Ж.А. Кенжебекова
Қазақстан, Қарағанды қаласы
Е.А.Бөкетов
атындағы Қарағанды
мемлекеттік
университеті
САЛ-СЕРІЛІК ӨНЕР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ТАРИХИ
САБАҚТАСТЫҚ
Ұлт бірлігін,
жерін сақтау, өнерді қастерлеу – ғасырдан
ғасырға жеткен сал-серілер
өнернамасының негізі
болмақ.Ғасырлар бойы қалыптасқан
әдет-ғұрып, салт-дәстүрге сай өнердің даму сатысында хас таланттардың
өзіндік дүниетанымы, эстетикалық талғампаздығы,
табиғи жаратылысындағы
ерекше дарындылығы – өнердің бірнеше түрін меңгеруде. Олардың
әрқайсысы
халықтың рухани тұрмысында өнерді насихаттап қана қойған жоқ,
әлеуметтік тұрғыда ой
қозғап, қоғамдық проблемалар көтерді.
Қазақ әдебиеті энциклопедиялық анықтамалығында сал-серілік
дәстүрі былайша сипатталады: «Сал – серілік дәстүрі бірте-бірте ұмтылып
халық жадында тек Ақан
сері, Сегіз сері, Біржан сал секілді өнерпаздарға ғана байланысты сақталып отыр. Сал және
серінің айырмашылықтарын
тап басып, ажырату үшін де этнографиялық айғақтарды ашып көрсеткен орынды... Серілер
таза, әдемі киіну, кербез паңдық мінездерімен өз ортасынан оқ бойы озық тұрады, олар жомарттық,
сақылық, білімдарлық қасиеттерімен айналасына
өнеге шашатыны, тек өнер жолына беріліп, сауық
құрып, аңшылық саясатшылықпен айналысып
жүрген.
Елбасы
Н. Назарбаев ұлт мәселесіне басты назар аударып, егемен мемлекет пен тәуелсіз
ұлттың дамуында ұлттық сипаттың мәнін атап көрсетті.
«Кеңес кезінің өзінде шын ұлттық мемлекеттілік таптық
сипаттан ұлттық
сипатты жоғары қою
жолымен жүзеге асатынына көз жете бастады. Өмірдің
барлық саласына, жаңа тарихи қауымдастық – кеңес
халқының
моральдық кодексін
күштеп енгізу адамдардың ұлттық сезімін,
халықтардың өзінің этникалық тегін тануға ұмтылысын жойып жібере алмады» [1, 129].
Заман
талабы халықтың да санасын
оятты, бүгінгі уақыт еншісінде өткенді зерделеу
арқылы тарихқа,
ұлттық әдебиетімізге деген жаңа көзқарастар пайда болды.
Сал-серілер
тұлғасы – ғасырлар бойы ұлт мақтанышы болатын,
жаратылысында дарынды, қазақтың өзгеге ұқсамайтын дара болмысын жаһандану
үрдісінде жарқырата
көрсететін сегіз қырлы, бір
сырлы, импровизаторлық, синкретті
өнерді дәріптеуші, дарынды өнер иелері. Ұлт
әдебиеті
қазақтың халықтық музыка мәдениетінде өзіндік орны бар
ХIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан
сері, Үкілі Ыбырай, Құлтума, Естай, Қанапия т.б.
Ұлттық әдебиет пен халықтық
музыка мәдениетінің
көрнекті өкілдері –
сал-серілер мұрасы мен
дәстүрі ерте
дәуірден осы заманға дейін
сақталған. Сал-серілер дәстүрді ұстанған,
адамзаттық
құндылығы бар, танымдық, тағылымдық
мұраларға бай
жан-жақты өнер иелері –
қазақ
сахарасының рухани
келбеті. Дәл нақты
кезеңі белгісіз, сал-сері типі
ескі дәуірден сақталған. Тарихи-археологиялық
мәліметтерге сүйенген Е.Тұрсыновтың зерттеуінде андронов дәуірі кезеңінде,
б.з.б. ХIҮ–XIII ғасырларда
ру, тайпалардың өз ішінде
отау құрып, даралау болған. Үлкен отаулар рудан
бөлініп, аруақтарды қастерлеу, ас беру салтын
ұстанған. Бұдан шығатын қорытынды сал және
сері типінің пайда болуы мифологияның жаңғыруы нәтижесінде «даралану», яғни
құпия одақтардың, тотем-ру атасының болуы
төркінінде жатса керек.
