ҰЛТТЫҚ
МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДА ДҮНИЕТАНЫМНЫҢ
ҮЛКЕН РӨЛІ
п.ғ.к., доцент Ахтанова С.К.
Тұран –Астана университеті
Жас ұрпақтың санасын
шыңдауға қызмет ететін білім жүйесін қалыптастыру
– қазіргі заманның өзекті мәселесі болып тұр. Ал
мұндай білім жүйесі сол ұлттың төл болмысымен санасу арқылы жүзеге асады. Өйткені, өткен тарихтың сын көзінен өткен құнды ұлттық дүниетаным мұралары жас буынның рухына негіз болып қаланып, болашаққа бағыт жасап отырған жағдайда ғана ұрпақтар арасындағы сабақтастық үзілмейді.
Дүниетанымның басты категориясы ретінде,
«дүние» мен «адам» алынады, өйткені, әлемді танушы адам.
«Дүние» – араб сөзі. Ол көптеген ұғымды
білдіреді, ең негізгісі, дүние – өмір, тіршілік ретінде
түсіндірілсе, енді бірде дүние ұғымы –
қоршаған орта, табиғат, әлем ретінде қарастыруға
болады.
Дүниетанымның қалыптасуында
ұлттық мәдениет үлкен рөл атқарады. Ал ұлттық мәдениет –
мінез-құлық негізінде қалыптасады [58, 57 б.].
Яғни ол жеке ұлттарға, этносқа тән сезімдер
жиынтығы болып табылады. Өйткені адамның жеке
көзқарасы, айналаны қабылдауы тарихи қалыптасқан
дәстүрлі ұлтының дүниетанымына да байланысты
болып тұрады. Қазақ халқының ежелден келе
жатқан тарихында негізінен түркі халықтарының,
соның ішінде қазақ халқының көзқарасы
ертеде мифология арқылы қалыптасып жатты. Мұны мынандай
мысалдан байқауға болады:
«Шанюй ертеңмен Қосынан (лагері)
күнге табыну үшін, кешке айға табыну үшін шығады.
Ол сол жақты бетін солтүстікке беріп отырады».
Ғұндардан қалған бұл дәстүр
түріктерге ауысты. Бұл ғұндардың
алғашқы түріктер екендігі жайлы болжамды қуаттайды.
Таным бағдарында шығысты құрмет тұтушылық
көне тас балбалдардан да көрінеді. Түріктердің ежелгі
молаларының барлығының беті шығысқа
бағытталады. Күлтегін ескерткіштерінде былай келтіріледі: Ілгері –
күншығысқа, оңға – түстікке, кейін
батысқа, солға – терістікке делінеді
Аспан – космостың бір бөлігі
ретінде руна жазуларында Көк Тәңірі әдеттегі
мәнінде көк ауа ретінде бұрыннан танылған. Бұл
аспанның құстар ұшатын алыс, биік, жақын болып
бөлінуін білдіреді. Ал, жер текстерді жазулардың ұғымында төртбұрышты
кеңістік болып ұғылды, оның жиектерін түріктерге
дұшпан халықтар мекендейді. Әлем шекарасын белгілеу
үшін Руникада «Бұрыш» қарашығы. Түріктер осы
жерді мекендеп, олар «алдыға», «оңға», «солға», әлемнің
төртбұрышын бас идіру үшін жорыққа аттанды», -
деп тұжырымдады «Орхон-Енисей» жазбаларын зерттеген түріктанушы
ғалым С.Г. Кляшторный [61, 146 б.].
Бұл
тұрғыдан алғанда әлем көлденең
космологиялық дүниетанымда төртбұрышты жазық
кеңістік ретінде таныды. Кеңістікті «Туған жер», «ата жұрт», «ата қоныс»
ұғымдарында Отанын сүю, қастерлеу, табиғатты
қорғау, оған деген
жауапкершілік сезімдері айқындалады. Сондай-ақ, түркілер
үйдің, шаңырақтың, ошақтың
қамқоршысы Ұмай анаға да табынған. Тоныкөк ескерткіштеріндегі «Тәңірі»,
Ұмай, қасиетті жер-су жеңіс
берген екен» деген жолдардан
жауынгерлерге жеңіс сыйлаған құдай
ретінде көрініс береді.
