 ж.