Е.Ысмайыловтың,
Ә.Марғұланның, Е.Тұрсыновтың,
А.Сейдімбектің, М.Мағауиннің, С.Кенжеахметұлының,
С.Негимовтің, Қ.Әбдезұлының ғылыми еңбектерінде
сал-сері феноменіне
жан-жақты анықтамалар беріліп, құнды пікірлер айтылды. Академик Ә.Марғұлан сал
және сері типінің
өзгешелігі мен
ұқсастығын
жан-жақты талдап
көрсетеді: «Бір айтатын ой, сал
мен сері бір типті емес, екеуі алуан, екі дәстүр өрнектері.
Олардың бірінен-бірінің
өзгешелігі - тұрмыс көрінісінде, типінде. Ең
алдымен сал, сері деген сөздер қалай туған? Осыдан бастайық.
«Сал» европа тілімен айтқанда
эксцентрик, немесе өз бағытымен жүретін бір алуан
адам. Оның бар арманы сылқымдық, кербездік, киімді
әдемі киіну, өзімен қатар жүрген адамның
бәрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып
түсу. Ертоқымның өзі де басқаныкіндей болмайды,
алтынмен, күміспен өрнектеліп, ерекше салтанатпен жасалады.
Зертеуші
Е.Тұрсынов «сал» мен «серінің» кейде қатар айтылатынын,
серілер салдардан кейін пайда
болған богема сарындарын жырлаушы өнер адамдары деген қорытындыға келеді. «ХIX ғасырда
сал дәстүрінің түр ерекшеліктерінің ғана
кейбір элементтерін сақтап
қалған Біржан секілді жаңа
сапалы салдармен қатар
серілер тобына жататын Ақан
сияқты өнер иелерінің пайда болуына және
осы кезде «сал», «сері» деген ұғымдардың бір тектес ұғымдар есебінде
пайдалана бастауына қарағанда, сал, серілер творчествосы
мен дәстүрлерінің
тығыз ішкі
байланыстылығына қарағанда, серілер – сал
типінің негізінде өткен ғасырда қалыптасқан
өнер иелерінің жаңа
түрі деп айтуымызға болады.
Генезисі жағынан алғанда,
серілер- ыдырай бастаған құпия одақтар
мүшелерінің соңында жүріп, олардың ойындары мен
билеріне қатысқан
«фанаунау» секілді серіктерімен тамырлас болғанға
ұқсайды. Серілердің жүріс-тұрыстары мен
репертуарларында оларды салдардан
спецификалық айыратын элементтер
жоқ. Алайда салдар творчествосына тән негізгі сарындар-богема сарындары өз дамуын
серілер поэзиясынан тауып отыр» [3, 148]. Ендеше, сал-серілер –музыкалық
шығармаларды, ән-күйді қазақ даласында
өркендетіп, таратушы өнер иелері. Олардың ерекше қасиеті – ақындығы,
әншілігі, күйшілігі, елді ән мен сәнге бөлейтін, адам жанына ізгілік
нұрын себетін
зиялығы.
С.Жүнісов
сал-серілер тобының көш салтанаты сияқты сәнін,
өзгеге ұқсамайтын ұлттық ерекшелігін
«Қазақтың кең сахарасында бұлайша топ-тобымен
жүру, бүгінгі күнгі бір мекемеге бағынған
артистер ұжымы секілді гастрольдік сапармен жүру салты
бұрын-соңды тап осындай болды ма екен? Бұл топ – орыс халқының
трубадурларына да, француздың жонглерларына да, испандық
хугларлерге де, немістің шпильмандері мен тәжіктің
масқарапаздарына да ұқсамайтын, тағдыры, сүйегі
жағынан паяциларға, өзбектің қызықшыларына,
Шолом Алейхан жазатын еврейлік «қаңғырған
жұлдыздарға» аздап жақындайтын, тіршілігі жағынан тек
қазаққа ғана тән Ақан сері, Біржан сал
атымен байланысты өзінше бір жаңа серілер, салдар тобы еді» [4, 2].
Академик
Ә.Марғұлан сал-серілік дәстүр жайында нақты
деректер келтіреді. «Тарих
көзімен қарасақ, серілік ту бастан түрік қағанаты кезінен шыға бастаған. Серілікті әдет қылған ойшы кісінің бірі – Иоллық тегін деген кісі. Ол өзі ғажайып
аңшы, мерген, атты күтіп
ұстайтын бапкер, сонымен
қатар асқан ақын, жырау болған дейді.