Белгілі
ойшыл-ғұлама Жүсіп Баласағұнның
әлемнің төрт бұрышына таралған
«Құтты білік»
дастанында тәңірдің құдіреттілігін суреттеген
кезде оның бар
болмысы – айды, күнді, жерді, көкті жаратқандығы
айтылады. Сандық қатынастардың кеңістік пен уақыттан
тыс екендігі көзден жырақ, бірақ көңілге жақындығын көреміз. Әрине, бұл –
дүниетаным қалыптасуының ерекше қыры [62, 52 б.].
Ежелден келе
жатқан салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар
көп жағдайда адамның дүниетанымы қалыптасуында
әсер еткен. Мысалы, Ұлыстың ұлы күнінде,
яғни, Наурызда кең киелі рәсім – көк жиектен
шапақ шашып шашырай шығып келе жатқан күнді қарсы
алу дәстүрі. Мұндайда ақ жаулықты аналар тостағанға
ақ құйып алып шығып, күн көзіне
қарата шашып, үш мәрте тізе бүгіп тағзым ететін.
«Атар таңға, шығар күнге тәу-тәу,
басымызға амандық, малымызға береке дарыта көр» деп
тілек тілейді. Қазақтың қариялары ай жаңа
туғанда оған қарап тағзым етеді. Содан соң
қолын көтере, алақанын жайып: «Ай көрдік, аман
көрдік. Бақытты байлық заман көрдік. Амандықпен
осынша жасқа келдік. Ескі айда есіркедің! Жаңа айда –
жарылқа!» – деп бетін сипап тілек етеді. Үлкендер «Көкте
тәңір бар, жерде әулие бар» – балалардың аяғын
аспанға көтертпейді. Жазда алғаш жаңбыр жауса:
«Дерт-дерден басымды аман сақта» деп, жалаңбастанып жаңбырға
басын төсейді. Жазғытұрым найзағай алғаш
күркірегенде: «Алла, ырыздығымды молынан бер. Малымыздың
желінін сау, сүтін мол қыл» – деп ақ айран немесе сүт
алып шығып оны босағаға төгіп және
үйдің жабығына жағады. Әйелдер қолдарына
шөміш немесе сүзгі алып үйді айнала жүгіріп «Сүт
көп, көмір аз» деп киіз үйдің үзігін
төмпештейді. Бұл сүт көп, ақ мол төл аман
болсын жаратқанға жасалған ақ тілеу, мінажат.
Көмір аз дегені отқа табыну, отты құрметтеу. От
құдайдың адамға жіберген сыйы деп түсінген.
Қазақта «Түтіні түзу», «Түтінің
өшпесін» деулерінде де осы құрмет жатады. Қазақта
«түтіні өшті»деген сөз бір шаңырақтың
тіршілігі аяқталғанын білдіреді. Ал «түтіні түзу» – біреулердің
тұрмысы оңалды, бағы жанды, кәсібі өрледі дегені.
Ал мына «көмір аздың» мәнісі көктемдегі жамырай
төлдеп жатқан малдың шығынының аз болуында.
Бұл жерде мәселе көмірдің аз-көбінде емес, сол
көмірдің тегі отқа табынуында. Оттың көмірі аз
болғанымен жарылқайтыны мол дегені. Үйге кірген жыланды
ақ құйып айдап шығу да киелі ұғымнан
туған. Жаңа түскен келін үлкен үйдің
босағасын алғаш аттаған кезде отқа май салады.
Жаңа түскен сәбиді бесікке салады: «Алас, алас, әр
пәледен қалас» деп бесікті отпен аластайды. Осындай тиымдардың
астарында мифтік-діни наным-сеніммен қатар нақтылы өмірлік
талғам-талаптан туындап жатқан қажеттіліклерді де
аңғарамыз. Мәселен «Отты шашпа», «Отты баспа», «Отқа су
құйып өшірме» деген тиым түрлерін отты шашса өрт
кететінін, өртке күйіп немесе отты қайтып
тұтатудың қиын болатынын нақтылы өмірлік
тәжірибе арқылы бақылауға болады.
