Қазақстан Республикасында шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық қолдауды арттыру жолдары

э.ғ.к, аға оқытушы Талапбаева Гульнар Едиловна,

магистрант Жақсылықова Перизат

Қорқыт Ата атындағы

Қызылорда Мемлекеттік Университеті

Казахстан , Кызылорда қаласы

Кәсіпкерлікті қаржылық қолдау ісінің маңызды шарты инвестициялар болып табылады. Жеке кәсіпкерлік қоғамдағы табиғи, адамдық және ұйымдық ресурстарды біріктіре отырып, инвестициялардың барынша тиімді қолданылуын қамтамасыз етеді. Сол себептен шағын және ірі бизнес арасындағы ынтымақтастық жүйесін, яғни франчайзингті қалыптастыру мақсатына бағытталған мемлекеттік қаржыларды көбейту аса маңызды.

Шағын және орта бизнеске шетелдік компанияларды және жеке кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі халықаралық ұйымдар мен қорлардың қаржыларын тарту үрдістерін күшейту қажет.

Кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің осы саладағы басты жобаларды атқаруына қолдау көрсету мақсатында оларды мемлекеттік несиелермен қамтамасыз ету міндетін ұсына отырып, шағын және орта бизнестің дамуына негіз болатын экономикалық ортаны жақсартуға бағытталған сақтандыру ісі, несие және салық жүйелеріне қажетті өзгерістерді енгізуді қарастыру.

Сондай-ақ, экономиканың барлық салаларында, әсіресе, халықтық тұтыну тауарлары мен азық-түлік өндірісінде шағын бизнестің дамуына мүмкіндік туғызатындай деңгейде салықтық алымдар мен міндетті төлемдер мөлшерін белгілей отырып, салық саясатында маңызды толықтырулар жасау қажет.

Кез келген кәсіпорынның, оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің табысты жүмыс істеуі үшін банк торабына кіру және оның сапалы қызметтерін пайдалану мүмкіншілігі қалыптастырылуы тиіс.

Республикамызда шағын және орта бизнестің басты салаларын жалпы дамыту мен қолдау және банк несиелерін алу үрдістерін жеңілдету мақсатында маманданған мемлекеттік акционерлік банкілерді құру аса маңызды.

Сақтандыру жүйесі нарықтық институттарды дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Әсіресе, оның мәні шағын және орта бизнес саласында тәуекел күшейген жағдайда арта түседі. Сондықтан кәсіпкерлік қызмет саласын сақтандыруға бағытталған компанияларға қолдау көрсетілуі тиіс.

Сақтандыру ісінің сенімділігі мен сапасын арттыру және сақтандырушының түрлі қиянатынан кәсіпкерлерді қорғау мақсатында сақтандыру компанияларының қызметін лицензиялау және тұрақты қадағалау көзделуде. Бұл үшін арнайы бақылау-реттеу органын құру қажет. Инвестициялық қызмет саласында, әсіресе, жекешелендіру ісінде аукциондар мен инвестициялық сауда орталықтары маңызды орын алу тиіс. Аталмыш орталықтар қандай да бір қозғалмайтын мүлікті немесе инвестициялық ресурсты сатып алуға ниет білдірген кез келген шаруашылық субъектісіне қызмет көрсетеді. Қазақстанның барлық облыстары мен ірі қалаларында осындай орталықтарды құру ұсынылады.

Қазіргі жағдайда көптеген кәсіпкерлер шағын және орта кәсіпорындар қызметіне қажетті құрал-жабдықтар мен қозғалмайтын мүліктерді тез арада сатып алу үшін жеткілікті қаржыға ие емес. Сол себептен өндірісті ұйымдастыру барысында лизингтік фирмалар мен компаниялар аукциондар мен инвестициялық саудаларды жүргізетін орталықтарда қызмет көрсете отырып, маңыздылығын арттыру тиіс. Сондай-ақ, кәсіпкерлік қызметті тиімді ұйымдастыру және жүргізу үшін консалтингтік, маркетингтік, инвестициялық, құқықтық және тағы басқа маманданған фирмалар мен компаниялардың қызмет көрсетуі керек. Қазақстанда аса қажетті болып табылатын осы саланың дамымағандығы салдарынан аталмыш қызметтерді ұсынатын шетелдік компаниялар мен фирмалардың бөлімшелерін ашуға мүмкіндік жасау қажет.

Сондай-ақ, экономиканың өзге салаларында да кәсіпкерлік құрылымды дамыту керек.

Кәсіпкерлік құрылымдардың сыртқы экономикалық қызметін жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметі сыртқы экономикалық байланыстарды реттеуге, барлық кәсіпкерлер үшін теңдей жағдай жасауға және олардың шетелдік капиталды алып, тиімді қолдануын қамтамасыз етуге бағытталу керек.

Осыған байланысты төмендегідей шараларды атқару ұсынылады:

    шағын және орта кәсіпорындарға шетелдік серіктестерімен іскерлік байланыстарды орнатып, ортақтаса бизнес жүргізуіне және лизингтік компаниялардың қатысуымен шетелдік технологиялар мен құрал-жабдықтарды (ноу-хау) кешенді түрде жабдықтау жұмыстарын ұйымдастыруына қолдау көрсету, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлік субъектісіне сыртқы сауда қызметін дербес жүргізу құқығын беру;

    шағын және орта бизнесті дамытудың басты бағыттары бойынша техникалық-экономикалық негіздермен қамтамасыз етілген инвестициялық жобаларға жеңілдетілген шетелдік несие беру жолдарын қарастыру;

    экспорттық тауарларды өндіретін кәсіпорындарды ынталандыру шараларын атқару және импорттық, экспорттық өнімдерді шығаруға лицензия бере отырып, кәсіпкерлік құрылымдарға жеңілдік жасау;

    ішкі нарыққа бағытталған өндірістерді мемлекеттік несиемен көптеп қамтамасыз ету және жеңілдетілген салық жүйесін қолдану;

    шетелдік инвестициялар туралы заңдарда шағын және орта бизнестегі шетелдік инвестицияларды сақтандыру ерекшеліктері жөнінде қосымша тәртіпті орнату.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Кәсіпкерліктің жедел курсы/ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған. Т.В. Иссык, Г.Е.Касенова, И.А.Леонтьева, Ж.Д.Серікбаева, Д.Ж.Тшенсовская, С.А.Филин, А.З.Чивазова, Алматы, 2013. -234 б.1.

2 Қаражатты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін кейіннен кредиттеу үшін екінші деңгейлі банктерге келісіп орналастыру бағдарламасы. («Бизнестің жол картасы -2020»)