Кодашева Г.С, Тлеубаева А.Т., Жунусова А.Ж

Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева,

г. Астана,  Казахстан

 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА»: КЕЛЕШЕГІ, МҮМКІНДІКТЕРІ, ШЕКТЕУЛЕРІ

 

            Қазіргі уақытта қоғам «жасыл» экономика түсінігінің мәнін әртүрлі қабылдайды. Біреулері, бұл елдің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа саласы деп есептейді. Өзгелері, бұны табиғатқа көмектесетін және пайда келтіретін өзіндік экожүйе түріндегі жаңа технологиялар деп ойлайды. Ал үшіншілері, бұны  мақсаты - экологиялық таза өнімдер шығаратын жаңа даму кезеңіне өту деп түсінеді. 

            Жасыл экономика таза немесе «жасыл» технологияларға негізделеді. «Жасыл» технологиялар негізінде тұрақты даму мен ресурстарды қайта қолдану қағидалары жатыр. «Жасыл экономика» тұжырымдамасының аясында, экономика өзі дамып жатқан табиғи ортаның тәуелді құрамдастарының бірі және бір бөлігі ретінде қарастырылады.

Жасыл экономика төмендегі негізгі салаларымен беріледі:

- Ұқыпты өндіріс (ресурстар мен энергияны үнемді тұтыну);

- Қалдықсыз өндіріс (қалдықтарды жоюға және қайта өңдеуге бағытталған өндіріс);

- Жаңартылатын энергетика (электромобильдер, күн батареялары, жел стансалары, судың көтерілуі мен қайтуынан алынатын энергия)

Постиндустриалды қоғамдағы дамыған елдердің (мысалы Батыс Еуропа) өзінде экологиялық жағдайдың қиын және қауіпті деп бағаланғаны жасырын емес. Бір жағынан, индустриализация кезеңіндегі табиғи ортаға ұзақ әрі ауқымды антропогенді қысым Еуропаны дүниежүзіндегі ең экологиялық ластанған аймаққа айналдырды. Барлық табиғи экожүйелер белгілі бір дәрежеде өзгерген немесе толығымен жойылғандықтан, бұл жерде экологиялық мәселе үлкен ауқымда. Ал екінші жағынан, басқа аймақтармен салыстырғанда, осы Еуропада, алдымен Батыс Еуропа елдерінде табиғат пен адамға деген экологиялық қауіп дәрежесі ескеріліп, экономиканы «жасылдандыру» жоспары бойынша алғашқы қадамдар жасалды. Осы тәжірибеден кейін Қазақстан келесі қорытынды жасауы керек, яғни экологиялық апаттың салдарымен күрескеннен көрі, оның алдын алғаны дұрыс.

Бүгінгі таңда Қазақстанның экономикалық дамуы өзінің табиғи ресурстары – мұнай, газ, қара және түсті металлдары арқасында болып отыр. Олардың өзіндік ерекшеліктері бар: оңай табу (добыча), әлемдік нарықтағы жоғары сұраныс және сарқылуы. Шектеулі ресурстарға тәуелді болу – ең тиімді даму жолы емес. Сондықтан келер ұрпаққа пайдалы қазба ресурстарынан тәуелсіз экономика қалдыру үшін елімізге жоғарыда көрсетілген көздерден табыс алу арқылы экономиканы модернизациялау қажет. Екіншіден, біз ХХ ғасырдағы Еуропаның сәтсіз тәжірибесін (экологияға қатысты) қайталамаймыз. 

            «РИО + 20» саммитін өткізгеннен кейін қазақстандық қоғам «жасыл» экономикаға көшу бойынша стратегияны жүзеге асыруға бағытталған. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен «жасыл» экономикаға көшудің Тұжырымдамасы жасалды. Бірінші кезекте, Тұжырымдамада экономика салаларын реформалауға бағытталған негізгі басым міндеттер тізімі көрсетілген.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру 3 кезеңде жүргізіледі:

Бірінші кезең – 2013-2020 жж. – Табиғатты қорғаудың және ресурстарды қолданудың тиімділігін арттыру, «жасыл» инфрақұрылымды қалыптастыру;

Екінші кезең – 2020-2030 жж. – Табиғи ресурстарды рационалды қолдану, жоғары технологиялар көмегімен қайта жаңартылатын энергия көздерін енгізу;

Үшінші кезең – 2030-2050 жж. – Ұлттық экономиканың табиғи ресурстарды тек олардың орнын қайта толтыру мүмкіндігі болған жағдайда ғана қолдануға негізделген «үшінші өнеркәсіп революциясының» қағидаларына көшіру.

