ҚАЗАҚ   РОМАНЫНДАҒЫ САЯСИ-ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ

 

                                             Ж.А. Кенжебекова

Е.А.Бөкетов  атындағы  Қарағанды  мемлекеттік  университеті, Қарағанды қ.

 

 

Ұлт тәуелсіздігі – ата-бабаларымыздың  сан ғасырлар  бойы  елінің жарқын болашағы  жолындағы  күресінің  жемісі. Қазақстан мемлекетін  әлем танып, өркениетті әлемнің  қауымдастығы – Біріккен Ұлттар Ұйымына  мүше болды. Елбасы Н. Назарбаев  ұлт мәселесіне  басты назар аударып, егемен  мемлекет  пен тәуелсіз  ұлттың дамуында  ұлттық сипаттың  мәнін атап көрсетті.

Ұлттық мәдениетіміздің негізгі арналарының бірі – қазақ әдебиеті. Қазақ әдебиеті – халқымыздың жүріп өткен хронологиялық шежіресі ғана емес, сонымен бірге оның дүниетанымы, көркемдік-эстетикалық өре-деңгейі, рухани дамуы, болашаққа үмітпен қарайтын біздің халқымыз үшін руханият мұрасы, ұлттық болмыс-бітімін де кескіндейтін құрал. Егер қандай халықтың болмасын, жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін, ұлттық болмыс-бітімін, кескін-келбетін жатқызар едік. Руханият саласы, оның ішінде әдебиет жер бетіндегі ең күрделі жаратынды Адамды зерттей отырып, өткенге үңіледі, бүгінгісін кешегісімен салыстырады, болашаққа барлау жасайды. Асылы, ұлтымыздың ғасырлар бойы ұзақ мерзімде жасаған рухани асылын күні кешегі тоталитарлық тәртіп салтанат құрған кезде талдап, зерделеу бар да, қазіргі тәуелсіздік, егемендік дербестік жағдайында саралап зерттеу бар. Ал, бұның өзі кезінде ашыла қоймаған шындықты айту болып табылса керек.

Сал-серілер дәстүрді ұстанған, адамзаттық  құндылығы бар, танымдық, тағылымдық мұраларға  бай жан-жақты  өнер иелері – қазақ  сахарасының  рухани келбеті. Дәл нақты  кезеңі белгісіз, сал-сері типі  ескі дәуірден сақталған. Тарихи-археологиялық  мәліметтерге сүйенген Е.Тұрсыновтың  зерттеуінде  андронов дәуірі кезеңінде, б.з.б. ХIҮ–XIII ғасырларда  ру, тайпалардың өз ішінде  отау құрып, даралау болған. Үлкен отаулар рудан  бөлініп, аруақтарды қастерлеу, ас беру салтын ұстанған. Бұдан шығатын қорытынды  сал  және сері типінің  пайда болуы  мифологияның  жаңғыруы  нәтижесінде  «даралану», яғни  құпия одақтардың, тотем-ру  атасының  болуы төркінінде  жатса керек.

Дәстүршілдіктің (традиционализм) негізін салған кейбір ғалымдардың айтысына қарағанда (Рене Генон, Герман Вирт, Мирча Элиаде және т.б.), бұрынғы-соңғы тарихта ізі қалған барлық дерлік жұрттардың әскери ісінің негізін қалаған әулет (бізше «сал-серілер», «рыцарьлар») бір кездері жойылып кеткен жаһандық патшалықтың әлеуметтік құрылымынан тамыр тартады.

«Сал» европа тілімен айтқанда  эксцентрик, немесе өз бағытымен жүретін бір алуан адам. Оның бар арманы сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүрген адамның бәрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу. Генезисі жағынан  алғанда, серілер- ыдырай бастаған құпия одақтар мүшелерінің соңында жүріп, олардың ойындары мен билеріне  қатысқан «фанаунау» секілді серіктерімен тамырлас болғанға ұқсайды. Серілердің жүріс-тұрыстары мен репертуарларында  оларды салдардан спецификалық айыратын  элементтер жоқ. Алайда салдар творчествосына тән негізгі  сарындар-богема сарындары өз дамуын серілер поэзиясынан тауып отыр» [1, 148]. Ендеше, сал-серілер – музыкалық шығармаларды, ән-күйді қазақ даласында өркендетіп, таратушы өнер иелері. Олардың ерекше  қасиеті – ақындығы, әншілігі, күйшілігі. Сал-серілердің даму эволюциясы қазақ музыкасымен, драмалық, сонымен қатар спорт, жонглер, плоди өнерімен тығыз байланысты. Сал-серілер импровизаторлық, жыршылық, орындаушылықпен қатар драмалық элементтерді ұштастырған. Мимика, жесть, яғни бет-жүзін құбылту, бас терісін қозғалту, бір орында тұрып бірнеше қимылды  кезекпен сәтті  орындау негізінен салдарға тән құбылыс. Адамзат баласы өмір сүрген уақыт, өткен дәуір тарихи фактілерімен құнды.   Қазақ ордасы ұлы империяның теліміне түскеннен кейінгі жерде сал-серілер бұрынғы мәртебесінен айырылып, басқа сапаға өтті. Қару-жарақ  асынып жүруге тыйым салынды, сол себепті сал менен серілер қылыш пен найзаны тастап, енді қолдарына домбыраны алып, әртістік богемаға айналды.

Ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрге  сай өнердің  даму сатысында хас таланттардың өзіндік дүниетанымы, эстетикалық  талғампаздығы, табиғи жаратылысындағы  ерекше дарындылығы – өнердің бірнеше түрін меңгеруде. Олардың әрқайсысы  халықтың  рухани  тұрмысында  өнерді насихаттап қана қойған жоқ, әлеуметтік  тұрғыда ой қозғап, қоғамдық проблемалар көтерді. Ұлт бірлігін, жерін сақтау, өнерді қастерлеу – ғасырдан ғасырға жеткен  сал-серілер өнернамасының  негізі болмақ. Сал – серілік  дәстүрі бірте-бірте ұмтылып халық жадында  тек Ақан сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға  ғана байланысты  сақталып отыр. Сал және серінің  айырмашылықтарын тап басып, ажырату үшін де этнографиялық  айғақтарды ашып көрсеткен орынды.

Зерттеуші Е.Ысмайылов ақын-жыраулар мұрасын зерттеуде өзіндік үлес қосты. «Ақындар» атты еңбегінде қазақ халқының рухани-мәдени тарихында ерекше орын алатын ақын-жыраулардың болмысы, сал-серілердің бір басында бірнеше өнердің тұтасып түйіскендігі, яғни ақындық, композиторлық, орындаушылық, суырып-салма шешендік сияқты қасиеттердің жинақталып тұтасып көрініс табатынын ерекше бағалайды. «ХІХ ғасырдағы аты шулы Біржан сал, Ақан сері, Толыбай, Жаяу Мұса, Ағашаяқ, Әздембай, онан бергі Шашубай, Естай сал тағы басқалары әншіліктің, халық өнерпаздығының дәстүрін дамытып, қалыптастырған Қазақтың әнші ақындары, сал-серілері, искусствоның тұтастық қасиетін бойына жинаған адамдар» [2, 66].

Сал-серілердің салтанаты да өзгеше, айта қаларлықтай болған. Олар бір-біріне ұқсамауға, бірінің ісін бірі қайталамауға тырысқан. Және сондай ерекшелігімен аты қалған. Мысалы, Жетісудың Дәурен салының судан өткенде белбеуінің бір ұшы бергі, бір ұшы арғы жағаға жетеді екен. Бар байлығын салдықтың жолында сарп еткен Бәшен сал қайталанбас мінез-құлықтарымен Жеке сал атанған.

Мен өзім жасымнан-ақ Бәшен салмын,

Артылған қатарымнан әсем салмын.

Су ішпей, қымыз ішпей шөлдегенде,

Сүт ішкен тұмса қыздан көсем салмын,-дегені ел есінен әлі шықпаған.

Сал-серілер заман ағымымен, әр алуан тағдырымен сыр шертеді, өнер туындылары өзекті оймен гуманизм тұрғысында шынайылықты білдіреді. «Ерте кезде өткен салдардың асқан ерекшелігі – олардың сыртқы қияпатының өзгеше болып көрінуі. Олардың сыртқы сипаты, киім киісі, жүріс-тұрысы, қарапайым кісіге ұқсамайтын. Олар жүргенде ылғи қойқаңдай басып, кербез жүреді. Сөзі асқақ, еркін, өзінен басқа жан бар деп ойламайды, болса да олардан иығы асып отыруына кәміл сенеді. Салдарды қазақ халқы өте еркелетіп өсірген. Ол өте нәуетек, кербез, бойкүйез, паң, онымен қатар мінезі өте жайдары, ашық ер көңілді келеді. Шоң, Торайғыр би, Дәулеткерейлер бұрынғы ата дәстүрі бойынша салдардың кейбір асқан мінезіне бөгет болмай, оларды еркелетіп қызық көрген...» [3, 179]. Сал-серілер тұлғасынан олар өмір сүрген кеңістік – қазақтың ұлы даласын, өзгеге ұқсамайтын төлтума мәдениетті, ұлттық болмыс тұтастығын көруге болады. Ерте дәуірден басталған сал-серілер өмірі ХІХ ғасырда жалғасты. Уақыт адам санасына өзгеріс, жаңалық әкеледі. Уақыт пен кеңістік аясында өмір сүрген сал-серілер – тіршіліктің иесі – адам.