Ағалары Білгі хан мен
Күлтегін қайтыс болғанда оларға арнап эпикалы
оқиғаларды
әдемілеп құрып, тасқа жазып
қалдырған. Түрік қағанатының асқарлы биі Тоныкөк
терең ойшыл кемеңгер
білгіш кісі болған өлерінде
басына қоятын құлпы
тасқа атақты жазуды ол өз қолымен жазып қалдырған...
Қазақ аңыздары
бойынша Қорқыт ескі
дәуірдегі серілікті бастаушының бірі. Ол атақты
шешен, ел басқарушы, онымен қатар дүлдүл жырау,
асқан күйші, бірінші рет қобыз жасаушы, қазақ
музыкасының атасы.
Қорқыттың
қобызы мен музыкасын
өзіне мұрат еткен
ұрпақтары – әл-Фараби, Нысан абыз, Қойлыбай,
Балақай, Жанақ ақын тағы басқалар» [5, 173-174].
Сал-серілердің
даму эволюциясы қазақ музыкасымен, драмалық, сонымен
қатар спорт, жонглер, плоди өнерімен тығыз байланысты. Сал-серілер импровизаторлық,
жыршылық, орындаушылықпен қатар драмалық элементтерді
ұштастырған. Мимика, жесть, яғни бет-жүзін
құбылту, бас терісін қозғалту, бір орында тұрып
бірнеше қимылды кезекпен
сәтті орындау негізінен
салдарға тән құбылыс. Адамзат баласы өмір
сүрген уақыт, өткен дәуір тарихи фактілерімен
құнды.
Тарихи
деректерге қарағанда сал-серілікті насихаттаған,
дәріптеушілердің бірі Жошы
хан болған. «Қыпшақ даласында серілік пен
салдықты көп
таратқандардың бірі – Жошы хан. Ол қасына атақты жырауларды, ақындарды, сал-серілерді,
әнші-күйшілерді топтап, бірыңғай сауық үстінде жүреді екен. Оның серілікті
жақсы көруі сонша,
әкесі жыл сайын Балқаш
төңірегіндегі Құлан-ойнақ даласына
әдейі аң
аулауға келгенде қыпшақ елінің «сыйы» деп, оған он мың боз ат,
он мың қара ат тарту етіп отырған. Жошының аңда
жүріп көп шыққан биік жері Ортаудың
сұңқар ұя салатын ұшар басы. Ол жерді Жошы ерекше
қадірлеген, сұңқардың ең алғырын осы
арадан ұстайтын. Ол биік шыңды қазақтар осы күнге
дейін «Жошының қиясы» деп атайды. Оның серілік өмірінен
туған атақты күй «Ақсақ құлан Жошы хан»
қазақтардың есінде осы күнге дейін
сақталған» [5, 174].
Сал-серілік
дәстүр әр алуан өнер өз ортасынан оқшау
тұратын өнер адамдарының ел мен жерге деген кіршіксіз
сүйіспеншілігінен, ұлттық болмыс-бітімінен, мейлінше
сөздік қоры бай қазақ тілінің көркемдігінен
бастау алып, «сал» мен «сері» типтерінің пайда болуына негіз болса керек.
Адам мен қоғам арасындағы тарихи сабақтастық
өткен дәуірден сыр шертеді, адам баласының
сана-сезімінің жаңаруына ықпал етеді. Сал-серілерге тән
ұлттық сипат уақыт пен кеңістік аясында әр
қилы дамып, қоғамның ілгері дамуында дара
тұлғалардың ұлттық болмысын жан-жақты
көрсетіп, ұлт өкілі ретінде халық арасында болатынын
айғақтайды.
«Ұлттық
сипат – бір қалыптан өзгермейтін, қатып қалған
нәрсе емес. Өмірдің ілгері басуына,
қоғамның дамуына сәйкес ол да дамиды.
Ұлттың тарихи һәм әлеуметтік өмірлеріндегі
дамулар нәтижесінде, адамның сана-сезімінің,
түсінуінің жаңаруына ықпал ететін соны қатынастар
тумақ. Солардың арқасында адамның затты,
құбылысты тануы, түсінуі мен сезінуі бұрынғы
қалыптағысынан тереңдей түспек» [6, 129].