Бұрынғы
заманнан келе жатқан қазақ тұрмысындағы үй
ішіндегі пірлері: Шопан ата (қойдың), Зеңгі баба
(сиырдың), Қамбар ата (жылқының), Ойсыл қара
(түйенің), Сексек ата (ешкінің) болып келуі, малға
ауру-індет келгенде әр түліктің иелеріне арнап мал сойып,
тасаттық беріп иелеріне жалбарынып отырған, Қарапайым
халық мал басының көп болуы осы түлік аталарының
мал иелеріне деген көңіл күйіне байланысты деп білген. Сол
себепті мал баққан халық малдың басынан ұруды,
әсіресе тебуді аса үлкен күнә: құт,
байлық қашыратын әрекет деп санаған. Мәселен,
көшпелі қазақ «Малды ноқтамен ұрма» дейді.
Мұндай келісімсіз іс әрекеттерге «Обал болады», «Жаман болады» деп
тыйым салып отырған. Осы бір қарапайым елеусіз тиымнан – оны
орындау немесе орындамауда емес, сол тиым арқылы көшпелілер
тіршілігіне тірек болып отырған төрт түлікке деген кісілікті
қарым қатынастың орнауы мұрат тұтынуда.
Яғни «Малды ноқтамен ұрма» деп келетін тиымнан малды пір
тұтуға сол арқылы күнкөріс көзіне деген
кісілікті қарым-қатынасты қалыптастыруға негізделген.
Қазақтар
кейбір жыртқыш аңдарды киелі деп санаған. Қасқыр,
жолбарыс, бүркіт сияқты түс аңдарының
тұяғын, тісін, құлағын, терісін жас
нәрестенің бесігіне тұмар ретінде іліп қою немесе
терісін бесікке жауып қою соның қалдығы болса керек.
Ұлан байтақ кең далада мал бағып, ұзақ
күндерді кең байтақ құшағында мал
өрісінде, түндерді жұлдызды аспан астындағы мал
күзетінде өткізген қазақ халқы табиғат құбылысын
бақылаудан туған көп жылдың тәжірибелерін
қорытып, жұлдызды аспан туралы астрономиялық
түсініктерін анықтаған. Ауа-райы қазақтар
үшін уақыттың ең бірінші бағдары болды.
Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер
қыстың соңғы күндерінен соң көктемгі
алғашқы көкке ілігумен қайта түлеу, өзгеріс
келетін. Көктемгі күн мен түннің теңелуімен
жаңа жыл – наурыз келеді. Бұл айда жыл басына меже болатын
Ұлыстың ұлы күнінің өтетіні өз
алдына, сонымен бірге көшпелі ел қыстан қысылып шығып,
жазылып жадырар шақты тықырши күтеді. Қазақтың
ата тегінде көктем мен жазда түстіктен терістікке көшу
және күздегі терістіктен оңтүстікке бағытталған
көштің басындағы осы ұзақ
қашықтықты өз уақытында алу үшін
уақытты өлшемдердің болғандығы көрсетеді.
Біздің
халық әрбір маусымды өз ішінде үшке бөледі:
қоңыр күз, сары ала күз, қара күз немесе
қыстың басы, қыстың ортасы, қыстың
аяғы, т.б. Төрт маусымның әрқайсысын үшке
бөліп қарастыру және соған қарай шаруашылық
жайын бейімдеу арқылы көшпелілер жыл бойынан он екі бөлікті,
яғни он екі айды саралап шығара білген. Қазақтар
дүниенің төрт жағын күн көзінің
күндізгі қозғалысына қарап «Күншығыс»,
«Күнбатыс», «Оңтүстік», «Солтүстік» деп атаған.
Біз мұны жоғарыда «Күлтегін» ескерткішіндегі жазбалардан
кеңістіктегі ориентирде белгіленгенін көрсеткенбіз.
ПайдаланЫЛған әдебиеттер тізімі
1
Пошаев Д.К.
Мамандыққа кіріспе /
Оқу құралы. – Шымкент: ОҚМУ, 2004. –111 б.
2
Кляшторный С.Г. Степные империи
древней Евразии / Букинистическое
издание. - 2005.
3
Баласағүн
Ж. Құтты білік. – Алматы: Жазушы, 1986. – 616 6.