Сал-серілер қашанда халықтың ойын-сауық өнерін жаңа көркемдік сипатта дамыта отырып, ұлт мүддесіне, халық игілігіне жаратты. Сұлулықты сүю, жан сұлулығын сезіну – сал-серілерге тән қасиет. Табиғатынан ерекше, текті өнер адамдарының сыртқы келбеті мен жан әлемінің кіршіксіз тазалығының үйлесуі заңды құбылыс. Ел алдында актер болып, сайқымазақ ретінде әзіл мен қулық элементтерін жетік меңгерген сөз тапқыш, суырып салма, яғни өнердің хас шеберлері ел  аралап, биік парасаттылықты, адамгершілік негізін, ұлт келбетін көрсете білген.

Сал-серілердің ішінде аты аңызға айналған, өмірі жұмбақ ертегідей ел еркесі, ұлт мақтанышы, сұлулық пен пәктіктің символына айналған Ақан сері Қорамсаұлы болды. Ол жастайынан домбыраның үнімен жанын тебірентіп, қазақ музыкасына ден қойып өсті. Серіге тән кербездік, жинақылық, сезімталдық Ақанға тән. Серіліктің алғы шарты сыртқы формасы (пішіні) - әсем киіну болғандықтан, өзінің дене бітіміне, денесіне киімнің сай келіп, жарасуына, оны жұрт қабылдап, ерекше назар аударуына Ақан қатты көңіл бөлген. Рыцарь кейпіндегі қазақ серісінің ат спортына да қызығушылығы кейбір деректерде кездеседі. Эстетикалық идеалы, талғамы жоғары Ақанның адам ретінде өмірді тануы, қабылдауы ғажап құбылыс. Сондықтан ол өз ортасынан оқшау. Ақан серінің өзгелерде қайталанбас эмоциялық, психологиялық ерекшеліктері оның жеке индивид ретінде қалыптасуына себеп болды. Жазушы С.Жүнісов Ақанның қоғамдағы ролін оқырман сұранысына сай дер кезінде көркем  шығармаға арқау етіп, ұлттық тұлғаны биік деңгейге көтерді. Сал-серілердің жинаған байлықты саналы ғұмырына, сәнді де мәнді тіршілігіне жұмсау қазақ халқының ежелден келе жатқан дархандығы, жомарттығы болса керек.

«Ақан ешбір дәуірдің меншігі емес, ол – барша халыққа, барша дәуірге қызмет ететін ұлы тұлға. Ең бастысы – ол адамды, адам сөзімен жалтақсыз жырлаған әнші-ақын. Жақсылық, сұлулық, әсемдік атаулы адамға қызмет етсе, әділ заман орнаса, әділетті ел басшылары болса, сұмдық, зұлымдық атаулының жолы кесілсе, сұлулыққа сұқтана қараған көздер жұмылса, Ақан арманы осы болды» [4, 82].

Сәкен Жүнісовтің әлеуметтік мәселелерге арнайы тоқталып, шымыр жазу мәнері қанау мен әлеуметтік теңсіздік жайлаған қоғамда, нағыз творчество адамының қиын тағдыры бүкілхалықтық трагедияға айналатындығын айқын көрсетеді. Аса көрнекті халық композиторы, әрі әнші Ақан серінің өмірбаянын қазбалап жатпай-ақ, автор халықтың жасампаз рухының сарқылмас күші мен жеңілмейтіндігін, оның бостандық сүйгіш қасиеті мен талантын ешқашан өлтіруіне мүмкін еместігін білдіретін барынша шыншыл шығарма туғыза алған.

Жаһандану, яғни әлемдік үрдісте ұлттық сананың оянуы, ұлттық зерденің жаңғыруы – ұлттық менталитет ерекшеліктерін айқындап береді. Ақан – ұлттық болмыс тұтастығын жинақтаған ұлттық образ. Қаламгер танымдық тұрғыдан таразылап, Ақан бейнесі арқылы қазақ қоғамындағы қоғам мен адам арасындағы байланыс проблемасын көтерді, өз қаһарманын поэтикалық деңгейге көтеру арқылы жазушы ұлттық болмысты, өнер адамдарына тән асыл қасиеттерді жарқыратып көрсете білді.

Ендеше, бүгінгі тәуелсіздігіміздің негізі- заман шындығын көрсете білген ата-бабаларымыздың ігі мұраттар жолындағы өмірі, әлемдік өркениетке бет алған Қазақстан мемлекетінің өткен тарихы, қазақ ұлтының тұтас бейнесі деп білеміз.

 

Әдебиеттер:

 

1.           Тұрсынов Е. Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері. Алматы, Ғылым, 1976, 200 б.

2.           Ысмайылов Е. Ақындар. Алматы, 1956, 325 б.

3.           Марғұлан Ә. Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер... Қазақтың сал, серілік дәстүрі. //Жұлдыз, 1983, №9

4.           Қирабаев С. Ұлт  тәуелсіздігі  және  әдебиет.  Алматы,  Ғылым,  2001, 448 б.