            Қазақстанда ең негізгі және басымды бағыттар деп жаңартылатын энергия көздерін енгізу, ауыл шаруашылығында органикалық жер өңдеу, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді атауға болады.

            «Қазақстан – 2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясына сәйкес Елбасы 2050 жылға қарай елдің жалпы энерготұтынуының жартысынан кем емес мөлшері баламалы және қайта жаңартылатын энергия түрлерінен тұруы қажет деген тапсырма берді [1].

            Жел - энергиясы қайта жаңартылатын энергетиканың ең басымды көзі болып табылады. Ғалымдардың есептеуінше, Жоңғар қақпасының толық қуатынан алынған энергияның 1%-ы барлық Қазақстанның энерго қажеттілігін қанағаттандыра алады екен. Жел стансаларының артықшылықтарына желдің сарқылмауы, кіші аумақты алуы, қалдықсыздығы және жаңа жұмыс орындарымен қамту жатады. АЭС құрылысы да энергетикалық қауіпсіздікке және зиянды қалдықтардың азаюына алып келеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, 2020 жылға қарай Қазақстанда ең кем дегенде 1 АЭС болуы қажет. Ол тек ұзақмерзімді елді энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, оны шетелге экспорттауға да мүмкіндік береді.  

            Ұзақ уақыт бойы солтүстік Қазақстанның негізі болып келе жатқан ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту қажеттілігі туындады. Экстенсивті әдістер өзін-өзі ақтамайтындығын анық көрсетті. Органикалық жер өңдеу шаруашылығына көшу қажеттігі басым болып отыр. Біріншіден, аталған бағыт синтетикалық тыңайтқыш (пестицидтер) өнімдерінен, түрлі жем қоспаларынан бас тартуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығын «жасылдандыру» табиғи ресуртарға зиянын келтірмей халықты өніммен қаматамасыз етуге көмектеседі [2].

            Қазақстан келесі бағыттар бойынша жұмыс жасауды     жоспарлауда:

- Топырақ құнарлылығын басқару;

- Суды тиімді пайдалану;

- Өсімдіктер мен жануарлардың денсаулығын басқару;

- Фермаларды механизациялау.

Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сонымен бірге орнықсыз экологиялық тепе-теңдікті сақтауға көмегін тигізеді.

Қалдықтарды басқару мәселесі аса кең таралған болып отыр. Қазіргі таңда біз көптеген кір көшелерді, қоқыстарды және осы жайттарды бақылаудың жоқтығын кездестіреміз. Осы жағдайларға орай қалдықтарды өндірістік циклдың екінші (туынды) өнімі ретінде қолдану ұсынылып отыр. Мысалы, қатты тұрмыстық қалдықтарды  өңдеу технологиясы және баламалы жанармайды алу  Алматыда жүзеге асырылып жатыр. Соным бірге, республикамызда қалдықтарды басқару бойынша «KazWaste» Қауымдастығы құрылған. Оның мақсаты – қалдықтарды басқару саласындағы қызметті жүзеге асыру кезінде пайда болатын сұрақтар мен мәселелерді шешуде кәсіпорындарға, мемлекеттік мекемелерге, қоғамға қолдау көрсету. Қауымдастықтың қызметі халықаралық стандарттарды сақтау арқылы инновациялық технологияларды тартып Қазақстандағы қалдықтар саласында мәселелерді кәсіби шешуге бағытталған. Бұл экология мен экономика арасында балансты нығайтуға көмегін тигізеді.