Олай
болса, сал-серілердің ұлттық келбеті, болмыс-бітімі –
ұлттық менталитеттен туындайтын қазақ
ұлтының даму диалектикасымен тығыз байланысты. Салдық
пен серілік өнерінің биік тұғыры қазақ
дәуірі «Қазақ хандарының көбі
өздерінің бабалары Жошы, Ордаежендердің серілік
дәстүрін жалғастырған. Ең бірегейі – әз
Жәнібек. Ол атақты аңшы, құладынға қу
ілдірген саятшы болып, ойын-сауықты көп қуып, ел-елді аралап
қалыңдық іздейді екен... Қасымханның баласы
Ақназар да атақты серінің бірі болған. Бірақ
серілікті ол бір сұлулық үшін, елге үлгі ету үшін
пайдаланған. Серілікті аса биік сатыға жеткізген – Есімхан.
Оның қамқа тоны, басындағы бөркі,
аяғындағы қызыл етігі тегісімен алтынмен кестеленіп
отырған. Құстың да ең қырандарын – сұңқар,
лашын, тұйғын, Алтайдың ақ иық бүркітін
ұстаған. Абылай мен Әбілқайыр ханның
ұрпақтарына дейін серілік пен сал өнері үздіксіз дами
береді. Абылайдың жауынгер батырлары Уақ Баян батыр атақты
серінің бірі» [5, 175].
Зерттеуші
ақындық, музыкалық, өнерпаздық дәстүр
жағынан сал мен серінің арасында үлкен айырмашылық
болмағанмен, қимыл-әрекетінде, жүріс-тұрысы,
киім-киісінде, мінез-құлқында өзгешелік бар екенін
айтады. «Салдарға тән салтанаттылықты
сауықшылдықты айта келе, профессор Е.Ысмайылов «сал» сөзін
«салдырату», «салтанат» сөздерімен түбірлес сөз деп
тапқан» [7, 149].
Сал-серілік
дәстүрден, олардың өнер жолынан өткен дәуір
оқиғасын бүгінгі күн тұрғысында зерделеу,
ұлттың асыл қасиеттерін биікке көтеру –
ұрпақтың еншісі. Ғалым А.Сейдімбектің пікіріне
сүйенсек, халық өміріндегі елеулі оқиға, рухани
сабақтастық ешуақытта өз маңызын жоймайды. «Тарихта болған, жекелеген
оқиға халық өміріндегі маңызды, күрделі
басқа құбылыстармен тығыз байланыста,
сабақтастықта бейнеленеді. Халықтың өткен
өмірінде айтарлықтай үлкен маңыз-мәні жоқ
шағын оқиға ірі құбылыстармен байланысты,
сабақтастықта бейнеленіп қана қоймайды, сол байланыс
пен сабақтастықтың нәтижесінде өмір
құбылыстарына тән ең басты, мәнді белгілерді
айқындап, толықтырып, ажарын аша түсуге қызмет етеді» [8,
40].
Сал-серілер
заман ағымымен, әр алуан тағдырымен сыр шертеді, өнер
туындылары өзекті оймен гуманизм тұрғысында шынайылықты
білдіреді. «Ерте кезде өткен салдардың асқан ерекшелігі –
олардың сыртқы қияпатының өзгеше болып
көрінуі. Олардың сыртқы сипаты, киім киісі, жүріс-тұрысы,
қарапайым кісіге ұқсамайтын. Олар жүргенде ылғи
қойқаңдай басып, кербез жүреді. Сөзі
асқақ, еркін, өзінен басқа жан бар деп ойламайды, болса
да олардан иығы асып отыруына кәміл сенеді. Салдарды
қазақ халқы өте еркелетіп өсірген. Ол өте нәуетек,
кербез, бойкүйез, паң, онымен қатар мінезі өте жайдары,
ашық ер көңілді келеді. Шоң, Торайғыр би,
Дәулеткерейлер бұрынғы ата дәстүрі бойынша
салдардың кейбір асқан мінезіне бөгет болмай, оларды
еркелетіп қызық көрген...
Сал-серілер
тұлғасынан олар өмір сүрген кеңістік –
қазақтың ұлы даласын, өзгеге
ұқсамайтын төлтума мәдениетті, ұлттық болмыс
тұтастығын көруге болады. Бұл ретте ғалым
Ш.Ыбыраев «Уақыт пен кеңістік ұғымдарының
дәстүрлі ұлттық сипатта, алдымен фольклорда
сақталатыны айтып, көркемдік ойлаудың тарихынан уақыт
пен кеңістік туралы ұғымдардың қалыптасу тарихын
бөліп алуға болмайтынын ескертеді» [9, 14]. Ерте дәуірден
басталған сал-серілер өмірі ХІХ ғасырда жалғасты.