            «Жасыл экономикаға» өтуге байланысты шектеулер мен мәселелерге қатысты, баламалы энергетикаға келесілер жатады:

- Жоғарғы бастапқы құн. Бүгінгі таңда 1 МВт өндіретін жел күшін пайдаланатын құрылысы 1 миллион долларды, ал АЭС-ның құрылысы 10 млрд доллардан асып түседі;

- Энергияның келуі, геотермальды энергияны пайдалану  біздің аймаққа географиялық орналасуына байланысты қолайсыз, күн батареяларын қолдану шектеулі;

- Біздің энергия желілеріміздің тозуына байланысты бірден жүктеменің өсуіне дайын емес, сонымен қатар қажетті инфраструктураның болмауы да кедергі.

Ауыл шаруашылығының жаңартылуы да басталды. Бірақ мұнда да бірқатар мәселелер бар:

- жаңа технологияларды енгізу өте баяу қарқынмен жүруде;

- Қазақстан тауар сапасы бойынша әлі күнге дейін Кедендік одақ серіктестерінен қалып келеді (Ресей мәліметтері бойынша). Демек біз әлі көршілерімізбен бәсекеге түсуге дайын емеспіз, ДСҰ айтпағанда;

- Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына мемлекеттік қолдаудың аздығы. Ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі тауар өндірудің жалпы көлемінің Белорусияда  18%, Ресейде 6%, ал Қазақстанда тек 4% құрайды;

- Ауыл шаруашылығының дамуымен қатар ауылдар мен шағын елді мекендердің дамуыда мәселеге айналып отыр. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанымен (Ауыл жылы, Жол картасы, Жұмыспен қамту 2020) бәрі бір, қосымша қаражаттар бөлінуі қажет.

Жалпы мәселе болып отырған:

- «жасыл» өндірістің төмен рентабельділігі, мемлекет тарапынан үлкен қолдауды қажет етеді;

- Қаражаттардың тиісіті бақылауының болмағандығынан мемлекеттік бағдарламалардың аймақтар бойынша төменгі тиімділігі, заңнамалық базаның жетілмегендігі, аймақтарда білікті мамандардың жоқтығы;

- «дәстүрлі» технология иелерінің тарапынан жоғары бәсекелестігі.

Жоғарыда аталған мәселелер мен шектеулерге байланысты олардың дұрыс шешімін табу үшін бірнеше ұсыныстарды қарастыруға болады:

- «жасыл» жобаларға байланысты бағдарламалар мен оларды қаржыландыруды және бақылауды қолға алу, жемқорлықты болдырмау;

- «жасылдандыруға» қатысты институттық құрылымдарды («жасыл» бизнес Академиясы және «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасы) жаңа дәрежеге шығару, олардың қызмет аясын кеңейтіп, қаржыландыруды арттыру;

- «жасыл экономикаға» қатысты бағдарламаларды бағыттайтын жеке мемлекеттік қор құру. (АЭС пен жел станцияларының құрылысы,  ауылшаруашылығын қолдау және т.б). Қорды «мұнай доллары» есебінен қаржыландыру;

- халықаралық серіктестікті орнату. Мысалға, Кедендік одақ аясында ауылшаруашылығы өнімдеріне қатысты бірегей «жасыл» стандарттарды енгізу, сонымен қатар шетелдік инвесторларды тарту;

- күрделі жобалар құрылысына шетелдік мамандарды белсенді түрде тарту ( АЭС апаттар көп жағдайда адам факторына байланысты болады), сондай-ақ Қазақстандық мамандарды әлемдік деңгейде даярлау ( қаражатты жоғарыда аталған қорлардан бөліп отыру).

Табиғат Қазақстанға зор мүмкіндіктер сыйлады: кең байтақ жер, мол пайдалы қазбалар, құнарлы жер. Бірақ табиғат сыйы мәңгі емес, сондықтан әлі кеш болмай тұрғанда табиғатпен баланста болу үшін сол сыйды қазірден дұрыс пайдаланып қорғау қажет. 

           

Пайдаланған әдебиеттер

 

1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. «Қазақстан-2050» Стратегиясы. 2012 жылғы 14 желтоқсан.

қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты

2. http://news.nur.kz/273096.html