Уақыт адам санасына өзгеріс, жаңалық әкеледі.
Уақыт пен кеңістік аясында өмір сүрген сал-серілер – тіршіліктің
иесі – адам. Қоғамның жаңғыруы,
уақыттың алмасуы сал-серілер өміріне әсерін тигізбей
қоймайды.
Ұлттық
психология мен халықтың санасы қоғам дамуы мен тарих
заңдылығынан тыс қала алмайды. Рухани
құндылықтар ел санасына сіңіп,
жаңғырған бүгінгі таңда өткенге
үңіліп, ұлт тәуелсіздігі жолындағы
сал-серілердің қоғамда, қазақ
халқының тұрмыс-тіршілігінде өзіндік орны бар екенін
айта аламыз. Біржан әндері, өнері жайында А.В.Затаевич,
С.Мұқанов, А.Жұбанов, Б.Ерзакович,
Қ.Қаңтарбаевтың зерттеу еңбектерінде бар.
Сал-серілер
қашанда халықтың ойын-сауық өнерін жаңа
көркемдік сипатта дамыта отырып, ұлт мүддесіне, халық
игілігіне жаратты. Сұлулықты сүю, жан сұлулығын
сезіну – сал-серілерге тән қасиет. Табиғатынан ерекше, текті
өнер адамдарының сыртқы келбеті мен жан әлемінің
кіршіксіз тазалығының үйлесуі заңды
құбылыс. Ел алдында актер болып, сайқымазақ ретінде
әзіл мен қулық элементтерін жетік меңгерген сөз
тапқыш, суырып салма, яғни өнердің хас шеберлері
ел аралап, биік парасаттылықты, адамгершілік
негізін, ұлт келбетін көрсете білген.
Қазақ
қаламгерлері өз туындылары арқылы тарих қойнауына,
ғасырлар көшіне барлау жасады, ұзақ мерзім бойы
салтанат құрған ұлттық болмысқа,
ұлттық болмыс аясындағы салт-дәстүр,
әдет-ғұрыпқа, әлемде теңдесі жоқ
құбылыс – сал, серілер феноменіне зерделеу жүргізді. Белгілі
бір тарихи оқиға, құбылысты бейнелегенде оны сол
тұстағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, саяси
жағдаяттардан, рухани өмір санасынан бөліп алып қарау
мүмкін емес. Олай болуы заңды да, себебі әдебиет – адамтану
ғылымы. Адамдар тобы қоғамды құрайды. Сол
қоғамда өзіндік
заңдылықтар қалыптасады. Ендеше, тарихи
сипаттағы көркем шығармалардың танымдық,
тағылымдық мәні ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
Назарбаев Н. Ғасырлар тоғысында. Алматы,
Өнер, 1996, 272 б.
2.
Нұрғали Р. Қазақ
әдебиетінің алтын ғасыры. Зерттеу. Астана, Күлтегін,
2002, 528 б.
3.
Тұрсынов Е. Қазақ ауыз әдебиетін
жасаушылардың байырғы өкілдері. Алматы, Ғылым, 1976,
200 б.
4.
Сәкен сері (Жүнісов С.) Ақан сері –
алыптардың бірі. //Егемен Қазақстан, 1993, 31 шілде
5.
Марғұлан Ә. Күйді ерттеп,
әнді мінген кемеңгерлер... Қазақтың сал, серілік
дәстүрі. //Жұлдыз, 1983, №9
6.
Ғабдуллин Н. Қаһарман және
ұлттық сипат. //Жұлдыз, 1971, №10
7.
Ысмайылов Е. Ақындар. Алматы, 1956, 325 б.
8.
Сейдімбеков А. Қазақ әлемі.
Этномәдени пайымдау. Оқу құралы. Алматы, Санат, 1997,
464 б.
9.
Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. Алматы, Университет, 1997,
300 б.
Автор жөнінде мәлімет
Аты-жөні – Кенжебекова
Жібек Алшымбекқызы
Ғылыми дәрежесі – аға оқытушы, қазақ
әдебиеті кафедрасының
2 курс магистранты
Мекен-жайы - Қарағанды қ., Гапеев к., 27 үй,
13 пәтер,
үй тел.: 348504; ұялы байланыс: 87013650293
Жұмыс орны – Е.А.Бөкетов атындағы
Қарағанды мемлекеттік
университеті,
филология факультеті,
жұмыс тел: 770432;
e-mail: jib_a_k@mail.ru.